«МИЛОС ВЕНЕРАСЫНЫҢ» ҚОЛЫНДА НЕ БОЛҒАН?
31.08.2018
1742
0

«…Мықыннан төмен қарай сырғып түсіп бара жатқан соншалық әсем бүрмелі киімнен әйел құдайдың таңғы шықтай салқын, нәзік те жас тәні гүлдеп шыға келеді. Бұл – күн шуағына ұмтылған, жаңа ғана қауыз жарған көктемнің алғашқы гүлі. Барқыттай жұмсақ һәм жұп-жұмыр… Оны ешкімнің демі шарпымаған. Тіпті себезгілеп атқан таң да мөлдір тамшысын бүркіп үлгермеген…». Орыстың белгілі ақыны Афанасий Фет әйгілі «Милос Венерасы» мүсінін алғаш көргенде осылайша тебіреніпті. Көз алдыңызда мінсіз сұлулығымен жарқ ете қалатын осынау «киелі сұлудың» (Генрих Гейне) жалаңаш тәнінде небір жұмбақ сыр жасырулы жатқанын білесіз бе?


О, ВЕНЕРА! О, СҰЛУЛЫҚ ҚҰДАЙЫ!

«Милос Венерасы» немесе «Милос Афродитасы» – Париждегі әйгілі Лувр мұражайының мақ­танышы саналатын, бүгінгі за­манға бағзы грек дәуірінен жеткен құнды жәдігер.
Афродита деген есім кітап­сүйер қауымға ежелгі грек ми­фоло­гиясы арқылы жақсы таныс. Иә, иә, Афродита дегеніміз – ежелгі гректердің сұлулық пен жастық құдайы. Ал римдіктер оны Венера деп атайды. Сосын мүсін Ми­лос аралынан табылуына байланысты әйел құдайдың аты осы бір шағын аралдың атауымен бірге аталып кеткен.
Болжам бойынша, талайды тамсантып келе жатқан аталмыш мүсін сонау б.з.д. 130-100 жылдар аралығында ақ мәрмәрдан қашап жасалған. Кей өнертанушылардың айтуынша, оның бастапқы түсі басқа болған секілді. Өйткені ер­те­де мәрмәр мүсіндер түрлі түс­терге боялатын болған.
Бұл ғажайып туынды эллиндік дәуірде өмір сүрген Александар дейтін мүсіншінің қолынан шыққан делінеді. Өйткені оны алғаш тапқанда тұғырда «мұны жасаған антиохиялық Менидтің ұлы Александар (немесе Атессан­др)» деген жазу болған көрінеді.
Ал қаншама уақыт бойы ежелгі қала үйінділерінің астында көзден таса жатқан көне ескерткішті алғаш кім тапқаны нақты белгілі емес. Зерттеушілердің сөзіне сүйен­сек, талас-тартыстарға арқау болып жүрген болжамдардың ішіндегі ең шындыққа жана­сым­дысы: мүсінді 1820 жылы Эгей теңізінің ортасындағы Милос дейтін тасты аралдан жергілікті шаруалар тауып алған. Мүсін бастапқыда бөлік-бөлік күйінде табылған: әуелі кеудесі мен басы, бірнеше күннен кейін аяғы мен бел бөлігі. Ол уақытта ежелгі артефакттерді іздеп табу талайды қызықтырған. Себебі мұндай қолға түсе бермейтін баға­лы қазынаны мемлекет те, жеке коллекционерлер де қанша ақшаға болсын сатып алатын. Шаруалар өз олжалары жайында алдымен артефакттер іздеумен айналыса­тын француздық теңіз офицері Оливье Вутьеге айтады. Вутье мү­сін­ді көре сала бар даусымен шат­тана «О, Венера! Менің Венерам!» деп айқайлап жіберген дейді (кейін мүсін Венеранікі екені тез нақтыланады). Мүсінді сатып алған­мен сыртқа алып шығу үшін арнайы рұқсат керек-тін. Бұл шаруаны Жюль Дюмон-Дюрвиль дейтін басқа бір теңіз офицері Түркиядағы француз елшісі арқылы жылдам реттестіреді. Алайда Димитрий Мораитис деген шаруа өз сақтауында тұрған мүсінді көп ақшаға қызығып, грек теңіз қарақшыларына сатып жібереді. Француздар оны біліп қойып, күшпен тартып алмақ болады. Өзара тартыс кезінде фран­цуз теңізшілері құнды жә­ді­герді қолдарына түсіріп, кемеге әкетіп бара жатқанда екі қолы мен тұғыры сынып түсіп қалады. Ізінен қайтып баруға мүмкіндік болмайды. Осы орайда «тұғыр тектен-тек жоғалмаған» деген пікір бар. Ол Парижге жеткізілген­нен кейін әдейі «қолды болған» көрінеді. Оның сыры: ХІХ ғасыр­дағы өнертанушылар «Венера» грек мүсіншісі Праксительдің жұмысы болар деп ойлаған (өйт­кені Венера оның мүсіндеріне аса ұқсайтын). Бұған қоса, эллиндік дәуірге қарағанда классикалық дәуір (480-323 жж.) ескерткіштері өте жоғары бағаланатын.
Енді оқиғамызға қайта орал­сақ. Ержүрек француздар жолда түрік теңізшілерімен де кескілес­кен шайқас жүргізіп, аман-сау Парижге жетіп, ғажайып туын­дыны король XVIII Людовикке тарту етеді. «Сұлулық құдайы» қос теңізшіге мол сый-сияпат жасап, ұлттық батырлар деп әйгілеген ко­роль жарлығымен Луврге қойы­ла­ды. Ал 1821 жылы 7 мамырда алғаш рет көпшіліктің назарына ұсынылады. Оны көру үшін Ан­глия, Голландия, Түркия елдерінен елшілер арнайы келген. Мүсіннің мінсіздігі: бет пішінінің нәзіктігі де, толқынды шашы да, тіп-тік тұл­ғасы да, тіпті киімінің ұқыпты­лығы да көргеннің бәріне таң­дай қақтырып, бірден аты жайыла­ды.
«Венераның» мүсінінен кейін мінсіз сұлу әйел тәнінің өлшемдері пайда болады. Мүсін өлшемдерін негіз етіп, дәлірек айтсақ, бойы – 164 см (бір деректерде 202 см), аяғы (сан бөлігі) – 93 см, белі – 69 см, иығы – 86 см.
1939 жылы күзде Екінші дү­ние­ж­үзілік соғыс басталғанда мү­сін басқа да тарихи жәдігерлермен бірге Францияның орталығын­дағы Валанс сарайына апарып қойылады. Соғыс біткесін Луврға қайта әкелінеді. Қазір де атақты мұражай­дың бірінші қабатындағы Сюлли галереясының №74 залында тұр. «Сұлулық құдайын» көру үшін жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 8,5 млн.-ға тарта адам осында арнайы ат арытып келетін көрінеді.


«ВЕНЕРАНЫҢ» ҚҰПИЯСЫ

Мүсінге қатысты сан жұмбақтың бірі – оның жоғалған қолдарымен байланысты. Грек құдайларын қолдарындағы атрибуттарына қарап анықтауға болады. Онсыз кім екенін біле алмайсың. Егер қолында алма, тәж, айна немесе қалқан болса, ол – Венера, садақ не амфора болса, онда алдыңызда тұрған – Артемида, т.б.
«Мүсіннің қолында не болған?» деген сұраққа қатысты бірнеше жорамал бар. Енді соларды рет-ретімен келтірейік. Мүсінді алғаш тауып алған шаруалардың мынадай сөздері жазып алыныпты: «Әйелдің сол қолында алма болатын. Ал оң қолымен сырғып түсіп бара жатқан киімін ұстап тұрған». «Мүсіннің бір қолында алма болған» деген болжамның мифологиялық та негізі бар. Ендеше, грек аңызы не дейді? Пелей батыр мен теңіз құдайы Фетиданың үйлену тойына дау-жанжал мен ұрыс-керіс құдайы Эрида әдейі шақырылмай қалыпты. Бұған қатты ызаланған Эрида тойдың қызған шағында ешкімге байқатпай келіп, үстелдің үстіне Гесперидалар бағындағы алтын ағаштан алған қып-қызыл, әдемі алманы тастап жібереді. Оның бір бүйірінде «ең сұлу әйелге» деген жазу бар екен. Алма әйел-құдайлардың арасында талас тудырады. Гера да, Афродита да, Афина да «ең сұлу әйел» атанғысы келеді. Бұл дауды шеше алмаған бас құдай Зевс үш әйелді де Троя қаласының билеушісі Приамның ұлы, бақташы Париске жібереді. Парис үшеуінің сөзін тыңдай келе алманы «Ең сұлу әйелдің құшағы сенікі болады» деген Афродитаға беріпті». Аңыз осылай дейді. Сондай-ақ, алма – Милос аралының символы саналатыны тағы бар.
Ендігі бір нұсқа: мүсіннің иық қалпына қарағанда, «Венера» жіп иіріп тұрған. Бір қолында – тоқып жатқан киімі, екінші қолында жіп пен ұршық болған. Шынымен, мұндай композиция антикалық ыдыстарда жиі бейнеленген.
Мүсінтанушылардың шағын тобы мүсіннің жеңіс құдайы Ника екенін айтады. Демек, ол бір қолында соғыс құдайы Марстың қалқанын ұстап тұрса, екіншісімен шайқастарда аты шыққан сарбаздардың аттарын жазып тұр, яғни бұл қолында қауырсын қалам бар. Мүсіннің Ника екені оның тәкаппар көзқарасынан байқалады-мыс.
Тіпті, бір болжам бойынша мүсіннің сыңары болған. Венераның сол қолы Марстың иығында тұрған. Енді біреулер оның қолына айна мен гүлтәж ұстатады. Әйтсе де, мүсіннің мінсіз сұлулығы оның сұлулық құдайы Афродита немесе Венера екеніне көпті иландырған секілді.
Өнертанушылардың айтуынша, бастапқыда мүсінде білезік, сырға және гүлтәж болған. Олар әлдеқашан жоғалған, бірақ мүсінде оларды бекітетін тесіктер қалған.
1822 жылы Ланж атты француз мүсіншісі «Венераның» қолдарын жасап, мүсінге «жапсырып» қояды. Әйтсе де, газетте жарияланған қолы бар мүсіннің суреті көпшіліктің нара­зылығын тудырады. Жұрт оны құбыжық сынды қабылдайды. Сөйтіп, қолдар алынып тасталады.
Мүсінді алғаш тапқанда мұрны да бүлінген екен. Ланж оны гипстен жасап, «жапсырып» қойған. Сол жақ кеудесі, табаны және тобығы да қайта жасалған.


АҢЫЗ ӘЛДЕ ШЫНДЫҚ?

Эгей аралында кең тараған мынадай аңыз бар. Өз заманында аты шыққан бір мүсінші Венера­ның мүсінін жасау үшін таңға­жайып сұлу әйелді ұзақ іздепті. Со­дан Милос аралында сұлулы­ғынан көз сүрінетін бір арудың бары жайлы естиді. Мүсінші оны іздеп тапқан соң мәрмәр тастан «Сұлулық құдайының» мүсінін қашай бастайды. Көп ұзамай өз музасына ес-түссіз ғашық болады. Сөйтсе, қыз да оны сүйіп қалыпты. Бастапқыда нәзік те сырлы махаб­бат сезімі жұмысқа еш кедергі келтірмейді. Керісінше, шебердің шабытын арттыра түседі. Мүсін біту­ге жақын қалады. Жетіспей тұрғаны: ең қиын бөлігі – қолдары ғана. Бір күні құмарлық оты лап етіп тұтанып, қос ғашықтың құ­шақ­тары айқаса кетеді. Қыздың өз сүйіктісін кеу­де­сіне басып, бар сүйіс­пен­шілігімен емірене қыс­қа­ны соншалық, әлгі байғұс… тұн­шы­ғып өліп қалыпты. Осы­лай­ша мүсін қолсыз қалған екен…
Мүсіннің қолына қатысты дау толастар емес. Осыған байланысты француздық «Фигаро» газетінің бір шолу­шы­сы былай деп жазып­ты: «Неменеге сонша Венераға қол жапсырғыла­рыңыз ке­леді? Қа­лай­ша сұлулықты өз түсінік­те­ріңізге қарай өзгерт­кіле­ріңіз ке­ле­ді? Неге біз үйле­сімділікті бөлік­терге бө­луі­міз керек? Ай­тыңыз­даршы, Джаконданың жұмбақ жы­миы­сы – бар болғаны жүйке дірілі екенін білгеннен айыз­да­рыңыз қана ма? Өйткені, кей психотерапевттер Джа­кон­даны қояншықпен ауыр­ған деп тұжырымдап жүр. Білсеңіздер, өткен ғасырларда өмір сүрген данышпандар бізге мынадай тамаша өсиет қалдырып кетіпті: сұлулық­тың күші – оның түсінік­тілі­гінде, қолжетімділігінде емес, түбіне дейін жетіп, тануға ты­рысатын құпиясында және «сан­дықты» ашудың қажеті де жоқ…».
Ал Сіз «Милос Венера­сы­ның» жұмбақ сырын қалайда білгіңіз келе ме? Сұлулық құпия­сының жария болғанын қалар ма едіңіз?

Дайындаған Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір