Батырлар жыры – балалардың жүрегінде
Әбіш Әділбеков
Бала кезінен домбырасын қолынан тастамаған, халықтық жыр-термелерді жастайынан бойына сіңіріп өскен біздің бүгінгі кейіпкеріміз – заңгер, прокуратура органының зейнеткері. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында «Ғасырлар үні» атты диск шығарып, үш ғасыр аралығында ғұмыр кешкен бірқатар ақын-жыраулардың шығармаларын жыр тілімен жырлаған екен. Екі бөлімнен тұратын бұл дискке Абылай ханның өмірінің бір кезеңі енген дастан, Саршуаш жыраудың Қабанбаймен араздасу жыры, Райымбек батыр дастаны секілді тарихи жырлармен қатар, бодандық қамытын киген кездегі оқиғаларды суреттейтін «Бодан болдық жат жұртқа», «Ел үріккенде» (1916 жыл), «Үркін» (Қарқара көтерілісі), 1932 жылдағы аштықты суреттейтін, т.б. бірқатар жыр-термелер енген. Қазақ жыршылық өнері туралы, термешілік дәстүрі жайлы сұхбатымыз төмендегідей жалғасты…
– Еліміздің бірқатар өңірлерінде прокуратура органында лауазымды қызмет атқарған екенсіз. Заң саласында еңбек етіп жүрген адам, біздің ойымызша, қаталдау болып келеді. Өйткені, сіздер қатыгездікті көресіздер, адам жанының ең көлеңкелі тұстарын анық байқайсыздар. Қаталдау ортада жүріп, өнерді тастамауыңыздың, өнерден алыстамауыңыздың себебі неде?
– Дұрыс айтасыз, жұмыс барысында біз кісі өлтіргендерді, кісі зорлағандарды, қулық-сұмдықпен айналысқандарды тергейміз, олардан сұрақ-жауап аламыз. Адам жанының ең қараңғы қалтарыстарына бойлаймыз. Қаныпезер, қаны сұйық адамдарды да көбірек кездестіресің. Тіпті, адам баласынан түңіліп кететіндей жағдайларды көзбен көріп жүресің. Бірақ солай екен деп, ізгіліктен күдер үзуге болмайды ғой. Мейірім, сүйіспеншілік, жылылық, махаббат – бұл өмірде бар және жоғалмауы тиіс сезімдер. Ал оны жоғалтып алмау үшін сәулелі дүниеден алыстамауың керек. Өзгелер мұны қалай істейтінін білмеймін, өзімнің жүрегім қарайып бара жатқан сәттерімде домбыраны қолға аламын. Қазақы ән мен жыр, термелер менің шаң қона бастаған жүрегімді шайып тұратындай әсерде боламын. Неге екені, әрбір адамның жаны жүдеген сәтте, жүрегі шаттыққа толған кезде, жанары мейірімге шүпілдеп тола бастаған кезде, жәй ғана, ыңылдап салар өз әні, өз жыры – өз құпиясы бар шығар деп ойлаймын.
Әйтеуір бала кезімнен қолымнан осы домбыраны тастаған емеспін. Қызметтегі адалдық – сенің азаматтығыңа сын болса, саған берілген өнерге деген адалдық та – сондай емес пе?
