ҮШ ЖАНРДЫ ТОҒЫСТЫРҒАН
Киелі қара өлең мен прозаны тең ұстаған, карикатура мен әзіл өлеңдерін жарастырған, жырлары есті ән болып әуелеген бір тұлға бар қазақта! Ердің жасын еңсерген Ғалым Қалибекұлы «Үш тоғыс» кітабын оқырмандарына ұсынды. Аты айтып тұрғандай, «Үш тоғыс» – үш саланың жемісін бірдей терген тұлғаның туындыларынан тұратын қалың жинақ. Кітаптың алғысөзін жазған қазақтың классик жазушысы Қалихан Ысқақов «Жорғадай еркін тіл, еріксіз иландыратын өмір шындығы, жүрекке шым-шымдап бататын мұң сарыны мен қасірет ызғары оқушыны бей-жай қалдырмайды», – деп жоғары бағасын берген. Қайталап оқып ойға қалып, тарихқа бойлап, шежіре ақтарғандай бір күй кештім. Жібек жіп – сөзбен жыр кестелеген ақын Ғалымның поэзиялық шығармаларынан оның қазақы, азаматтық бейнесі менмұндалады.
Ғалым ақын – Атамекенін жырлап жүрген жалынды жыршы. Отан десе, өзгеше отты тіркестер төгілте жөнелетін шайырдың жаны елімен бірге, жерімен тағдырлас. Туған жердей киелі ұғымды ақын «сүйемін» деген жалаң сөзбен арзандатпайды. Керісінше «қасиетіңнен айналдым» деп толғанады. «Сені сүйген жүректе арман жоқ» деп тебіренеді. Ақынның туған жер, Отан туралы өлеңдерінің қай-қайсысында да мәңгілік сағыныш, шексіз құрмет сезімдерінің исі бар.
Шайыр Ғалымның тарихи тұлғаларға арнаған өлеңдерін жеке топтап қарауға болады. «Қайран бабам ер еді» өлеңін автор Хан Кенеге арнаған. Көп сөзбен тарихты термелемей, аз сөзбен мол шежіре аңдатып отыр. Үзінді келтірейін:
«Жер-жаһанды кезумен,
Басыңды іздеп мен келем…».
Қос тармақта ғана берілген ащы тарихи шындық. Ақын шеберлігінің өзі де осында. Көпсөзділікке ұрынбаған. Алтындай аз сөзімен көп жайтты жайып салды. Кенесары Қасымұлының басы жөніндегі дау тарих тұңғиығынан бүгінгі қазақтың бас ауруына айналғаны қос тармақтың өнбойына қиюластырылған. Және айта кетерлік жайт – ақын рухы мықты қазақ елінің ұлы екенін мақтан тұтатын оптимист. Оған аталған өлеңдегі мына жолдар дәлел:
«Басын кесіп алса да,
Рухын жоя алмады».
Тарих шындығын оқырман ойына оралтқан кезекті бір өлеңі – «Райымбек батыр кесенесінің басындағы ой». Күнде өзіміз көріп жүретін кесене басындағы құбылыстар – қайыр сұраған тіленші, араққа тойып алған маскүнем, қаңғыған ит, осының барлығы ақын суреттеуінде терең мағынаға ие болған. «Батыр рухы киелі, шек келтірме киеге» деген жалғыз ауыз сөзімен ақын қазіргі қоғамның кем тұстарынан арылып, Райымбек баба бейнесіне жақын болуға астарлы сипатта уағыз етеді.
Дегенмен, бүгінгі қазақтың тектілігі мен рухын жоғалтпаған асқақтығына ақын сенеді және оқырманына да дәл сондай асқақ ой тастайды.
Ақынның толғаулары мен дастандарындағы тағы бір соны өзгешелік – қазақ әдебиеті тарихында аты қалған тарлан тұлғаларға арнап жазғандығы. Көз алдыма елес-бейнелер көлбеңдетіп, көңілімде сан түрлі сезім әуенін қүйқылжытқан толғауы – «Мұқағалимен мұңдасу». Автордың шаршап кетіп, мүлгіген сәтінде түс көру оқиғасымен өрілген толғау тебіреніске толы. Қазір базбіреулер Мұқағалиды алыпқашпа жел сөздің күйесіне қалдыруға машықтанып алды. Ал Ғалым Қалибекұылының асқақ ақындық бейнесі осы толғауынан-ақ танылады. Ғалым суреттеген Мұқағали «Көзінде оты қылыштай ер, аңқылдақ, мың батпан мұңнан жаралған, алысып өтті адамның милау, езімен, жан баласына еліктемеген». Міне, ұлы ақынға бүгінгінің ақыны осылай төрден орын береді. Ал Ғалым Мұқағали ішкен шарапты ол өмір бойы татқан күйік уы деп тыңнан ой түйеді. Сол арқылы Мұхаңды оқырманына тіптен етене жақындастыра түседі.
Автордың өлеңдерінің және бір тақырыптық топтамасы – ғашықтық жайы. Бұл орайдағы ерекшелік – Ғалымда бұрынғы аға буын ақындарымен тіл, ой сабақтастығы бар. Қазір көп жастарда «сүйем, жаным» деген сөздер басым. Ал бұрынғы ірі ақындарда мұндай әсіре сезімге елту жоқ. Ғалымда да сол үрдіс сұлу қалпында сақталған. Үзіндіні сөйлетейік:
«Кекілін кер бестінің сылап едің,
Қалқатай, көз жасыңды бұлап едің…».
Сүйгеніне «қалқатай» деп тіл қатқан ақын өлеңдеріндегі махаббат – сырға толы бір әлем. Ал әкеге деген таусылмас сағынышы, анасына деген перзенттік махаббаты еш бүкпесіз ақтарылған. Сондықтан да автор «Перғауынның пирамидасынан әке басындағы көк тасты артық көреді».
«Үш тоғыс» кітабының екінші бөлімі проза жанрына арналған. Ақын Ғалым бұл ретте өзін жазушылық қырынан танытып отыр. Жазушыға тән бір айрықша қасиет – әңгіме, хикаяттарының тақырыбы тым қысқа, өте шымыр болып келуі. Соның бірі – «Кім кінәлі?» әңгімесі. Балаларға арналған жеңіл әңгіме тілі қарапайым, бірақ әсерлі. Ағайынды Айбын мен Айдынның басынан кешкен хикаялары оқырманын қызыққа шым тартады. «Оқу деген бәлені кім шығарды?» деген әкесінің аңдыма сұрағына бірінші сыныпқа да бармаған Айбын «Ыбырай Алтынсарин» деп жауап беріп, жұртты ду күлдіреді. Ал бұдан шығатын қорытынды – әр қазақ шаңырағы өз баласын Ыбырай Алтынсарин есімін танытудан бастап тәрбиелесе игі деген терең идея жатыр.
Жазушының күтпеген жерден жасын ой тастайтын әңгімесі – «Бақытты өлім». Иә, өлімнің де бақыты болады екен. Қаламгер бұл әңгімесінде адам өмірі мен өлім құбылысын қоғаммен, тарих шындығымен байланыстыра суреттейді. Кейіпкердің бір ғана «Әй, әкең Құдайдың ажалымен кетті ме, жоқ әлде қытайдың қолынан өлді ме?» деген сөзі автор меңзеген өлімнің бақытын ұштай түседі. Алланың ақ өлімі туған жер топырағы түсінігімен қабысқан. Осындай терең пәлсапаға қалам тартқан қаламгердің «Құрдас» әңгімесі жеңіл сатираға құрылған. Қос құрдас Қажым мен Дағайдың Арасанға ем алуға келгендері бейнелі суреттелген. Қажым өзіне рулас ата-әже тауып алып, қызыл күрең шайға қанып жүргенін сыртынан аңду нәтижесінде біліп алған Дағай құрдастық әрекетін жасайды. Ақсақалдың үйіне барып, ретін тауып Қажымды жерден алып, жерге салады. Шал мен кемпір тіксініп қалып, бұның соңын ала барған Қажымды қуып жібереді. Жеңіл езу тартар әсер сыйлап, сонымен қатар құрдаспын деп қалжыңдап, кейде адам жанына ауыр тиетін ойсыз әрекеттер туралы ой түйгізеді. Күлдіріп отырып, сабырлы ойға жетелеу – Ғалым қаламынан туған шығармалардың кереметі.
Ғалым Қалибекұлы – ән мәтіндерінің авторы. Бір ғана сазгермен емес, әр түрлі сазгерлермен үзеңгілесе жүріп, есті әндер шоғырын туғызды. Есті болатын себебі – бұл ән мәтіндерінде көркем тіл мен қорғасындай ой тұнып тұр. «Қазағым – елім» өлеңіне ән жазған – сазгер Еркін Ергенұлы. Хит болмайтын патриоттық әндердің қымбат табиғатына тән болмыс бұл әнде де бар: тойларда айтылмайды, әркімнің аузында жатталмайды, дегенмен «мен –қазақпын» деген жалын жүректерге семсер жыр болып қонады. Үзінді келтірейік:
Аманат болып бабамнан қалған,
Далама қатер төнбесін,
Ерлерім аман болса екен әмән,
Ошақтың оты сөнбесін!
Баба аманаты, ерлер және ошақ оты! Тағы да өзара тоғысқан, қазақ үшін қасиеті еш кемімейтін қастерлі ұғым. Ал автордың «Анашым» ән мәтініне әуен жазған Сейфуллин Жолбарыстың неліктен бұл өлеңге таңдау салғаны бесенеден белгілі. Ән мәтіні анаға деген махаббатпен асып-тасып, шарасынан төгіліп тұр.
«Үш тоғыс» кітабының соңғы бөлімі әзіл суреттерден тұрады. Карикатуралардың соңында арнау өлеңдер де бар. Автор өзі «Мен суретші емеспін» деп жазады. Ал ол салған әзіл суреттер мен шағын арнаулар көрген жанды «Ғалым кәсіби суретші ме?» деген ойға қалдырады. Алғашқы әзіл сурет ақын Нұрлан Оразалинге арналыпты. Жазушы Әзілхан Нұршайықовқа «Махаббат – майданда ықтамай» деп әзіл жазған. Қаламгердің проза, поэзиясында қылаң берген сатира бұл әзіл арнауларда күшейіп, «бет қаратпай» тұр. Аталған кітаптың поэзия бөлімінде «Енеге әзіл» деген өлеңі бар. Үзіндіге кезек берелік:
«Ұлыңызды мақтайсыз,
қызыңызды мақтайсыз,
Қызыл тілге келгенде,
жорғасы бар аттайсыз…».
Енені «жорға атқа» теңеген әзілкеш суреткер сатирасын дәл осы бөлімде ұлғайтқан.
Қазақ «жігітке жеті өнер де аз» дейді. Сол «аз» көрінген «жеті өнер» бір Ғалым Қалибекұлының бойынан табылады. Төкпе ақындығы – бір арна. Қара сөзді жүрдектетіп жазған прозалық шығармалары – өзгеше бір әлем. Әнге айналған өлеңдері – бөтен болмыс. Қазақтың арғы- бергі тұлғаларының әзіл суреттерін оқшырайта салып, арнау жазатын тұңғиық талант. Осынша қасиеттерді бір бойына жинаған Ғалым Қалибекұлы – мәңгілік сағынышын жыр еткен қазақы ақын. Ол жазған әңгімелерде ескі қазақ ауылының болмысы бар. Бүгінгі ұрпаққа таңсық сол ескі мен жаңаның біте қайнасқан тұсында әдебиетке келіп, өз еншісін алған Ғалым Қалибекұлы елуден асқан шағында бергенінен берері мол деп күтілетін қайратты қаламгерлердің қатарында көш бастап келеді. Бұл – тәуелсіз қазақ елінің ұлттық әдебиетінің ұлы көші.
Зубайда САХИҚЫЗЫ,
«Жұлдыз» журналының қызметкері