Абыралы өңірінің тарихы толғандырады…
Менің ата-бабамның туып-өскен жері Абыралы елінің Сарыапан деген ауылы екен. Ал мен өзім Семей облысы Абай ауданы Қарауыл селосында туғанмын. Өсіп-өрбіген жерім – Ақсуат, Аягөз, Шұбартау аудандары.
Отан дегеннің ыстық екенін әке-шешемнің, ата-әжемнің басқа аудандарда жүргенде үнемі «Абыралым-ай, Абыралым-ай, оған жер жетпейді-ау» – деп аңсап отыратындарынан сезуші едім. Бала кезімде: «Әже, басқа жерлердің тау-тасы Абыралыңыздан кем бе? – деп сұрақ қойсам, маған ренжіп: «Әй, жаман неме, Абыралының тауларының астынан ағып жатқан бұлақтарының өзі зәм-зәм суындай ғой. Қарағым, не десең де, Абыралыға жер жетпейді», – деп аузымызды аштырмаушы еді.
Енді өзім көруге асығып жүрген Абыралының 200 жылдық тарихы туралы тарих ғылымының докторы, экономика ғылымының кандидаты, профессор Болатбек Нәсеновтің 28 том кітаптарын ақтарып отырып Абыралы елінің тарихына 9 том кітап арнағанын көрдім. Оқып отырып қайран қаласыз. Шын мәнінде аса бай, шұрайлы өлке болған екен.
Таяу арада сол тарихи Отаныма бару мүмкіндігі туады дегенде қуанышым қойныма сыймай кетті. Ол осы өңірдің 90 жылдығын тойлайды деген хабар еді. Аталған кітапқа енген мұрағаттардағы деректерді оқып шыққаннан кейін қуанған көңілімнің ойран-топыры шықты.
Кітаптың алғашқы томында Қазақ елінің Тәуке хан, Абылай хан, Әбілқайыр хан замандарындағы қазақ халқының, оның ішінде Абыралы елінің халқының, саны олардың әл-ауқаттары өте жақсы болғандығын нақты деректер негізінде нанымды етіп берген. Ол құжаттарға қарағанда, Абылай заманында халықтың тұрмысы өте жақсы болған екен.
Абылайсыз өткен жылдарда қазақтар ру-руға бөлініп, әрқайсысы өз жерлерін кеңейту үшін екінші рудың жерлерін тартып алып, шамасы келмей бара жатқандары көршілес орыс солдаттарын шақырып, жерлерін қорғаған. Ресей патшалығы оны қуаттап, біртіндеп ішке кіре бастады. Бірен-саран қарсылық көрсеткендерді жаншып тастады. Қазақ елінің екінші бөлігі ол кезде Қытай, Хиуа, Хорезм хандықтарына қарады. Оларды 1861-1865 жылдары Черняев пен Колпаковскийлердің әскерлері аталған мемлекеттерден тартып алды. Міне, сонымен қазақ елі бірінші аймағы – 170 жыл, ал екінші аймағы – 130 жыл Ресей езгісінде болған екенбіз.
Бұл тарихты оқушылардың өздері де білер. Сондықтан мен халықтың тұрмысы қай заманда қандай дәрежеде болғанын, Абылай хан заманынан патша өкіметіне өткенде қалай болғандығына тоқталайын.
Ең алғашқы округтердің орталығы ретінде Қарқаралы мен Көкшетауды белгілепті. Сол жылы үлкен ордада аға сұлтандықты құра бастаған. Патша өкіметі «халық көтеріліп кете ме?» деп қауіптеніп, сұлтандарды, оларды қолдаушыларды мадақтай бастады. Оларға наградалар, әртүрлі атақтар беріп, өз бауырларына тартты. Соның бірі – ең алғашқы құрылған Қарқаралы, Көкшетау округтерінің және Үлкен ордадағы аға сұлтанның құрылғанына бір жылдығын үлкен той ретінде өткізіпті.
1868 жылдан кейін патша өкіметі билікті өз қолдарына алды. Аға сұлтандықты жойды. Округтерді уезд деп атады. Оны тек қана Ресей өкілдері басқарды. Болыстарды тағы да бөлшектеді. Ағайындарды бір-бірінен айыра бастады. Абыралы болысын үшке бөлді: Байбөрі, Байбөрі-Көшім, Байбөрі-Жағалбайлы. Қамбар-Қарауыл болысын Темірші болысы деп атады. Кейіннен Абыралы Қамбары, Қарқаралы Қамбары, Көкшетау Қамбары деп атады. Шаншар болысын – Айбике, Нұрбике деп, кейіннен Едірей, Ақбота деп бөлді. Жалықпасты – Дегелең, Жалаулы, Бөрлі деп бөлшектеп тастады. Мұның артында үлкен қитұрқы саясат тұрды. Осылайша қасіреттің басы осы жылдардан басталыпты. Бір болыстан екінші болысқа көшіп бару үшін губернатордың рұқсаты қажет. 1824 жылы Абыралы өңірі патша саясатына қарсылық жасап, көтеріліс ашып, Қасымның (Кенесарының әкесі) отрядына қашқан екен. Оларды Омбыдан 400 отряд шығып, Қаратаудың тұсынан қарсы алмақшы болады. Олар келгенше Қарауыл Қамбар, Байбөрі, Жалықпас руларының көпшілігі өтіп кеткен. Жартысынан азы мал айдап келе жатып үлгермеген. Оларды отряд Бетпақ даланың жерінде қойша қырған. Осы қайғылы көтеріліс туралы деректер Мәскеудің әскери-тарихи мұрағатында жатыр.
Қарқаралы округінде Көкшетаудан Тәуке ханның кезінде Қарауыл руының 6 тармағын көшіріп әкелген. Көкшетауда мал-жан көбейіп, Атығай-Қарауыл рулары жерге таласа бастағанда, Тәуке хан оларға Қарқаралының жанындағы Кент деген жер мен Абыралының Егінсай деп аталған тауы арасын ұсынған. Ол Қамбар руының жері болатын. Олар рұқсат беріпті. Сөйтіп, Қарауыл руы 1705- 1710 жылдары көшіп келіп, Қарауыл-Қамбар деген болыс құрылған. Егінсай тауын қарауылдықтар Көкшетау деп атаған. Құнанбай атамыздың әкесіне берген асы осы Көкшетауда өткен. Ал малдың саны басқа болыстардан аз болып тұрғаны: оны 1824 жылғы көтеріліс кезінде Кенесары отрядына алып кеткен. Біразы оларды Бетпақдалада қырғынға ұшыратқанда талан-таражға түскен.
Осындай ауыр заманға қарсы тұрған қазақ интеллигенттері Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаевтар Қарқаралы петициясын императорға жіберді. Оған 42 батыр азамат өмірлеріне қауіп төнетінін біле тұра қол қойыпты. Абыралының 5 болысының 10 азаматы да қол қойыпты. Осы петицияның патша өкіметінің алдына 47 түрлі талап қоюының өзі Алаштың нағыз жанашырлары екенін дәлелдемей ме?!
Міне, бұлар қазақ халқының азаттығы үшін күрескен нағыз Алаш ардақтылары еді. Император қатты абыржып, Орынбор және Сібір губернаторларына құпия жарлық беріп, «Тез арада табыңдар, кімдер дайындады? Кімдер қол қойды? Омбыда съездерін өткізбеңдер!» деп бұйырды. Бірақ Алашордалықтар олардан бұрын қимылдап, съез өткізіп үлгерді. Олар – Алаш партиясын да құрды. Күрес тоқтаған жоқ, жалғаса берді.
1949 жылы Абыралы жерін полигон етті. Оны бөлшектеп-бөлшектеп, 9 ауданға бөліп тастады. Бұл – өз халқымыздың алауыздығының жемісі. Осылайша республикадағы ең бай, ең ірі өлкенің тас-талқанын шығарды. Х1Х ғасырдағы 40 мыңдай халықтан 6 мыңы қалыпты.
Міне, менің туған жерім осындай азаптарды басынан кешірді. Ал Абыралы елінің басынан өткен осындай қайғылы дәуірді бірде-бір ел көрмесе екен деймін.
Тоғжан НӘСЕНОВА,
Алматы