«ТОҒЫЗЫНШЫ ТЕРРИТОРИЯ» ТОЛҒАНДЫРАДЫ…
15.03.2025
300
4

Белгілі журналист, публицист, Қазақ­стан Президентінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты Ғабит Мүсірептің «Тоғызыншы территория» жинағы қолымызға тиді. Кітапқа енгізілген танымдық, сараптамалық сипат­тағы публицистикалық мақалалар мен сұхбат­тарда еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы саяси және рухани қалыптасу кезеңі, тарихи оқиғалар мен біртуар тұлғалар, ұлт­тық құндылықтарды ұлықтау, ұрпақтар сабақтастығы хақында тағылымды сыр шертіледі.
Жинақтың «Талап пен таным» бөлімі «Қаһармандар галереясы» немесе тақырып қалай туады?» мақалалар топтамасынан басталады. «Берілмеген бекініс туралы кітап» мақаласында атақты журналист, жазушы Сергей Смирновтің «Брест қамалы» кітабын қалай жазғаны туралы әңгімеленеді. Он жылға жуық табандылықпен зерт­теп жазған еңбегі жазушыға Кеңес Одағының ең жоғары Лениндік сыйлығын әперіп қана қоймай, Брест қамалын қорғаушылардың бірі – полк командирі майор Петр Гавриловқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілуіне себепкер болды. Ал «Кез­дейсоқ кез­десуден туған шығарма» мақаласынан «Нағыз адам туралы аңыз» повесі үшін КСРО Мемлекет­тік сыйлығына ие болған журналист, жазушы Борис Полевойдың өзін әлемге әйгілі еткен, көптеген мүгедектігі бар адам үшін «өмір кітабына» айналған туындысын жазуға Нюрнберг процесінде жауапқа тартылған нөмірі екінші нацист рейхсмаршал Герман Герингтің: «Германияның Кеңес Одағына шабуылы – қылмыс емес, Қызыл армия әскерінің, танкілері мен ұшақтарының санын, кеңес әскери зауыт­тарының қуатын білгенімен, кеңес халқының қандай қуат­ты екенінен бейхабарлығы нацистік басшылықтың басты қателігі еді», – деген сөзі түрткі болған екен. «Нүктесі 40 жылдан ке­йін қойылған туынды» мақаласында Рақымжан Қошқарбаевтың Халық Қаһарманы атануына Бауыржан Момышұлының тапсырмасымен белгілі қаламгерлер Кәкімжан Қазыбаев пен Жанболат Аупбаев ұйытқы болғаны сөз болады. Ал «Роман-диалогке айналған сұхбат» мақаласында Әзілхан Нұршайықовтың Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекет­тік сыйлығын алған «Ақиқат және аңыз» туындысын қалай өмірге әкелгені баяндалған. Осылайша, журналистердің табандылығының арқасында ғана ерен ерлік иелері елге мәлім болды, ерліктері кеш те болса лайықты бағаланды. Сабақ аларлық жайт.
«Бұл болып тұрған заман – Алаштың азаматына зор жүк» мақаласында автор Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның саяси көзқарастары жайындағы пайымын ортаға салады. «Осыдан бір ғасыр уақыт бұрын Әлихан Бөкейхан қандастарына төмендегідей сөздермен қайырылып еді: «Қазақтың оқыған азамат­тары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп, пайдамызды тигіземіз?!» Елдік мәселесін күн тәртібіне қойып, жанайқаймен ұлт үшін қызмет етуге үгіт­теген болатын. «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады». «Бұл болып тұрған заман – Алаштың азаматына зор жүк». Қайраткердің айт­қандарының мәні әлі жоғары», – дейді Ғабит Мүсіреп.
«Тақтакөпір көтерілісі: күштеп ұжымдастыруға қарсылық» мақаласында өткен ғасырдың 20–30-жылдарында Қазақ­станда кеңес өкіметіне қарсы шыққан алғашқы көтеріліс жайында әңгіме қозғалады. Бір кез­де еліміздің құрамында болған бұл өңір бүгінде Өзбекстанға қарайды. «Осыдан 90 жыл бұрын болған Тақтакөпір көтерілісінен қандай ой түюге болады? Жалпы, күштеу саясатының зардабы, мәжбүрлеу саясатының салқыны ауыр, халықтың пікірімен санаспаудың ақыры әлеумет­тік дүмпуге ұласады… Өйткені әлеумет­тік әділетсіздік белең алған кез келген қоғамда сілкіністердің бой көрсететіні белгілі. Сол себепті тәуелсіз елдің тұғырының биіктігі, мызғымастығы қоғамдағы әділет­тілік деген барометрмен өлшенеді», – деп түйеді қаламгер.
