Алматыда алғаш рет «Almaty Film Festival» өтеді
15-19 қыркүйек аралығында өтетін халықаралық фестивальге Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсетпек. Фестиваль президенті белгілі режиссер Ақан Сатаев.
«Almaty Film Festival» – кинематографист мамандардың өзара қарым-қатынасын дамытып, халықаралық киножобаларды Алматы қаласына тартуды мақсат етеді. Бұл Алматы қаласының мәдени және туристік орталық ретіндегі халықаралық деңгейін одан әрі көтеруге мүмкіндік береді.
Бес күнге жоспарланған фестиваль бағдарламасы бай. Кинофестивальді қызыл кілемсіз елестету мүмкін емес, бұл басқосу да осы рәсіммен басталады. Қызыл кілеммен отандық киноқайраткерлермен қатар әлемнің әр елінен келген әйгілі өнерпаздар жүреді. жүлдегерлер «Кинематографияның дамуына қосқан үлесі», «Бас жүлде», «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік ер адам ролі», «Үздік әйел адам ролі», «Қазылардың арнайы жүлдесі» атты номинациялар бойынша марапатталмақ.
Конкурстан тыс бағдарлама аясында «Мәдени және табиғи мұра, туризм және спорт», «City in motion», «Балалар және отбасылық кино», «Almaty Vine Fest» атты жобалар бар.
Сонымен қатар, бизнес-форум өтіп, оның аясында дөңгелек үстелдер, шеберлік сабақтар мен кәсіби пікір-таластар өтеді деп жоспарланған.