Ақын тойы дүркіреп өтті

Биылғы жыл бүкіл түркі дүниесінде Мағжан жылы деп аталғаны белгілі. Маусымның 22-25 аралығында Мағжан Жұмабаевтың туған өңірі Қызылжар өлкесінде 125 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталды.
Шара аясында Мағжан Жұмабаевтың еңселі ескерткіші ашылды. Ескерткіштің авторы Қазақстанға белгілі мүсінші Едіге Рахмадиев. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық сазды драма театрында ақынның «Шолпанның күнәсі» атты хикаяты бойынша сахналық қойылым көрсетіліп, ертеңіне той ақынның туған ауылы Сары томарда жалғасты. Оған Түркиядан, Әзірбайжаннан, Қырғызстан мен Өзбекстаннан, Ресейден келген қонақтар, Мағжан ақынның өлеңдерін аударған ақындар қатысты. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Түріксойдың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет мазмұнды сөз сөйлеп, ғалымдар баяндама жасады. Қонақтар оның ертеңінде Қызылжар шаһарындағы мұражайда ақын шығармаларымен танысып, Н.Погодин атындағы орыс драма театрында «Мағжанның соты» атты трагедияны көрді. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ақын туралы қорытынды конференция өтті. Жиын барысында Мағжан шығармаларын зерттеп жүрген Серік Негимов, Зарқын Тайшыбай, Тұрсын Шаңбай, Ербол Тілешов, Хангелді Әбжанов, Қадыр Омаров сынды ғалымдар мен жазушы Жарасбай Сүлейменовке, ақын Бақытжан Тобаяқовқа Мағжан Жұмабаев мерейтойлық медалі берілді.
А.ЖАҚЫПОВА.