«Үшінші тайм». «Қақпа алдында» – Нұрмахан ЕЛТАЙ
Әдеттегідей кіріспе сөз жазып жатпай-ақ, тікелей тақырыбымызға көшсек, алдымен «Нұрмахан Елтай – қандай қаламгер?» деген сауал туады. Бірден күлбілтелемей, адамның көңіліне қарап, мақтай жөнелетін жаман әдетімізге баспай, ашығын айтсақ, Нұрмахан Елтай – мол байлық-базары бар қаламгер, мүмкіндігі Нар қаламгер. Бұл сөзімізге ең басты дәлел – Нұрмахан Елтайдың төл шығармашылығы, «Қатырамыз», «Сыпыра сыйлық», «Үшінші тайм» тәрізді сатиралық-сықақ кітаптары.
Нұрмахан Елтай
Екі туыс
Бір бөтелкені алып ортаға
егемендігімізді жуып отыр.
Әңгімені былайшы қуып отыр.
– Әмериканың фермерлері
Шеттерінен бай болады екен;
ірілі-уақты техникасы сай болады екен.
Жанармайы да көп секілді,
өндірмейтін нәрсесі де жоқ секілді.
Өздері болады екен ұқыпты,
Дүние жүзінде осылай
бірінші орынға шығыпты.
– Ойпырым-ай, ә!
– Жапондықтар
Радиотехникадан мықты,
теледидарлары да жеп-жеңіл,
Қабырғаға іліп көреді екен тіпті.
Ойпырым-ай, ә!…
– Түріктер де епсекті.
Жиып алып жүн-жұрқа, тері-терсекті.
кереметтерді істейді.
Кілемдерінің бағасы
«Мировой рыноктардан түспейді…
– Ойпырым-ай, ә!
Ары қарай әлгі екі туыс немістерге, итальяндықтарға, бразилиялықтарға таңданады. «Үндінің киносы-ай», «Грузиннің виносы-ай!» Тағы да 5 рет «Ойпырым-ай, ә!» дейді. Оқырман-сыншы ретінде біздің де айтарымыз – осындай: «Ойпырым-ай, ә!».
– Ал біздің қандастар ше.
– Е, жартысы өзге тілде сөйлейді.
Таңданумен шетелге
Тауыса алмай жүр ғой гөй-гөйді…
– Ойпырым-ай, ә!
Нағыз өкініш, езу тартып күлер гөй-гөй, ызалы мысқылға ұласар «Ойпырым-ай, ә!» осы.
Нұрмахан Елтай бұл сықақты жазып, ащы өмір шындығын ашқалы, «ат тарта алмайтын мінімізді» бетімізге басқалы арада ең кемі 20-30 жыл өтіпті. 1990 жылдардың басы мен ортасындағы ахуал бұл. Шынында да 1990 жылдар теперіші біздің халық үшін ұмытылар ма? Тәуелсіздік алдық. Зор бақыт. Дағдарысты бастан өткердік. Тарихи тағылым. Ал енді капиталистік қоғамның кереметіне мелдектесек те, абыз Абайды, ақын Абайды ұмытуға бола ма?! Өкінішке қарай, болады екен. Нұрмаханның «Әкіміне» жүгінейік:
– Сен Абайды білесің бе? – деп сұрады.
Есепшінің қағазы
әрқашан дайын тұрады.
Олай-бұлай қопарыстырып,
– Иә, білемін,
Оған біз қарызбыз, – деді.
– Өткенде бес тонна май алып,
жартысын машинаңызға жаққан жоқсыз ба?
Запчасқа деп жартысын сатқан жоқсыз ба?..
– Ой, сен де!
Айтып тұрғаның заправщик Абай ма?
Есебін тауып қарызынан құтыл қалайда.
Есепші ұлы ақын Абайдан хабарсыз.
Сонда жан байлығымыздың жағдайы осындай болғаны ма? Бухгалтердің әлемді шулатып, билікті дулатып жатқан Абайды білу үшін бас ауыртпағаны ма?
Сонан соң әкім завклубқа шүйлікті:
– Абайдың қандай өлеңін айта аласың?
Келмейді саған жаңағы сөзді қайталағым.
– Е, басеке!
Ол кісі бай болған,
Бәйгеге шабатын аты сай болған.
Атты суреттеген өлеңдері
ертегі ғой жоқтарға.
Жіберіңізші,
барайын деп едім көкпарға.
Осы мезет
Кіріп келіп ардагер шал:
– «Өлеңді қайтесің? – деп қалды.
– Ұн таусылды, көмір жоқ,
Қақаған қысың да кеп қалды.
Көзі жайнап әкім
Орнынан тұрды ұшып.
– Маладес, шалым, маладес! – деп
Қарияны алды құшып.
Сөзін айттың төренің,
Мынауыңыз еске салады
ұлы ақынның «Қыс» деген өлеңін.
Қол шапалақтап прораб
сөз сөйледі тұра қап:
– Мәке,
Абай атам
өлеңді қалай қиыстырып құрайды.
Әсіресе маған «Кірпіш» деген өлеңі ұнайды, –
деп хабары барын білдірді.
Бұл сөз әкімді де күлдірді.
– Е, бала,
болмаса да білімің оншама,
керек еді сол кірпішің
үйдегі салып жатқан моншаға…
Байқап отырсыз ба, сұмдық сықақ. Билікті де, бұқараны да аямаған, мақтамен бауыздаған өлең бе?! Солай шығар.
«Айтыс ақыны Надежда апай Лушникова… бірде Шымкент қаласында өткелі жатқан айтысқа келген кезінде вокзал басында күтіп алған ақын жігіттің бірі:
– Надежда, не ғып жүрсің крайымда,
Көрген соң бір тіл қатпай тұрайын ба? –
деп өлең құраған болыпты. Сонда ақын апамыз іркілместен:
– Өлеңің қазақша емес, не орысша емес,
Басыңа домбырамен ұрайын ба? –
деп қолма-қол жауап берген екен».
Сөз тапқанға қолқа жоқ. Надежда ақынға тиіскен жігіттің жым болғаны өзінен-өзі түсінікті.
«Бірде егістік басында семинар-кеңес өтеді. Ауыл шаруашылық мамандары бірінен соң бірі сөз алып, ашық аспан астындағы жиын ұзаңқыраса керек. Әсіресе, облыстан келген өкіл көп сөйлеп, жұртты жалықтырады. Бәрін білетінін көрсеткісі келіп сұқ саусағын кезеп-кезеп қоятын көрінеді. Шақшиған күннің астында тұрғандар қайбір жетіссін, жиынға қатысушылар тықырши бастайды. «Түскі тамақ дайын болды» деген хабар да беріліп жатса керек.
Бір кездері өкіл жан-жағына дандайси қарап, Манап Көкеновке:
– Мәке, сіздің қосарыңыз бар ма? – дегенде ол:
– Сөйлегенше далада,
Саусағымызды шошайтып,
Отырайық одан да
Дастарқанда тост айтып, –
деп жұрттың көңіліндегісін тауып айтыпты».
Бұл үзінділер Нұрмахан Елтайдың «Үшінші тайм» кітабының «Қақпа алдында» атты бөлімінен алынып отыр. Нұрмаханның сатириктігіне қоса осындай елең еткізер есті сөздер мен әзіл-оспақтарды да жинай жүретін ұқыптылығы бар.
Нұрмахан Елтай – туған жеріне, туған халқына тартып туған жазушы. Соның ішінде де ол туған күніне көбірек тартқан десек, тіпті, мергендік танытар едік. Иә, қыркүйектің 28-і – құтты күн. Бұл – ұлы Мұхтар Әуезовтің туған күні. Қазіргі заманның Қызыл Жебесі Шерхан Мұртаза мен Алтайдың асқақ жыршысы Оралхан Бөкейдің туған күні. Содан соң Сыр бойының саңлақ сатиригі – Нұрмахан Елтайдың жарық дүние табалдырығын аттаған күні. Өмірді түзер өлең сөзі самсап, қамал бұзар қара сөзі қоғамымыздағы қалың жауға: надандық пен тексіздікке, жамандық пен бетсіздікке сүйек кесер көбе, жұлып түсер жебе болып қаптаған күні.
Сөзімді түйіндерде Максим Горькийдің 1912 жылы әріптес қаламгер И.Д.Сургучевқа жазған хатында: «Рустағы ең жауапты және қиын қызмет – патшаның қызметі емес, әдебиетшінің қызметі» екенін айтып, ол егер «өзін шын мәнінде әдебиетшімін деп сезінсе, тек қана әдебиетші қалпында қалуын» талап еткені ойыма оралып отыр. Демек біз енді әріптес қаламгер, Нұрмахан Елтайға да сатираң уытты болсын, барыңа қанағаттанып қалмай, алдағы уақытта Басты кітабыңды жаз, Өмірде де, өнерде де бұдан да биік белестерге көтеріле бер демекпіз.
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