Әдебиет – халық қазынасы
Нұрлан ҚАМИ,
жазушы
Өткен жылғы жетістіктеріміздің ең бастысы – классик жазушымыз Дулат Исабековтің прозалық жинағы Лондонда ағылшын тілінде жарық көрді. Ұлыбританияның зиялы қауымы Дулат ағамыздың құрметіне дүрілдетіп қол соқты. Бұл – қазақ әдебиетінің мерейі. Өйткені, бізде Дулаттың әдебиеті, Төленнің әдебиеті, Мағауиннің әдебиеті деген әдебиет жоқ – Ұлы мәртебелі қазақ әдебиеті бар. Бәріміз сол әміршіге қызмет етеміз. Бұл оқиға қазақ әдебиетінің, қазақ прозасының әлемдік деңгейде мойындалуы, отандық сөз өнері қай халықтың да рухани байлығынан кем түспейтінінің дәлелі.
Одан кейін 2016 жылғы «Алтын қалам» республикалық әдеби бәйгесінің «Үздік роман» саласы бойынша жеңімпазы Тұрысбек Сәукетайдың «Мен жындымын» деп аталатын романы жеке кітап болып басылып шықты. Анау-мынауға елеңдей бермейтін самарқаулау қоғамымызды сәл де болса селт еткізген кітапты жастарымыз іздеп жүріп оқығанының куәсі болдық. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі бар ғұмыры ізгіліктен ғана тұратын қазақ қоғамы жабайы капитализм келгелі кісәпірленіп, қатыгезденіп, адамгершіліктен аулақтап бара жатқаны шығарманың бас кейіпкері – жазушының көзімен еш боямасыз көрсетілген. Романда салмағы зіл-батпан ауыр да әділ сұрақтар алға тартылады: жеке-жеке алғанда еш міні жоқ, ешқандай кінә тағу мүмкін еместей көрінетін азаматтар қоғам болып ұйысқан кезде өзінің де, өзгенің де қадірін білмес тоғышар болып кететіні неліктен? «Тобыр» деп аталатын ондай қоғамнан жақсылық күтуге бола ма? Бір кезде өзіне-өзі «адам жанының инженері» деген ақылға сыйымсыз атақ беріп, қоғамдағы кем-кетікті, ауру-сырқауды тамыршыдай тап басып таба білетін данагөй тәуіп, сол сырқаттан арылудың әдіс-амалын нұсқар білікті емші, адасқанға жөн сілтеп, жол көрсетер ақылман-кеңесші деп танылып келген ақын-жазушылар еліміз егемендік алған кезде ешкімге керек болмай қалғаны қалай? Сөйтіп бірден-бірге ұсақтап бара жатқан жазарман қауым халықтың қамын ойламақ түгіл өз күнін өзі көре алмайтын бейшараға айналып кеткеннен сау ма? Төбемізден тоқпақ айырмайтын қатыгез қожайыннан құтылып, өз қолымыз өз аузымызға жеткенде тағы кімге жалтақтаймыз? Әлде жазушы деген әу бастан жалтақ, жағымпаз халық па?.. Ойлы оқырман шынайы суреткердің жанашырлықтан туындаған осындай аяусыз сұрақтардың жауабын кітаптың өзінен, қала берді күнделікті өмірдегі шындықтан табар деп үміттенеміз.
Келесі бір қомақты дүние – Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» деп аталатын үш томдық романы. Өткен ғасырдың соңғы ширегінен бастап, күллі әлемнің қасіретіне айналған Арал тағдырын Адам тағдырынан ажыратып қарауға болмайтынын, екеуі тығыз байланысты екенін жаны шырқырай суреттеген біртуар туынды. Бұл орайда, аталмыш шығарманы ақсақал жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының рухани жалғасы деуге болады. Табиғат экологиясы біртіндеп адамзат экологиясына ұласып бара жатқаны жайында дабыл қаққан екі роман іштей үндесіп жатыр. Трилогияның бірінші кітабы – Арал реквиемі; бір кездері айналасындағы елдің ырысы болған, өркөкірек адамның өзімшілдікпен араласуынан құрдымға кетіп бара жатқан Арал теңізін, сол теңіздің балығы мен нәпақасын айырып, күнін көріп келген қалың елдің кешегі барақатты тіршілігін жүрегі езіле жоқтау. Бір деммен оқылады. Ал, екінші және үшінші кітаптар моральдық-экспрессивтік салмағынан айырылып, жеңілдеп кеткендей сезіледі. Өйткені, теңіздің тартылуына өзі де кінәлі екенін білгендіктен дүниеден баз кешіп, бала-шағасынан безіп, туған анасының жан шуағына да селт етпейтіндей құсаға шалдыққан кейіпкер қайта серпіліп, өмірге араласып кетеді. Онда да талай шындық бүкпесіз айтылған, алайда кейіпкердің «өмірге қайта оралуына» сене алмай абыржып қаласыз.
Өткен ғасырдың екінші жартысында өзіндік мектеп болып қалыптасқан Қытай қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қазір елімізде тұратын Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Ұлы көш» атты төрт томдық романын халқымыздың тарихындағы осы бір қасіретті парақтардың көркем бейнесі деп қабыл алдық. 1916 жылғы Қарқара көтерілісін қан-жоса етіп басқан патша әкімдерінің қорғансыз халықты жас-кәрі, әйел-еркек демей жаппай қырып салғанын, ол аздай мәйіттерді қорлағанын көркем прозада алғаш рет көрнекті жазушымыз Бексұлтан Нұржекеұлы осыдан екі жыл бұрын «Әй, дүние-ай!» атты романында ашына бейнелеп еді. Бұл романда да сол оқиға суреттеледі – албан көтерілісінен кейін үдере көшкен ел, екі шығарманың да бас кейіпкері әйел адам, екеуі де қартайғанда елге қайтып оралады, екі кітаптың да оқиғасы солардың еске алуы түрінде беріледі. Ерекшелігі – Бексұлтан ағамыздың романында оқиға ірі планда, үлкейткіш әйнек арқылы бадырайтып көрсетілсе, Тұрсынәлі ағамыздың тетралогиясы – панорамалық шығарма. Кіндік кесіп, кір жуған қасиетті туған жерді үстем ұлттың азарынан амалсыз тастап кетіп, жүз жылға жуық уақыттан кейін қайтып оралған қазақ әулетінің бір ғасырлық өмірі жан-жақты, егжей-тегжейлі суреттелген. Оқиға желісі бүгінгі мен бұрынғыға кезек ауытқып, әр заманның шындығы сол қалпында көрсетіледі. Соның бәрі орталық кейіпкер – Ақтоты анаға қатысты баяндалады немесе сол кісінің көзімен беріледі.
Былтыр жарық көрген тарихи туындылардың арасынан танымал қаламгер Зейнолла Тілеужанның қаламынан туған «Қаракерей Қабанбай» дилогиясын айырықша атап өтер едік. Ел басына күн туып, халқымыз жер бетінен жойылып кете жаздаған қысылтаяң сәтте белуардан қан кешіп, басын бәйгеге тіге жүріп қас дұшпанның қабырғасын қаусатқан, сөйтіп келер ұрпақтың келешегін қамдап берген арыстан жүрек бабаларымыздың бірегейі, даңқты есімі қазақ баласының жадынан мәңгі өшпей, халқымызбен бірге жасай беретін қас батырдың бейнесі бар болмысымен тұтас сомдалған.
Енді нәзік жанды қаламгерлердің өткен жылы жарық көрген кітаптарының арасынан қолымызға түскендеріне тоқталайық.
Бақыт Мерекенованың «Тағдыр» атты жинағына осы аттас романы мен әңгіме, хикаяттары енгізіліпті. Жазушының өмірді білетіні көрініп тұр, білгенін көркемдік тұрғыдан бейнелеу тәсілі де көңілге қонымды, оқырманды баурап әкетеді.
Жанар Әбдішованың «Өмір сүрсем… кеш емес» деп аталатын әңгімелер жинағын да сәтті туындылар қатарына қосар едік. Негізінен, өз басынан өткен немесе өзі куә болған оқиғаларды көркем тілмен суреттеп беруге дағдыланғаны көрініп тұр. Ондай тәсілді ұстанған жазушының ұтпаса ұтылмайтыны белгілі.
Мира Шүйіншәлиеваның «Ар азабы» атты жинағына енген «Сіңілімнің сүйгені» деп аталатын хикаяты бұл күндері дерегінен дақпырты көп, әр жерден көрініс беріп жүргенімен жаппай қоғамдық құбылысқа айнала қоймаған, ел аузында «қазіргі тоқалдар» деп аталып жүрген мәселеге арналыпты. Шынайы жазылған жақсы шығарма, автордың шеберлігіне ризамыз, бірақ осындай шетін тақырыпқа барғанын құптай алмадық. Өйткені, қазақтың ұғымындағы тоқал – заңды әйел, бұрынғы қазақ қоғамындағы отбасылық институтты құраған ұстындардың бірі, сан ұрпақтың анасы.
Әдебиетіміздің былтырғы табыстарының бірі – бұл күндері ел анасы деңгейіне көтеріліп, халқымыздың құрметіне бөленіп отырған Зейнеп Ахметова апамыздың «Бабалар аманаты» деп аталатын туындысы. Қалың оқырман жылы қабылдаған «Шуақты күндердің» заңды жалғасы ретіндегі бұл естелік-эссе де халықтың көңілінен шығары сөзсіз. Ұлттық салт-дәстүрдің озық үлгілері, біртіндеп ұмытылып бара жатқан кейбір ғұрыптар кітап бетінде қайта жанданып, жарқырай көрініс тапқан. Соның бәрі халқымыздың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөздерімен астастыра баяндалады.
Белгілі жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» деп аталатын кітабына осы аттас романы мен бірнеше әңгімесі енгізілген. Байқоңыр ғарыш айлағының маңында өмір сүретін, сондағы жабық қалада жұмыс істейтін жергілікті тұрғындар бұрынғыдай Мәскеудің айтқанымен жүріп-тұруды қойып, өз елінде өздері қожайын екенін сезіне бастапты. Қала мэрі ресейлік Евгений Ильич бұл аймақты тозақтың өзі десе, оның орынбасары, осы өңірде туып-өскен Көбейсін үшін жер бетінде Төретамнан артық мекен жоқ. Осының бәрі романда көркем тілмен айшықты жеткізілген.
Ардагер журналист, драматург Төлеген Қажыбайдың «Қорқаудың ақыры» деп аталатын жинағына бірқатар шығармалары енгізіліпті. Әңгіме-хикаяттары да, эсселері мен драмалары да оқырман көңілінен шығатын, танымдық-көркемдік тұрғысынан толымды туындылар деп бағаладық. Әсіресе, әйгілі Әсет әншінің ақырғы сәті, Ағыбай батырдың үш арманы туралы және басқа деректі дүниелері оқырманға ой салып, қиялын шарықтатар шығармалар. Көркем әңгімелері мен хикаялары да тартымды.
Бұрын сатирик ретінде мерзімді баспасөзден көрініп жүрген Сабырбек Олжабай байыпты прозаға қалам тартып, алғашқы әңгімелер мен хикаяттар жинағын «Жылыбұлақ» деп атапты. Жанға жылы тиетін шуақты кітап. Әр шығармасынан қазақы леп есіп тұр. Жинақ сонысымен құнды.
Журналист-жазушы Жеңіс Баһадүрдің «Үңгірден шыққан адам» деп аталатын прозалық жинағындағы шығармалар қаламгердің өсу үстінде екенін көрсетеді.
Сатирик Кемелбек Шаматай «Сұңғыла» деп аталатын фельетондар жинағын ұсыныпты. Егер оны да проза деп қабылдар болсақ, журналистік әңгімелер деген жаңа жанр ойлап табуға тура келетін шығар.
Танымал қаламгер Пернебай Дүйсенбиннің «Зертөбе» атты жинағына үш әңгіме, бір хикаяты кіргізілген. Автор біртіндеп қалаға ұқсап бара жатқан ауыл өмірі, адамгершілік құндылықтардың бәсі түскен қазіргі кез, Ұлы Отан соғысының алдындағы қиындықтар, тағы басқа тақырыптарды өз деңгейінде аша білген.
Бағдат Қалаубайдың «Ғайып перзент» деп аталатын жинағындағы үш әңгіменің бірі фэнтези жанрында жазылып, Сидней олимпиадасының жеңімпазы марқұм Бекзат Саттарханның рухына арналса, қалған екі әңгіме мен бір хикаятты детектив жанрына жатқызуға болады. Тартымды жазылған, жеңіл оқылады.
Ақын Алақанұлының «Ауылың көшіп келеді» деп аталатын жинағындағы алғашқы әңгімесінен-ақ шын шебердің аяқ алысын танығандай болдық. Шығармаларының қай-қайсысы да шынайы, таза жазылған, рахаттанып оқисың. Әлі талай туынды берер деген тілегіміз бар.
Осы тілекті «Бір уыс топырақ» деп аталатын шығармалар жинағының авторы Марат Дүйсенбинге де айтар едік. Жинақтағы жалғыз хикаяты мен екі әңгімесі, әйгілі Шыңғыс Айтматовтың әруағына арнаған «Аманат» атты драмасы нағыз жазушының қаламынан туған дүниелер.
Ендігі сөзді «Жұлдыз» және «Үркер» журналдарының былтырғы сандарындағы прозалық шығармалар жайында жалғастырайық. «Үркердің» 1-ші санынан танымал жазушы Серік Асылбекұлының «Қарашадағы үйлену тойы» атты әңгімесін тұшынып оқыдық. Жазушының тұрақты кейіпкерлері – ауыл адамдары мұнда да көкірекке жылу құйып, жүректі шым еткізер қазақы мінезімен көрініпті.
Журналдың 11-ші санында жарық көрген Айзат Рақыш қарындасымыздың «Қара түннің құпиясы» деп аталатын хикаяты жас қаламгердің болашағынан үміт күттіретін туынды.
«Үркердің» 1-ші санында белгілі жазушы Қуандық Түменбайдың «Дар» деп аталатын шағын әңгімесі жарияланған. Қысқа да нұсқа жазылған шығармада жақын адамдарынан жан жылуын таба алмаған мүскіндердің амалсыздан өз-өзіне қол салып, дарға асылып өлгені басқа да қоғамдық келеңсіздіктермен астасып жатыр-ау деген тұспал білдіріледі.
«Жұлдыз» журналының былтырғы 1-ші санында осы автордың «Әлжуаз» және «Жынды Гүлзада» деп аталатын екі әңгімесі оқырман назарына ұсынылыпты. Екеуінде де қазіргі қоғамның суықтығы, адамдардың бірін-бірі түсінуден қалып бара жатқаны, көптің арасында жүріп жалғызсырау тәрізді экзистенциалдық тақырыптар көтерілген.
Журналдың 6-шы санынан жазушы Тұрсынбай Жандәулеттің «Нұқсан, Белшебір, Шәйлия, тағы басқалар…» деген ат қойылған хикаятын оқып, риза болдық. Мейлінше шыншылдықпен жазылған, аяқ алысы бөлек туынды.
Сонау 1961 жылы елдің бәрі ғарышқа адам ұшты, біздің жерімізден ұшты деп далақтап жүргенде небәрі жиырма екі жаста болса да, кеңестік зұлым саясаттың түп-төркінін жазбай танып, бір досымен бірге «Елін сүйген ерлер партиясы» деп аталатын ұлтшыл ұйым құрған, сол ерлігі үшін ғана «Халық қаһарманы» атағын беруге лайықты, арада жыл өтпей жатып бір сатқынның кесірінен КГБ-ның тұзағына түскен қарт жазушы Кәмел Жүністегінің «Көгілдір күмбез» атты жинағын тебіреніспен оқып шықтық. Ұлттық рухқа қапысыз суарылған көркем дүниелерімен қатар жанды-жансыздың обал-сауабын бірдей ойлаған халқымыздың кешегі біліктілігі мен бүгінгі әттегене-айы, ертеңгі бұлыңғырлау көкжиегі туралы толғанысқа толы мақалалары оқырман көкейіне азаматтық ұстаным ұрығын сеуіп, ізгілік нұрын сіңіретін туындылар. Кеңестік дәуірде кейбіреулердің шалағайлығынан бүлініп кетіп, әлі түзетілмей келе жатқан, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымынан, күнделікті бақылаудан, ақиқат шындықтан қорытылып шыққан ай аттары, жұлдыз атаулары, күнделікті тіршіліктегі қарапайым адами құндылықтар – жазушы осылардың бәрін жан-жақты түсіндіріп, орын-орнына қойып береді. Соның бәрін үлкен әріппен жазылатын қарапайым Адамның қандай болуы керектігін жас ұрпақтың көкірегіне құйып кетуді мақсат тұтады.
Сөзімізді қорыта келгенде айтарымыз – кеңестік идеология бағытымызды басқа жаққа бұрып, бағдарымыздан адастыруға қанша тырысса да түп-тамырымыздан жаңылыстыра алмап еді. Қазіргі жабайы капитализм де барымыздан бездіре алмас деп сенеміз. Өйткені, біз асқақ рухты, мұқалмас жігерлі халықтың ұрпағымыз. «Өнер алды – қызыл тіл» деп өсиет қалдырған дана қазақтың қазіргі заман әдебиетін жасап жатқан өкілдеріміз. Әдебиет – халық қазынасы. Сан ғасырлар бойы тірнектеп жинаған қазынамызға алтын атымен – мыс, күміс атымен – күс қосылып кетпесін, ағайын.