Бір-біріне ең жақын екі ел
28.08.2015
2632
0

da1948802ebcdac7526e03ee3654d978Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы кедендік бақылаудың алынуы – біз үнсіз қала алмайтын жаңалық. Бірімізді-біріміз тілмашсыз-ақ ұғып, емін-еркін сөйлесе берудің қадіріне жете алмай қалудың алаңдаулы көңілінде көп сыр жатыр. Екі елдің рухани кеңістігінде жатырқау сезімі белең ала бастауы да жақсылықтың нышанына жатқызылмайтын. Әрине, мұндай алшақтыққа ресми шекаралар тікелей қатысты болмаса да, кедендік бақылаулардың алынуы – байырғы бір заманалардағы қос елдің бұрыннан қалыптасқан араластығын қайта оралтып, өмірдің бар саласында да бір-біріне деген туыстық сезімдерінің нығаюына алып келетіндей көрініп тұрады.
Әйтпесе байырғы-кейінгі уақыттарда қазақ пен қырғыз басынан нені кешпеді, нені өткермеді дейсіз…

preview-imageТағдырдың талай-талай қыспағына түскен сәттерде қазақ-қырғыз бір-бірінен сырт айнала алмады дегенге сенгіміз келеді. Қырда қазақтың басына қайғы үйірілсе, тауда қырғыз елеңдеп, тауда қырғыздың күйі кетсе, қырдағы қазақ алаңдаған жоқ па? Ауылы аралас, қойы қоралас, бауырлас, құдандалы-жегжатты, туысқан халықтардың бей-жай қарап қалмасы белгілі ғой. Перзентінен айрылған Кененді келіп жұбатқан қырғыз бауыр күллі қазақ ұрпағының жалғаса беруін тілеген шығар. Жамбылдың қырғыз ағайынға деген ықыласы, беріде Мұхтар мен Шыңғыстың ағалі-інілі туыстығына арыдан үңілсек, Шоқан хаттаған «Манастың» жыры тоқтаусыз естілетіндей. Сөз бәйгесінде оза шапқан Сүйінбайға қызын қиған, қыз алысып, қыз беріскен бұл ағайынмен арадағы ірілі-ұсақты кедергілердің барлығына «өткенге салауат» айтатынымыз – туыстығымызға тартқандығымыздан болар.
Он екінші тамызда Қазақстан Премьерінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстан Премьер-Министрі Темір Сариев бастаған екі елдің үкімет өкілдері кедендік шекараны салтанатты жағдайда ашты. Шараға Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевпен бірге Ыстықкөл жағасындағы резиденциядан тікелей трансляция арқылы қатысқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Екі мемлекеттің бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер тудыратын, өзара сауданы жандандыратын айтулы оқиға», – деп атады. «Түркі елдері ішінде бір-біріне ең жақын екі ел бар, ол – Қазақстан мен Қырғызстан», – деген А.Атамбаев шекараның ашылуы көршілерді бұдан әрі жақындастыра түсетінін айтты.
«Қырғызстанмен арадағы кедендік бақылаудың алынуы қазақстандық тауардың бәсекеге қабілетіне сын болады», – дейді кейбір сарапшылар. Еңбек мигранттары мәртебесі Қазақстандағы жергілікті жұмыс күшінің мәртебесіне теңестірілгені елдегі жұмыссыздық мәселесін де ұлғайтатынын айтып жатқандар да бар. Біз бұдан арғы сөзді сарапшыларға ұсындық.

Расул Жұмалы,
саясаттанушы:

images

«Құттықтауға тұрарлық шара»

Қырғызстан – біз үшін жақын, көршілес, бауырлас мемлекет. Сондықтан бір қарағанда, екі ел арасындағы байланыстардың шиеленіспеуі, шекаралық, түрлі кедергілердің алынып тасталуы, байланыстардың орнатылуы – құптарлық жағдай. Сондықтан да бұл құттықтауға тұрарлық шара. Қытай, Ресей сияқты алып мемлекеттерге қарағанда, тағдырлас мемлекеттермен жақындасу, ынтымақтасу, болашағымыз үшін де қажет. Осы тұрғыдан алғанда, әрине, Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы кедендік кедергілердің алынып тасталуы оңды іс.
Кез келген мәселенің ішкі жақтары, ішкі жай-жапсары болады. Біз Еуразиялық одаққа енгенде көп мәселелер асығыс қабылданды, экономикалық мәселелерден гөрі, саяси тапсырыс басым болды ма, бұл көптеген шектеулерге, біздің мүдделері­міз­дің іске аспауына алып келді. Дәл осы мәселелер тағы да алдымызды орап, екі ел арасындағы бауыр­ластыққа сызат түспегенін қалар едім. Біз көршілес ел болсақ та, ұзақ жыл әр түрлі эконо­мика­лық саясаттарды ұстандық. Қырғызстан – Дүние­жүзілік Сауда Ұйымына әлдеқашан еніп қойды. Біз ол ұйымға енді-енді мүше болып жатырмыз. Біздің ел мен Қырғызстандағы нарық пен бағаның айырмашылығы да әжептәуір. Қос елдегі кәсіпорындардың, ауылшаруашылығының жағдайы әрқалай. Осы айырмашылықты ескермей, шекараны ашып тастаудың соңы кейбір қиыншылықтарға әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, Қырғызстандағы жұмыс күші өте үлкен мөлшерде болмаса да, Қазақстанға ағылу ықтималдығы көп. Бұл тиісінше, елдегі жұмыссыздық деңгейін ушықтырып жіберуі мүмкін. Қырғызстан ұзақ уақыттан бері реэкспорт­тық саудамен айналысады. Қысқаша түсіндірген­де, «Қытайда жасалды» дегеннен гөрі, «Қырғыз­стан­да жасалған» деген басқашалау болып саналады да, Қытайдан ағылған арзан, ерекше көп әрі сапасыз өнімдер Қырғызстан арқылы ағылып, ішкі нарығы­мыздағы бәсекелестіктің жағдайын нашарлатады. Біздің кәсіпорындар оған ілесе алмайды. Менің айтпағым, экономикалық, қаржылық саясат тұрғы­сынан Қырғызстан мен Қазақстанның арасында көптеген айырмашылықтар бар. Сол айырма­шылықты азайтпай, шекараны аша салу дұрыс емес.
Тағы да қайталап айтамын, Қырғыз-қазақ шекарасының ашылуы бір-бірімізді құттықтауға тұратын шара.

Асылхан Мамашұлы,
журналист:

Асылхан ага«Қырғызбен араға тікенек сым бізге де,
қырғызға да қажеті жоқтай көрінеді»

Қазақ-қырғыз шекарасында кеден бақылауының алынғаны, расында тарихи оқиға деп санаймын. 25 жылдан кейін қайта ашылған шекара ғой бұл. Есеп-қисапты былай қойып айтайық, екі ел осыған дейін жақын одақтасуға бірнеше рет талпынғанымен пәлендей нәтиже шығара алмады. Бұл одақтың жөні бөлек, әрине. Әрине, арғы жағында алысты көздейтін әр түрлі саясаты бар Ресей тұр. Бірақ шекарадан әрі-бері өтіп жүріп, байқауымша, қарапайым қырғыз жұрты Ресеймен, Беларусьпен, Армениямен одақтастық демей, өзіміздің қазақ ағайынмен табыстық деп отыр. Мұндай жақындық Ресей мен Беларусь арасында бар. Ресми түрде де, бейресми түрде де одақтастығын туыстығымен астастырып отыратын бұл екі ел, аты бөлек болғанымен зәузаты бір. Сол секілді, келешегі беймәлім Еуразиялық Эко­номика­лық Одағы аясында біздің де мүдделес туысымыз қатар жүрмек. Екі ел арасында шекара да болмау керек деген сөзді Атамбаев та ақжүректігінен емес, қан тартқандықтан айтқан шығар. Бір алқапты тең жайлап отырған қазақ-қырғыз ауылының тура ортасынан түскен шекара бағаны, тікенек сымдардың тым оғаш көрінетінін жақында шекара жағалай өтіп бара жатқанда қырғыз досымыз екеуміз әңгіме қылған едік. Шекараның да шекарасы бар. Қытаймен арадағы шекара бағаны нығая түскенін қалайсың. Ал қырғызбен араға тікенек сым бізге де, қырғызға да қажеті жоқтай көрінеді. Барыс-келіс, алыс-беріс, құда-жегжат көбейе берсе ол күнге де жетеміз, Құдай қаласа.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір