ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНДЕ
Бішкектегі Гапар Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық сурет өнер музейінде қазақстандық суретші Құттыбек Жақыптың көрмесі өтеді. Аталған көрме Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналмақ.
Құттыбек Тыныбекұлы Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Аққұм ауылының тумасы. 1987 жылдан бастап КСРО Суретшілер одағының мүшесі. «Атамекен» атты гобеленін 2015 жылы Елбасы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға сыйлаған.
Биыл жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы Қазақстан Суретшілер одағының 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. ҚР Суретшілер одағының жауапты хатшысы әрі өнертану ғылымдарының кандидаты Жамбыл Натбаевтың айтуынша, көрші бауырларымызбен мәдени байланысты нығайту мақсатында Бішкекте үлкен көрме өткізіліп жатыр. Еліміздің атынан суретші Құттыбек Жақып көрмеге қатысады. Суретшінің «Ұлы дала әуені» атты көрмесі 7 тамыз күні басталады. Оны қолдауға Шымкенттен Ы.Алтынсарин атындағы облыстық кітапхана келіп, өздерінің соңғы шыққан кітаптарының көрмесін ұйымдастырмақ. Сонымен қатар, осы қаланың филормония әншілері де қолдау ретінде өз өнерлерін көрсетеді.
Қылқалам шеберінің еңбектері Мәскеу қаласындағы Шығыс мемлекеттік музейінде, Түркіменстан бейнелеу өнері музейінде, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінде, Түркия мемлекеттік өнер және мүсін музейінде, Қазақстан Республикасы Ұлтық музейінде сақтаулы. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік сарайы және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Көркемсурет көрмелер дирекциясында, Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінде, ТМД және шетел галереяларының меншігінде де орын алған.
Сондай-ақ, Арал қаласындағы «Арал» кинотеатрының хас бетіндегі «Арал елі» монументальды мозаикалық шығармасының авторы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Ленгір қаласындағы жолаушыларды тасымалдау мекемесінде «Автомобилист» монументальды қолтаңбалы безендіру жұмысын орындаған. Шымкент қаласындағы «Қапал Батыр» ескерткішінің авторлық жобалау тобының мүшесі.
Қазақстанның қолданбалы өнеріне сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері» төс белгісімен, «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Президенті жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының «Үздік шығармашылығы үшін» медалімен, Евразия Дизайнерлер одағының «Дизайнының өркендеуіне еңбек сіңгіргені үшін» медалімен марапатталған. Елімізде суретшінің «Жаңғырық», «Ғасырлар үні», «Дала аңызы» атты жеке шығармашылық көрмелері өткен.
Аяулы ҚУАНЫШ