Арманы биік асыл ер
01.06.2018
1486
0

Мархабай Ааматовтың Қантөре Тоқтомаматов жайлы «Өмір өрнегі» атты кітабын оқығанда туған ой

Білім қалар артыңда.
Ғұмыр сырғанап жоғалар.
Махмұд ҚАШҚАРИ.


Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері

Өмір – Алла тағаланың адамға берген сыйы ғана емес, қатал сыны да. Бұрылысы мен бұралаңы көп, күрмеуі қатты өмірдің тар жол тайғақ кешуінде қиналсаң да сыр бермеу, майыссаң да сынбау шарт. Бұл айтуға оңай болғанмен қиынның қиыны. Алты атанның өзіне де ауыр мұндай жүкті ар алдында, өзін дар алдында тұрғандай сезінетін жаны таңғы шықтай таза, еменнің безіндей берік, аса қайсар, асқан қайратты Азамат қана көтере алады. Бауырлас Қырғызстанның шоң ақыны, ҚР Президентінің Мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, «Шығармашылық жетістіктері үшін» сыйлығының иегері, Қырғызстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Мархабай Ааматов түзген «Өмір өрнегі» атты көлемімен ғана емес, көтерген жүгімен де, көркемдігімен де аса салмақты кітабын оқығанда арманы биік асыл ер, қырғыз бен қазаққа ортақ перзент Қантөре Тоқтома­ма­товтың жарқын бейнесі көз алдыңа келеді. Жақсының жарығы қазақ ғылымына да түскен, содан да ол Қазақстан Республикасының аймақтық Менеджмент Академиясының академигі болып сайланған.
Еңбек жолын Жалал-Абад қаржы басқармасында бас инспектор болып бастаған Қантөренің алдында биліктің биік баспалдағымен өрлейтін жол бар еді, алайда ол билікке емес, білімге арнады өзінің саналы өмірін. Өзі оқыған Жалал-Абад университетінде еңбек жолын қатардағы ұстаз болып бастаған Қантөре 1979 жылы Ленинград қаласындағы В.А.Вознесенский атындағы «Экономика» Институтында ғылыми еңбегін сәтті қор­ғап, экономика ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атақ алды.
«Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» депті Леонардо да Вин­чи. Сол сөздің айқын бір айғағы Қантөре көп ұзамай док­торлық диссертациясын да үлкен жеңіспен қорғап шықты. «Өмір ойын да, ермек те емес, өмір ауыр еңбек» (И.С. Тургенев) екенін өз өмірімен дәлелдеген Қантөре көрген қиындық та аз емес. Сондай сындарлы сәттерде Қантөре Уинстон Черчилдің: «Пессимист видит трудности при каждой возможности, опти­мист в каждой трудности видит возможности», – деген сөзіне сүйе­неді. Қиындық деген – қайрақ, оған қаңылтырды жанысаң кетіледі, болатты жанысаң жетіледі. Табиғатында қайсар, күрескер Қантөре қиындықта кетілмеді, жетілді. Өзі оқыған Жалал-Абад университетіне ректор болып тағайындалған алғашқы қиын жылдарда Қырғызстанда бірінші болып сырттан инвестиция тартты.
Көнекеден бүгінге жеткен, әркез ескере жүрер бір есті сөз бар: «Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді» (Сенека). Ертеден егіз ел – қырғыз бен қазаққа ортақ перзент Қантөре Тоқтомаматовтың еңбек пен күреске толы өнегелі өмірі соның айқын бір дәлелі. Оның саналы өмірін «Өмір өрнегі» атты кітабында кемел ой, кестелі тілмен келісті кестелеген Мархабай Ааматовтың еңбегі қай мадақ, қандай құрметке де әбден лайық!
Қайырымдылықтан асқан
қасиет жоқ.
Біле білсең шапағаты
барларың,
Сүйген құлы боларың һақ
Алланың, –
деп жазылған Құранның 3-сүре, 14 аятында. Қантөре Тоқто­ма­матовтың өзге де жақсы қасиеттерімен бірге аса қайырымды болғанын да Мархабай Ааматовтың «Өмір өрнегінен» оқып, білдік.
Профессор, академик Қантөре Тоқтомаматов Қырғыстан ғы­лымын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, Жалал – Абад уни­верситетін әлемдік биік деңгейге көтерген, Жоғору Кенешке депутат болан көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Сол еңбегі ескеріліп, қайтыс болғаннан кейін, 70 жасқа толған мерей­тойына орай өзі көп жыл ректор болған Жалал – Абад университетіне ҚР Президентінің Жарлығымен Қантөре Тоқтомаматов есімі берілді.
«Өмір өрнегі» атты кітаптың сәтті шығуының бірнеше се­бебі бар. Осы аса салмақты, салиқалы еңбектің авторы Мар­хабай Ааматов – санқырлы талант.
Ол көрнекті ақын ғана емес, керемет, керім көсемсөзші. Жауапкершілік жүгін жақсы сезінген ол «Құм ішінен алтын», шөмеле шөптен ине іздегендей күндіз-түні тыным таппай аса көп ізденген. Қантөре жүрген жолдармен жүріп өткен, оны білетін адамдармен әңгімелескен, архивтерді парақтаған, өз кейіпкерімен кездескен, сырласқан, сірә да естен кетпейтін сәулелі сәттерін тебірене еске алып, жазу столында дауыл күнгі теңіздей толқыған, тебіренген. Автордың тағы бір тапқырлығы – кемел ой, кестелі тілімен өрілген еңбегін Қанторе Тоқто­ма­матов жайлы ебегін оны жақсы білетін замандаста­рының, бірге жұмыс істеген әріптестерінің, тілегі, жүрегі бір туыстарынының әсерлі естеліктерімен шебер көмкерген.
Кітаптағы саналуан сурет – фотолар да Қанторе сынды сымбаты бөлек, сыры терең, тұғыры бөлек тұлғаның бекзат бейнесін жарқырап шыққан күндей аша түскен.
Терең теңіз тартылмайды, терең білім сарқылмайды. Қантөренің өнегелі өмірі соған айқын айғақ.
Кітап авторы Мархабай Ааматов талант қой. Табиғи талант пен жанкешті еңбектің жемісі бұл кітап.
Мархабай Қантөре Тоқтомаматовтың жан дүниесін ашар кілтті дөп басып, дәл тапқан. Ол кілт – кейіпкер рухымен сырласу!
Сол сырсандықты Сіз де ашып қараңыз. Өкінбейсіз!

Алматы шаһары.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір