Ұмытылмас күндер
15.06.2018
1908
0

Соққан желдей, аққан селдей өте шығар бұл жалғанға кімдер келіп, кімдер кетпеген дейсіз. Өмір деген ұлы керуеннің көшіне ілесіп, тіршіліктің аз күнгі базарында да әркім әртүрлі ғұмыр сүреді. Әр адамның шығар биігі, түсер ылдиы бар дегендей, сан алуан тағдыр кешеді. Біреу не үшін жарық дүниеде жүргенін түсінбей өтеді, енді біреу Құдай берген қарым-қабілетін маздатып жаға алмай құр түтіндеп, төңірегінің берекесін кетіріп өтеді. Тағы бір парасы пенделік тірлікті місе тұтып, өз басының бақыты санап өтеді. Тек санаулылар ғана жарқырап, айналасына шуақ шашып, көпке шарапатын тигізіп өтеді.


Күркіреп күз, жадырап жаз ке­зе­­гі­мен алмасып, тіршілік дәп­те­рінің талай беттері аударылыпты. Желге мінсең де жеткізбейтін өткен өмір тек алға оза беріпті. Озған сайын қадірін таныта түседі екен. Өмір­дің көбі кетіп, азы қалғанда қай­таланбас, қайтып келмес күн­дерің­ді аңсап, сағынып, бір сәт көңілің ай батқандай түнеретін сәттер де болады. Амал қанша, жа­ратылыстың құдіретіне қолдан ке­лер шараң жоқ, оны өзгерту мүм­кін емес. Сонда да мың құбылған дөң­гелек дүниенің неше қилы оқиғалар тізбегіне, сан алуан өз­ге­ріс­тер ше­руі­не куә болғаныңа шүкіршілік ете­сің. Алыста қалған кездеріңді еске алғанда бұл күнде өмірден өткен, орынын ойсыратып кеткен, жүрегің сыздап көзіңе жас үйіретін аяулы жандардың бейнесі көз алдыңа тұра қалады. Олармен бірге болған шақтарың моншақтай мөлдіреп шыға келеді. Сондай асыл дос, жаны да, өзі де сұлу, өрелі аза­мат – Шаим Шаваев еді. Көзі тірі болса биыл сексеннің сеңгіріне шығар еді.
О-ой, жалған-ай! Өткен қайран дәурен-ай! Шәкең жігіттің төресі еді-ау! Ой десе ойы бар, бой десе бойы бар, пейілі кең, ақылға кемел, бек­зат жан еді.
Мен Шәкеңді сонау жетпісінші жылдардың бас кезінде телестудия­да «Әдеби-драма» редакциясында істеп жүргенімде алғаш көрдім. Ол кезде бұл редакцияны қазақтың ерен ұлдарының бірі – Сұлтан аға Оразалинов басқаратын. Білімді басшы, білікті ұйымдастырушы өзінің маңына кілең бір дарынды жігіттерді – Дүйсенбек Қанатбаев, Әділбек Тауасаров, Қажытай Ілия­сов сынды жастарды топтастырған еді. Осылардың қатарына Шәкең режиссер болып қызметке келді. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші, ұжыммен тез-ақ тіл табысып кетті. Қолға алған жұмы­сын аспай-саспай тыңғылықты тын­дырады екен. Талай режис­сер­лерге тән қызбалық, айналасын қуырып жіберетін шадыр мінез көрсетпейтін, байыппен баптап ісін атқарушы еді. Көпке бармай-ақ Шәкеңнің кәсіби режиссерлік ма­мандығымен қоса жазатын өнері бар екенін біліп алдық. Ә дегенде оның ұлтының ұйғыр екенін еш­қайсы­сымыз аңғармадық. Өйткені, майын тамызып мәнерлеп сөйле­генде не дауыс ырғағынан, не сөз саптауынан өзге ұлттың өкіліне тән белгі білінбейтін. Қазақша ағып тұр. Өзінің қазақ достары, оның ішінде жазушы-ақындар көп бо­латын. Әсіресе Асқар Сүлей­менов­пен етене жақын еді.
Сонымен не дейсіз, күнделікті бір жерде қызмет істегендіктен бе, әлде адамды өзіне еріксіз тартатын биязылығы, мәдениетімен бе, әй­теуір, әңгімеміз жарасып кетті. Сондай күндердің бірінде Шәкең менің жұбайым Бақытжан Мо­мыш­ұлымен танысқысы келетінін айт­ты. Бәкең келіссе кездесіп, әңгі­ме­лесуге құштар екенін сыпайылап жеткізді. Мен ол ниетін Бақытжанға айтып келдім. Сөздің қысқасы, Шаим Шаваев пен Бақытжан Мо­мышұлы бірінші рет біздің үйде кездесті. Құдайдың құдіреті, екеуі­нің әңгімелері сол танысқан сәттен бастап жарасып, алдағы үлкен дос­тыққа жол салғандай болды. Біраз уақыт өткен соң отбасы­мыз­бен араласа бастадық. Шәкеңнің әдемі жары Розамен танысып, алтын асықтай ұл-қыздарын көрдік.
Шәкең өз ана тілінде жазатын. Осы кезге дейін біраз әңгімелері қа­зақ тіліне аударылыпты. Ал орыс тіліне шығармалары әлі аударыла қоймапты. Совет дәуірінде жазу­шы­ның туындысы орысша шық­па­са, жолы ашыла қоймайтын заман еді ғой. Бақытжан қазақ тілінен Шераға – Шерхан Мұртаза­дан бастап біраз авторларды ауда­рып, қаламы төселген тәржімашы бола­тын. Шәкеңнің әңгімелерін ау­дару­ға ниет еткенімен ұйғырша біл­мейді. Сондықтан алдымен ол әңгі­мелерді сөзбе-сөз (под­строч­ник) аударма жасау керек болды. Шәкең сондай тікелей аударылған қарабайыр аударманы әкелді. Алайда көп сөздері түсініксіз, түпнұсқаның негізгі мәнін жоғалған сапасыз аударма екен. Ол Бәкеңе ұнамады, желкесін қасып, қабағы түсіп кетті. Мен оған: «Саспа, түп­нұс­қадан қазақшалап беремін», – дедім. Мақтанғаным емес, ұйғыр тілін бір кісідей білетінмін, ұй­ғыр­ша кітаптарды ешбір қиындықсыз оқи беремін. Өйткені үлкен жеңгем Айша – ұйғырдың қызы, менің алты жасымда біздің үйге келін боп түскен. Сол кісінің тікелей әсерімен әрі құдалардың бала-шағасымен жиі аралас-құралас ойнап жүріп, ұйғырша сөйлеп кеттім. Кейін ұйғырша кітаптарды оқып жүріп тілімді жетілдіріп едім. Қашан да өзге тілдерді білгеннің пайдасы көп. Міне, осылай үш жақты одақ­тас­тығымыз күннен-күнге беки берді.
Бақытжанның Шәкеңнен ал­ғаш­қы аударған әңгімелері әлі күн­ге дейін есімде қалыпты. «Кә­мил­әм», «Ләлә», «Квартирант», «Һаят симфониясы» деп аталатын. Бұл әңгімелердің негізгі тақырыбы жастар өміріне арналған еді. Пәк махаббатты, бүкпесіз адал қарым-қа­тынасты, ерен еңбекті суреттей­тін, рухани таза адамның қаламы­нан шыққан, ұлттық әсем мәнерде баяндалған дүниелер болатын. Әсілі, кез келген жазушының жаз­ған шығармаларынан өзі көрініп тұ­рады. Автордың ой-өресі, мінез-құлқы, дүние танымы, адамдық деңгейі дегендей…
Шәкеңнің өз тіліндегі жазған­да­ры әртүрлі жинақтарда көрініп жүргенімен жеке кітабы 1970 жылы жа­рық көріпті. Сол тырнақалды туындысымен-ақ ұйғыр әдебиетіне қаламы қарымды, табиғи таланты бар жаңа лепті қаламгер келгенін паш етіпті. Жазу мәнері, оқиғаны өр­біту әдісі, идеяны індете ашуы, ұлт­тық құндылықтарды ұтымды пайдалана білуі өз қатарынан кө-шіл­гері екенін таныта білген. Қа-ламы ұшталған сайын шеберлік деңгейі де өсіп-жетіле берген. Мұ­ның бәрі – Құдай берген дарын мен еңбекті ұштастырудың жемісі еді.
Біртіндеп орыс газет-журнал­дары Шәкеңнің тамшыдай мөлдір әңгімелерін жариялай бастады. Мұның өзі орысша оқитын оқыр­манға авторды таныстыруға үлкен септігін тигізді. Сол заманның қа­ғи­дасы бойынша бұл да творчест­волық бір баспалдақ еді.
«Жігітке жеті өнер де аз» дейді халқымыз. Шәкеңнің бір басында сол жеті өнерден аспаса кем соқ­пай­тын өнері бар екеніне жүре келе көзіміз әбден жетті. Шығыстың саз аспаптарының талай түрін нақы­шына келтіріп, шебер ойнайтын. Театр сахнасында роль де сомдапты. Драматургия саласындағы табысты дүниелері өзінше бір төбе. Әсіресе, оның «Біләл Назымы» – нағыз клас­сикалық озық шығарма, өлмес туынды. Құдайшылығымызды айтсақ, ұйғыр театры мен ұйғыр драматургиясының көркеюіне Шәкеңнің сіңірген еңбегі, төккен тері ауыз толтырып айтарлықтай мол. Мұны ұмытуға болмайды.
Шаим Шаваев пен Бақытжан Момышұлының творчестволық ынтымағы бұларды тонның ішкі бауындай жақындастырып, рухани бауыр етіп, бірін-бірі көрмесе са-ғы­на­тын қимас жандарға айнал­дырды. Шәкеңнің бірер жас үлкен-ді­гіне қарамай ылғи әзілдері жа­ра­сып, күлкілері жалғасып жата­тын. Бір жолы Шәкең «Имзасыз хәт­ләр» – «Есімсіз хаттар» деген повесін әкелгенде Бәкең досына: «Шаим-ау, сен не, анонимка жаза­тын болғансың ба?» – деп күлдіріп еді.
Өстіп жүргенде қайын атамның үйіндегі кейінгі апамыз өмірден өтіп, біз атаның қолына көшетін болдық. Мен қызметімді тастап, атаны күтуге кеттім. Бұрынғыдай Шәкеңді күнде көру мүмкін бол­мады, қарым-қатынас, отбасымыз­бен жиі жүздесу тоқтап қалды. Алайда бұл достыққа түскен сызат емес. Біздің көшіп-қонуымыз, жаңа жерге үйренісу, қалыпқа сыймайтын атаның бабын табу секілді отба­сы­лық тіршілік қамы басқа жаққа алаң­дауға мұрша келтірмеді. Жара­тылысынан текті, аса сезімтал Шә­кең мұның бәрін жақсы түсініп, тек телефон арқылы хабарласып жүрді. Ата жайлы айтылатын сан алуан аңыз-әңгімелердің әсері ме, әлде үлкен кісінің мазасын алмайын деді ме, әйтеуір, Шәкең үйге келуге име­ніп, біразға дейін жолай қой­мады. Десе де, келмеуге болмайтын себеп туындады. Мұның өзінше тарихы бар.
Кеңес заманында жазушының кітабы орыс тіліне аударылса, бір белестен өткендей жетістік еді. Ал егер Москвадан «Советский писа-тель» баспасынан шықса, қалам­гердің мерейі тіпті үстем болатын. Бұл сол дәуірдегі кез келген ұлт жазу­шыларының арманы еді. Осы жағдайды қазіргі жазушының да, әдебиеттің де құны мен беделі құлдыраған мына заманның адамы түсіне бермейді. Қалтасы қалыңдар кез келген баспадан шимай-шат­па­ғын шығара береді. Ол дәуірде та-лай сүзгіден өткен, ұтымды ойы, көрсетер үлгісі бар шымыр шығар­малар ғана орталықтан шығатын. Шәкеңнің еңбегі жанып, ұйғыр жазушыларының ішінен сол тұста Москвадан кітабын шығару мүм-кін­дігі туып еді. Мұндай сәттілікті әсте жіберіп алуға болмайтын. Шаим мен Бақытжан орыс тіліндегі кітапты дайындап, осы кезге дейінгі аударылған әңгіме, повестерді іріктеп, бас-аяғын жинақтап, оған қоса жаңа шығармаларды енгіз­бек­ші болды. Сонымен, қанша сы­пайы­лық танытқанымен, атамен жүзбе-жүз келуге сескенгенмен, Шә­кең амалсыздан үйге келді. Ал­дымен атаға кіріп, сәлем берді. Бақытжан досын әдемілеп та­ныс­тырып, өзі оның туындыларын аударып жүргенін, тағы бір айтулы жинақтың Москвадан шығу мүмкіндігі туып тұрғанын айтып, мән-жайды түсіндірді.
Кез келген адамды жалп етіп қабылдай қоймайтын атаға Шәкең бірден ұнады. Ашық-жарқын әңгі­мені өзі бастап, тіпті ұйғыр хал-қының тарихынан біраз деректерді айтып та берді. Сол күні ата Шәкең мен Бәкеңе жұмыстарының мәнді-мағыналы болуына тілек айтып, шынайы ықыласын білдірді. Кімге болсын лайықты ат қоюға шебер ата Шәкеңе «Древний народ» деп есім берді. Бұл атау кейін де оның меншігінде қалып, ата өзі өмірден өткенше Шәкеңді осылай атап кетті.
Мен бұрынғыдай Бәкеңе аудар­маға жәрдем бере алмайтын едім, өйткені атаның күтімі өте ұқып_ты­лықты қажет ететін. Оның үстіне келім-кетім кісілер, үй тірлігі деген секілді шаруалар қазір менде ес_еле­не көбейген. Сондықтан жұ­мысты сапалы және өндіріп істеу үшін Шаим өзі демалыс алды да, күнде ертемен келіп, кешке қайтып жүрді. Көбінесе түнде жұмыс істеуге дағдыланып кеткен Бәкең досы кеткен соң мені мазалайтын болды. Қазір оған мүмкіндігім шамалы екеніне қарамай, қалайда көмек­те­суімді талап етіп, өз тірлігімнен бө­ле берді. Көзінен ештеңе қалыс қалмайтын ата осыны байқаған. Байқап қана қоймай ешкімнің ойына келмейтін сөзді айтты. Сон­дағы атаның баласына айтқаны: «Бір жапырақ Зейнеп қай жағы­мызға жетеді? Одан да сен досыңды кітап біткенше осы үйде тұруға шақыр». Алғашында әзіл болар деп ойладық, өйткені атаның біреуге төзе қоюы екіталай. Сөйтсек бұл атаның шынайы шешімі болып шықты. Бәкең қуанып, Шәкең: «Бұл өзі қалай болар екен?» – деп күмілжіді. Қаламағандықтан емес, отбасымызға ыңғайсыздық туғызам ба деген қамқорлық еді онысы.
Тоқетерін айтсам, Шәкең біздің үйдің бір адамына айналды. Ара­сында бүлдіршін балаларына барып келетіні болмаса, күні-түні жұмыс­тан бас алмады. Бақытжан қандай істі бастаса да нүктесін қоймай ешқайда бұрылмайтын әдетімен Шәкеңді тырп еткізбеді. Біраздан соң Шаимның келіншегі Роза да келе бастады. Менің қарсылығыма қарамай, асүйді емін-еркін бас_қа­рып, ұйғырдың дәмді тамақтарынан жасап беріп, қолымды босатып жүрді. Ата Розаға «Восточная кра_са­вица» деп ат қойды. Шіркін, өт_кен дәурен-ай! Ол да бір өміріміздің тамаша күндері екен ғой!
Айға жуық уақыт өте кітап бітті. Ұйғыршасы – «Чимән допа», қа-зақ­­шасы – «Кестелі тақия», орыс­шасы «Цветная тюбетейка» деп аталатын жинақ дүниеге келді. Міне, осылай Шәкеңнің ең алғаш­қы орысша кітабы Москваның «Советский писатель» дейтін атақты баспасынан жоғарыдағы атаумен жарық көріп, Одақ көле_міне таралып, жақсы бағасын алды. Кейін «Цветы граната» деген қомақты шығармасы өзіміздің «Жа­лын» баспасынан 50 000 тиражбен оқырманға жол тартып еді. Бұл кі­тапты да Бәкең аударды. Айта берсем, әңгіме көп, қайсыбірін ай­тайын, бұл күнде сол екі дос та ара­мызда жоқ. Алайда олар ізсіз өш­кен жоқ, ұрпаққа үлгі болар өнегелі дүниелерін қалдырды.
Халқымызда «Перзенті қалса көзі қалды де, сөзі қалса өзі қалды де» деген дана сөз бар. Шаим Шава­ев осы сөзге нағыз лайық ерен аза­мат еді.

Зейнеп АХМЕТОВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір