Абайды аударған Қабай
25.08.2015
2280
0

Құлжа қаласында тұратын болғандықтан, Абайдың 170 жылдық мерейтойының әр елде тойланып жатқанын жақсы білемін, әрі соның ішінде жүрмін десем артық айтқаным емес. Абайдың бұл атаулы күні миллиардтар елінде қалай тойланып жатыр десек, Бейжің қаласында бір айдан астам уақыт Лушың әдебиет институтында болдым. (Лушың – қытайдың Абай сияқты классик жазушысы.) Сол әдебиет институтына Лушың атын берген.

АвторНұрболат Әбдіқадыр,
ақын

Мен сол оқу орнында білім алдым. Қы­тай орталық насихат бөлімі деген бар, тұтас мемлекеттік Жазушылар одағы бо­лып, солар бас болып 18 ұлттың қалам­гер­лерін шақырды. Соның ішінде мен де қазақ қаламгерлерімен бірге оқып қайттым. Дәл осы кезде Абай оқулары Пе­кинде өтетін болды. Ұлттар баспасының бастығы Бақытбек Тоқтасынұлы: «– Нұрболат, сен осы Абай оқуларында тұ­тас миллиардқа Абайды танытуға кү­шің­ді сал, Сібе қаламгері, үлкен аудармашы Қабайды қатыстыруға жауапты бол», – деп тапсырма берді. Ол кезде Бақытбек ағамыз Шыңжаң өлкесінде жүрген еді. Бірден келістім. Содан Қабай ақсақалдың үйінде қонақта болдық. Бірден ол кісімен сөзіміз жарасып кетті. Қабай ақсақал Сібе ұлтынан шыққан қаламгер. Сонау 50-ші жылдары Абайды хан тіліне аударды. Хан тілі деп отырғаным, Қытай тілі. Қазірге дейін 14-15-ке жуық кітабы жа­рық көрген. Ол Абайдың өлеңдерін, қара сөз­дерін, «Абай жолы» эпопеясын аудар­ған. Ол кісінің аудармасы қазір Абай мұра­жайында сақтаулы. Өзге тілге ауда­рылған кітап­тар­дың қатарында тұр. Қазір ол Пекин қала­сында тұрады, жасы 90-да. Қабай Абай дейтін үл­кен тұлғаны танып, оны миллиард тіліне аударуды ерте бастап кеткен. «Мен бар өмі­рімді Абайға арнадым» деп өзі айт­қан­дай, расында да бар өмірін Абай шығар­ма­шылығына арнап келген қаламгер. Абай­ды тек аударып қана қоймай, ол туралы зерттеу ма­қа­лалар да жазған. Бір сөзбен айт­қанда Абайды таныған.

Сонымен, Пекинде Абай оқулары өтті. Қазақстан бас елшілігіндегі қазақ азаматтармен танысып, білістік. Ең әуелі Пе­кин­дегі «Ақпарат медиаларын көбірек шақыру керек, сонда Абайды миллиардқа жақсы насихаттауға болады» деген ұсы­ныс тастадық. Бас елшілікте Болат дейтін інімізбен танысып, бұл шараға Қабай ақсақалды қатынастыратын болдық. Сонымен бірге миллиардтар еліне аударыл­ған кітаптарды әкеліп, көрмеге қойдық. Ал ол кітаптарды автордың өзінен, яғни Қабай ақсақалдан алып келуге тура кел­ді. Күн-түн демей жүгіріп жүріп, 20-дан аса кітапты кейбіреуінде тіпті бір ғана данадан қалған, 50 жылдан бері қарайғы шығып жатқан кітаптарын жеткізіп бер­дім. Абай оқулары өз деңгейінде өте тамаша өтті десем болады. Қабайдың аударма кітаптары көрмеге қойылып, оған әр елдің тұлғалары келіп қатысты. Бұл шарамыздың ішінде Қабай ақсақалдың өзі де болды. Сонымен қатар, Қабайға қа­зақ халықының атынан рах­ме­тіміз, құр­метіміз ретінде «Орталық ұлттар кітап­ханасынан» жарық көрген «Өзіміздің Қабай» деген кітапты сыйға тарттық. Бұ­ған Қабай ақсақал қатты қуанды. Кітап­тың авторы Дәулетхан Әбдібекұлы деген аға­мыз болатын. Өкінішке қарай, ол кісі 65 жасында марқұм болып кетті. Менің жақсы досым еді. Абай оқуларында бұл кітапты оқырманға тараттық. Сондай-ақ, бас елшілікке кітаптың бір данасын ұсын­дық. Сонау Орта Азия жазушыла­рының жиынында Мұхтар Әуезов біздің үлкен тұлғалы қаламгеріміз Құрманәлі Оспан дейтін ағамызға: «Көзімнің тірісін­де Абай эпо­пеясының ханзу тіліне ауда­рыл­ған кітапты көріп кетсем», – деп аманат айтқан екен. Ал жалпы, Мұхтар Әуезовтің көзі тірісінде «Абай жолы» 25 тілге ауда­рыл­ғаны анық. Содан Құрманәлі Ос­панов елге қайтып келгеннен кейін бұл аманатты Қабайға тапсырады. Қабай бірден аударғысы келіп қанша тырысса да еш­теңе шығара алмайды. Қанша үлкен аудармашы болса да. Себебі, Абай өмір сүрген өңірді, оның жүрген ізін көргісі келеді. Сөйтіп, Қабай Қазақстанға екі рет келіп, Абай жүріп өткен қазақ даласын аралағаннан кейін бұл кітапты аударып шығады.
Абай оқулары Пекин қаласында өтті. Тағы бір игі шараға мұрындық болдық. Оны мен емес, «Орталық Ұлттар баспасы­ның» ұйымдастыруымен орталық ұлттар баспасының жетекшілігінде автономиялы облыстың Тоғызтарау ауданында «Кәу­сар» атты кітап дүкені ашылды. «Кәу­сар» кітап дүкенінің ашылуына орта­лық ұлттар баспасының басшылығының тапсыруымен үш адам қатыстық. Ол биылғы Абайдың 170 жылдығымен байланысты өткізілді. Абайдың суреті, өлеңдері жа­зыл­ған үлкен тақта қойылды. Сондай-ақ, аудандық әкімшілік тікелей араласты. Сонымен қатар, «Қазақ ұлты қайткенде кітап оқитын ұлтқа айналады» деген тақырыпта отырыс өтті. Оған жергілікті қарапайым жұртшылық келді. «Кәусар» кітап дүкені көптеген кітаптарды жинал­ған жұртшылыққа таратты. Жергілікті қаламгерлер өздерінің кітаптарын «Кәу­сар» дүкеніне ұсынды, оқырмандарға таратты. Кешке қарай Абай оқулары болды. Бұл Шыңжаң өлкесінде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұл енді басқа да аудандарда жалғасын тапқалы жатыр. Абай­дың әндері шырқалды, өлеңдері, қара сөздері жатқа оқылды. Осылайша жергілікті оқырмандардың рухани сусындату мақсатында осындай жақсы шаралар өткізіліп жатқанын айтқым келеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір