Қаланың да өз мінезі бар
Анар ӘБЖАНОВА,
суретші, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі
ҚазҰӨА республикалық мемлекеттік мекемесінің
мектеп-интернат мұғалімі.
Шығармашылық адамдары өзгелерге қарағанда өмірдің қайғы-қасіретін, қалтарыс-бұлтарысын, тіпті өзін қоршаған табиғат әлемін мүлде басқаша реңкте қабылдайды және оның сол сипатын басқаларға да дәл сондай ұғындырып, таңдай қақтырады. Ал шығармашылықпен айналыспайтын қарапайым жандар үшін айналаны бұрынғыдан да сұлуырақ, мейірімдірек қалыпта көре білу өнер адамдарының туындысынан алған әсерден кейін ғана ма? Бір анығы, саф туындыны тудырған шығармашыл жанның қасиетті қарындашы өмірді ізгілендіріп көруге итермелейтіні. Шығармашылықпен айналысатындардың бәрі бірдей адамды дәл осындай әсерге бөлей қоймас. Арасында саусақпен санарлықтары ғана жүрекке жол тауып, адамзатты шуаққа шомылдырады. Ондай ізгі жандардың екі айқын қасиеті – талант пен еңбек. Осы екі қасиет тумысынан ана сүтімен бойына дарыған кейіпкеріміздің есімі – Анар. Ол – өзгелерден бөлек. Ол – ерекше. Ол – дүниеге тілсіз боп келе тұра, адам баласы әлі күнге дейін сөзбен сипаттап бере алмайтын көріністерді бейнелеген туындыларымен әлемді тамсантып үлгерген жас суретші.
Елбасы былтыр қолға алуды тапсырып, биыл да жалғастыруды ұсынған «100 жаңа есім» жобасы бойынша талантпен тілдескен едік.
– Сурет салумен қашаннан бастап шұғылдандыңыз?
– Анамның айтуынша, тәй-тәй басып жүре бастағаннан-ақ мен қарындашқа үйір болыппын. Ал үш жасымда қабырғаға, ақ парақтың бетіне суреттер сала бастаппын. Бала кезімнен сурет салғанды ұнататынмын, тіпті сол кездің өзінде өзімнің болашақта суретші болатынымды сезгендеймін. 1998 жылдан, 12 жасымнан бастап суретшілер Алексей Уткин мен ГаБо Кусаиновтар басқаратын саңырау балаларға арналған бейнелеу өнері студиясында оқыдым. Бұлардан тәлім алу мен үшін өте қызық болды. Олар маған өнердің жұмбақ әлеміне жол ашып, жер жаһандағы көптеген қылқалам шеберлерімен таныстырды. Студияда өте көп балалар болды, бірақ олар кетіп қалды. Ал мен осында қалып, жеті жыл бойы жеке дайындаған, қатал ұстазым болған Алексей Уткинмен достасып кеттім. Мен одан кескіндеме өнерінде жетістікке жетудің құпиясын үйрендім. Сондықтан да көп уақытымды студияда, оның жұмысын бақылаумен өткіздім. Мен одан жұмысыма қатысты көптеген сыни ескертпелер естідім де. Және туындыны қалай тудыруды Уткиннен үйренгім келетінін ұқтым. Шыбыт пен потенциалды ашуда одан асқан ұстазды әлі кездестірген жоқпын.
2004 жылы Т.Жүргенов атындағы Қаз ҰӨА колледжінің студенті атандым. Саңыраулығыма қарамастан олар менің шебер жұмыстарыма таңқалды, бірақ сөйлейтін өзге де жастардың арасында оқуды әрі қарай жалғастыруыма күмәнмен қарағанымен, колледжді үздік бітіріп шықтым. Өйткені, ГаБо Кусаиновтардың көмегімен Италияның Рим қаласындағы саңыраулардың халықаралық көрмесіне алғаш қатысқан болатынмын. Біз бірге барып қатысып, басқа да суретшілермен тәжірибе алмастық. ГаБо маған 2006 жылы өткен алғашқы жеке көрмемді ұйымдастыруға моральдық қолдау көрсетті. Маған шебер тәлімгерлерді жібергені үшін тағдырыма ризашылық білдіремін.
Одан әрі қарай өз жолымды тапқым келді. Күн-түн демей еңбек еттім. Колледжді тәмамдағаннан кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына түсіп, онда Өмірбек Жұбаниязов пен Қанафия Телжановтың жетекшілігіне бардым. Осы уақытта Астанада алғаш рет 2006 жылы «Жұлдыз» мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығының Бірінші фестивалінің «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша Гран-Приін жеңіп алдым. Ал екі жылдан кейін XI Халықаралық «Шабыт» жастар шығармашылық фестивалінің Гран-При иегері атандым (2008 жылдан бастап). Студенттік жылдарымда Академия қызметкерлерінің қолдауымен көптеген конкурстар мен көрмелерге қатыстым. Мені ондағы ең титулды студент деп санайтын.
– Кез келген суретшінің өзіндік қолтаңбасы бар. Сіз не салғанды ұнатасыз және оның көмегімен адамзатқа нені ұқтырғыңыз келеді?
– Алматы мен Астана қалаларының пейзажын салғанды жақсы көремін.
Өйткені, көшедегі перспективаларды үйлерімен, ағаштарымен, парковкадағы машиналарымен және адамдарымен бірге қатты ұнатамын. Қалалық орта ауа-райына, уақытқа, жарықтандыруға және жағдайға байланысты үнемі өзгеріп отырады. Адамдар сияқты қаланың да өзінің мінезі мен ауыспалы көңіл-күйі бар. Міне, дәл осыларды мен ұстап қалуға және шығармашылығыммен жеткізуге тырысамын. Бұған қоса, маған таудың пейзажы мен гүлдерді салған ұнайды. Мен табиғат эскиздерін сызамын, ал шеберханада композициялар, жарық пен түстерді ауыстырып, қиялыммен тақырыпты аяқтап жатамын. Егер менде бірдеңе жетіспейтінін сезсем, бақылаумен толықтырамын да кенептегі нақты көріністі өзгертемін. Мен суретті өзгелер бір нәрсені сезінуі үшін емес, өзім сезінуім үшін саламын. Мәселен, Алматы не Астананың пейзажы бойынша жұмыс істеп жатқанда көз алдымда детальдары бар беймәлім кеңістік, мақсат тұрады (мәселен, ағаш, машина, адам, дүкен). Бұл жердегі ең бастысы – жалпы тон. Барлығын жалпы көре алған кезіңде мақсатқа жетесің.
– Ұстазсыз шәкірт болмайды деген сөз бар. Өнерге баулыған ұстазыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Өнерге жолымды ашқан алғашқы ұстазым – Алексей Уткин. Ол да саңырау әрі мылқау суретші. Ленинградта оқуын аяқтаған. Ол маған өнер әлемінің есігін ашты, жұмыс істеуге үйретіп, табиғатқа, адамдарға және оның талантына таңданып қарауға үйретті.
– Алдағы уақытта қандай жұмыстар атқармақ ойдасыз? Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Мен өз өміріме әсер ететін жоспарларым туралы айта алмаймын. Мүмкіндік болып тұрған күннің өзінде, алдағы жұмыстарым жөнінде мақтанғым келмейді. Іске асатын жоспарларымды құпияда ұстаймын. Ең бастысы, неге жетемін және нені армандаймын. Алайда бір жоспарым туралы айта аламын. Шығармашылық жұмысымның он бес жылдығына орай Астана мен Алматы қалаларында үлкен жеке көрмемді өткізу жоспарда бар. Бірақ оның нақты қай уақытта өтері әлі белгісіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ.