Тарихтың айтылмаған шындығын әдебиет жария етеді
29.06.2018
4052
1

Роза МҰҚАНОВА,
жазушы-драматург


– Алаштанушы Тұрсын Жұрт­бай «Астана ақшамы» газетіне бер­ген сұхбатында «Алаш арыс­тары әлі де әдеби кейіпкерге ай­нала алмай келеді», – десе, жазушы С­әбит Досанов «Қазақ әдебиеті» га­зетінде «Қазақ әде­биеті Алаш арыс­тарына қарыз­дар», – деді. Жазу­шы ретінде бұл пікірге қалай қа­райсыз?
– Неге әдеби кейіпкерлерге ай­нала алмай отырғанын осы аға­ларыңнан сұрамадыңыз ба? Бұл тақырыпты науқанға айнал­дыру­дың қажеті бар ма? Алаш арыс­тарының толыққанды әде­би бейнесін қолына қалам ұста­ған­ның кез келгені жаза алады де­генге сену қиын. «Қолың кө­тер­мес шоқпарды беліңе бай­ла­ма» дей ме?.. Егер ондай шы­ғар­ма қолға алынса Алаш арыс­тарының әлемдік кеңістіктегі саяси көз­қа­расы, мемлекет құру жүйесіндегі идеясы, сол кезеңдегі саяси эко­номикалық, саяси-геогра­фия­лық ахуал, көзқарастағы қай­шылықтар трагедиясы да көрініс табу керек. Алаш арыстарын жазу үшін суреткерлік талант аз­дық етеді. Қаламгер алдымен өзі мемлекетшіл тұлға, кемел сая­­саткер, тарихты терең мең­гер­ген білім иесі болмаса Алаш қайраткерлерінің сырын қалай ұғады, құпиясын қалай ашады? Ғылыми мақала мен көркем шы­ғарманың өз заңдылықтары бар. Тарихи көркем образ жасауға өре де, суреткерлік те қажет. Олай болмаған жағдайда автор өз сана болмысынан алыстай қоймайды. Біржақты, сыңаркөз, ортаңқол шығарма ғана дүниеге келуі мүм­кін деп ойлаймын.
– Орыс әдеби әлемінде «женс­кая проза» деген ұғым бар. Қазақ топырағында да онда қозғалатын та­қырыптарды қаузап жүрген әйел жазушылар бар. Алайда оның аты аталып, түсі түстелмей­ді. Біздің әдеби әлемде бұл ұғым­ның қалыптаспай отырғанына не себеп деп ойлайсыз?
– Бізде кәсіби «жазушы әйел­дер» және «журналист-жазушы әйелдер» бар. Екеуінің де деңгейінен айырмашылықты оңай аңғаруға болады. Алғаш­қылары суреткерлік шеберлік тәсілді меңгергендер, екіншілері бол­ған оқиғаны тәптіштеп, жа­лаң эмоциямен айтып шығуға дағ­дыланғандар. Ал орыс әде­бие­тінде «әйел прозасына» сәл басқа көзқараспен қарайды. Олар «әйел прозасын» үшке бө­леді. Біріншісі, әсіре қызыл сөзге ерік беру, ділмарсыған сөзден рахат күй кешу, әсемдетіп-сән­де­тіп сөз құрауға ғана күш салу. Екін­шісі, өз буына өзі пісіп, әр сөзді жаңалық деп тықпалап оты­рып адасу, арзан ойды ай­шық­тата, көрсетуге құмарту. Үшіншісі, дерт меңдеген қоғам­ды тани білу, сананы өзгерту, құндылық атаулыны сақтау.
Олар осыны «әйел прозасы» дей­ді. Ал меніңше, бұл бүгінгі, әсі­ресе тәуелсіздік алған жыл­дар­дағы «қазақ әдебиетінің» кел­беті сияқты көрінеді.
– Бұл келбетке қарағанда қан­дай ой түйесіз?
– Көркем әдебиеттің құнын жур­налистика арзандатып жі­бер­мес пе деген күмәнді ой тұра­ды. Болашақта әдебиет пен журналистиканы оқырман ажы­рата алмай қалуы да мүмкін. Бұл журналистиканы кемсітіп отырға­ным емес. Образ жасаудағы ше­бер­лік, жалаңаштанбаған астарлы ой, ішкі күйзеліс, арпалыс, азап­тан ақиқатқа жүгіну, халықтың шын­дығын, халықтың мұңын өз жан дүниеңнен өткізу әлі де әде­биеттің үлесінде.
– Оқырманның журналистика мен әдебиеттің ара жігін ашып, дұ­рыс қабылдауы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Оқырман талғамына байла­ныс­ты. Біреу классиканы оқып ләз­зәт алса, біреу анекдот оқып ра­хаттанады.
– Әдебиеттегі бағыттың алуан­дығы әдебиетшіні алға жетелейтіні рас. Сіздіңше, оның оқырманға бе­ре­рі не?
– Әдебиет – асыл тастың әр түр­лі қыры сияқты. Нағыз шебер асыл тастан таңқаларлық өнер ту­дырады. Әдебиет те сол, нағыз әде­биет киноға да, театрға да, опе­раға да айнала береді, түрленіп, тү­лей береді. Тіпті құбылған үстіне құлпырып, рухани кеңістікте өмір сүре береді. Керек десеңіз дәуір таң­дамайды. Шекспир, Толстой, Чехов, т.т. шығармалары күні бү­гін­ге дейін түрлі жанрда сұра­ныстан қалған емес. Демек, нағыз әдебиет асыл тас сияқты, қап түбінде жат­пай­ды. Үңілген сайын – қызық, үңіл­ген сайын – жаңа­лық болып жарқырай береді.
– Қазіргі шетел әдебиетінің ба­ғыты қандай, қазақ әдебиетімен са­лыстыруға келе ме?
– Мысалы шет ел бүгінде клас­си­калық шығармаларды адап­та­ция­лауға, интерпретация жасауға әуес. Театрда да, кинода да… Ав­тор­дың ойы, идеясы, кейіпкерлері сақталғанмен бүгінгі күннің тіліне икемдегенді қалайды. Жақында Австрия драматургі Маргарэт Крайдл мен режиссер Лукас Чейж­пекпен Астанада біріккен жоба жасадық, менің студент­терім­нің шығармасы сахналанды. Бұл жастар үшін, жас драматургтер үшін керемет көрсеткіш. Вена­лықтар ХVII ғасырдағы Шекспир тілі ХХІ ғасырдағы көрерменнің қабылдауына кері әсер тигізбеуі керек дегенді алға тартады. «Шекспир сөзін жатқа айту актер үшін міндет емес, актер Шекспир кейіпкерінің образын жасауға міндетті» – дейді. Мәтінді жаттай ма, образ жасай ма? Осы тұста әжептәуір дауластық. «Сөз болма­са актер образға қалай кіреді, сөз арқылы жанына енгізбей ме?» – деймін. – Иә, дұрыс айтасыз, сөз – актерді образға енгізеді, бірақ сөзді сахнада толық айтып тұру шарт емес, актер образ арқылы қысқарта алады, штрих, деталь арқылы беруге болады, – дейді. Міне, осындай да көзқарас бар. Ал керісінше Чеховқа тәнті режиссер­дің бірі – С.Соловьев. Ол Чеховты өзгертуге де, бұр­малауға да қарсы­лық танытқан болатын. «Чеховты өзгертсең оның интонациясынан айырылып қаласың, оған еш өз­геріс жасауға болмайды», – дейтін. Шығар­ма­шылықта осындай да түрлі ба­ғыттар, көзқарастар кез­десіп жатады.
Шынымды айтсам, өз басым классикалық әдебиеттің құлымын. Өміршең, ұзақ жасаған туын­дылардың жұмбағына қызығамын. Бүгінгі оқырман Дулаттың, Абай­дың, Әуезовтің әдеби тіл бай­лығынан бас сауғалағысы келеді. Оны студент жастардың пиғы­лынан аңғарамын. Бәлкім жастау кезімде мен де сондай болған шығармын, жастықпен түсінбеген де болармын. Бірақ есейген сайын клас­сикалық әдебиеттің алар ор­ны екшелене, ерекшелене береді екен.
– Жалпы, әдебиетті түрлі ба­ғыт­тарға, ағымдарға бөліп қарас­тыр­сақ қазіргі әдебиетті қай ағымға жат­қызар едіңіз?
– Әдебиет қандай бағытты қа­ласа да алдымен ақиқат жолын із­дейді. Қандай бағытта жазсаңыз да шындықты, адам жанының нәзік, тылсым немесе ышқынған іш­кі дауысын қағаз бетіне түсі­ресіз. Тіпті, әдебиетті ұлтқа бөлу­дің өзі әбестік. Тілі әртүрлі болған­мен қабылдау, көру – бір ұғым. Мықты мемлекеттің ғана мықты әде­биеті болады. Әдебиет – өмір­дің шындығы деп мойын­далғанда ұлттың рухы нығаяды. Жазушы­сын делқұлы деп таныған қоғам түбі азып-тозады. Тарихтың ай­тыл­маған шындығын әдебиет жария етеді, саясаттың құпия шы­мылдығын да әдебиет жария етеді. Әдебиет ақиқатты іздейді, сол жолда қайғыны да, қасіретті де халықпен бірге бастан кешеді. Суреткердің әр сөзінде ой жатады, ойы жоқ сөзде тереңдік болмайды. Ойдың дертін қозғайтын күш суреткерлік қуаттан шығады. Осы қуат көзі оның жанын азаттыққа құл­шынтады. Жазушы үшін осы – бақыт, осы – ләззәт. Шын жазу­шы атақты да, мансапты да бақыт деп санамайды. Ол өзгеше­леу сана иесі.
– Біз қазір әдебиетті өмірдің шын­дығы деп қабылдап жүрміз бе?
– Әдебиет өмірдің шындығын кейіп­керлері арқылы жасайды. Әдебиет мораль оқымайды, наси­хат, уағыз айтпайды. Әдебиет өмір­дің шынайы көрінісін кейіп­кер­лері арқылы айқындап береді. Суреткер өзі тасада қалып отыра­ды. Саналы оқырман «мы­нау мен ғой» деп өзін-өзі танып қояды. Оқырман өзінің кім екенін айна қатесіз көріп отырады. Қа­һар­ман да, жағымпаз да, қорқақ, ез де, сатқын да өзін таниды. Әдебиеттің ғажайыбы да, құдіреті де осында.
– Әр маманның қоғамда атқа­ра­­тын міндеті болады десек, әде­биеттің бүгінгі замандағы жаңарған міндеті қандай?
– Әдебиеттің міндеті өзгерген жоқ. Ананың ұрпаққа деген өз жауапкершілігі сияқты әдебиеттің де қағидасы өзгермейді. Адамзат – жетім! Сол жетім жаратылыстың жанына үңілу әдебиеттің үлесінде. Адамның жанын азаптан арашалай алатын құдірет – Әдебиет!
– Адамзатты жетім деуіңізге не себеп?
– Жетпіс мың періште құрмет көрсетіп, тақ үстінде тәж киіп, жәннәттық болған Адам ғ.с.-нің бәрінен жұрдай қалып, сақтан десе сақтана алмай, қорған десе қорғана алмай біліске азғаны, жұпарынан айырылып, жағымсыз иіске назаланып жетпіс жыл жы­лағаны, Қабылдың Әбілді қызға­ныштан өлтіргені, туған баласы Қабылды өз қолымен жазалауы, Адам ғ.с.-ның тағдыр-тауқыметін­дегі жетімдік, қорған­сыз­дық емей, немене? Тақ үстінде отырып, түр­меге түсу де оңай, азғынға алда­нып, қасірет қамытын кию де оңай, байлық пен даңққа таласқан ұрпақтың берекесі болмауы да оңай, ажалға көрінген дерттің түбі ал­май қоймасын көру де оңай. Осы­дан шығар… Бар болуы да, жоқ болуы да өзіне еш байланысты емес.
– Адамзатты азаптан арашалай ала­тын нәрсе иман емес пе?
– Әлбетте!
– Қазір оқырман үшін қандай та­қырып қызық деп ойлайсыз?
– Қазақ әдебиетінде жазы­латын тақырыптар өте көп. Бағы­мызға қарай өтпелі, қиын, саяси кезеңдерді өткеріп жатыр­мыз. Бұл жазушылар үшін жеміс беретін кезең. ХІХ ғасырда орыс әдебиеті­нің қарыштап дамуына осындай кезеңнің әсері болды. Әдебиеттегі жаңа көзқарас, қалыптасу, жаңа­лық тудырды. ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінің дамуына Пушкин, Лер­монтов сынды ірі тұлғалардың әсері өте күшті болды ғой.
– Шығарма сахнаға шыққанға дейін жазушыға тиесілі, одан соң режиссерге тиесілі деген пікірге қалай қарайсыз?
