Конституция күні қарсаңында…
Қазақ баласының бастан өткерген тарихындағы барлық жауапкершілігі мен құқылары, түрлі даулы мәселелердің шешімі ескі низамдарда қатталыпты. Бертінге дейін сол низамдарға бағынған қыр баласы тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреткенде, өз таңдауымен қабылдаған негізгі құқықтық құжаты – Конституциясына биыл 20 жыл толды. Осы жиырма жыл ішінде Қазақстан азаматтарының барлық құқықтық жауапкершілігі мен міндеттерін көрсеткен Негізгі Заңның құрметіне қалай жеттік? Конституциямыз көрсеткен жолмен қалай жүріп келеміз? Қай қоғамның, заманның, мемлекеттің болсын басты құндылығы, ең асыл қазынасы – адам мен оның құқығы және бостандығын Ата заң көрсеткен дәрежеде бағалай алдық па?
Құқықтық білім алуға, әрине әркім өзі талпынуы міндет, құқықтық сауаттылықтың артуы үшін мемлекеттің де ролі зор. Мектептерде, жоғары оқу орындарында оқытылатын құқықтық білімнің негіздері оқушы мен студентті қаншалықты білімді етіп отырғанын да зерттеп-зерделеу керек емес пе екен?
Конституциямыз туралы, ондағы орындалып-орындалмай жатқан тұстар туралы не білгеніңіз бар деп әр сала мамандарынан сөз сұраған едік. Соның бір парасы бүгінгі «Желқазық» айдарында…
Ата заңымыздың әлеуеті
Конституция – кез келген ұлттың іргелі қағидалары мен ережелерінің тұғыры, одан азаматтардың құқықтары мен міндеттері және үкіметтің міндеттері мен өкілеттіліктері бастау алады. Сонымен бірге, конституция саяси, экономикалық және құқықтық дамудың бағыттары мен қағидаттарын айқындайтын ең маңызды саяси стратегиялық құжат. Конституцияның негізгі қызметі: адамның құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру әрі қорғау, сондай-ақ, заңның үстемдігі конституциялық қағидасын мүлтіксіз орындайтын демократиялық бағыттағы конституциялық институттарды құрып, нығайту.
Аида Айдарқұлова,
«Сорос-Қазақстан» қорының Бағдарламалар директоры
Осындай бағдарды көздеп 1995 жылы қабылданған еліміздің Ата Заңына биыл 20 жыл толып отыр. Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретінде орнықтырудың алғашқы 20 жылы ішінде біраз реформалар жүргізіліп нақты қадамдар жасалып келеді. Біздің Конституциямыз алдыңғы қатарлы басқа елдердің негізгі заңдарынан кем емес. Елдегі барлық заңдардың негізі әрі өзегі болып табылатын біздің Ата Заңымыздың әлеуеті көптеген ғалымдардың пікірінше әлі толығымен ашыла қойған жок. Осылай бола тұра, Конституцияны тікелей қолдану мәселесі әлі де өзінің шешімін таба алмай отырған мәселелердің бірі. Өкінішке қарай, әсіресе азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кепілдейтін көптеген баптар Конституциядан төмен әрі оған бағынышты заң актілеріндегі ережелермен бәсекеге келіп жатқанда соңғылары қолданылып жататыны мәлім. Сондықтан да Конституцияны тек марапаттап қана қоймай, тікелей қолдануды күн тәртібіне қою қажет.
Келесі мәселе, Конституциялық Кеңестің құзыретін кеңейту болып табылады. Бүгінгі күні Конституциямызға сәйкес, бірде-бір билік тармағына сүйенбейтін тәуелсіз орган болып табылады. Сонымен бірге, осы өкілетті органды одан әрі қарай дамыту қажет. Ең алдымен Кеңес мүшелерінің санын көбейтіп, оларды және Кеңес төрағасын тағайындаудың тәртібін қайта қарастыру қажет, сондай-ақ, Конституциялық Кеңестің шешімдеріне Президенттің вето салу құқығын шектеген де дұрыс сияқты. Себебі, Конституциялық Кеңес конституцияға сәйкестілік мәселелерін қадағалайтын ең жоғарғы орган болуы қажет. Конституциялық кеңеске жүгіне алатын субъектілердің шеңберін де кеңейткен жөн. Ондай субъектілердің қатарына, мысалы Жоғарғы Соттың төрағасы, Бас прокурор, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді кіргізіп, оларға Конституцияны ресми талқылау, сондай-ақ, заңдар мен заңнамалық актілердің конституцияға сәйкестігін тексеру жөніндегі мәселелермен жүгіну мүмкіндігін берсе болар еді. Конституциялық кеңесті нығайтудың тағы бір жолы – оның шешімдерін орындау тетіктерін дамыту арқылы орындалуы мүмкін.
Қорыта келгенде, Ата Заңымыз өте маңызды құжат ретінде тек айтылып қана қоймай, орнығып, сондай-ақ, тікелей орындалуы керек, бұл тек орталық өкілетті органдардың ғана міндеті емес, сондай-ақ, әрбір азаматтың мүддесі болуы қажет.
Маңызды құжат
Конституцияның қабылданғанына 20 жыл болған екен. Бұл, сөз жоқ, үлкен жалпыхалықтық сипатқа ие мереке. Өйткені, Конституция әрқайсымыздың өмірімізге әсер ететіндей күшке ие, өте маңызды құжат. Әдетте, бұндай айтулы шаралар қарсаңында «той иесінің» құрметіне аста-төк тілектер, жақсы, жағымды сөздер көбірек айтылады.
Абзал ҚҰСПАН, адвокат,
Батыс Қазақстан облыстық
адвокаттар алқасының мүшесі
Біздің Конституциямызды жалпыхалықтық референдумда қабылданып, бүгінгі күні өзінің маңыздылығын, өміршеңдігін дәлелдеді деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі кезде көптеген ғалымдар, қоғам қайраткерлері Конституцияға байланысты өз пікірлерін білдіріп жатыр. Бірақ кей ғалымдар мақтаймыз деп, тым асыра сілтеп жібергендей әсер қалдырады маған. Жай халықта шаруам жоқ, алайда, заңгер мамандар белгілі-бір мәселеге баға беру барысында әр сөзін ойланып айтып, нақты фактілерге жүгінгендері дұрыс. Университет қабырғасында біздерді ұстаздарымыз солай үйретті, солай тәрбиеледі.
Мысалы, заң ғылымдарының докторы Эркин Дуйсенов деген ғалым «Біздің Конституциямызда ешқандай кемшілік жоқ» деп мәлімдепті. Өзі және Конституционалист ғалым екен. Мен бұл пікірмен еш келісе алмаймын. Кез келген затта, мейлі ол заң болсын, өнер туындысы болсын, кемшілік болуы мүмкін. Біз Жаратушыны ғана еш кемшіліксіз деп айта аламыз. Ал, Конституция – оның қасында бір топ ғалымның творчестволық еңбегі. Конституцияның жағымды жақтарын айтушылар қарасы көп болғандықтан, мен өз тарапымнан кейбір проблемалық тұстарын айта кеткенді жөн көріп отырмын.
Айталық, кез келген заң актісінде, мейлі ол кодекс болсын, басқа болсын, коллизияға жол берілмеуі керек. Коллизия дегеніміз – қысқаша айтқанда, белгілі-бір қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін заң нормаларының өзара қарама-қайшылықтары. Халықаралық құқықтық стандарттар бойынша заң актілерінің сапасын анықтайтын бірден-бір көрсеткіш, ол осы –коллизиялық нормалардың болмауы.
Менің пікірімше, біздің Конституциямызда өз ішінде және басқа заңдармен арада ондай нормалар бар. Атап айтқанда:
Конституцияның 75-бабы, 1 бөлігінде «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны», ал, 77-бабы, 3 бөлігі, 1 тармағында «Адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептелетіні» бекітілген. Бұл нормалардан адамды кінәлі деп тану және қылмысына орай жаза тағайындау тек сот құзіретінде ғана екенін байқаймыз.
Алайда, биылғы жылдан бастап, елімізде жаңа қылмыстық кодекс күшіне енді. Сол кодекстегі 65 баптың нормасына сәйкес, бірінші рет қылмыс жасаған адам, жасаған қылмысының ауырлығына қарамастан, қылмыстан босатылуы мүмкін екендігі көзделген. Егер Сіз бұл норма сот үшін қарастырылған деп ойласаңыз қателесесіз, бұл қылмыстық қудалау органдарына берілген құзырет. Қазіргі кезде тәжірибеде қылмыстық қудалау органдары заңның осы бабын кеңінен қолдануға кірісіп те кетті. Тап осы мақаланы жазу барысында, менің өзімнің қатысуыммен сыбайлас жемқорлық сипатындағы бір қылмыстық іс сотта қаралуда. Әуелі тергеу органдары пара алып жатқан жерінен бір мемлекеттік мекеменің қызметкерін қолға түсіреді. Алайда, ол адам мемлекеттік қызметші емес болып шығады, тиісінше сыбайлас жемқорлықтың субъектісі бола алмайтындықтан, оны бұл ақшаны өзінің бастығына апарып беруге немесе соған арналған ақша еді деп айтуға үгіттейді. Қызметкер бас тартады, өйткені мекеме басшысы бұл жағдайдан мүлдем бейхабар еді. Соңында не болды дейсіз, арада 3 апта уақыт өткесін қызметкерді еш қажеттілігі болмаса да, уақытша оқшаулау орнына апарып қамайды, сол жерде екі күн отырған әлгі қызметкер «қылмысын» толық мойындап, ақшаны негізі басшыма апаруға тиісті едім деген жауап береді. Оның тек осы жауабы негізінде басшысы қамауға алынды, іс сотқа жолданды, ал пара алып ұсталған қызметкер жауаптылықтан ҚР ҚК-нің 65 бабы негізінде босатылды. Сотта аталған жағдайлардың барлығы анықталса да, судьяның тергеу органымен қабылданған әлгі шешімнің күшін жоюға құқығы жоқ. Жалпы, бұндай жағдай тәжірибеде бірінші рет орын алып отырған жоқ, сонда қылмыстық іс бойынша адам тағдырын кім шешіп отыр деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, қымыстық заңнамада прокурордың ықпалы бәрінен де күшті. Мұның себебі, қылмыстық кодексте, қылмыстық іс жүргізу кодексі де Бас Прокуратураның басшылығымен дайындалғандықтан осындай заң пайда болды.
Конституциямыз өзгертулер мен толықтыруларды қажет етеді. Мысалы, тәжірибеде заңды қолдануға байланысты әр түрлі түсініспеушіліктер болуы себепті, белгілі-бір заң актісін талқылауға (толкование) қажеттіліктер туындап жатады. Өйткені, қандай заң болмасын, өмірдегі барлық қарым-қатынасты реттеп қоя алмайтыны түсінікті жағдай ғой. Алайда, Конституцияда заңды талқылауға байланысты сол заңды шығарған Парламентке немесе басқа да органға құзырет берілмеген. Ондай нормалар ҚР «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңымен де қарастырылмаған. Сөйте тұра, Конституцияның 4 бабы, 1 бөлігіне сәйкес, Жоғарғы Сотқа қатысты «Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ, Республика Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының нормалары болып табылады» деп белгіленген. Конституциялық Кеңес осыған байланысты өзінің 06.03.1997 ж., №3 Қаулысымен Жоғарғы Соттың сот тәжірибесін қолдануға байланысты тек заңдарға ғана емес, Конституцияға қатысты да Нормативтік Қаулылар шығара алатынын көрсетеді. Яғни Жоғарғы Сот сотта қаралған белгілі бір жағдайға байланысты мына заңды былай, мына заңды, тіпті Конституцияны былай түсіну керек деп, өз Қаулысын шығара береді. Ресми олай аталмағанымен, іс жүзінде талқылаумен айналысады. Сонда қалай болғаны, заңды шығарған Парламентте талқылау құқығы жоқ та, сол Заңды қолданатын сотта талқылау құқығының болғаны ма? Халықаралық стандарттар тұрғысынан келсек, заңды талқылау құқығы заң шығарушыға тиесілі. Ал, ол үшін қолданыстағы Конституция өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл
1995 жылғы 30 тамызда Қазақстан халқы өзінің тарихи таңдауын жасап, бүкілхалықтық референдум арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдаған болатын.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
ОҚО сотының
Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің
басшысы
Осыдан 20 жыл бұрын Ата Заңның қабылдануы экономикалық реформаларға тың серпіліс беріп, еліміздің дамуы жолында жаңа тарихи кезең басталды.
