Күн аспанда көлеңкелеп көңіл жүр…
Нұролла
Сағатбаев
_____________________________________________________________________
Қылау
Тыныштық аясында барлық аумақ,
Қызығып үйден шығып, бардым аулақ.
Бір түрлі жанға жайлы, жайбарақат
Жауып тұр, майда, мамық қар қылаулап.
Қылаудан жамылғандай бар маң желек,
Түр – түсі кәдімгі аппақ қардан бөлек.
Бақтағы алма, шие ағаштарын
Ойладым, бүршіктерін жарғанба деп.
Көңілдің тудырады тарлығы дау,
Жіберер жалықтырып барлық ұнау.
Жауғаны сонша көзге түспе де,
Қапысыз өсіреді қарды қылау.
Жаңадан басталмаған бар іс мүлде,
Ұзарып, қосылғандай қарыс күнге.
Шуақтың шашыраған ұшқындары,
Ойнайды жылт, жылт етіп қар үстінде.
Бұлт жоқ, төбе жақтан төніп тұрған,
Жел де жоқ жететұғын соғып қырдан.
Қыраулы қыстың салған суретіне
Ризамын тағдырыма жолықтырған.
Қашаннан мекен еткен бақ төрімді,
Өлеңім өрнектеліп сәтті өрілді.
Әр аппақ парағына қылау қонып,
Жіберді қалыңдатып дәптерімді.
Адам, ғарыш және жер
Керемет қой анау аспан көгілдір,
Күн астында көлеңкелеп көңіл жүр.
Өмір сүріп, өткізеді адамдар,
Уақыттың көбін құр.
Көк жиекпен көмкерілген етегі,
Көк пен жерде алшақтық жоқ екі елі.
Қайнап тұрған алып қазан секілді,
Тіршіліктің мекені.
Қиял самғар биігінде ұшып ең,
Жалғасады аспан жеңнің ұшымен.
Жұлдыздар да кете алмай жүр алыстап,
Жердің тарту күшінен.
Айғақталып ақиқаттың жеңгені,
Дүниені дүр сілікті, ең кемі.
Құлы болып қалды адамдар нәпсінің,
Жер нәріне сенгелі.
Дәңгеленіп он төртін де толғанда ай,
Мүмкін емес қарау оған толғанбай.
Табиғатқа тәуелділік сезілді,
Құтылатын жол қалмай.
Жырлай, жырлай шындықтың да тозды әні,
Күдіктің де қоламтасы қоздады.
Қаталдыққа тап келуде адамдар,
Күнге қолын созғалы.
Сол күйінде түскендей-ақ аспаннан,
Түрлері жоқ ешнәрседен жасқанған.
Шектен шыққан тоғышарлық, құдайдан
Қорықпаудан басталған.
Арт жағында жоқтай түгі алаңдар,
Жасалды ғой не бір сұмдық қадамдар.
Тілге, дінге билік айта бастады,
Иманы жоқ адамдар.
Істелінген әрекет жоқ бос мұнда,
Тірлігі емес дұшпанның да, достың да.
Адамдардан тазартуда жер бетін,
Айналдырып босқынға.
Жанын салып жұмсамастан күшін көп,
Тауысып қалды жердің үңгіп, ішін жеп.
Соғыс өрті тұтанады әр тұстан,
«Адамдардың игілігі үшін», – деп.
Мұрат басқа, мақсат бөлек, заң ала,
Беталысын болжатпайды замана.
Жүректерге орнамайды-ау, мейірім,
Сәуле түспей санаға.
Терезесі үйімнің
Жұлдыздары жамырап, түн жатқалы
Ұйқыдағы дүние тіл қатпады.
Таңнан хабар әкеліп қуантады,
Терезесі үйімнің, күн жақтағы.
Әуресі көп өткеннің қанша, тағы,
Күйбең тірлік күндізгі шаршатады.
Тұрғызады тыңайтып төсегімнен,
Терезеден түсетін таң шапағы.
Қанаттарын қаққанда балғын өлең,
Жеңілденіп, желпініп қалды денем.
Жүрегіме жылуын сыйлай келген
Сәулелерді қарсы алам, алдыменен.
Байлық санап кеудеме енген нұрын,
Кетеді ұстап кей-кейде менмендігім.
Шашу шашып шуақтан жан-жағыма,
Қуанышқа кенелем елден бұрын.
Жалықпадым жақсыны үйренуден,
Көңіліме толады күйде бірден.
Шұғыланы бөлмемде ұйып тұрған
Береке ме деп қалдым, үйге кірген.
Кедергілер кеткелі арадағы,
Қиялымның кеңейді тар алабы.
Таңдауындай көрінді тағдырымның
Тереземнің күн жаққа қарағаны.
Жүрек қой бұл
Жүрек шіркін соғып тұрсын, тынбасын,
Не деп дүрсіл қаққанын жұрт тыңдасын.
Батыста да, шығыста да гүрсілдің
Дауыстары шығып жатыр тым басым.
Жердің бетін желпігенше таза леп,
Әкелмесі анық басқа аз әлек.
Босқындардың тағдырына алаңдап,
Аласұрған бұл жүректе маза жоқ.
Сәбилердің көзін жасқа бұлатқан,
Аналардың жүрегін қан жылатқан.
Экраннан көрсетілген күн сайын
Дау – жанжалдың кетпейді үні құлақтан.
Бөлінгенді, бүлінгенді бүтіндер,
Қажет болып тұр әлемдік бітімгер.
Тыныштықтың шаңырағын шайқалтпай,
Түзу шығу үшін барлық түтіндер.
Тұрмайды өмір тек бір ақ пен қарадан,
Түрлі түспен қан тамырдай тараған.
Бақыттырақ болар еді бұдан да,
Жүректерін тыңдай білсе бар адам.
Тіршілік – құс, нысанасы бір оқтың,
Ұя басып ортасында тұр оттың.
Адам бар ма арашалап алатын,
Қару емес, лүпілімен жүректің.
Көре тұра шаршағанын, талғанын,
Біле тұра қауқарсыз боп қалғанын.
Санаспастан саясаттың салдары
Түсіреді жүз батпандық салмағын.
Желбіресін деп жеңістің жалауы,
Сөнген емес ізгіліктің алауы.
Ескерілмей қор болады көп жерде
Елім, деген ердің жүрек қалауы.
Онсыз-дағы кедергілер жетеді,
Босатпайды болмыстың да жетегі.
Алкеуделік алға шығып қашан да
Билеп, төстеп, есе бермей кетеді.
Шырқыраған шындық қана сенері,
Жеңсе оны өлім ғана жеңеді.
Ар, намысы үшін өмір сүреді ол,
Орындалып жатса өзінің дегені.
Сүйген жүрек құлпырады, гүлдейді,
Әсірелеу болса болсын бұл мейлі.
Махаббаттың тартқызатын азабын
Ғашық болып көрмеген жан білмейді.
Құлақ түріп әр қимылға, әр үнге,
Таратады бойға қуат, нәрін де.
Жүрек қой бұл, кешпейтінді кешетін,
Жүрек қой бұл, көтеретін бәрін де.
Жүрек қой бұл қызыл шоқтай маздаған,
Көңіл ауса, көргеннен көз жазбаған.
Жүрек қой бұл қуанғаннан дүрсілдеп,
Тар кеудені жарып шыға жаздаған.
Асау сезім
Асау сезім арнасынан асқанда,
Шабыт құсы шарықтады аспанда.
Жазылмаған жырларыма жан бітті,
Тоқтап тұрған жұмысым да басты алға.
Асау сезім алабұртты, асықты,
Тамырдағы ыстық қанды тасытты.
Салмақты ой тоқтата алмай жолынан
Ауыр мінез бола алмады басытқы.
Аласұрды, ала қашқан ағындай,
Басылмайды ол ақтарылмай, абынбай.
Өздігімен өмір сүріп үйренген,
Жүрегімнің әміріне бағынбай.
Өзі сондай көріксіз де сүйкімді,
Қызықтырмас дәл осындай сый кімді.
Ілестіріп әкетеді соңынан
Қызыл-жасыл дүниедей сиқырлы.
Асау сезім – алақұйын, арда өлең,
Жасымадым ол бойымда барда мен.
Сөз болып па шабыттың ақ құсына
Жолда жатқан жартас деген, жар деген.
Асау сезім – асқақ арман, отты үміт.
Күн астында самғайтұғын көк тіліп.
Жерде жүріп амандығын тіледім,
Найзағайға қалмасын деп соқтығып.
Асау сезім – ауыздықсыз асаудай.
Бұрылмайды бір жағына басы аумай.
Орға түсіп кетпес үшін абайлап,
Жағдайларын жасап келем, жасаудай.
Кедірлі де бұдырлы екен жолы да,
Із қалдырып барады ол да соңына.
Еркіндіктің біле түссін қадырын,
Қашан ұстап үйреткенше қолыма.
Тіршіліктің кепілі
Аспан асты әрі биік, әрі кең,
Жерге жақын жаңбырымен, қарымен.
Күннің нұры аймалайды гүлдерді,
Сәуле – саусақтарымен.
Қылығымен қызықтырған қыр елін,
Қызу жетсе көктегелі тұр егін.
Күннің нұры мейірімге бөлейді,
Адамдардың жүрегін.
Күлтеленіп көк құрақтың кекілі,
Боз беткейдің бұғанасы бекіді.
Күннің нұры жауып тұрған көктемгі
Тіршіліктің кепілі.
Қозғау салып, аяққа да, басқа да,
Үміт артты кәріге де, жасқа да.
Күннің нұры қарағанмен күлімдеп,
Бүлк етпеді тасқана.
Талайына тәнті қылып тәңірін,
Жасап жатыр жақсылыққа тән ырым.
Күннің нұры топыраққа тартады
Түскен дәннің тамырын.
Қиял самғап, арналармен ой ақты,
Қия, құздан қыран тауып тоятты.
Күннің нұры жүректерді жырлатып,
Сезімдерін оятты.
Қолмен сүртіп көкіректің күйесін,
Тазартпаса көтермейді кие сын.
Күннің нұры алды талай құтқарып,
Ажалдан жан иесін.
Керегі жоқ жасап оған іштарлық.
Шуақпенен келер бойға күш барлық.
Күн нұрынан тарайды бұл өмірге
Деген отты құштарлық.
Ізгіліктің басталуы әріден,
Ауызданған ақ уыздың нәрімен.
Күннің нұры түспей қалған кеуделер
Құр қалады бәрінен.
Қайтпай қоймас қайырымның өтемі.
Қуаныштың болмайды әсте бөтені.
Нұр қадырын білмейтіндер өмірден
Өкінумен өтеді.
Қазағым – елім
Қазағым – елім,
Орманым, далам.
Байтағым – жерім,
Қорғаным, панам.
Арманың асқақ,
Көреген жасың.
Көшіңді бастап
Келеді елбасың.
Көлдерің мөлдір,
Тауларың биік,
Күнге де сол бір
Төбең тұр тиіп.
Сындарлы ойың,
Сөздерің сара.
Дүбірлі тойың,
Дәстүрің дара.
Адамдығың бай,
Қосыла келем.
Адалдығыңдай,
Досыңа деген.
Тарауда атың
Өршіл, өр үнмен.
Татусың жақын
Көршілеріңмен.
Мұң шағып жанға
Көрмедің налып.
Қарыштап алға,
Барасың дамып.
Сырт танып білді,
Таясақ таңға.
Көрсеттің үлгі
Саясаттана.
Ақталды сенім,
Жақтала тынбай.
Жөнің бар сенің
Мақтанатындай.
Қазағым – елім,
Жарқырап көрін.
Өзіңсің менің
Бесігім, төрім.
Кезім бүл жақтар,
Сабырым кеміп.
Тегіңді сақтар,
Тамырың болып.
Желіңнен өкпек
Сәлемімді айта.
Шығатын көктеп,
Жеріңнен қайта.