– Шығарма тек жазушыға тие­сілі. Шығарманы суреткер туғы­за­ды, кейіпкер де суреткер қиялы­ның жемісі. Талантты режиссер сол шығарманы өз биігінен құла­тып алмай сахнаға жан бітіріп (актерлар еңбегімен) көрсете ала­ды. Бұл да өлшеусіз еңбек. Шес­пир, Толстой, Чехов режис­сер­лердің арқасында тарихта қал­ды деп айтпаған боларсыз. Оларды жүздеген, мыңдаған режиссерлер қойды, актерлер ойнады.
Өнер туғызатындар және орын­­­­дайтындар деп екіге бөлінеді. Егер орындаушы талантты бол­маса өнерді тұншықтырып ты­на­ды. Мысалы Чеховтың «Чай­ка­сын» құлатқан режиссерлер де бол­­ғанын білесіз.
– Режиссердің ролін құлди­ла­тып жіберген жоқсыз ба?
Жоқ. Шығарманың тағдыры ре­жисерге де байланысты деуімнің өзі жоғары бағалау деп түсініңіз. Ре­жиссер пьесаға не өмір бе­реді, не өлтіріп тынады.
– Шығармаларыңызды сах­на­лаған режиссер Сіздің шығар­маңыз­ды өзек етіп, Сіз айтпаған ойды айт­са қуанасыз ба?
– Автор айтпаған ойды ре­жис­сердің айтуы неғайбыл. Автор емеуірін ғана танытқан ойды ре­жиссер қоюлатып, жандандыруы ықтимал. Соның өзінде автордың мүм­кіндігіне жүгінеді. Сахналық нұс­қасын жасауда режиссер мен ав­тор келісе отырып, жұмыс істей­ді. Бірін-бірі толықтыруы да мүм­кін. Бірақ автор негізгі по­зи­ция­сынан ешқашан айнымайды, се­бебі авторлық ой, жүйе, екпін бұ­зылуы мүмкін. Бұзылса – бели­берда болады.
– «Қазіргі драматургияға не жет­пейді?» атты мақалаңызда «Кө­рерменді қалт жібермей ұстап тұра­тын аласапыран қуат бүгінгі дра­ма­тур­­гияға жетпей тұрғандай. Кө­­­­рер­­­ме­ннің сезімін ғана қытықтай­мыз, ішін қопарып, санасын өз­гертуге талпынысқа апаратын жол­ды іздемейміз», – деп жаздыңыз. Ішкі қуаттың жетпеуіне не себеп?
– Ішкі қуат – шеберлік! Дра­матургия – қызығудан гөрі, ізде­нуді талап ететін жанр. Өте жина­қы, санаға салмақ тастайтын, сөз­ге сараң, қимыл мен әрекетке тәуел­ді.
– Қазір көрерменнің сезімін қы­тықтайтын дүние көп. Олар бір-бірімен жарысқа түсуде, бұл бәйгеде әдебиеттің шабысы қалай?
– Қазіргі прозада жас жігіт­тер­дің аяқ алысы ұнайды. Тіпті таң қа­лып, қызығып оқып отырамын. Жаңа­лықтың өзі ақылға сыйымды болғаны дұрыс. Сондай жастардың қадамы қуантады. Жасыратыны жоқ, кейде жағымсыз еркіндікке де ұмтылады. Меніңше, ол алғаш­қы кезде жұрт көңілін өзіне аудару әдісі болар. Бірақ бәрібір, жала­ңаштанған сайын қасиет азайып, жиір­кеніш те туғызып жатады. Қа­зақ әдебиеті бұл кезеңнен де өтіп жатыр.
– «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масының аясында «Жаһандағы за­манауи қазақстандық мәдениет» жо­басы қолға алынғаны белгілі. Мұ­н­дағы қазақ театрының қау­қа­рын қалай бағалайсыз?
– О баста, Қазақстанның өнері мен әдебиетін әлемге таныстыруды мақсат еткен жақсы ниеттен туын­даса керек. Бірақ мұндай жобаны ат төбеліндей бір топ қана қызық­тап, аузы майланар, жер шарын аралап, ішкен-жегеніне мәз болар. Мұндай жо­балардың нақты қазақ мәдениеті мен қазақ драматур­гиясына қызмет етуі үшін жұм­сал­ған қаржы нақты көрсетіліп, ат­қарылған іс ашық талқылануы ке­рек. Әрі шетелге көрсетілетін қойылымдар Респуб­ликаның әр аймағынан жиналған мамандар­дың сараптауынан өткені жөн. Бастамасы жақсы басталып, аяғы сұйылып кететін­діктен мұндай жо­баларға сенім аз. Сол себепті де, нақты қазақ мәде­ниетіне қазақ драматур­гия­сына, аса қатысы бар деп ойламаймын.