Қазақстанның Ата Заңы өзінің заман талабына лайықты екенін дәлелдеп, осы жылдар аралығында елімізде құқықтық мемлекет орнап, әлемнің өркениетті мемлекеттерімен жан-жақты экономикалық-саяси тең дәрежеде қарым-қатынас қалыптасып, көптеген реформалар жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің Ата Заңы Қазақстанның қарқынды саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының сенімді құқықтық іргетасына айналғанын көрсетіп отыр. Осы уақыт аралығында Ата Заңымызға үш рет, 1997 жылдың 7 қазанында және 2007 жылдың 21 мамырында және 2011 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қазақ елінің заңнама тарихы сонау XIV-XV ғасырлардан бастау алады. Олардың бірнешеуіне тоқталып кететін болсақ, Ата Заңы, Ата Жолы, Ата Сөзі, Ата Кесімі, Ата Өсиеті деп аталған. Одан кейін хандықтар тұсында Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған Заңдар жиынтығын қабылдады. Одан кейінгі Кеңес Одағының кезеңінде жалпыға бірдей заңды басшылыққа алып келдік.
1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алып, өз Ата Заңымызға ие болдық. Бүкіл халық болып референдумда қабылдаған Ата Заңымызды басшылыққа алып, қоғам мен мемлекетімізді жаңартуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Ел Конституциясы – мемлекет пен қоғамға қызмет етуі үшін қажетті шарттарды анықтайтын, негізгі нормалар мен институттар бекітілген еліміздің рәмізі және басты саяси-құқықтық құжаты.
Қазақстанның қоғамдық қатынастардың көптеген салаларында қол жеткізген жетістіктері, егемен еліміздің қалыптасуы жолындағы қиындықтарды еңсеруге ғана емес, сонымен қатар, оның халықаралық-құқықтық беделін айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік берді. Ата Заңымызда соттар мен сот төрелігіне ерекше мән берілген. Сондықтан біз үшін, әсіресе судьялар қауымы үшін бұл мерекенің орны айрықша.
1995 жылы республикалық бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына биыл 20 жыл толып отыр. Бұл Конституция – қазақстандық мемлекеттіліктің тиімді дамуын қамтамасыз еткен заңның үстемдігі мен сәтті мемлекет саясатының іске асырылуының жарқын көрінісі. Осы айтулы мерекеге орай, үстіміздегі жылы Ата Заңымыздың 20 жылдығы мемлекет көлемінде жоғары деңгейде аталып өтілуде. Республика Конституциясы қазақстандықтар үшін алдағы биік мақсаттарға жетуді – әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасқан, азаматтарының әл-ауқатты және лайықты тұрмыс-тіршілігі қамтамасыз етілген, тәуелсіз, экономикалық дамыған мемлекет құру жолында ілгері жылжуды реттейтін негізгі құжат болып табылады. Еліміздің Негізгі Заңы, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі ұйытқы болған, қиын-қыстау кезде миллиондаған қазақстандықтарды маңайына топтастырып, маңызды құжаттың жобасына дем берген ұжымдық жұмыстың нәтижесі деп білеміз.
Конституция қабылданғаннан бергі өткен уақыт тарихи өлшемдер тұрғысынан қас-қағым сәт болғанымен, біз үшін ол өткен жолымызды ой елегінен өткізу мүмкіндігі берілген кезекті кезең болып табылады.
Алайда, уақыт бір орнында тұрмайды. Елімізді одан әрі саяси және экономикалық жаңғыртудың туындаған объективті қажеттілігі конституциялық өзгерістер енгізуді қажет етті. Конституциямызға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде халықаралық стандарттар мен мемлекеттік билік жүйесін одан әрі демократияландыруды қамтамасыз етіп, елімізде демократияның өрісі кеңейіп, президенттік-парламенттік басқару жүйесі өмірге келді. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары – мәслихаттардың ролі артты, халықтың жергілікті жерлердегі маңызды мәселелерді дербес шешуін қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Бүгінгі таңда жаңартылған Конституция негізінде елімізде жаңа құқықтық жүйе қалыптасуда. Қабылданған заңдар қоғамдық қатынастардың негізгі тұстарын реттеп, еліміздің әлемдік деңгейдегі орны жоғарылауда. Республиканың көпұлтты халқының достығын нығайту мен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде Конституцияның маңызы зор. Әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі қақтығыстар, терроризм мен діни экстремизм өршіп жатқанда, Қазақстанда ұлтаралық келісім және саяси тұрақтылық сақталуда. Мұның бәрі Конституцияда бекітілген түбегейлі қағидаттарын қоғамдық және саяси өмірде нық ұстанудың нәтижесі. Конституцияның даму тарихын саралағанда оның негізгі даму үрдісіне тигізетін әсеріне адамдық және азаматтық құқықтар мен бостандықтарға қаншалықты кепілдік бере алатындығына айрықша назар аударамыз. Өйткені, Конституция ең жоғарғы заңдық күші бар құжат ретінде бүкіл халықтың атынан қабылданды.
Сондықтан да Қазақстан Республикасының Конститутциясының: «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…», – деп басталуы тегіннен-тегін емес. Түпкі мақсатымыз – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, Қазақтың ұлы болып өркендеуіне жол ашу. Болашақ ұрпақтың жүзін жарқын ететін бұл мақсатқа біз асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткізе аламыз.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы әлемдік қоғамдастықта танылған жалпы адами және ерекше маңызы бар қазақстандық идеалдарға негізделген. Сондықтан Конституция еліміздің аумақтық тұтастығын, президенттік басқару нысанын, халық билігі қағидатын, Негізгі Заң нормаларының ең жоғары заңдық күші мен тікелей қолданылуын, идеологиялық және саяси сан алуандылықты, жеке меншікке қол сұғылмауын, адамның және азаматтың халықаралық деңгейде танылған құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік биліктің жаңа жүйесін, мемлекеттік рәміздерді баянды етті. Осылайша, дұрыс әрі нақты айқындалған конституциялық саясат арқасында Қазақстан барлық салада елеулі табысқа қол жеткізді. Бұл жөнінде Елбасымыз: «Конституция біздің Тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Сондықтан да біздің ортақ парызымыз – Негізгі Заңға құнттылықпен қарау, оны өз Отанымызды, өз тарихымызды құрметтегендей құрметтеуіміз керек», – деген болатын.
Табиғатты аялау – бабалар аманаты
Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті.
Қазақстан Республикасының
Конституциясы, 38 бап.
Мамандығыма байланысты мен Конституциямыздағы осы бап төңірегінде әңгіме өрбітейін. Біздегі бүгінгі табиғатымыздың жай-күйіне қарап-ақ халқымыздың Конституцияның кейбір баптарында көрсетілген міндет пен жауапкершілікті білетін, не білмейтінін аңдауға болатындай.
Рысбай Сәтімбеков,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің
Құрметті профессоры
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында (2012, желтоқсан) ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатері қатарында «азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерге», «судың тым тапшылығы» болатынына, «жаһандық энергетикалық қауіпсіздігін», «табиғи ресурстардың сарқылуына», т.б. ерекше тоқталып, «Бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің принципті маңызы бар… еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз керек» екенін қадап айтқанын жадымыздан шығармауға тиіспіз.
Халық ұғымында «табиғат» деген ұғым «туған жер» деген сөзбен мағыналас, әрі мазмұндас. Мысалы, «Туған жерге туыңды тік», «Туған жердің түйе аунайтын топырағы да киелі, туған жердің түйе жейтін жантағы да киелі», «Жері байдың – елі бай», «Қара жер қарыз арқаламайды», «Жер–ана, Ел – бала», «Тозған жерде тоқшылық болмайды», «Күте білсең – жер жомарт» және т.б.
Біздің қазіргі кезде күнделікті аузымыздан тастамай айтып жүрген экологиялық мәселелерімізге қазақ халқы ертеден-ақ ерекше мән беріп, барлық тұрмыс-тіршілігін соған сәйкес жүргізе білген. Табиғаттың жансыз және жанды туындыларына қиянат жасауға болмайтынын ұрпақтарына үнемі өсиет етіп айтып отырған. Мысалы, «обал» және «сауап» деген ұлағатты сөздерді естен шығармау қажеттігін қатал ескерткен. Халықтың бұған ұқсас экологиялық тағылымы осы күнге дейін толық мәнінде зерделеніп зерттелмей келеді. Бұл мәселе зерттелмей жатып, біздегі табиғатқа құқықтық жауапкершілік сезімі бірден орныға қалады деу де дұрыс болмас еді.
Сізге бір ғана мысал айтайын, ертеде Сыр өңірін құтты қоныс еткен бабаларымыз: «Сырдың суын екі жыл ішсең, ішіңе алтын байланады», – дейді екен. Ал, Сыр алқабының қазіргі жағдайына қарап, жергілікті тұрғындар: «Сырдың суын екі ай ішсең, екі елі тұз байланады», – деген уәжді айтады. Мұның өзі де өмірден алынған ащы шындық! Біздің табиғатқа деген құқықтық жауапкершілігіміздің бір көрінісі.