Астана – болашақтың қаласы
Әбдірәсіл ЖӘРМЕНОВ,
техника ғылымдарының
докторы, профессор,
ҰҒА академигі, екі мәрте ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері
Егер Астананы тарихи, әдеби, көркем шығарма немесе ғажайып өнер туындысы деп бағаласақ, еш талассыз оның авторы – Ұлт көшбасшысы, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ерлікке пара-пар саяси жағынан да, экономика жағынан да ұтымды жасалған бұл шешімді сонау тоқсаныншы жылдың басындағы өтпелі кезеңде ел еңсесін тіктей алмай жатса да, қуана құптаған болатын.
Бағзыда Үйсін мемлекетінің Күнбиі Елжау елдің жазғы және қысқы астанасын салдырған көрінеді. Көшпенді халық үшін жаугершілік заманда, әрине, мұның үлкен саяси және әскери маңызы болғаны рас. Қазақ қазақ болғалы оның байтағы – елордасы да аз көшкен жоқ, Қозыбасыдан тартып Орынбор, Ақмешіт–Қызылорда, Алматы… Ерте ме, кеш пе Астанамыздың елдің жүрек тұсынан орын тебетіні анық еді. Ал енді ұшы-қиырсыз Арқа даласының төсіне елорданы қондыру деген – болашаққа жасалған сәтті қадам. Астана өскен сайын, өркендеген сайын іргесі кеңейетінін, бір емес, он астана тұрғызсаң да жерің-далаң жетеді дегендікті білдіреді. Елорданың атауының «Астанаға» ауысуы да тегіннен-тегін болмаса керек. Көптеген елдің орталығы Астанасының атауымен байланысты аталады. Мәселен, Қытайдың бүгінгі астанасы – Бейжің (Пекин) «Солтүстік астана» дегенді, бұрынғы Нанжин (Нанкин) «Оңтүстік астана» дегенді білдіреді. Корей елінің астанасы – Сеул деген атау да «Астана» деген сөздің анықтамасы. Саяси тұлғалардың күтпеген шешімдері былайғы жұртқа сәл тосындау сезілетіні жасырын емес. Астананы Арқаға көшіреміз деген сәтте халықтың пікірі екіге жарылды, тіпті кейбір көршілеріміз мысқылмен күлді. «Бәріне уақыт төреші» деген сөз тегін айтылмаса керек, жиырма жыл өтті, талайдың аузына құм құйдық, талай елдің қызғанышын тудырдық, «ит үреді, керуен көшедінің» кері болды…
Меніңше, Астана – жастардың қаласы, келешектің қаласы, арманға, жұмақ бағына бастайтын қала. Елорданың шаңырағы шайқалмасын, іргесі бекем, керегесі кең болсын! Елге тыныштық, бейбіт заман болсын!