Сұлтан ҚАЛИҰЛЫ
24.08.2018
4942
0

Қазақ әдебиеті тағы да орны толмас қайғылы қазаға душар болды. 76 жасқа қараған шағында көрнекті балалар ақыны, жазушы, аудармашы Сұлтан Қалиұлы дүниеден озды.
Сұлтан Қалиұлы 1943 жылы 1 мамырда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Сеңгірбай ауылында дүниеге келген. Сегізінші сыныптан соң Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, оны бітірген соң ауыл мектептерінде бастауыш сыныптың мұғалімі болып жұмыс ітеген. 1962 жылы жоғары білім алу үшін Алматы қаласына келіп Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға қабылданған. Аталған оқу орнын 1967 жылы тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Қазақ радиосының музыкалық хабарлар редакциясының редакторы болып бастаған. Одан кейінгі жылдарда Қазақ радиосы балалар хабарларының редакторы, аға редакторы болып қызметін жалғастырған. Балаларға арнап әдемі өлеңдер жазып жүрген Сұлтан Қалиұлын балалар әдебиетінің сол кездегі көшбасшыларының бірі Мұзафар Әлімбаев байқап, өзі басшылық жасап отырған «Балдырған» журналына жауапты хатшылық қызметке шақырған. Сұлтан Қалиұлы бұл жауапты жұмысты алдымен Мұзафар Әлімбайдың, одан кейін Тұманбай Молдағалиевтың басшылығы аясында 1973 жылдан бастап, табан аудармастан 17 жыл бойы абыроймен атқарды. 1991 жылы ол балалар мен жасөспірімдердің республикалық «Ұлан» газетіне Бас редакторлық қызметке тағайындалды. «Балдырғанда» 17 жыл жауапты хатшы, «Ұланда» 18 жыл Бас редактор болған Сұлтан Қалиұлы балалар әдебиеті мен балалар журналистикасының дамуына зор үлес қосты. 2008 жылдан 2017 жылға дейін Жазушылар одағында Балалар әдебиеті кеңесін басқарып, қоғамдық негізде Жазушылар одағы басқармасының хатшысы лауазымын атқарды. Көптеген қаламгерлердің балалар әдебиеті мен журналистикасына келуіне ықпал жасады. Өзіне ізбасар шәкірттер дайындады. Қым-қуыт жұмыстары болса да ол қазақ балаларының рухани әлемін ұмытқан жоқ. Балаларға арнап әртүрлі жанрда тамаша туындылар жазды. Аудармалар жасады. Оның әр жылдары балаларға арналған «Сыныққа сылтау», «Өлеңдер», «Дүрбі», «Қасиетті тақия», «Сәлем, саған мектебім», «Кішкентай агрономдар», «Теміртесер», «Бақыт деген не?» , «Мен мектепке барамын», «Баспалдақ», «Әйт шу, тұлпарым», «Қандай болып өсемін», «Айналама қарасам», «Армысың ауыл», «Ғажайып тас», «Әйәй әліппе», «Топ-топ басайық», «Біз шадыман баламыз», «Жыл құстары келгенде» жинақтары шығып, өз оқырманынан жақсы бағасын алды. Сұлтан Қалиұлы сондай-ақ «Төлебай Әжімов» повесінің және әдебиетке қатысты жүзден астам мақаланың авторы.
Сұлтан Қалиұлының аударуымен С.Маршактың, С.Михалковтың, Р.Киплингтің балаларға арналған кітаптары мен Бақытжан Момышұлының романдары мен повестері қазақ оқырмандарына жол тартты. Я.Колас, А.Барто, Я.Бжехва, Дж. Родари, Я.Аким, Б.Заходер, Қ.Мұхамеди, Қ.Тәңірқұлиев, Б.Асаналиев сияқты белгілі ақындардың жекелеген өлеңдерін де аударған. Ол бірнеше оқулықтарды да орыс тілінен қазақ тіліне тәржімалады. Оның өз еңбектері де әлемнің оншақты тіліне аударылып, кітап болып жарияланды.
Оның осы орасан зор еңбегі Кеңес үкіметі тұсында да, еліміздің тәуелсіздігі жылдары да ескерусіз қалған жоқ. Ол көптеген Құрмет грамоталарымен, медальдармен марапатталды. Мәдениет қайраткері атағын, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын, «ҚР Білім беру ісінің үздік қызметкері», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астана қаласына 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін» атақтары мен медальдары және «Құрмет» орденін иеленді.
Ол Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.
Сұлтан Қалиұлының асыл бейнесі оны білетін барлық адамдардың, әдебиетсүйер қауымның, шәкірттерінің жүрегінде.

