«ЖЕЗКИІК» ЕЛГЕ КЕЛДІ
Жезкиік сөзі исі қазаққа аң аты ретінде ғана емес, көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған Жақсыгелді Сейіловтың «Жезкиік» әні арқылы да жақсы таныс. Бұл ән таралғалы бері жезкиік десе әнсүйер қазақтың құлағына жанға жайлы әуен келеді.
Ұлытау төрінде осы әнмен аттас І Халықаралық музыка фестивалі өтті. Оған әлемнің үш құрлығынан 11 фольклорлық өнер ұжымы жиналып, мысты шаһардағы Кеңгір су қоймасы жағалауында салынған жазғы амфитеатрда классикалық музыка майталмандары өнер көрсетті.
Үш күнге созылған айтулы музыкалық оқиға «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы және «Туған жер» арнайы бағдарламасын іске асыру аясында өтті. Фестивальдің мақсаты – Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау, қазақ фольклорын дамыту және классикалық музыканы насихаттау, халық мәдениетін жан-жақты танымал ету.
Шараға Қазақстан, Австрия, Италия, Түркия, Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Молдавия, Ресей елдерінен әлемге әйгілі өнерпаздар қатысты. Кеш барысында КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, Түркиядан келген Шенол және Гюльчохра Талынлы, Жан Тапин, Талғат Ыдырысов, Амантай Ибраев сынды әншілер симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Жезқазған аспанын әуезді әнге бөледі. Сонымен қатар, «Біржан Сара», «Абай» операларынан ария, Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» сынды қазақ классикалық музыкасымен қатар, дүние жүзіне әйгілі Джузеппе Вердидің, Жорж Бизе, Джакомо Пуччини, Джеймс Ласт, Иоганн Штраустың және тағы да басқа көптеген композиторлардың туындылары шырқалды.
Фестивальдің соңында Ұлытау аспанында әйгілі «Жезкиік» әні қалықтады.
Аяулы ҚУАНЫШ,
ХАТУ «Электрондық журналистика» бөлімі