АЛҒАШҚЫ ИПОТЕКА
Алматыда «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы несие берілді. Оған 25 жастағы бойжеткен Нарбота Бақытхан қол жеткізді.
Бұл бағдарлама басталмай тұрып 3 жыл бойы ақша жинаған бойжеткеннің қаржысы 7-20-25 бағдарламасының талабына сай келген. Нарбота үйін Ақсай шағын ауданындағы тұрғын үй кешенінен таңдады. Енді тек пәтердің кілтін алып, қоныстану ғана қалады. Бағдарламаның қаржылық серіктесі «ЦентрКредит» банкінің өкілдері 7-20-25 бағдарламасының алғашқы пайдаланушысына гүл сыйлады.
«ЦентрКредитбанкі» АҚ төрағасының орынбасары Тимур Ишмуратовтың мәлімдеуінше Қазақстанның 6 өңірінде Алматы, Орал, Астана, Өскемен, Ақтау, Қостанай қалаларында алғашқы несиелер беріледі. Ең басты талап – адамның төлем қабілеттілігі. Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктермен 7 келісімшарт жасалған.
Еске сала кетсек, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша әр жұмыс істейтін қазақстандық несиеге баспана ала алады. Қазақстандықтар келесі шарттармен ипотекалық қарыз алу мүмкіндігіне ие болмақ: несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылына 7%-дан, бастапқы жарна — 20%-дан аспайды, несиені төлеу мерзімі – 25 жылға дейін. Ипотекалық бағдарлама бойынша несиелер тек ұлттық валютамен беріледі.
Клиенттер Банк Центркредит, Еуразия банкі, АТФ банкі, RBK банкі, Халық банкі, Цеснабанк, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне өтініш бере алады. Жыл соңына дейін бұл тізімге Сбербанк пен Forte банк қосылуы мүмкін.
Аяулы ҚУАНЫШ,
ХАТУ «Электрондық журналистика» бөлімі