«Ел мен ер» бөліміне топтастырылған мақалалар мен сұхбат­тарға арқау болған қайраткерлердің мемлекет­тік мүдде тұрғысында өзіндік пайым-парасаты бар. Соны оқырманға жеткізу – журналистің парызы. Әрине, оның қаншалықты діт­теген үдеден шыққанына бағаны оқырман береді.
«Ендігі мақсат – қалай болған күнде де, аш болсақ та, жалаңаш болсақ та бодандық құрығына қайта түспеуді естен шығармау. Бостандық пен тәуелсіздік осының құнын ақтайды. Бостандық пен тәуелсіздік – елдің өркендеуінің ең шешуші негізі», – деген екен көрнекті заңгер, академик Сұлтан Сартаев.
1991 жылғы Мәскеудегі тамыз бүлігі туралы басын бәйгеге тігіп, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақ­стан» газетінің бірінші бетінде «Бұл – төңкеріс!» деген наразылық мақаласын жариялаған ержүрек журналист Нұрмахан Оразбек: «Төңкеріс жасаушылар Конституцияны сақтауға сілтеме жасайды. Бірақ олардың өздері Конституцияны тәрк етіп отыр. Өйткені оларға ешкім өкілет­тік берген жоқ. Сондықтан олардың күні ертең тарихтың «қара тақтасына» жазылатынына ешқандай күмән болмаса керек. Жоғарыдағы хабарлар беріліп болған соң радио мен теледидардан әдет­тегідей хабарлар, көңілді музыка беріліп жат­ты. Жоқ, бұл күні қаралы, азалы музыка берілуі керек еді. Өйткені бұл – біздің елде демократия жерленген күн» деп жазған екен. Журналистің: «Бүгінгі ұрпақ тағылымды Нұрмахан Оразбектен алмағанда кімнен алады?! Бір күндік қызметі үшін құл болған жағымпаздардан ба?..» деген пікіріне қалай қосылмассың?
«Өзіңнен жоғарының кемшілігін көріп тұрып қалай үндемейсің? Біреулер, әсіресе шен-шекпені барлар халқына, оның арына, намысына тиетін сөз айтып жатса, аузын буған өгізше қалай бұға түсерсің? Талайға тиіскен, сөз жарыстырған, пікір таластырған кезіміз бар. Ол білімділікті көрсету үшін емес, шындықтың шырайын шығару үшін!» деген екен белгілі ұлт қайраткері Сағат Әшімбаев. «Министр деңге­йіндегі тұлғаның, осылайша, ағынан жарылуы – арман бүгінде! Қазіргілердің бәрі бір қалыптан шыққандай. Сөйлеген сөздеріне де­йін. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, жетістіктің желпінісімен біраз қиырға көз салады. Айт­қандарына құлақ түрсең, «аспанда бар, жерде жоқ» мемлекет­те өмір сүріп жатқан тәріздіміз. Қазақ қоғамы кемшіліктен ада сынды. Осындай кез­де тағы да халықтың намысын ту етіп ұстаған Сағат Әшімбаевты еске аламыз. Ол тірі болса, халықтың көке­йіндегісі шерге айналмай, ақиқат­тың ауылына қоңсы қонар еді ғой. Сонда әлеумет­тің де жүзі жарқын болар еді сөзін сөйлеген арысының арқасында.
«…Әзірге Сағат Әшімбаевтың орны ойсырап тұр!» – деп тебіренеді публицист.
«Билікте жүру – ешкімнің басты мақсаты болмауға тиіс. Саясаткердің басты мақсаты – ұлт­тық мүдде мен халықтың ең зәру талап-тілектерімен сәйкес, үйлес болуы керек», – деген екен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы. «Отанды сүю – иманнан» деген қасиет­ті ұғым бар Құранда. Алтынбек Сәрсенбайұлы да имани адам еді… Қатерлі болса да, халқының қажетіне жарайтын жолды таңдады. «Мен өз көзқарастарымнан бас тартпаймын» деп байлам жасағаны да сол себепті. Артына, ке­йінгі ұрпаққа «өлдіге санамайтын» іс қалдырды. Басын бәйгеге тігіп, туған халқының, шын мәніндегі, азат қоғамда өмір сүруі үшін күрес барысында мерт болды», – деп еске алады журналист есіл ердің асқақ рухына тағзым ете.
«Княгинин» мақаласын 1906 жылы Ресей Мемлекет­тік Думасына депутат болып сайланған демократ Тимофей Сидельниковтің патша билігіне «Ішкі губерниялардан қазақ жеріне переселендерді көшіруді тоқтатыңдар!» деген, 57 әріптесі қол қойған үндеу жолдауға ұйытқы болғанын, Ленинге хат жазып, Қазақ­стандағы орыс шовинистерін әшкерелегенін еске алудан бастаған автор Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Александр Княгининді сол тарихи тұлғамен тең саяси қайраткер деп бағалайды. Қазақ жерінің тұтастығын сақтау, қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайында ең биік мінберден сан мәрте жалынды сөз сөйлеп, тарихи әділ шешімдер қабылдануына ықпалын тигізіп, «орыс халқының қазақ ұлы» атанған халық қалаулысының есімін ерекше ардақ тұту мәселесін көтереді. «Қазақ­стан халқы ассамблеясы мемлекет­тік тілді, отаншылдықты, мемлекет­тілікті насихат­тау мақсатында Александр Княгинин атындағы арнайы сыйлық тағайындаса, керемет болар еді. Сонда сонау Сидельниковтердің сарқыты іспет­ті Княгининнің де өнегелі ісі өркенін жаятынына күмән жоқ», – дейді журналист. Орынды ұсыныс.
«Желтоқсан. Жаңаөзен. Жанайқай» публицистикалық мақаласында журналист кешегі қоғамның әлі жазыла қоймаған жарасы іспет­ті қасірет­ті оқиғалар туралы ой толғайды. Олар – өмірдің ащы сабағы. Билік сол қасірет­ті оқиғадан қаншалықты сабақ алды? Айту қиын. Бірақ «Айтылмаса, сөздің атасы өледі» дегендей, автор: «Өз билігіне қарсы шығу дұрыс емес!» Осылай бір қайырды ұлт­тың қайраткері деп жүрген тұлға. Ереуілге шыққандарды кінәлап. Түңілдім де түкірдім. Құдай-ау қанша жерден өз билігің болса да, әділетсіздігіне көне беру керек пе? Жаппарқұлдық. Ләпбайтақсырлық. Ана бір кез­дері қазақ қоғамында билікке ықпал жүргізуге ұмтылған діни ағым өкілдері де осы ыңғайдағы насихат­ты «Асыл арнадан» уағыздай бастаған-ды. «Патша – Алланың сүйген құлы, оған қарсы шығуға болмайды» деген тәрізді бірдеңені шатып-бұтып. Егер патша әділет­тілікті аяқасты етсе, оны «Алланың сүйген құлы деп қалай айтуға болады?» – дейді. Шырылдаған шындық сөзі.
«Желтоқсан жылнамасы» бөлімінде автор 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің тарихы, құрбан болған Алматы музыкалық училищесінің студенті Ләззат Асанованың, Өскемен педагогикалық училищесінің студенті Сәбира Мұхамеджанованың, Алматы медицина институтының студенті Ләззат Шораеваның, Алматы энергетика институтының студенті Ербол Сыпатаевтың қайғылы қазалары, Алматы сәулет-құрылыс институтының нақақтан сот­талып, Колымаға айдалған доценті Әркен Уақовтың сегіз жылға созылған сергелдеңі, Қыздар педагогикалық институтының алаңда соққыға жығылып, ауыр жарақат алғанына қарамастан, он тәулікке түрмеге қамалып, оқудан шығарылған студенті Қалдықыз Атемова туралы жан-жақты зерт­теп жазған. Конституциялық Сот­тың бұрынғы мүшесі Сабыр Қасымовпен көлемді сұхбатында да Желтоқсан көтерілісіне қатысты талай шындықтың беті ашылған.
Тобықтай түйін: Төлеген Айбергеновтің «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» дегеніндей, Ғабит Мүсіреп – қоғамдағы сыздаған барлық жараның аузында жүрген сезімтал да сергек журналист. Оның «Тоғызыншы территория» кітабы оқырманды ойға қалдырмай, толғандырмай қоймайды. Әсіресе қазіргі алмағайып заманда оң мен солын айыра алмай, ғаламтордағы арандатушылардың ауыздарына келгенін айт­қан сұрқия сөздеріне еріп, адасып жүрген албырт жастар мен аңғал ағайынның көзін ашарлықтай дүниелер кеңінен қамтылған. Сондай-ақ жинақ – журналистиканың шеберлік шыңын бағындыруды мақсат тұтқан ке­йінгі толқын үшін маңызды оқулық боларлықтай құнды еңбек.

Кәрібай МҰСЫРМАН,
журналист

ПІКІРЛЕР4
Қонақ 15.03.2025 | 15:08

Тамаша кітап жайлы жақсы мақала!

Қонақ 16.03.2025 | 07:41

Карбай Мусырман, өте өзекті патриоттық маңызы зор мәселелерге жетелеп, қазақтың рухын көтеріп, егемендіктi ең биiк жетiстiктiк деп бағалауымыз керек екенi ақиқат!!!

Қонақ 16.03.2025 | 11:02

Өте тағылымды кітап екен. Кәрібай өте ұғынықты әрі түсінікті еиіп талдаған екен.

Қонақ 19.03.2025 | 11:11

Қазақ рухын көтеріп, ойға-ой қосатын кітап екендігін мақаладан айқын байқалады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір