Жастар әлеуметтік бастамаға үн қосты
Елбасы бес әлеуметтік бастама көтерген соң көп ұзамай «Жас Отан» жастар қанаты «Елбасының бас бастамасы» атты видео байқау жариялаған еді. 14 наурыз бен 4 мамыр аралығында еліміздің әр аймағындағы жастар бұл байқауға көптеген роликтер жолдаған. Жуырда байқаудың қорытындысы белгілі болды.
Елордада өткен байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Қазақстанның әр қаласынан жастар жиналды.
1-орынды Алматы қаласының жоғары оқу орындарының бірінде дизайн пәнінің оқытушысы Айжұлдыз Абыкеева иеленіп, сыйлыққа Canon 7d Mark фотокамерасын алды. 2-орын мен электронды стэдикамды Қарағанды Мемлекеттік университетінің 1-курс студенті Бердібек Қазығұлов иеленді. Астана қаласының Ішкі істер департаментінің маманы Ерболат Орымбаев 3-орынға берілген DJI Osmo камерасын ұтып алды. Ол жоғары оқу орындарында жатақхана жетіспеушілігі туралы әлеуметтік ролик түсіріп, оқ бойы озық шықты. Ал Динара Құрманғожина сыйлыққа GoPRo экшн-камерасын алды. Байқаудың басты мақсаты – жастарды Елбасы жариялаған әлеуметтік бастамалармен таныстыру. Нақтырақ бастаманың тұрғын үй бағдарламасы, білім беру гранты мен жатақхана, салық cалу мәселесі, шағын және орта бизнесті дамыту, еліміздің барлық аймақтарына көгілдір отын тарату сынды бағыттарына көңіл бөлу. Марапаттау рәсімінің соңында ұйымдастырушылар жеңімпаздарға шығармашылық табыс тілеп, сыйлыққа алған техникалармен түсірілген сапалы видеоларды күтетіндерін жеткізді.