Қызылордада бір күнде 8 мектеп пен 1 балабақша ашылды
28.08.2015
1121
0

120687_1019349642_ACD_1908Сыр өңірінің 5 бірдей ауданы мен Қызылорда қаласында бір күнде 8 білім ордасы мен 1 балабақша пайдалануға берілді. Тағы 3 мектеп қыркүйек айына дейін ашылады деп жоспарлануда. Білім нысандарының ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов және облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Арал ауданының Жіңішкеқұм, Қо­са­ман және Жаңақұрылыс ауылдарында бір­дей үш мектеп ашылса, тағы бір мектеп пен балабақшаны қыркүйек айына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Қазалының Аранды, Са­рыбұлақ елдімекендерінде 100 орын­дық 2 білім ұясы іске қосылды. Ал Қар­мақ­шы ауданына қарасты Ақай ауылында 280 балаға арналған балабақша пайда­лану­ға берілді. Тағы 600 орындық мектеп­тің құрылысы да бітуге жақын. Дәл осындай жаңалықтан Сырдария ауданы да құра­лақан емес. Шаған ауылында бұл күні 900 орындық білім ошағы есігін ай­қа­ра ашса, жаңа оқу жылына дейін Шір­кейлі ауылында да 600 орындық білім ұясы ел игілігіне беріледі. Шиелі ауданы Ба­ла би ауылының оқушылары да 900 орын­дық мектептің ашылуына куә болды.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы оқушылар үшін 900 келушіге арналған мектеп пайдалануға берілді. Дәл осындай тағы бір 900 орындық білім ұясы қыркүйек айында «Ипподром» мөлтек ауданында ашылады. Заманауи үлгіде салынған бұл мектептердің барлығында оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалған. Сонымен қатар, биыл өңірдегі мек­тептер жылдағыдай қыркүйекте емес, қазірдің өзінде 100 пайыз оқулық­пен қамтылып отыр.
Алдағы оқу жылында 5 мыңнан астам бала алғаш рет жаңа мектеп табалды­ры­ғын аттамақ. Білім және ғылым министрі Ас­лан Сәрінжіпов пен Қызылорда облы­сы­ның әкімі Қырымбек Көшербаев оқу­шыларға жаңа оқу жылына сәттілік тілеп, компьютермен жабдықталған кабинет және Елбасының атынан 1 сынып оқу­шыларына кітаптар табыстады.
– Биыл Қызылорда облысында 22 бі­лім нысанын салуға 6,5 млрд. теңге бө­лінді. Жыл соңына дейін 19 мектеп пен 4 балабақша пайдалануға беріледі. Осылайша Елбасының бізге жүктеген үш тапсырмасы толық орындалуда. Бірінші­ден, үш ауысымдық мектептер мәселесі шешілді. Енді Қызылорда облысында үш ауысыммен оқитын мектеп мүлдем жоқ. Екіншіден, апаттық жағдайдағы мектеп­терді 2016 жылға дейін толық жаңа­лай­мыз. 2013 жылы Қызылордада 25 апат­тық мектеп болған болса, оның 14-і қайта са­лынып, қалған 11 білім ошағын келесі жыл­дың соңында бітіруді жоспарлап отыр­мыз. Үшіншіден, Елбасы 2020 жылға дейін «Балапан» бағдарламасын толық жүзеге асыруды тапсырған болатын. Ал біз жыл соңына дейін балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтып, бағдар­ла­ма­ны бекітілген уақытынан бұрын аяқ­тай­мыз, – деді облыс әкімі Қ.Көшер­баев.
Балалардың қуанышына ортақтаса келген еліміздің бас педагогі Аслан Сә­рін­жіпов бір күнде білім саласының 8 ны­санының ашылуы әлі ешқандай өңірде бол­мағанын жеткізді.
– Елбасы жыл сайын республикада 100 мектеп салуды тапсырған болатын. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруда Қызы­л­ор­да облысы көш бастап келеді. Еліміз­де­гі аймақтар арасында білім саласына үлкен мән беріп, білім ошақтарын ашуда да алдыңғы орында. Осындай білім саласына көрсетілген қамқорлықтың арқа­сын­да биыл Сыр өңірінің түлектері Ұлттық бірың­ғай тестілеудің қорытындысы бойынша бесінші орынға шықты, – деді А.Сәрінжіпов.
Расымен, бұл үлкен жетістік. Соңғы 2 жылда Қызылорда облысы республика бойынша әлеуметтік салаға көп қаржы бө­летін аймақтардың көшін бастап ке­леді. Бұл жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. Биылғы оқу жылында ҰБТ қоры­тын­дысы бойынша Сыр өңірі 13 орыннан ал­дыңғы бестікке көтерілді. Мыңдаған қы­зылордалық жас түлек облыс әкімі грант­тарын иеленді. Сондай-ақ, Ресей Фе­дерациясы Үкіметі арасындағы келі­сімге сәйкес 321 түлек Мәскеу және Санкт-Петербургтің маңдайалды жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүм­кіндік алып отыр. Бұдан бөлек, жоғары және арнайы оқу орындарына бөлінетін «Серпін» бағдарламасымен де қызы­лор­да­лық жастар тегін оқуға жолдама алды. Айта кету керек, талай жылдан бері тал­қыға түсіп келген Байқоңырдағы мек­теп­тердің проблемасы биыл оң шешімін тап­қан болатын. Енді оларға қазақстандық бі­лім стандартына сай оқулықтар жет­кізілуде.
Балаларды мектепке дейінгі тәрбие­мен қамтуда да оң өзгерістер бар. Қызы­л­ор­дада «Балапан» бағдарламасы сәтті жү­зеге асуда. Қазір облыс көлемінде 355 ба­лабақша жұмыс жасап тұр. Бұл нысандар мемлекеттік жекеменшік серіктестік ая­сында салынған. Жыл соңы­на дейін та­ғы 61 жекеменшік бала­бақша пай­далануға беріледі деп күтілуде.

ПІКІР ҚОСУ