«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ҚАҚПАСЫ «РУХАНИЯТ ҚАҚПАСЫ» БОЛСА
06.07.2018
1743
0

Сапар ОСПАНОВ,
философия ғылымдарының докторы


Біз білетін қазақ халқы егемен­дігін өте көптен көксеп келген ха­лық.
Астана – бір адамның қия­лы­нан туса да, халықтың көңілінен шық­қан қала.
Астана – осы екеуінің тоғы­сып, баянды болғанын көрсететін Астана.
Адамзат тарихында әлемнің кей­бір елдері нақтылы тарихи жеңіс­ке жеткенде соны мерекелеу мен мәңгі есте сақтау үшін «Жеңіс­тік шеру (триум­фалдық) қақ­па­сын» салған. Олардың кейбірін сол соғыста қол­басшылық жасаған адамның атына да арнаған. Олар қазір сол елдерді әлем­ге танымал ететін символға да ай­налған. Сол жерлерге келген ту­рис­тер сол ер­лік­тердің мазмұнын, сол қолбасшының аты-жөнін біледі, ес­теріне сақтайды. Ал шығыс елде­рін­де, елдің немесе бір қаланың құт-берекетін қорғайтын құдайларға (рухтарға) немесе екі дүниенің ара­сын бөлу белгісі ретінде құрылған қақ­палар, торилар бар.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Астана қаласының бас сәулеткері ре­тінде жасаған көп ұтқыр идея­ларының бірі – «Мәңгілік Ел» қақ­па­сын орнату туралы шешімі еке­нін­де сөз жоқ. Алайда, ол қазақтың нақ­тылы бір майдандағы жеңісіне де не­месе бір Құдайдың құрметіне де ар­налмаған. Ол жалпы, қазақ хал­қы­ның бүгінгі қол жеткен жеңістеріне ар­налған образдық қақпа болған­дық­тан оны «Салтанат қақпасы» деп те атаған. Алайда, қақпаның осын­дай ғана мағынамен шектелуі, көп­шілікке: «Ондай нәрсе әлемнің бел­гілі қалаларында бар болғасын, біз­де де сондай болса екен» – деген ниет­пен істелген сияқты көрінеді. Не­месе ол, мемлекеттік мерекелер ке­зінде, жұрттың көңілін көтеру үшін көкке ататын отшашулар сияқ­ты ғана, көз тартар мерекелік сәулет сияқ­ты ғана рөл атқарады. Оны шет­елдегі сондай тарихи қақпалардың маз­мұнын білетін адамдар ойша са­лыстырып, біздің қақпаға қара­ғанда «қазақтар мұны қай жеңісіне сал­ған екен?», «ол жеңісті кім бас­қар­ған екен?» деген сұрақтар қояры даусыз.
Біз бұл нысан керек деген адам­мен толық келісеміз. Тек оның құ­рылу себебі мен мазмұнына, тарихта бұрын құрылған қақпалардың біріне де ұқсамайтын жағына назар ау­даруымыз керек. Ол жаңалық өзіміз­ге де, әлемге де түсінікті болуы үшін, бұл қақпаның қандай жайларға сал­танат бола алатынын ашуымыз, әлем­ге паш етуіміз керек. Біздің бұл ойы­мыздың төркініне тамыр мен қуат бере алатын бастау, Елбасымыз ха­лық пен мемлекеттің алдына қойып отырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының бай мән-мағынасынан ашылатын бас­тау. Ол бастауды жүзеге асыру үшін «Салтанат қақпасы» орналас­қан дөңгелек алаңды қазақ халқы­ның тарихының өткеніне, бүгініне, ке­лешегіне арналған аспан астын­дағы тұлғалық, символдық, образ­дық мүсіндер, монументтер және бас­қа да нысандардан тұратын тақы­рып-тақырыптарға бөлінген буль­вар­лар мен аллеялардың ансамбль­де­ріне айналдыру қажет. Біздің ұсы­нысымыздың нақтылы мазмұны мы­нандай.
Біріншіден, сол алаңнан төрт жақ­қа тарап жатқан көшелерді бір-бір кварталдық қашықтықтан ав­то­көліктер жүрмейтін етіп жауып алу қа­жет. Ол кварталдардың қарама-қар­сы екі көшесін саяхаттаушылар­дың автокөліктері тоқтайтын тұрақ­тарға айналдыру қажет. Үшінші квар­талдың көшесін көпшілік үшін жиын, мерекелер өтетін ашық және жа­бық салтанат залдарына, ашық сце­наларға, алаңшаларға арнау керек. Оларда «Бостандық күні», «Ас­тана күні», «Домбыра күні», ұлт­тық ойындар сияқты салтанаттар өткі­зіліп тұрса. Ал төртінші квартал көшесінде көркем өнер мен қол өнер шеберлерінің шығармашы­ла­рының көрмелері мен жәрмеңкеле­рін, этноауыл кешенін құруға бола­ды. Біздіңше, кейіннен мүмкін деген жаяу мереке-шеру өте алатындай етіп, қақпаның еніндей жолақ жол­ды екі жақтағы ұзын көшелермен жал­ғасып кететін етіп қалдыру қа­жет.
Екіншіден, аса маңызды нәрсе – ол дөңгелек алаңның өзін жалпы қазақ пен Қазақстан халқының тарихы мен жетістіктерін көрсететін бу­льварлар мен аллеяларға айнал­дыру – басты меже. Ол туралы ойы­мыз­ды мұқият жеткізу үшін біз тө­мен­де, қаланың генпланынан алын­ған картасы мен соған сәйкес ке­летін схема-планды келтіріп отыр­мыз. Сонда келтірілген нөмір­лерге сәйкес ұсыныс-ойларымызды түсіндіруге көшелік.
1. Нөмірі қойылған аллея «Қа­зақ­тың рухани бастаулары» тақырыбына арналса. Ол аллея сақ дәуірлерінен бері ата-тектеріміз се­ніп келген, қазіргі салт-дәстүрле­рі­міздің барлық ырым-жоралғылық, сенім-на-нымдық, ділдік байлықта­рына мән-мағына беретін сюжеттер мен лейтмотив­терге арналған сим­вол­дық-монументалдық ескерткіш­тер, стеллалар, т.б. орнатылса. Оның бас жағына, яғни аллеяның қақпадан қашық жағынан басталатын жеріне, ол әлемге әйгілі Намдаковтың «Жер-Ана» ескерткішін көшіріліп әкелінсе. Қазіргі кезде ол бір сквердің шетінде тұр. Оның қасынан адамдар да өте қоймайды. Ол Астанадағы аса көркем, бірақ жалғызсырап тұрған мүсіндік кешен. Арғытектеріміз аса қадірлеген сол «Жер-Ана» қасына «Көк-Тәңірі», «От-Ана», «Су-Ана», «Көкбөрі» образдарына да арналған, Намда­ковтың деңгейіне сай келетіндей мүсіндер қатарласса. Бұлардың астарында, тек өткен арғытектік мифологиямыз ғана емес, сонымен қатар табиғатты қорғау, сонымен үйлесімді өмір салтын жаңғырту деген сияқты идеялар жатыр. Солардың адами-тұлғалық жалғасы ретінде Тарғытай, Анақарыс (Анақарсис), Қорқыт ата, бергісі Мүсірәлі пір, Бұқар жырау сияқты қазақ халқының рухани дүниесінің тамыр бастауларын берген тарихи кейіпкерлерге арналған ескерткіш­термен толық­тыру қажет. Сонда мифология­лық бастаулар тарихи реалдылық сюжеттермен жалғасады.
2. Қазақ халқының, прототүркі, сақ дәуірлерінен келе жатқан фольклорына, қол өнеріне, соғыс өнеріне, алтын адам мүсіндері мен артефактілерді танымал ететін, тарихи жетістіктерге арналған бульвар болса.
3. Арғытектерден басталатын «Ерліктер шеруі – бульвары» алтын адам киімімен мүсінделген Томирис, Зарина, Ширақ (Шырақ, Сирақ) сияқты батырлар мен ерлердің ескерткіштерінен басталса. Бұл ескерткіштердің жалғасы ретінде ХХ ғ. бірінші ширегінің аяғындағы Азамат соғысы мен қазақтардың еркіндік үшін жасаған көтеріліс­терінде батыр атанғандар­дың, 1941-45 ж.ж. Отан соғысында «КСРО батыры» атанғандардың да мүсіндері болғаны өте орынды болмақ. Бұл мүсіндер мен символдық стелларлар, салтанат шерулерін өткізуге арнал­ған көше, жолдың екі жағына орнатылса.
4. Қазақ халқының өнері мен мәдениетінің шығармашы кейіп­керлері мен олардың туындылары­ның образдарына арналған аллея.
5. Қазақтар мен қазақстандық­тардың ХХ-ХХI ғасырлар тұсындағы еңбектегі, ғылымдағы, өнер мен мәдениеттегі жетістіктерінің тікелей көшірмелік, образдық нұсқаларына арналған және т.б. жетістіктердің, қазақстандықтардың рухани дүниесін дәріптейтін, мадақтайтын бульвар.
6. Қазіргі Қазақстанның әлем елдері жүйесіндегі орнын, жетістіктерін көрсету аллеясы.
7. Қазақстан халқының қазіргі 100 танымал тұлғаларына арналған бульвар. Олар да салтанат шеруіне қалдырылған көше, жолдың екі жағына орналастырылса. Соңғысы…
8. Қазақстанның келешегін көрсететін аллея. Сонда Қазақстан­ның келешегі туралы идеялар мен мақсаттар қазақ халқының ең ертедегі рухани сенімдік, имани образдық бульвар мен аллеяға келіп түйіседі. Бұл келешектің руханият­тылығы тарихымыздың бастауында жатқандығын көрсететін болады. Рухани жаңғырудың жолы осындай екендігі образды түрде ашылады.
Тек бұл алаңға қойылатын ескерткіштердің сипаты Намдаков­тың «Жер-Ана» кешен-скульпту­расының мөлшеріне жете бермесе де, соның рухы мен стилін сақтауы керек. Онсыз мүсіншілерде «мүсін әдебиет емес» деген жалған бір ұстаным бар. Оның салдары көпте­ген елдер мен қалалардағы мүсін­дерді бір-біріне өте ұқсас, жансыз тастарға қашалған балбалдарға айналдырған. Қазіргі Қазақстанда туындап жатқан мүсіндерде осы сарын әлі басым. Оларда скульптура­лардың түрлері мен жанрларының тосын туындылары, экспрессия мен монументализм жетіспейді.
Осындай тарихи-рухани байлық­қа толы, астаналықтардың ғана емес, жалпы қазақстандық­тардың ортақ алаңын толық және әлемде теңдесі жоқ ғажап нұсқада көмкеру туралы тағы бір ұсынысы­мыз бар. Ол ой бізге Астананың дамуына арналған көрмелердің бірінен туындаған. Онда келешекте Астананың бір шағын аудандарын мөлдір көк (аспан) шатырмен тұтас жабу туралы идея бар екен. Біздіңше, біз ұсынып отырған «Мәңгілік Ел– Салтанат қақпасының» дөңгелек ансамбль алаңын, қазақтың киіз үйінің бейнесіне келтіріп, сол көк шатырдай шыны құрылыммен тұтас жапса. Сонда ол алаңды диаметрі бірнеше жүз метр, биіктігі жүз метрден астам болуы мүмкін ғажап шыны шатырдың астындағы жұмақ баққа айналдыруға болар еді. Аллея­лар мен бульварлардың араларын­дағы жерлерге әлемнің барлық құрлығы мен жерлерінде өсетін өсімдіктерінің көшеттерін отырғы­зып, қысы-жазы өсетін жасыл әлемге айналдырсақ. Ол алаңның климатын реттеу үшін оның орта­сын­дағы мөлдір, оюлы шаңырақты ашылмалы-жабылмалы түңлік етсе. Қабырғалары да мөлдір шыны болғанымен олардың араларына киіз үйдің ішкі сәнін келтіретін жабдықтарын витраждық шынылар­мен келтіруге, мықтылығы үшін бас арқан, басқұр, белбеу, белдеу, жел бау сияқты көмекші құралдарды инженерлік есеппен жасауға, пайда­лануға болар еді. Ондай қазақтың гауһардай киіз үйі жер тұрмақ, аспаннан да, ғарыштан да көрінер еді. Мұның Мысырдағы Хеопс пирамидасынан несі кем болар еді?! Әлемде мұндай ғимаратты әзірге ешкім көрмек тұрмақ, тұрғызып та жатқан жоқ сияқты. Міне осындай ғажап әлем тек Қазақстанда, тек Астанада болар еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір