ЕЛОРДАДА ТАЙВАНЬ СУРЕТШІЛЕРІНІҢ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ
Таяуда Астанадағы Ұлттық музейде Тайвань суретшілерінің көрмесі ашылды. «Шығыс күнтізбесі» атты көрмеде көрермендердің назарына бас-аяғы сексен үш графикалық туынды ұсынылыпты. Аталмыш картиналар Тайваньның Ұлттық музейі ұйымдастыруымен ксилография, литография, жібек және сандық баспамен жұмыс істейтін қылқалам шеберлері қатысқан арнайы байқау бойынша сараланған болатын. Тағы бір айта кетерлігі, көрме аяқталған соң тайваньдық суретшілердің бірнеше көркем туындысы Елордадағы Ұлттық музейдің қорына табысталады.
Тайбэй-Мәскеу үйлестіру комиссиясы өкілдігі мәдениет бөлімінің директоры Николас Сюй Тайвань қылқалам шеберлерінің көрмесі Елордада алғаш өтіп жатқандығын, сондай-ақ аталмыш көрменің басты ерекшелігі – бұнда тек графикалық үлгіде салынған шығармалар қойылғандығын тілге тиек етті. Ал Астанадағы Ұлттық музейдің сәулетіне тамсанған көрме ұйымдастырушысы Андрей Мартынов болса бұған дейін Ресейдің бірнеше қаласында көрме ұйымдастырғандығын айта келіп, көрменің Елорда төрінде өтіп жатқандығына қуанышын жеткізді.
Бұл игі шара Мәскеудегі Тайбэй-Мәскеу экономикалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі комиссиясы өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.