Кембридж университетіне ашылған жол
Енді Назарбаев Зияткерлік мектептерін бітірген әрбір талапкер қатаң іріктеу өлшемдері бар Кембридж университетінің бакалавриатына түсе алады. Зияткерлік мектептердің сертификаты әлемдегі ең беделді университеттерге түсуге жол ашпақ. Бұл Cambridge A Levels, IB Халықаралық бакалавриат және Advanced Placement сынды мойындалған білім беру бағдарламаларымен тең. Таяуда Кембридж университетінің ресми сайтына «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» статусын ресми түрде растайтын ақпараттық хабарлама шықты.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 12 сыныбын бітірген талапкерлерге мынадай ұсыныстар қойылған:
1) Гуманитарлық ғылымдарға (экономикадан басқа), психологияға және мінез-құлық ғылымдарына және ветеринарлық медицинаға 2019 жылға Кэмбридж бекіткен озық деңгейдегі пәндер бойынша A*AA бағалауына негізделетін болады.
2) Басқа жаратылыстану ғылымдарына (психология және мінез-құлық ғылымдары мен ветеринарлық медицинадан басқа) және экономикаға қабылдау 2019 жылға Кембридж бекіткен озық деңгейдегі пәндер бойынша А*А*А бағасына негізделеді.
Кембридж университетінің ресми сайтындағы ақпарат – Зияткерлік мектептерді халықаралық мойындаудың заңды жалғасы. Айта кетерлігі, британиялық белді ұйым UK NARIC (National Recognition Information Centre) – Ұлыбританияның білім куәлігін тану жөніндегі ұлттық ақпарат орталығы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme оқу бағдарламасын халықаралық General Certificate of Education A-Level (GCE A-Level) деңгейімен тең деп мойындаған болатын. Бұл бағдарлама жаһанның барлық беделді университеттеріне мәлім. Аталмыш бағдарлама бойынша білім алған түлектер ешқандай қосымша емтихан тапсырмайды. Университетке дайындайтын Foundation курсын оқымастан жоғары оқу орынға түсе алады.
2018 жылдың мамыр айында Зияткерлік мектептердің сертификаты Германия Федеративтік Республикасынан тағы бір халықаралық мойындауға ие болды. ГФР Білім және мәдениет министрлер кеңесі неміс елінің жоғары оқу орындарына Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектеріне арналған арнайы нұсқаулық жіберді. ГФР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рольф Мафаэльдің «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидиноваға жолдаған ресми хатында жазылғандай «Кеңес Зияткерлік мектептер түлектерінің сертификатын Германияның жоғары оқу орындарында тікелей білім алуға жарамды деп тапты.»
Бүгінгі таңда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқу бағдарламасы өзіміздің үздік жоғары оқу орындарында да мойындалып отыр. Зияткерлік мектептердің түлектері Назарбаев Университетінің бакалавриат бағдарламасына Foundation курсына қатыспастан қабылданады. Қазіргі таңда Зияткерлік мектептердің түлектері Қазақстан-Британ техникалық университетіне (ҚБТУ), КИМЭП Университетіне, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне («Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығына), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне (ҚазҰТУ), т.б көптеген жоғары оқу орындарының екінші курсына қабылдана алады.