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы


Сұлтан Қалиұлының отбасына

ЖЕДЕЛХАТ!

Қазақстан Журналистер одағының және Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-аудармашы Сұлтан Қалиұлының өмірден өтуіне байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы марқұмның туыстары мен қаралы қауымға көңіл айтты.
Белгілі ақын, қарымды қаламгер Сұлтан Қалиұлының қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.
Қай кезде де әдебиет пен өнер керуенінің басында болып, ұлт мәдениетінің көшін түзетуге атсалысқан адамдар болады. Еңбек жолын Жамбыл ауданындағы орта мектептің мұғалімдігінен бастап, Қазақ радиосының музыка, балалар редакцияларында аға редактор, республикалық «Балдырған» журналында жауапты хатшы, «Ұлан» газетінің Бас редакторы болып қызмет атқарды. «Сыныққа сылтау», «Өлеңдер», «Дүрбі», «Қасиетті тақия», «Сәлем саған, мектебім», «Кішкентай астрономдар», «Теміртесер», «Бақыт деген не?», «Мен мектепке барамын», «Әйт шу, тұлпарым» және т.б. көптеген жинақтары шықты. Балалар поэзиясы, сатира жанрында қалам тербеген Сұлтан Қалиұлы сондай тұлғалардың бірі болатын.
Сұлтан ағамыз қазақ әдебиеті мен өнерін дамыту жолында бар күш-қайратын сарп етті. Ұлттың рухани болмысы мен санасын терең ойлы шығармалары арқылы қалыптастыра білді. Қазақ өнерін республика көлемінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде кеңінен насихаттады. Тәрбиесі мен бай тәжірибесі өнегелі өмір жолынан анық көрінді. Ол өмірінің соңғы минутына дейін қазақ өнері мен мәдениетінің бағыт-бағдарына жанашыр болып өтті. Қай кезде де алған биігі мен халқы көрсеткен құрметке лайық болуды мақсат еткен жан еді.
Сұлтан Қалиұлының жарқын бейнесі барша қазақстандықтардың жүрегінде әрдайым сақталады.

Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А.Мұхамедиұлы


Ары таза болатын…

«Ағаң аяқ астынан қатты ауырып қалды, қал үстінде. Дәрігерлер көпке бармайды деп отыр» деген Сұлтекеңнің жұбайы Әлия тәтеміздің телефонмен айтқан хабарын есті­генде жүрегім аузыма тығылып, айтуға сөз таппай қалдым. Санамды «Ой, ол кісі ұзақ жасауға тиіс еді ғой» деген ой ос­қылап жатты.
Иә, Сұлтекеңдей жан ұзақ жасауға тиіс еді. Ол кісінің қа­сында отыз жылдай жүріп, барлық тыныс-тіршілігі мен жай-күйін жақсы білетін адам ретінде мен солай ой­лайтынмын. Себебі, Сұлтекең өмірінде бойын да, ойын да таза ұстады. Ешқашан жат қылықтарға жол бермеді. Тірі пендеге қылдай қиянат жасап көрген жоқ. Ұзақ жыл бас­шылық жұмыста жүріп біреуге зекіп, біреу­ді тілдеп жатқанын да көрген емеспіз. Тіпті өзіне ұнамай қалған пенделердің сыр­тынан да ғайбат айтып жатқанын естіген жоқпыз. Қара­мағында қызмет істедік. Ол кісінің жуастығын пайдаланып, талай еркеліктер жасадық. Шектен шығып бара жатсақ бар ай­татыны: «Жігіттер, бұларың болмайды ғой» деген жәй сөз ғана еді…
Жаны таза, періште жан еді Сұлтекең. «Ұзақ жасайды» деп өзімізше тон пішіп жүргенімізде ол кісі Алланың әмірі­мен бақилыққа аттанды да кетті. Амал жоқ. Өкініштің өртіне оранып, бармағымызды шайнап біз қалдық…
Бақұл болыңыз, Сұлтеке, Сұлтан аға! Өзіңіз жақсы көр­ген, тірі кезінде қарсы алдыңызға отырғызып қойып, өзіңіз суретін салған Мұқағали ағаңыздың «Өмір өмір ме, Өспей, өнбей жоқ-барсыз, Кезегім келіп, кеткенде алыс сапарға, Қал­масам екем, хабарсыз, ешбір жоқтаусыз…» деп жазып кет­кеніндей, халқыңыз барда, артыңызда қазақ балаларына қал­дырған мол рухани мұраңыз барда, өзіңіз тәрбиелеп, өсі­ріп кеткен тамаша ұл-қыздарыңыз бен немере, шөбере­леріңіз барда ешқашан жоқтаусыз қалмайсыз. Жаныңыз жән­натта болсын, жан аға!

Дүйсен МҮСІРӘЛІҰЛЫ,
«Балдырған» журналының Бас редакторы


«…ҚАНДАЙ КІСІ ЕДІ ҚАЛИДЫҢ СҰЛТАНЫ!..»

(көңіл жұбату сөз)

Мына аумалы-төкпелі, желі оң-солынан ғана емес, кейде төбесінен және астынан соға жөнелер түсініп болмас жалған дүниеден Қалидың Сұлтаны да өтіпті! Қандай талант еді, неткен төгіліп тұрған бал тілді ғажайып балалар ақыны еді! Мен ол кісіні білгелі қаншама жыл! Шамамен отыз жасынан бастап өмірінің соңына дейін жақсы қарым-қатынаста болып, сыйластықпен аға-іні дестік! Қай жасында да, қай кезде де Сұлтан аға бірқалыпты мінезінен айныған емес – оның өзгере қоюы тіптен де мүмкін емес-ті. Өйткені бойында баланың аңғал да ашық, кірі жоқ кіршіксіз мінезі сол қалпымен мөлдіреп тұрушы еді. Өте кішіпейіл, үлкенге де, кішіге де ізеті бірдей жан болды! Өзі барынша талантты балалар ақыны бола тұра «мен мықтымын» деп кеуде керіп, жазуын алға тартып, тарпаңдық танытқан кезін, құдай біледі, ешқашан көрмеппін – не деген шыдам! «Қазақстан пионерінде» («Ұлан»), «Балдырғанда» қызмет етті – бар күш-жігерін балалар әдебиетінің өсуіне, жетілуіне және дамуына арнады, кейбіріміз секілді ойнақы жанр іздеп, аласұра ышқынып, алашапқынға ұрынып, басқа бірнеңелерді арман етпеді. Оның ойлы көркем дүниелері осы күні төменгі сынып оқушыларының оқулығында жүр – жас бүлдіршіндер соны оқып, тәрбие тетігін тауып, мейірімді болып ержетіп жатқанына жарық әлем куә! Қай жағынан алып қарасаң да, өте байқампаз, сезімтал, бала жанының бағбаны еді Сұлтан аға! Енді, міне, сондай асыл жүректі азамат арамызда жоқ дегенге сене алмай отырған жағдайым бар. Бейопа жалған десе! Амал қанша, Алланың ісіне не шара! Марқұмның жатқан жері жайлы болсын дейміз ғой, қайтеміз! Артында қалған ұрпағына, жақын туыстарына көңіл айтамыз! Сұлтан Қалиұлын біз, пендеміз ғой енді, жазатайым естен шығарып алсақ та, соңында қалған асыл қазынасы – жақсы жырлары ешқашан ұмыттырмайды – оған шын жүрегімізбен, шынайы сезімімізбен үміт артатын болармыз артында қалған көнтерлі қазақтар…

Жолтай Әлмашұлы


«Сұлтеке», «Сұлтеке» деуші едік

Сұлтекеңмен құрдас едім. Сұлтан деп атын да толық атаған емеспін. Әзіліміз жарасып, қалжыңымыз қабысып, көңілді күндер өткіздік.Шығармашылық жұмыста да еш шай дескен емеспіз.
Бірде екеуміз ақылдасып балалар шығармашылығына бәйге жариялауға уәделестік. Мұзағаң,Тұмағаңа айтып, «Қазақ әдебиеті» газетіне үндеу де жарияладық. Сәті түсіп, қайырымды меценат Бауыржан Оспановтың алдын көріп, ісім сәтті болғанын хабарлағанда Сұлтекеннің қуанғаны көз алдымнан кетпейді. Он екі жыл балаларға арналған «Дарабоз» бәйгесін өткізуде бірге болдық. Он екі жыл ішінде қазақ балаларына 35 мың дана «Кәусар бұлақ» кітабын тегін тараттық.
Қазақ балалар әдебиеті аса үлкен қайғыға душар болды. Оның өлеңдері сәбилердің, балабақша тәрбиешілері мен бастауыш сынып оқушыларының есінде мәңгі қалмақ.
Не дейміз?! «Өмір-думан, дүние-жалған» деген осы екен. Енді міне, Сұлтекеңнен айырылып отырмыз. Топырағың торқа, жаның жәннаттан болсын, құрдасым.
Қош бол!