– Сонда, кейінгі жылдары театр­лар­да жақсы қойылым мүлде жоқ деп санайсыз ба?
– Мүлде жоқ деп айтудан ау­лақ­пын. Дегенмен аса елең ете қоярлық жаңалық көп те емес. Об­лыстық театрларда ізденіс ба­сы­мы­рақ. Талантты жас режис­серлер бар. Маңғыстауда – Гүл­си­на Мерғалиева, Солтүстік Қа­зақ­­станда – Фархат Молда­ға­лиев, жас драматургтер, талантты актерлардың ерекше ізденістері қызықтырады. Олар өз қолтаң­басын үлкен сахналарда көрсетуге лайық, мәдениетке жауапты орын­­­дар осындай та­лантты жас­тар­­дың жолын кеңей­туге күш салуы керек. М.Әуезов, Ғ.Мүсі­ре­пов, Қ.Қуанышбаев театр­ларына, орыс, неміс, корей, ұйғыр театр­ла­­рына жылына бір рет болса да, бір спектакль қоюға мүмкіндік бе­­рілуі керек.
Ә.Мәмбетов әдебиетте ең үздік таң­далған жаңа прозалық шығар­ма­ларға инсценировка жасап ұсы­на қоятын. Бірден Мәскеуге апа­ратын, міндетті түрде әйгілі театр сыншыларының рецензиялары жарық көретін, әр спектакльде әр актердің даңқы артатын. Міндетті түрде мем­лекеттік сыйлық алатын. Ешкім­нің қалтасына қаламақы салып, мақтауды сатып алмаған. Қазір ше? Қазақ театрында қазір мұндай бедел жоқ.
Дайын дүниені көшіріп қоя салу, өзге елдің қолтаңбасын қай­талау. Аудармаларды сахналау – бұл күнде ең жеңіл әдіс. Себебі, ре­­жи­сер­лік шешім де, актерлер ойыны да, сахна безендіруі де да­йын. Сөй­те тұра менмендік, дан­дайсу ба­сым. Сын айтылса теке­көзденіп шы­ға келеді. Сәтсіз сах­наланған ба­лаган, водевильдер қоғамда сын­ға ұшырап жатса да мемлекет қар­жысына шет елге сүйретіп апа­рып келеді. Шетелге шығуды қа­зақ мәдениетінің биік көрсеткіші деп таниды. Шетелге апару керек, бірақ шикі, әлсіз, сын көтермейтін шығармаларды апару­дың жөні бар ма?.. Әдебиеті мен өнері қандай деңгейде екенін көрсететін әлем­дік алаңға ортаң­қол дүниелерді апарғанда не ұтамыз?.. Дүкен ара­лап, боқша сүйрету үшін мемлекет қаржысын ысырап етуге бола ма? Мемле­кетшіл, ұлтшыл тұлға әр са­парда жаңа шағармаларды әлем­ге таныту үшін, жас таланттарға жол ашу үшін, театрлармен конт­рак­тіге отырады, келісім-шарт жа­сап іс бітіріп келеді. Ұлтты­мыз­дың талантты тұлғаларын өзге елге та­ныту үшін жанын салады. Билік те – сын! Биліктің де сұрауы бо­ла­ды.
– Актерлерден кімдерді баға­лай­сыз?
– Театрларда керемет талантты ак­­терлер бар. Ақыш Омар, Лейло Бек­назар-Ханинга, Кеңес Нұр­ла­нов, Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақ­молда, Нүркен Өте­уілов, Жан­қал­дыбек Төленбаев, Қуандық Қыстықбаев, Сая Тоқ­ман­ғалиева, Айнұр Бекмұхамбетова сынды та­лантты тұлғалар ұлттық шы­ғарма­ларымыздың деңгейін әлем театрларынан кем сомдап жүрген жоқ. Мойындау да, бағалау да қажет.
Қазақстанның имиджі үшін мемлекеттен мәдениетке қыруар қаражат бөлінеді.
2017 жылы мемлекет бюд­же­тінен қызметкерлердің іс-са­парға жиі шығуына Премьер-ми­нистр Б.Сағынтаев қатаң тиым салған болатын. Соған қара­мас­тан қазақ мәдениетіне қатысы жоқ адамдардың мемлекет қара­жа­тымен кинофестиваль­дерде жүруі де әбестік. Мәдениет сала­сын­да отырған мамандардың көп­шілігі сараптама жасауға шор­қақ. Министрліктің жария­ла­ған конкурсында бірінші орын алған қаншама драма­тургиялық, музыкалық шығар­малар бар. Озық шығармалардың сахнаға шығуын қамтамасыз етуге мүм­кін­­діктері жоқ. Аталмыш ми­нистрлікте он жылдан аса қызмет атқардым. Драматургиялық шы­ғармаларға мемлекеттік грант бөлуге алғаш ұсыныс жасап, құжаттарын әзірлеген болатын­мын. Мем­лекеттік гранттың құны он мың доллар болды. Кон­курсқа драма­тургия бойынша кәнігі мамандар түгел қатысатын. Сол жылдары Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Сұл­тан­әлі Балға­баев сынды дра­матург­тердің шығар­маларымен репер­туар қоры толықты. Қазір адамдар қызметке тағайындала сала алдымен жеке шығарма­шы­лығын жарылқаумен ғана шек­теледі. Бұл әрекет кәсіби маман ре­тінде өзіне сенімсіз, азамат ре­­­тінде қауқарсыз адамның әре­кеті деп білемін. Мемлекеттік қыз­метте мұндай әрекет жеке бас­тың қызметін шектен тыс пай­далану болып саналады. Ха­лықаралық фестивальдерге ре­жиссер, сценарист, актерлердің баруын қамтамасыз ету керек. Бұл мемлекеттік бюджеттің кө­теретін шығыны. Жеке көзқарас, тамыр-таныстыққа жол беріл­ме­гені жөн. Меніңше, мұндай шы­ғармашылық фестивальдерге мем­лекет қазына­сынан қаржы бө­лінген соң жастар көбірек қа­тысуы керек.
– Өнер атаулының о бастағы мис­сиясы ізгілікке үндеу. Ізгілікке үндеушілер көбейген сайын қыл­мыс­кер де көп. Сіздіңше мұның себебі неде?
– Өнердің ізгіліке үндейтіні рас. Өйткені таза өнер ізгіліктен туын­дайды. Бірақ өнердің маңа­йы­­на алаяқтар топтасқан кезде қылмыстың исі мүңкитіні де рас!
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.


ӨМІРДЕРЕК

РОЗА ҚАЖЫҒАЛЫМҚЫЗЫ МҰҚАНОВА

1964 жылы 14 қазанда дүниеге келген.
1987 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика фа­культетін тамамдады.
1987 жылы Орталық мұражайдың Әдебиет және өнер бөлімінде қыз­мет жасады.
1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Аударма колле­гия­сында аға редактор, 1998-2011 ж.ж. ҚР Ақпарат министрлігінде, ҚР Парламент Сенаты Хатшылығында жауапты қызмет атқарды.
2011 жылдан Қазақ Ұлттық Өнер университетінде профессор.
«Жарық дүние» (1994, «Жалын»), «Дүние кезек» (1997, «Жазу­шы») әңгімелер жинағы, «Құдірет-Кие» (2000, «Сөздік-Словарь»), «Шатыр астындағы Мен» (2008 «Жазушы»), Шығармалар жинағы 1-2 том («Қазығұрт») әңгімелері мен драмалық хикаяттары, 2014 жы­лы 1-2 том шығармалар жинағы («Арда») жарық көрді.
2001 жылы Рабғұзидің «Қисса-сүл-Әнбий-я» кітабын алғаш рет қа­зақ тіліне тәржімалады.
«Мәңгілік бала бейне», «Муза», «Мысықтар патшалығы», «Ша­тыр астындағы Мен», «Сарра», «Ешкімде кінәлі емес» драмалық туын­дылардың авторы.
2001 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Мәң­гілік бала бейне» әңгімесінің желісінде «Қызжылаған» фильмі тү­сірілді. Халықаралық кинофестивальдерде Прага, Венеция, Рига, Қы­тайда жүлделі орынға ие болды.
«Жалын» журналының Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың (1989) Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, 2011 жылы Еуропалық қоғамдастықтың ұй­ғарымымен Прага қаласында әдебиетке сіңірген еңбегі үшін Франс Кафка атындағы медалімен, 2012 жылы «Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері» атағымен, 2015 жылы ТМД Халықаралық Пар­ламент Ассамблеясы «Мәдениет пен Өнердің дамуына сіңірген ең­бегі» үшін төсбелгісімен марапатталды.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.05.2020 | 09:23

мылжыңның нақ өзі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір