РОБОТ МАШИНА ЖҮРГІЗІП, ЖАПОН ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫН «ОҚИДЫ»
Техниканың өрістеген мекені – Жапония мемлекетінде робот жүргізетін такси сынақтан өткізілуде. Бұндағы мақсат – 2020 жылғы Олимпиадаға дейін қаланы ерекше жолаушы тасымалымен қамтамасыз ету.
Роботтандырылған таңғажайып таксиді жергілікті компания жасап шығарған. Сарапшылардың пікірінше жүргізушілерді жансыз роботқа алмастырудың бірнеше артықшылықтары бар. Яғни, ең әуелі Олимпиаданы тамашалау мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристерді тасымалдау оңайға түссе, екінші бір артықшылығы, бұндай таксидің бағасы да қолжетімді болмақ.
Бастапқы кезеңде такси күніне төрт рейс жасайды және роботтың істен шықпауын қадағалап отыратын арнайы жүргізушілер тізгінде болады деп күтілуде. Бір таңқаларлығы таңғажайып робот жолаушыларға жапон жазушыларының шығармаларынан үзінділер «оқып» беріп, мәнді-мағыналы әңгімелер айтатын көрінеді.