Жыршылар, термешілер мұрасын үздіксіз жинап жүруімнің, оны халық арасына кеңінен насихаттағым келетінімнің тағы бір себебі – абыз ақсақал Асқар Тоқпановтың берген батасының салмағынан болар. 1992 жылдары Сарыағашқа жолым түсті. Шипажайда кешкілік серуен құратын едім. Серуеннен қайтып келе жатсам, бір топ адам жиналып алған, бір жас жігіт ән салып отыр екен. Арасында сәнді киінген бір қария төпеп сөйлеп, елді аузына қаратып алыпты. Содан арқам қозып кетті ме, домбыраны сұрап алып, «Сары бидайдан» бастап, бір-екі әнді шырқап жібердім. «Тағы бір әнмен» бір сағаттай ән салыппын. Әлгі сәнді қария, жұмсақ жымиып: «Қайда қызмет істейсің?», – деп сұрады. Мен заң қызметкері екенімді айттым. Ақсақал маған үңіле қарады да, басын шайқап: «Бір жұлдыз сөніпті ғой», – деді. Сол ақсақал – Асқар Тоқпанов сол күннен мені қасынан тастамайтын болды. Өзі Қонаев атамызға арналған корпуста жатады. Серуенге шыққанда мені ертіп алып, қоңыр-қоңыр әңгімелерін айтады. Демалыс уақытым бітіп, үйге қайтатын болдым да, ақсақалмен қоштасуға бардым. Таңертеңгі уақыт еді. Асқар атамыз енді далаға шығайын деп, жиналып жатыр екен. Мен қайыр қош айтысуға келгенімді айттым. Ақсақал бір-екі әңгіме айтты да, «Қолыңды жай, батамды берейін», – деді. Сөйтіп, ақ батасын берді. «Жүрген жеріңде өнерді тастама, қызмет бабымен барған жеріңде, елдің ішінен өнерге лайық азаматтар болса, тауып, маған жібере бер», – деді.
Бұл оқиғадан бұрынырақ, Нұрғиса Тілендиевтің де өнерді тастама дегені бар еді. Ол кезде тіптен жаспын, студентін. «Теміртасты» айтқаныма риза болып, жеке кабинетіне шақырып алып, дәм ауыз тигізді де: «Сен бала, өнерді тастап кетіп жүрме», – дегені бар еді. Сол үлкен кісілердің маған айтқанын тапсырма деп ұқтым…
– Алайда, екінің бірі өлең айта бермейді ғой. Әке, нағашылар тарапынан әнші-жыршылар бар шығар?
– Тұқымымыздан әншілер, күйшілер, бақсылар, саятшылар көп шыққан. Әкем Баймұханбет әнші, әрі айтыскер ақын болса, анам Бүбіхан ескі жыр-қиссаларды жатқа айтатын, өзі Садықожа ақынның жақын туысы еді. Анам марқұм, не жұмыс істесе де, күбірлеп, мақамдатып жыр айтып отыратын. Әкемнен естігенім бар, шешемнен ұққаным бар, бала күнімізден Қабан жырау, Құлмамбет, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Таңжарық, Жүсіпбек қожа, Көдек, Шарғын ақынның өлеңдерін құлағымызға құйып алдық. Оқушы кезімізде мектеп сахнасынан түспедік. Студент болып жүріп университет оркестрінің құрамында болдық…
– Бала кезіңізден құлағыңызға сіңісті болған терме, жыршылық туралы қандай ой түйдіңіз?
– Терме – өсиет сөздерден тұратын көркем туынды екен. Терменің мақсаты – адамгершілік қасиетті уағыздау, адамгершілікке жат мінез-құлықтан сақтандыру, жас ұрпақты адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу екен. Ал батырлар жыры дегеніміз – елдік пен ерліктің белгісі дер едім. Көп өңірлерде қызмет бабымен жүргенде байқағаным, терме мен жыр – әлі күнге талай жанның құлақ құрышын қандырады екен. Қазақтай жыршылықты, термешілікті меңгерген халық жоқ шығар. Терме мен жыр десе, елең ете қалатын халқымыздың қанында термешілік бар-ау деп ұқтым. Жыр, терме ең алдымен ұлтыңды сүюге, өткеніңді құрметтеуге, жақсы мен жаманды айыруға тәрбиелейді екен. Өзім бала кезімнен терме, жыр, мақал-мәтел көрсем, қиып алып, жинай беретін бір әдетім бар еді. Кейін ол жырлардың қатарын мұрағаттарда отырып толтыратын болдым. Сөйтіп, бұл жырларды тыңдар құлақ бар шығар деп ойладым да, оны ел арасында жырлай бастадым.
– Мұрағаттардан, ел аузынан жинаған бұл толғауларыңыздың мақамы кімдікі?
– Мен ұстаз көрген жоқпын. Әншілікте Қайрат, Жәнібек ағаларымызды өзіме ұстаз тұтамын. Жыр-термеде бір кездері сіңісті болған әуендер, үлкен кісілерден естіген, ел арасындағы саз бен мақам құлағыңа уілдеп өзі келеді екен.
– Сіз жыр тыңдайтындар қазақ арасында көп дейсіз. Алайда, осы күнгінің балаларына төрт жол өлеңді жаттату қиын. Ал Батырлар жыры таңды таңға соғып айтатын үлкен шығарма. Балаларға сол шығарманы жаттатқызу былай тұрсын, оқытқызудың өзі ауыр. Оқыту тұрмақ, осы жырды тыңда дегенде, құлақ түріп тыңдайтындар некен-саяқ сияқты көрінеді…
– Баланың қазақы өлең-жырға жақын жүруі – отбасынан. Осы күні баланың тәрбиесін балабақша мен мектепке итеріп салатын ата-ана көп. Ондай ата-ананың өзіне тәрбие беру керек деп есептеймін. Бұл – біріншіден. Екіншіден, сол ата-ана үйге келгенде, ең болмаса жарты сағат уақытын қиып, балаға Батырлар жыры мен терменің бір үзігін шырқап берсе, шырқап беру қолынан келмей жатқан кездің өзінде, бала-шағасымен қатар отырып, сондай жыр-дастандарды тыңдауға жарты сағат уақытын қиса, балаға да, отбасыға да үлкен тәрбие, үлкен көмек болар еді ғой. Баланың құлағына ән сіңісті болуы үшін, ұлттық мақам сіңісті болу үшін ата-ананың өзі сондай тәрбие беруі керек деп есептеймін.
Мен сізге бір мысал айтайын, осы жылдың мамыр айында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Қазақстанның солтүстік облыстары, яғни Петропавл, Көкшетау, Павлодар, Семей қалаларында болып, Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін дәріптеп, университет студеттерімен, музей қызметкерлерімен кездесіп, Абылай хан, Қабанбай, Райымбек батыр дастандарын жырлап, терме-толғауларды айтып қайттым. Сол кездесуде студенттердің қазақ тарихына деген, жыр-термелерге деген қызығушылықтары ерекше болды, кездесулер өте әсерлі өтті. Жастар – біздің болашағымыз дейміз. Егер олар өз елінің тарихын білмесе олардан Отанын сүйген патриот шықпайды. Сондықтан елі мен жерінің тарихын білу оларға бірінші міндет. Ал жыр-термелерде сол тарихтың бір бөлігі айтылмай ма? Сонымен қатар, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатында осы жылдың ақпан-сәуір айларында Алматы облысының Райымбек, Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Талғар ауданы мен Алматы қаласының кейбір мектептерінде, колледждерде болып, оқушылар алдында бабаларымыздың ерліктерін жырлап, жыршылық дәстүрді насихаттадым. Онда да мектеп оқушыларының, сіз жыр тыңдамайды-ау дейтін балалардың ықыласы ерекше. Демек, балалар жыр тыңдамайды емес, тыңдайды. Тек жыр, терме тыңдау дәстүрін отбасынан қалыптастырсақ, жетіп жатыр.
Алматы қаласының қарттар үйінде де жыр жырладым. Жыр-термелерді тыңдап қариялар қалай риза болса, қарттар үйінің көпшілігі – ақсақалдардың риза көңілін көріп мен де қуандым.
– Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ғасырлар үні» атты екі дисктен тұратын үнтаспаңызға XVIII-XX ғасырларда ғұмыр кешкен ақын-жыраулардың жыр-термелері еніпті. Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен бұл мелодиялардың бүгінгі күнге берері не? Жас ұрпақ бұл жырлардан тарихи танымын ғана кеңейтіп қоймай, қандай тәлім-тәрбие алады деп ойлайсыз?
– Жазушылар одағындағы көзіқарақты ағаларымыз бен дәстүрлі ән өнерінде жүрген бірқатар замандастарымызбен кеңесе отырып шығарған бұл дискке бірқатар жыр-термелер енді. Бұдан бір жыл бұрын «Ұлт рухы» атты жыр-терме, толғаулардан тұратын үнтаспам жарық көріп, халыққа таратылған еді. Соның заңды жалғасы ретінде жарық көріп отырған осы екінші үнтаспам да халыққа жол тартты.
Бұл үнтаспа Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отырғандықтан «Абылай хан» дастанынан басталып, Қабанбай, Райымбек, Сұраншы батырлардың ел тәуелсіздігі жолындағы сыртқы жаулармен шайқастары жайлы жырлана келіп, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін қазақ халқының қырғынға ұшырап, атамекеннен ауа көшуі және 1932 жылғы ел басына түскен нәубәт – ашаршылық жайында жырмен аяқталады.
Сонымен қатар, Қабан жырау, Сүйінбай, Бақтыбай, Жамбыл, Құлмамбет, Бөлтірік, Асан, Кенен, Көдек, Шарғынның інжу-маржан термелері айтылады.
Бұл дискіме Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов: «Әбіш аталған ақындардың еңбектерін мұрағаттан, ертеректегі басылымдардан, ел аузынан жинақтаған және де әр терме, дастанға лайық мақамды да өз жанынан шығарып орындаған.
Ә.Әділбековтің басқа мамандық иесі бола тұра, бұл туындыларды терме-жыр тілімен жырлап еңбектеніп жарыққа шығаруы халқын сүйген нағыз ұлт азаматы екенін көрсетеді. Жас ұрпақтың бұдан үлкен тәлім-тәрбие алары хақ, оларды ұлттық рухта тәрбиелеудің бірден-бір тәсілі осылай болса керек. Ә.Әділбеков XVIII ғасыр мен XX ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы ақын-жыраулардың еңбектерін жыр тілімен жырлау арқылы Жетісу жыршылық мектебін жалғастырып қана қоймай, толықтырып, жаңа белеске кө-теріп, қазақ өнеріне өзіндік үлес қосып отыр. Мұндай еңбек үлкен дарын иесінің қолынан ғана келеді. Жетісу жерінде ғұмыр кешкен ақын, жыраулардың дастандары мен термелері мұндай үлгіде жинақ болып тұңғыш рет жарыққа шығып отыр. Сонымен қатар, таза талант иесі өнерге соны жаңалықтармен келетіні белгілі. Әбіш өнерге ешкімді қайталамай өзіндік үн, өзіндік жолмен және тың туындыларымен келген», – деген баға берді.
Бұдан бір жыл бұрын жарық көрген «Ұлт рухы» деп аталатын дискім туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Шәміл Әбілтай былай деген еді: «Әбіш өзінің орындау шеберлігімен, кез келген әншінің шамасы келмейтін өресі биік өнер саласы – термешілік, жыршылық дәстүрді терең меңгерген дарын иесі екенін танытқан. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте жүріп, басқа мамандық иесі бола тұра, сонау тарихтың қойнауында қалған XVII ғасырдағы жырды бүгін, ХХІ ғасырда қайта жаңғыртып, халқымен қауыштыруы Әбіштің ұлтын шексіз сүйген ұлтжанды азамат екенін көрсетеді».
Бұл дискі туралы осы екі ағамыздың пікірін келтіргенімнің өзі жеткілікті деп ойлаймын. Қазақ хандығының 550 жылдығына деген кішкене тартуым – жыр-термелерді топтастырған осы диск қой. Оны халық қалай қабылдайды, өз керегіне қалай жаратады – уақыт көрсетер.
Менің мақсатым, алдағы уақытта Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін шетел жұртшылығына дәріптеу.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қ. Серікқызы.