«Ұлы Дала – көшпенділер әлемі»
23-24 маусымда Алматы қаласындағы «Боралдай» археологиялық паркінде «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» атты Халықаралық этно-мәдени фестиваль өтеді. Оған Мажарстан, Моңғолия, Башқұртстан, Тыва, Украина, Дағыстан, Қалмақ Республикасы, Таулы Алтай, Өзбекстан, Якутия, Бурятия, Саха Республикасы және Қырғызстан елдерінің үздік өнерпаздары қатысады.
Фестиваль бағдарламасында көшпенділердің өткен дәуіріне саяхат көріністері, викториналық ойындар, қызықты шеберлік сабақтар өтеді. Жігіттер күш сынасып, палуандар сайысқа түссе, қыз-келіншектер ұлттық тағамдарды ескі тәсілдермен дайындаудың құпиясымен таныса алады. Сондай-ақ, көрермендер арасында «Ең әдемі ұлттық киім» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады. Биылғы фестивальдің былтырғы жылғы шараға қарағанда тағы бір ерекшелігі – бәйге. Аламанның бас жүлдесіне автокөлік тігілген. Сондай-ақ, садақ ату, жамбы ату, аударыспақ, палуандар сайысынан оза шапқан үздіктер де бағалы сыйлықтарға ие болады. «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» атты Халықаралық фестивалінде: Көш шеруі, Этноауыл, Ат құлағында ойнайтын шет елдік және қазақстандық шабандоздардың сан түрлі өнері, Әлемнің және Қазақстанның ең үздік этномузыканттарының өнері, Ұлттық ойындар: бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу, асауға тұсау салу, теңге ілу, жамбы ату, Ұлттық спорт: қазақ күресі, Ұста, зергер, қолөнерші шеберлердің, ұсталардың өнері, Ұлттық тағамдарды дайындау мен қолөнерден шеберлік сабақтары, Балалар алаңы, Алтыбақан, Жастар аймағы, Құсбегілер, мергендер мен палуандар сайысы, отбасылық жарыстар, гала-концерт өтеді. Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын фестиваль аймағына жеткізу жағын да жіті қарастырыпты. «Орталық стадион» аялдамасы мен «Астана» алаңы және «Саяхат» автобекеті мен «Алатау» дәстүрлі өнер театры маңынан әр 30 минут сайын арнайы автобустар жүреді. Фестивальға кіру тегін.
Айсана ЖАҚЫПОВА.