Мақсатым – әлемдік деңгейдегі кино түсіру
Айдие АЙДАРБЕКОВ,
Нью-Йорк киноөнері
академиясының магистранты
Ол шығармашылығын кітап жазудан бастап, сценарий жазумен сабақтапты.
Қазір кино саласында бақ сынап жүр. Бұл күнде Нью-Йорк кино академиясының «Кино. Режиссура. Телевизия» мамандығы бойынша магистратурада білім алуда. Оның бірінші мамандығы техника саласына қатысты екен. Бірнеше кәсіпті серік еткен талантты жас Айдие Айдарбековпен әңгімеден Мағжан сенген жастарды тануға болады.
– Еңбек жолыңызға қарап отырып, мамандығыңыз әуелде мәдениеттен мүлде бөлек сала – техника саласы екенін көреміз. Қалай ойлайсыз, техника мен шығармашылықтың байланысы бар ма?
– Мен әрқашан гуманитарлық салаға жақын болым. Мектеп қабырғасында жүргенде де осы саладағы оқулықтар қызықтыратын. Әрине, мектеп бағдарламасынан тыс материалдарды оқуды да өте қатты жақсы көрдім. Дегенмен математика, алгебра және басқа да нақты ғылым салаларымен достаса қоймадым. Алғаш үйіміздегі компьютер бұзылғанда, мен техника әлеміне ден қойдым. Ата-анамның рұқсатымен оны ашып зерттеп, кінәрат қай жерде болуы мүмкіндігін іздедім. Бөлшектелген компьютердің алдында өткізген бірнеше күннен кейін техникаға қызығушылығым артты. Бұдан әрі компьютердің техникалық бөлігімен қоса, бағдарламалық қамтамасыз ету жағы бар. Осылайша бағдарламалаумен таныса бастадым. Осыдан келіп сайттар жасауға қызығушылық артып, технологияның дамуына байланысты мобильді қолданбаларға қарай ауыстым. Осы сфераға қызыққаным сондай, туған-туыстарым, достарым мені «программист» деп атап, компьютер мен техникаға байланысты көмек сұрауға әдеттеніп алғанын аңғармай да қалыппын. Ал мектеп бітіріп, мамандық таңдау кезеңі келгенде ата-анам техника саласына баруға үгіттеді. Шынын айтсам, ҚазҰӨУ «Шабытқа» түскім келген… Бірақ мен үшін ата-ана сөзі – заң. Сондықтан да Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығына түстім. Осы универсиеттің «Компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру» факультетінде алты жылым өте шыққанын (бакалаврдан соң бірден магистатураға түстім) өзім де аңғармай қалыппын. Бүгінгі таңда Техника және Технологиялар магистрімін. Мамандығым бойынша ірі-ірі компанияларда табысты жұмыстар істеп те үлгердім. Ештеңеге өкінбеймін. Керісінше, осындай жақсы техникалық білім алғаныма өте қуанамын. Қалай болғанда да біз қазір ақпарат пен техника ғасырында өмір сүрудеміз, әрі онсыз ешқайда да бара алмайсың. Оның үстіне сіз айтқан екі сала арасындағы шекара жойылуда. Сондықтан байланыс бар және ол күн өткен сайын анығырақ көрінуде. Өнер мен инновацияны біріктіретін заманауи стартаптар, шығармашылық қабілетті дамытатын әрі жаңа технологиялық құрылғыларды қолданатын толықтырылған және виртуалды шындық, сондай-ақ нейрондық желілер мен жасанды интеллектіні жасап шығу – бұның бәрі мына біздер өмір сүретін қызықты болашаққа әкеледі. Сондықтан өз-өзіңді ешқандай рамкамен шектемей, дамытып отыруың керек.
– Шығармашылыққа келуіңіз фэнтези жанрындағы «Спуститься с Небес» кітабын жазумен басталыпты. Ол қалай жазылған еді?
– Мен бала күнімде әкем Ұланбек Ғазизұлының арқасында өте көп кітап оқыдым. Сөресінде ең үздік әлем әдебиеттері жинақталған әкемнің бай кітапханасы болды. Әр іссапарынан келген сайын өзімен бірге қызық әрі сирек кездесетін кітаптар ала келетін. Кітаптардың ортасында өскен соң, ерте ме, кеш пе оларды оқи бастайсың… Ал олар көп болса және бәрі де жақсы кітаптар болса – онда сен уақыттар арасында адасып, реалды әлемнен басқа жаққа түсесіз, өйткені әр жаңа кітап – ол парақтаған сайын өзің үшін ашып отыратын зерттелмеген жаңа бір әлем. Оқып отырып, өзің де сол әлемнің бір бөлігіне айналасың. Менің тіпті бір уақытта бірнеше кітапты қатар оқыған кездерім болды. Бір уақыттары ата-анам алаңдап, мені сыртқа ойнап келуге қуа бастады, бірақ сонда да кітапты қойыныма жасырып, өзіммен бірге ала шығып, ашық аспан астында оқып отыратынмын. Шатырға жатып оқығанды ұнататынмын, кейде сонда ұйықтап қалып, сосын ата-анам ұзақ уақыт бойы іздейтін… Жас өскен сайын график те түзеліп, бірақ оқуға деген махаббатым суымады. Бір кездері өзім де жазуға шешім қабылдадым. Оның үстіне әкемнің мамандығы филолог болғандықтан ол салмақты философиялық шығармаларды жақсы жазады. Жан-жақты дамуыма жауапты анам Гүлнар Елешқызының арқасында түрлі секциялар мен топтарға қатыстым, тіпті «Жұлдыз» одағы ұйымдастырған республикалық форумдар мен іс-шараларға «Жас корреспондент» боп қатысып, өңірлік және аймақтық басылымдарға мақалалар жаздым. Сонда мақала ғана жазып қоймай,кішігірім әңгімелер мен өлеңдер де жаза бастадым…
«Спуститься с Небес» кітабы да кішкентай әңгімеден басталып, анығырағы – жазуға шабыттандырған түстен басталып, аяғында сол кітаптың прологына айналды. Шабыттың болмағанынан емес, бір мезетте оқып, жұмыс істеп, жазуға уақыт көп бола бермегендіктен де бұл кітапты бірнеше жыл жаздым. Мүмкіндік бола қалған жағдайда көбірек жазуға тырыстым. Кейде тәулік бойы да отырдым… Бір кітапқа жетерлік материал жиналып, ақыр аяғында дайын шығарма шыға келгенін өзім де аңдамай қалдым. Жазуды бастағанымда өзіме «20 жасымда кітап аяқталуы керек» деген мақсат қойдым. Әрине, бұған еңбекпен болса да, бірақ мақсатпен жеттім. Қазір бірнеше кітаппен қатар жұмыс істеп жатырмын. Үнемі уақыт бола бермейді, бірақ бұған уақыт бөліп, күніне бір жол болса да жаза беруге тырысамын. Тұтастай алғанда, мен бұл процессті қатты ұнатамын, тіпті уақытты да ұмытып қаламын. Құпияны айтайын – «Спуститься с Небес» трилогияның бір бөлігі. Сондықтан бұны аяқтағанымда кейіпкерлері мен оқиғалары осы туындымен байланысқан тағы да екі кітап болады. Бірақ олар жанр және рейтинг бойынша да әр түрлі болатын болады! Тезірек аяқтауға тырысамын, өйткені кейіпкерлер, сюжеттер, негізгі сәттер – бәрі де басымда тұр. Енді аяқтау ғана қалды. Жақында ол да болып қалады!
– Сүйікті жазушыңыз немесе әдеби шығырмаңыз қандай?
– Мен фантастика және фэнтезимен өстім десем де болады. Айзек Азимов, Артур Кларк, Рэй Бредбери, Джордж Мартин және Джон Толкин секілді жазушылар менің сана-сезімімді қалыптастырып, қиялымның дамуына әсер етті. Сондықтан менің ойым үнемі космос пен бұлттар арасында жүреді… Бұл жазушылардың шығармаларында бүкіл бір ғаламды жасауы үнемі таң қалдыратын… Соншалықты егжей-тегжейлі әрі шынайы ойластырылғаны сондай, соған сеніп, сонда өмір сүруді қалайсың… Мені ең басында жазуға итермелеген де осы.
Маған ең қатты әсер еткен шығарма – Джон Рональд Руэль Толкиннің «Властелин колец» трилогиясы мен «Хоббит» повесі. Ал Джоан Роулингтің «Гарри Поттерін» оқығанда алғаш рет жазушы болуды ойладым. Джордж Мартиннің «Игра Престолов» және «Песнь льда и Пламени» циклын қазір танымал сериалы шықпай тұрғанда, жасөспірім кезімде оқығанмын… Меніңше, сонда жазушы болуға нақты шешім қабылдаған сияқтымын.
Орыс әдебиетін онша ұнатпаймын. Не үшін екенін білмедім… Негізінен, Маяковский, Рождественский, Асадовтардың өлеңдері ғана ұнайды. Әрине, арасында Кир Булычев, ағайынды Стругацкий сынды фантасттар да бар… Және Сергей Лукьяненко.
Ал қазақ әдебиетін өте қатты жақсы көремін. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін әлемдік жетістік санаймын, ал оны Есенинмен са-лыстыру түбегейлі дұрыс емес. Ол екеуі бір деңгейде, ал егер маған Есенин мен Жұмабаевтың екеуінің бірінің кітабын ал десе – таңдауым күмәнсіз Мағжан Жұмабаевқа түскен болар еді.
Қазақ жазушыларының арасы-нан сүйікті үш қаламгерім – Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов және Сә_кен Сейфуллин. Бұған қоса, қазір Шоқан Уәлихановтың еңбектерін зерттеу үстіндемін – олар өте қызықты… Міне, ол шын мәніндегі көрнекті тұлға.
Айтпақшы, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Баспасөз қызметінде жұмыс істеу барысында, арасында сіздер-дің газеттеріңізді – «Қазақ әдебиетін» де оқыдым. Аға әріптесім әрі басшыларымның бірі – Талғат Көктеубаев сіздердің газеттеріңізді оқуды әдетке айналдырған.
Менің бір кітабым бар – ең сүйікті болмаса да, ең көп оқылады. Ол – Джон Уиндемнің «День Триффидов» кітабы. Неге екенін білмедім, бірақ өте көп оқығанмын… Ұнайды, бар болғаны сол. Егер мен кез келген беттен оқуды бастасам, барлығын қайта оқып шыққанша тоқтай алмаймын.
– Сізді кино саласына алып келген қандай күш?
– Кино туралы үнемі армандадым, бірақ ешқашан бұл сала мен өмірімді жалғаймын деп ойлап көрмеппін. Бір жағынан бұл заңды да – қазір көптеген жақсы әдебиеттер дереу экранизацияланады. Жазушы ретінде кітапты киноға айналдыру сынды күрделі процессті де ойладым. Бір қызығы, көптеген достарым «Спуститься с Небесті» оқып болғаннан соң фильм ретінде елестетіпті… Ал бұл салаға қатысы бар кей таныстарым кітаптың киносценарийға ұқсайтынын жеткізді. Бұл кезде мен сценарий шеберлігін оқи бастағанмын. Тез арада қызығушылығым үлкен ынтаға, сосын ұмтылысқа ұласты: түсіне алғанды кино өзіне тез тартып алады. Оқу және жұмыспен қатар сценарий жазып көрдім, қазақстандық кинематографияға кіруге тырыстым. Бірде Қазақстандағы Нью-Йорк Киноөнер Академиясының ресми өкілі Әсел Зоямен фейсбук желісі арқылы жазыса бастадым. Ал жарты жылдан кейін кенеттен дәл осы киноакадемияға Президенттің «Болашақ» стипендиясы бойынша түсіп кеттім.
Қазір, міне, Голливудта киноиндустрияны оқып жүрмін. Барлық нәрсені үйренуге тырысамын, барлық шараға қатысып, тәжірибе жинап жүрмін – Қазақстанда да әлемдік деңгейдегі кино түсірілгенін қалаймын. Бұл менің негізгі арманым мен мақсатым. Осыған бар күш-жігерімді саламын.
– Ең үлкен арманыңыз бүкіл әлем қызығатын сапалы қазақстандық кино жасау екен. Әрине, болашақты болжап болмайды. Әйтсе де, сіз армандаған фильм қандай болмақ? Қиялыңызбен бөліссеңіз.
– Иә, қандай жоба сәтті шығарын білмейсің – оның үстіне, интернет арқылы әлемдегі оқиғалар мен тұлғалар бір-ақ сәтте танымал бола шығатын үрдістер жүріп жатыр. Бірақ мен салмақты кино түсіргім келеді. Авторлық немесе арт-хаус емес, керісінше кең аудиторияға арнап жасау, өйткені режиссер ретіндегі менің миссиям – өзім үшін емес, ең бірінші кезекте көрермендерге арнап кино түсіру. Менің салмақты дегенім – ол міндетті түрде драма немесе тарихи кино емес, комедия да салмақты болуы мүмкін. Бұл жерде басты назарда әдіс, өйткені кино қазіргі заманғы салмақты өнер және оған салмақпен келу керек.
Әрине, Қазақстанды әлемге кино арқылы ашқым келеді. Біз мемлекет, ұлт ретінде өте жас әрі амбициялы ұлтпыз. Жақын арада бүкіл әлем құлақ асады деп ойлаймын! Бұл уақыт та алыс емес, егер мен болмасам, онда 18 миллион қазақстандықтардың арасынан біреуі осыны жасайтынына күмәнім жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым БАТЫР.