Шәкен Күмісбайұлы


Балажан ақын еді…

Әдетте таза балалар ақынын табу өте қиын. Сұлтан Қалиев сондай сирек таланттардың бірі еді. Әдебиетте Ескен Елубаев екеуінің есімдері қатар аталатын. Міне, Ескеннің артынан көп ұзамай Сұлтекең де кетіп отыр.
Балалар басылымында қатар жұмыс істедік. Ол кісі «Балдырған» журналында, мен «Ұлан» газетінде. Жұмыс арасында бір бірімізге келіп әңгіме айтатынбыз. Сонда байқағаным балалар Сұлтекеңе өте үйір еді. Қаздың баласындай болып тізіліп келіп тұратын. Сұлтекең де олармен тез тіл табысатын. Нағыз балалар ақыны деген осындай болу керек шығар.
Кейіннен Сұлтан аға «Ұлан» газетіне Бас редактор болып ауысты. Оның орнына Бейсебай Кірісбаев келген еді. Оқушылар келіп Сұлтекеңді сұрап Бейсебайдың қайта-қайта мазасын ала берсе керек. Ақыры шыдамаған Бейсекең бірде : «Сұлтан ағаларың «Ұланға» аға Сұлтан болып ауысты. Барыңдар сонда», – деген екен…Бұл сөз ел арасына тарап кеткен еді.
Жазушылар одағына әдеби кеңесші болып келгенімде, ол кісі Балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы болғандықтан, қоян-қолтық жұмыс істедік. Сөйлескен кезде ылғи да жанына жақын тартып сөйлесуші еді. Міне, сондай асыл ағадан айырылып қалып отырмыз…

Сәбит Дүйсенбиев


Қош болыңыз, Сұлтеке!

Фәни жалған-ай!.. Өмір дегеніңіз өткінші дүние ғой!..
18 тамыз күні таңертеңгі сағат 10-нан аса қалта теле­фо­ным шыр ете қалды. Қарасам, Сұлтан аға Қалиев деген жазу­ды оқыдым.
– Айналайын Толымбек, амансың ба? Сұлтан ағаңның үйіндегі тәтеңмін ғой. Ағаңнан айырылып қалдық, кеше қай­тыс болды. Жаназасы ертең. Жақсы көруші еді сені, дәйім айтып отыратын…
– Соңының қайырын берсін! Алла қаласа, 40 күндік асына барам.
– Білем, Астанадасың, хабар айту міндетім…
«Ақырын жүріп, анық басқан» Сұлтекең жаны жайсаң жақ­сы аға, жақсы ақын еді. Оның кез келген өлеңі бала пси­хологиясын, жандүниесін, арман-мақсатын «қойма ақтар­ғандай қопаратын», жеңіл оқылатын. Балаларға арнап мөл­діретіп өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер мен поэмалар жазумен қоса ұзақ жылдар «Балдырған» жур­налында жауапты хатшы, одан соң балалар мен жасөс­пі­рімдердің республикалық «Ұлан» газетінде табан аудармай 18 жыл Бас редакторлық қызмет атқарды. Балаларға ар­налған талай-талай тамаша кітапты дүниеге әкелді.
Балажан, ақкөңіл Сұлтекең «Ұланда» қызмет істеген жыл­д­ары әдебиет айдынына талпынған қаншама жастың жо­лын ашып, ағалық ақ батасын берді.
2015 жылдың желтоқсан айында «Балдырған» журна­лы­ның Бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлы, ақындар Болат Үсен­баев, Керім Елемес, өмірден ерте озған досымыз, бала­лар ақыны, сатирик Бейсебай Кірісбайұлының 60 жылдық мерейтойын өткізуге Шонжыға барғанда, Сұлтан аға екеуміз қонақ үйдің бір бөлмесіне орналастық. Сонда ақжарқын мінезді Сұлтекең, рухани ұстазы, балалар әдебиетінің атасы Мұ­зафар Әлімбаевтан бастап қаламгер ағалары жәйлі ағыл-тегіл әңгіме тиегін ағытып еді.
– Мына дүниелеріңіз керемет екен, қағазға түсірсеңізші, – дедім әңгімеден алған әсерімді жасыра алмай.
– Денсаулығым жараса, жазамын, – деді асыл аға мұңайың­қырап. Сол кезде аздап сырқаттанып жүргенін аң­да­ған болатынмын.
Ғибраты мол, сол естеліктер жазылмады-ау деймін… Алланың жазуына не шара?!.
Қош болыңыз, Сұлтеке!
Қош, қазақ балалар әдебиетінің қара нары!
Иманыңыз жолдас, алдыңыз жарық болсын!

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір