Жаңа дәуір бастамасы
Амандық БАТАЛОВ,
Алматы облысының әкімі
Қазақстан халқын еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі болған бас қаламыз Астананың 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігімен, тарихи шешімімен, өзіндік қолтаңбасымен дүниеге келген Астана биылғы жылы жиырмасыншы белесін бағындырып отыр.
Елорда – жасампаздықтың жарқын үлгісі, Қазақстанның жаңа дәуірінің батыл бастамасы, Президентіміздің төл туындысы.
Осы ширек ғасыр уақытта Астана әлемдік саясаттағы әмбебап қалаға айналды. Бас шаһардың төрінде қаншама еларалық келіссөздер, дүниежүзілік диалогтар, бейбіт бітімгерлік істер атқарылды. Өткен жылы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі лайықты деңгейде өткізіліп, жас қала жасыл экономикаға бағытталған тың идеялардың, озық ойлардың, технологиялық мүмкіндіктердің жаршысы болды.
Президентіміз «Астана – еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуының локомотиві болуы тиіс», – деген еді. Сол талапқа сәйкес елдің бас қаласы мемлекетті рухани кемелдендірудің, экономикалық қуатын арттырудың басты орталығы ретінде дамып, болашақта Еуразиялық мегаполиске айналуға табысты қадам басып келеді.
Бір шаңырақ астында ортақ мақсатқа біріккен, ортақ арман табыстырып, тағдыр тоғыстырған барша қазақстандықтар үшін, соның ішінде Жетісу халқы үшін Астана – тәуелсіздіктің тұмары, бейбітшіліктің бесігі, бағаналы да басты ордасы!
Алашқа айбын болған Мәңгілік ел Астанасының тұғыры биік, болашағы жарқын болсын!
«Жетісу» саябағы – Елорда төрінде
Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай, Алматы облысы бас қалаға тарту жасап, «Жетісу» саябағын жаңғыртты. Бұған дейін «Арай» аталған саябақтың жаңа келбеті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа таныстырылып, саябақта Елорданың 20 жылдығына арналған шаралар ұйымдастырылды.
Облыс әкімі А.Баталов Нұрсұлтан Назарбаевқа саябақта Алматы облысының көрнекті орындарының барлығы көрініс тапқанын айтты. Оның кіре берісінде Жетісуді бейнелейтін жеті арка, одан әрі субұрқақтары бар басты аллея орналасқан, сондай-ақ, тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, балаларға арналған ойын алаңдары, «Тәңір» алаңы, шаған аллеясы, «Таңбалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар.
Шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы Астананың мерейтойына керемет саябақ тарту еткенін және оның елорда тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналатынын атап өтті.
«Бүгінде барлық облыстар көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Өйткені, Астана – бүкіл Қазақстанның жетістігі. Бас қала құрылысына өңірлердің бәрі атсалысты және қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген адамдар өмір сүреді. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал біз салдық!», – деді Қазақстан Президенті.
Астаналық көрермен үшін сахнада Алматы облысының танымал әртістері және этномәдени орталықтарының өкілдері өнер көрсетті. Олардың қатарында Сүйінбай атындағы облыстық филармония, Мұқан Төлебаев атындағы Халық аспаптар оркестрі, «Алтынай» халықтық би ансамблі, «Сүйінбай сазы», «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері және басқа да өнер ұжымдары мен жеке дауыстағы әншілер бар.
Көркемсурет галереясының «Жетісудың 20 қылқалам шебері» атты ашық аспан астындағы көрмесі ұйымдастырылып, үздік туындылар қойылды. Суретшілер Х.Кикимов, Е.Садырбаев, К.Ақашев, М.Нисупов, Н.Қилыбаев, Н.Жошыбаев және басқа да авторлардың шығармаларында Жетісудың тарихы, мәдениеті, табиғаты мен салт-дәстүрлері бейнеленген.
Құрылыс жұмысының бас мердігері – «BI-Industrial» жауапкершілігі шектеулі серіктестік.
Сағыныш Намазшамова.