Хакім алдындағы ұят
Абай тұсындағы қазақ не білімі, не ғылымы, не экономикасы дамымаған, көзі ашық адамы аз, зиялы қауымы қалыптаспаған, ғасырлар бойғы көшпеліліктен, бодандықтан есеңгіреп, қай жерінің ауырып отырғанын өзі білмейтін науқастай күн көрген, өркениеттен аулақ жүрген ел еді.
Төлен Әбдік, жазушы
Абай өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде осының бәрін дәлелдеп айтып берген. Ал бүгінгі қазақты сөз етсек, мыңдаған мектептері, жүздеген жоғарғы оқу орындары бар (олардың сапасы, әрине, жеке әңгіме), саяси, әлеуметтік институттары бар, белгілі бір дәрежеде ғылымы, өнері, әдебиеті бар, әлемдік қауымдастықпен қарым-қатынас жасап отырған мемлекеті бар тәуелсіз ел екеніміз белгілі. Сондықтан XXI ғасырдағы бүгінгі қазақты ХІХ ғасырдағы қазақпен өркениет тұрғысында салыстыра алмаймыз. Қазақ өзгерді. Баяғы надан қазақ жоқ. Бәлкім, жасық деп, қорқақ деп, өз мүддесі үшін тартысқа бара алмайды деп кінәлауға болар, бірақ бүгінгі қазақ негізінен заманның нарқы мен парқынан хабардар, түйсігі де, түсінігі де бар халық деп айта аламыз. Алайда, әр заманның өз қиындығы бар. Ол қиындықтарды жеңу үшін кешегі советтік санадан (құлдық деп те айтуға болады), рулық санадан арылған, бүгінгі заманға лайық сапалы ұлт болып қалыптасуымыз керек. Ол үшін халыққа жоғарыдан қарап ақыл айтудың қажеті жоқ. Шындықты айтсаң, жетіп жатыр. Халықты жерлеп, тепкілеп тәрбиелейміз деген заман өткен деп есептеймін. Халықты сынау совет үкіметі тұсында да жаппай әдетке айналды. Билікті сынау қиын, халықты сынау оңай. Содан кейін барлық болып жатқан келеңсіздіктерге билік емес, халық кінәлі секілді көрінді. Сол сана әлі де толық жойылды деп айта алмаймыз.
Өлшемнің түрі көп. Мәселен, Абай қазақтың оқығанын, ғылымға ұмтылғанын аңсаса, оған біршама қол жеткіздік деуге болады. Кәсіпке де қол жеткізді.Бүгінде көп адам кәсіпсіз отырса, оған қазақ халқы емес, жұмыс орынымен қамтамасыз ете алмай отырған билік кінәлі.
Бірақ дамудың екінші жағы – ішкі рухани, имангершілік, адами қасиеттердің кемелденуі бар. Адамгершілік мәселесі ең өркениетті елдерде де күн тәртібінен түспейтін құндылық. Мінеки, осы жағынан келгенде Абайдың алдында ұятты болатын жерлеріміз көп. Тоғышарлық, өтірікшілік, жағымпаздық («күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап»), екіжүзділік, пайдақұмарлық – осының бәрінен арыла алмай келеміз. Арыла алмай дейміз-ау, қайта осы қасиеттер қулығы тереңдеген, білімі молайған жаңа бір сатыға көтерілген секілді.
Парасаты мол, ақылды да талантты адамды қалайша қайдағы бір бейталант алаяқ оп-оңай жеңіп алға шығады? Себебі, парасатты адамның алдында ар-ұят, шындық, ізгілік, әділдік, обал-сауап, парыз, т.с. сияқты толып жатқан кедергілер бар. Ол одан аттап кете алмайды. Ал алаяқ оның бәрінен қиналмай бір-ақ қарғиды. Сөйтіп, алға шығады.
Бірақ бұл да мәселенің бір-ақ жағы. Алаяқ алаяқтығын істесін. Енді жақсылардың ішінен соларды қолдап, қорғап сөйлейтіндер табылған кезде тіпті не істеріңді білмейсің. Ең жаманы – ел сенген жақсылардың сатқындығы. Абайдың алдында ұяттымыз дейтін жеріміз – осы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.