Облыс орталығы – ТҮРКІСТАН
22.06.2018
1244
0

19 маусым күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы»
Заңына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.

Жарлыққа сай бұл өңір бұдай былай Түркістан облысы деп аталады. Тари­хи құжатқа қол қойған Мемлекет басшысы Оң­түстік Қазақстанның еліміздегі эконо­ми­калық, көлік-логистикалық, демографиялық әлеуеті зор аймақ екенін, биыл халқының саны миллионға жеткен Шымкент шаһарында облыстағы өнеркәсіп өндірісінің 60 пайызы шоғырланғанын айта келе Түркістан атауының тарихына тоқталды. Президент өз сөзінде: «Түркістан – Қазақ хандығының ордасы бол­ған, рухани тағлымы мол тарихи мекен. ХХ ғасырдағы қазақтың біртуар азаматтарының сая­си күресі де Түркістан атауымен тығыз бай­ла­нысты болғанын білеміз. Бұл қала Ұлы Жібек жолы бойында орна­лас­қан үлкен өркениет орталығы. Тек қазақ елі­нің ғана емес, бүкіл түркі жұртының зиярат жа­сайтын қастерлі орны. Оның рухани өмі­рінде Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің үлкен ор­ны бар. Қаланың тоғыз жолдың торабында орна­ласуы сыртқы және ішкі туристер үшін өте қо­лайлы. Сондықтан қай жағынан алсақ та об­лыс орталығы болуға әбден лайық!», – деді.
Осы орайда, Қазақстан Жазушылар одағы мен қалың қаламгерлер қауымы осынау игі бастаманы бір ауыздан қолдай отырып, Қожа Ахмет Иассауи бабамыздан бастап, қаншама әулие-әнбиелер, хандар мен би-шешендер, батыр-баһадүрлер жерленген түбі бір түркі жұртының рухани түпқазығы, Орта Азия мен еліміздегі ең көне шаһарлардың бірі – Түркістанның облыс орталығы боп бекітілуімен Алаш жұртын шын жүректен құттықтайды. Ежелден руханият ордасы, һәм бірлік бесігі болған өңірдің рухани әлеуетінің бұ­дан әрі де арта түсуіне әр ақын-жазушы өз үлесін қоса бермек.


Мағжан ЖҰМАБАЕВ

ТҮРКІСТАН

Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Киелі Түркістандай жерде туған,
Түріктің тәңірі берген несібі ғой.

Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер өткен.

Арыстан елге отан болған Тұран,
Тұран да қазағым да хандық құрған.
Қазақтың қасқа жолы Қасым ханы,
Тұранның талай жерін билеп тұрған.

Бұл Тұран – ежелден-ақ Алаш жері,
Тұрансыз тарқамаған Алаш шері.
Тұранның топырағында
тыныштық тапқан,
Алаштың арыстаны – Абылай ері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір