ҒАЙЫПТАН КЕЛГЕН ҚОНАҚТАР
30.07.2018
1153
0

Кәмел Жүністегі (суретте). Бұл кісіні біреу білер, біреу білмес… Кәмекең – өткен ғасырдың 60-шы жылдары жасырын түрде құрылған «Есеп» партиясының белсенді мүшесі һәм Қарағанды облысы бойынша бөлімшесінің төрағасы болған адам.


Қылышынан қан тамып тұрған кеңестік заманның өзінде басын өлімге тіге отырып, қазақ ұлтын азат қыламыз, тәуелсіз ел боламыз деп талпынған қазақтардың құрған «Есеп» партиясының қатарында 2000-нан астам адам болыпты.
Бір ғажабы «Есеп» партия­сына кірген батыл ұлтшылдар бірін-бірі жыға танымайтын болған. Пира­мида жүйесімен құрылған бұл ұйым 2 жыл бойы құйрығын ұстат­пай, арнайы қызмет органдарын біраз әбігерге түсірген көрінеді.
Кәмел ағамыз 6 жылға Челя­бинс­­кінің маңындағы лагерьге айдалады. Ол жақта тұтқынды өлтірмек болып, Кәмел аға отыр­ған камераға түрме басшылығы жендет жіберіпті. Өзі айтып отыр: 20 минөтке созылған төбелестің ақырында әлгі жендет пышақпен иығын тіліп үлгіргенмен, ағамыз­дан таяқ жеп, талып тыныпты. Осындай боларын біліп, алдында бокспен айналысқанмын деп қояды өзі.
Осы Кәмел аға айтқан тағы бір әңгімеге таңқалғаным бар! Ағамызбен бірге лагерьде Құнан­бай Сәкенов деген ақсақал оты­рып­ты. Кезінде өңіріне белгілі ауқатты, бай адам болған екен. Әлгі ақсақал сонау 20-шы жыл­дардан бастап алашордалықтарға қаржылай көмек көрсетіп оты­рыпты. Алаш Үкіметі құрылғанда бюджетіне қомақты қаражат та құйған, дербес милиция жасақ­­тарын мінетін ат, ертұр­манмен қамтамасыз еткен дейді.
Сол кісі 30-шы жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, итжек­кенге айдалған екен. Алдымен 10 жылға кеткен ұлтшыл әр 10 жыл сайын жаңа кесімге қол қойып отырып, сол айдауда бас-аяғы 33 жыл бас бостандығынан айы­ры­лыпты.
Кейінірек шау тартқан ақса­қал­ды түрменің басшылығы отын жарып, шөп шабуға, лагерьге тиесілі азын-аулақ жылқыға қарап отыруға бекітіпті.
Күндердің күнінде, осындай бір жаздың шөбі пысқан уақытта Құнанбай ақсақал әдеттегідей шалғысын сілтеп жүрген екен.
Сәл дамылдап алайын деп, өзен­нің жағасына от жағып, шәугі­мін енді отқа қоя бергенде, аппақ жеңіл көйлек киген екі жігіт ғайып­тан тайып пайда болып, тұт­қын ақсақалға жақындай беріпті.
Қазақы салтпен әлгі екеуі ақсақалға «ассалаумағалейкум!» деп сәлем беріпті.
Құнанбай ақсақал елпең ете қап:
– Келіңдер, қарақтарым, шәй ішіңдер – депті.
– Жоқ, ақсақал, рахмет, біз шәй ішпейтін едік. Біз сізге ар­найы шаруамен келдік – деген екен әлгі екі жігіт.
– Ой, мен секілді кәрі зэкте не шаруаларың болуы мүмкін?
– Шаруа болғанда, біз сіздің арманыңызды орындауға келдік. Айтыңызшы, ақсақал, қандай арманыңыз бар? Нендей тілегіңіз бар? Біз орындаймыз!
– Ойбай-әу, кәрі кісіде не ар­ман болушы еді?! Өмірімнің көп уақыты айдауда өтті, менде арман­нан гөрі, өкініш көп, шырақта­рым… – дейді ақсақал жерді тая­ғымен шұқып тұрып.
– Қандай өкінішіңіз бар, ата? Түзетейік оны да! – дейді әлгі екеуі.
– Қарақтарым, менің өкінішім көп. Ең үлкен өкінішім – айдауға кеткенде қарт ата-анам бақилық болды, соларды не жерлей алма­дым, не басына барып дұға оқы­ма­дым. Басқа дүниеге өкінбеймін!
– Онда жүріңіз бізбен бірге. Барып құран оқып қайтайық, – дейді.
– Жо-жоқ, мен бара алмай­мын. Егер мына жерден ұзап кет­сем, мына түрменің солдаттары терімді тірідей сыпырады ғой! – деп Құнанбай ақсақал азар да безер болып, қашқақтай бастапты.
– Ақсақал, оған қам жеме­ңіз, ол шаруаны да реттейміз – деп ақсақалды жаңағы екі жігіт ақыры ту­ған жерге баратын сапарға көндіріпті.
Со­дан дейді, бір дөңгелек те­мір бірдеңеге отырдық, сәл ұш­қан­дай болдық па, ұқпадым. Бір за­матта қарасам, ата-анамның ба­сында тұрмын. Ой, Алла-ай! өзімнің ауылым тұр анау жерде. Күнге күйіп, қап қара боп кеткен қазақ балалар жүгіріп ойнап жүр. Содан не керек, ата-анамның ба­сында 3 күн жатып, дұға бағыштап, мауқымымды әбден бастым. Қар­ным да ашқан жоқ, шөл де қысқан жоқ.
3 күн болғанда, әлгі ақ киген екі жігіт қайта келіп, ақсақалды алған жеріне қайта апарып тастап­ты. Қоштасып тұрып, кетерде ақса­қалға екі жігіт былай депті: «Сіз­ді біз туғаныңыздан бақылауда ұстап келеміз. Сіз өте жақсы, мейір­бан адамсыз. Содан сізге жанымыз ашып, көмектескіміз келді. Жалпы бізге адамзаттың тағдырына араласуға рұқсат жоқ. Осы жолы рұқсат алып, сізге қол ұшымызды бердік. Бізді енді сіз ешқашан көрмейсіз. Іздемеңіз де, бәрібір таппайсыз. Сау боп тұры­ңыз!», – деп ақсақалмен қоштасып, екі жігіт ғайып болыпты.
Құнанбай ақсақал жан-жағына қараса, жаңа ғана шабылған шөп жатыр. Біраз шөмеле үйіліп қапты. Жолға қараса, шаңды көтере құйғытып түрме бақылаушылар келе жатыр екен.

Келе сап, әлгі қанішерлер: «О, дед, молодец, столько сена нако­сил, тебе двойной паек назначаем!» – деп арқасынан қағыпты.
Кейін белгілі болғандай түрме­нің қызметкерлері бірінші күні келгенде, ақсақал жоқ, бірақ жаңа ғана шабылған шөпті көріп, е-е, шалекең аттарын суаруға кеткен екен деп қайтып кетіпті, ертесінде жолда қайта-қайта көлігі өшіп қап, шабындыққа жете алмапты, үшінші күні келсе, ақсақал аман-есен шөмелерді үйіп, шалғысына сүйеніп тұр!

Міне, бұл біз біле бермейтін өмір­дің көптеген құпияларының бір парасы ғана. Сенсеңіз де өз еркіңіз, сенбесеңіз де еркіңіз. Ал, мен осы оқиғаның болғанына жан-жүрегіммен, қисынға ғана сүйе­нетін пендауи санаммен де се­немін. Осыдан кейін, біз Құ­дайдың назарында емеспіз, білгенімізді істеп жүре беруге бо­ла­ды деп қалай ғана ауызымыз барып айта аламыз?!

Ақберен ЕЛГЕЗЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір