Қабанбай рухы тағы да жаңғырды
Әйгiлi «Ақтабан шұбырынды» қасiретi жаңа туындымен тарих сахнасында тағы да бой көрсеттi.
ҚР Ұлттық кiтапханасында осы тақырыпқа отыз жыл тер төккен белгiлi ақын Зейнолла Тiлеужановтың «Тоғанай Т» баспасынан шыққан «Қаракерей Қабанбай» атты романының тұсаукесерi өттi.
Кiтаптың редакторы – Талғат Айтбайұлы. Шараны кiтапхана директорының ақпараттық ресурстар жөнiндегi орынбасары Мөлдiр Махаббатқызы ашып, ақынның 75 жасқа толуы аясында жасалып жатқан ұжымның iс-шараларымен таныстырып өттi. Оның ауқымдысы – Н.Дәулетова атындағы залдағы ақын шығармашылығын насихаттауға арналған көрме едi.
Бас жағы «Қашқын» тарауымен басталып, автордың «Қаракерей Қабанбайдың соңғы соғысы» дастанымен аяқталатын тарихи шығарманың тұсауын кесу Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары, «Дарын» Мемлекеттiк Жастар сыйлығының иегерi, ақын Бауыржан Жақып пен ҚР Мемлекеттiк сыйлығының иегерi, жазушы, драматург Сәбит Досановқа жүктелдi. Б.Жақып өз сөзiнде бұл көлемдi туындының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына лайық шығармалардың қатарына жатқызылып, комиссия талқысына ұсынылғанын мәлiмдесе, әрiптесiне шапан жапқан С.Досанов сол сыйлыққа демеушiлiк жасауға да әзiр екендiгiн жасырмады. Сондай-ақ, олар шығарманың мазмұны мен көркемдiк қырына да тоқтала кеттi. Бұдан кейiн сөз алған шоқантанушы Назарбек Қанапияұлы, филология ғылымының докторы, профессор Дандай Ысқақов шығармадағы тарихи жер атауларына, оқиға деректерiне арнайы мән бердi. Ал белгiлi публицист Жұмат Әнесұлы, этнограф Данияр Әлбозым, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерi Әдiлғазы Қайырбеков, ақын Әбетхан Тоқтағанов, аудармашы Нәбиболла Жүнiсбай, айтыскер ақын Серiк Қалиев, тағы басқалар автордың әдебиеттегi алар орны мен азаматтық қырын да әңгiмеге арқау еттi.
Ақын мерейтойына арналып, жуырда Қазақстан Жазушылар одағында өткен шығармашылық кеште өз марапаттарымен құрмет көрсеткен Халықаралық Жазушылар одағының төрағасы Қайрат Дүйсен және оның өкiлдерi Насиха Кенжина (Ресей), Болат Бопай сынды белгiлi қаламгерлер құттықтау тiлектерiн жеткiздi.
Ақтамбердi, Бұқар, Үмбетей, Саршуаш, Құрбанғали, Мәшһүр Жүсiп, Зейнолла Сәнiк, т.б. жырға қосып, жазушы Қабдеш Жұмадiлов романға арқау еткен Қабанбай бейнесi бұл кiтапта өлеңмен де, сөзбен де сипатталды. Кештi Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегерi, ақын Аманғазы Кәрiпжанәулетi жүргiздi.
Ақерке КӘРІПЖАН.
Алматы қаласы.