«7–20–25» халық күткен бағдарлама
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі 2018 жылдың 5 наурызында жарияланған болатын.
«Елімнің қолдауы маған жұмыс барысында зор күш-жігер берді. Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін. Сол себепті, мен бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің қабырғасынан жаңа әлеуметтік бастамалар көтеріп, халқыма Үндеу жариялағалы отырмын».
Бірінші бастамада: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» туралы көшбасшымыздың толғамы көпшілік көкейінде көптен жүрген күн тәртібіндегі мәселе.
Бұл бастамада Елбасымыз «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша, әрбір Қазақстандық баспаналы болуға бар жағдай жасалатыны, яғни, тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру мәселесі кең қамтылды. Мұнда еңбек ете, жұмыс істей жүріп пәтер сатып алғандардың алғашқы төлемі 20 пайыз көлемінде ғана болып, ай сайынғы төлем жалпы құнының 7 пайызынан аспауы ескерілген және несиені 25 жыл ішінде төлеп бітіруіне кеңшілік жасалған.
«Нәтижесінде миллиондаған қазақстандық үшін баспана алудың қолжетімділігі артады. Сонымен қатар, бұл экономиканың, шағын және орта бизнестің өрістеуіне жол ашады. Жаңа жұмыс орындарын қалыптастырады» – деп анық көрсетілген.
Екінші бастама бойынша: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту олардың салық жүктемесін азайту» арқылы жүзеге асырылуы негізделген.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен қазақстандықтарға салық жүктемесін 10 есеге дейін азайтып, 1 процент қана салық төлеттіруді ұсынды. Осылайша, төменгі жалақымен еңбек ететіндердің жалақысы белгілі мөлшере молайатынын айтты.
Мұндай шешім бойынша, «Еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, (бұл 2 миллионнан астам адам), жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады. Осы шешімді басшылыққа ала отырып Үкімет табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуі керек».
Үшінші бастама бойынша «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жайы да оңды жүзеге асырылуға бағытталған.
Елімізде 530 мыңнан астам жастар болса, олардың ішінде 30 процентке жуығы мемлекеттік грантпен білім алатындар екен.
Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін Елбасымыз бірнеше шараларды ұсынды.
2018-2019 оқу жылында жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы да 20 мың грант бөлу жоспарланып отыр. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беру жүйесіне арнайы бағытталуы тиіс.
Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары секілді мол сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, адам ресурстарына салынатын үлкен салым да назардан тыс қалмаған.
Әлемдік стандарттарға сай білім алып жатқан суденттердің тұратын орны да бүгінгі сұранысқа сай болуы қадағаланған. Сөйтіп, жоғары оқу орыдары мен колледждердің студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз етуді дұрыс жолға қою жайы талап етілген. Ол үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекешеленген серіктестіктердің біріккен қағидаларын басшылыққа ала отырып, жатақхана салуды бастауы керек.
Елбасымыз, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырды.
Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешуі мүмкін екенін айғақтайды.
Төртінші бастамада: «Шағын несие беруді көбейту» мәселесі күн тәртібіне қойылды.
Статистика бойынша 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілген. Елбасымыз 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырып отыр. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды шешім екенін атап өтті.
Бесінші бастама негізінде «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» көпшілік қозғау салып жүрген жайлардың бірі еді. Қазір еліміздің 9 облысына газ толық тартылған. Тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген.
Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр.
Елбасымыз, Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын ұсынды және оны таяу жылдар ішінде жүзеге асыруды талап етті.
Нәтижесінде, осы жоба бойынша 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, экология жақсартылмақ.
Президенттің бес бастамасы міне – осылар.
Бұл бастамалардың ішінде бірінші бастама бойынша 2018 жылдың 12 маусымында Үкіметтің «Әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің орындалуының 2018 жылғы 5 айдағы қорытындылары туралы» отырысында Ұлттық Банк жетекшісі баяндама жасады. Баяндамада: 200 млрд. теңгені — банктер 7-20-25 бағдарламасының шеңберінде таяу жылы алады. Сөйтіп, оны ипотекалық кредиттеуге жұмсайды. Болашақта бұл сома 1 трлн. теңгеге жеткізілмек. Бұл банктердің ипотекалық портфелінің ағымдағы көлемін 2 трлн. теңгеге дейін, екі есе көбейтуге мүмкіндік береді.
200 млрд. теңгені банктер 5 жылға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатын банктердің облигацияларына инвестициялау бағдарламасы шеңберінде алады. Облигацияларды орналастыру нарық ойыншыларының міндетті тепе-тең қатысуын болжайды. Сондықтан банктер тарту сомасын екі есе арттырады. 1,2 трлн. теңгені – банк секторының тұрақтылығын арттыру бағдарламасына қатысушы банктер береді. Бүгінгі күні 865млрд. теңге қайта қаржыландырылды. Оның ішінде 170 млрд. теңге қаражатқа жаңа кредиттер берілді. 654 млрд. теңгені банк секторының тұрақтылығын арттыру бағдарламасының 6 шеңберінде банктер 15 жылға қарыз алды. Ол таяу уақытта кредиттеуге жіберілуі мүмкін.
1 трлн. теңгеге Казкоммерцбанк Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алды. Бұл қаражатты банк кредиттеу үшін босатады.
Тұтастай алғанда,банк секторының тұрақтылығын арттыру бағдарламасы, 7-20-25 бағдарламасы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облигациялық бағдарламасы шеңберіндегі жаңа қарыздарды қосқанда банктердегі ұзақ қордың жалпы сомасы алдағы бір жарым екі жылда 3,5 трлн. теңгеге ұлғаяды. Бұл көрсеткіштер бір жағынан ұзақ кредиттік ресурстарды жеткілікті ұсынуды қамтамасыз етсе, екінші жағынан – экономикадағы инфляциялық қысымның күшеюін болдырмайтынын айтты.
Жанар АДЫРБАЙ,
ХАТУ университетінің
1 курс студенті.