Ереван: Заманауи театр тынысы
08.06.2018
2156
0

 

Заманауи театр дегеніміз не? Қа­зір әлемдік сахна өнері қайда, қалай дамып жатыр? Міне, осындай сұрақ­тар төңірегінде мәселе көтерген ІІІ Халықаралық театр форум-фес­ти­валі жуықта Арменияның Ереван қала­сында өтті.
ТМД, Грузия және Балтық елдері жас театр қайраткерлерінің басын бір шатырдың астына қосқан Форум-фестивальдің негізгі мақсаты пост­кеңес­­тік кеңістіктегі жас режиссерлер мен актерлердің, драматургтер мен теа­тр сыншыларының, сахна сур­ет­шілерінің өзара шығармашылық қа­рым-қатынас түзуіне мүмкіндік жа­сау. Форум бұл мақсатына толық қол жеткізді. Конкурстық бағ­дар­ла­маға Армения, Қазақстан, Қыр­ғызс­тан, Өзбекстан, Грузия, Украина, Мол­дова, Ресей, Беларусь елдері өн­ер ұжымдарының спектакльдері еніпті. Ал қонақ ретінде латвиялық М.Чехов атындағы Рига орыс театры мен армяндардың заманауи би өнерін таныстырған «Хореографияны да­мыту» қоры арнайы шақырылған.
Жас режиссерлердің шығарма­шы­­лы­ғын жіті назарға алып, олардың шабытын шыңдауды көздеген фес­ти­вальге келген қойылымдардың қа­рымы ерекше. Көркемдік сапасы әр түрлі болғанымен, көтерген тақы­рып­тары жағынан жақындық бар. Жас режиссерлерді бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге деген ортақ көзқарас бір мақсатқа тоғыстыра­тындай.
Форумдағы спектакльдерді толық көрген соң еуропалық және ортаазия­лық театрлардың дамуындағы тен­ден­ция­лық ерекшелік анық бай­қалды. Біріншіден, ресей, белорусь, армян, молдован, грузин, латвия, ук­раиндық спектакльдерде режиссер айтар ойын іс-әрекет арқылы жет­кізуге көп мән беретіндігін аңғардық. Олардың спектакльдерінде адамның көңіл-күйінен бұрын санасына әсер ету басты назарда тұрады. Ал, орта­азиялық қазақ, қырғыз, өзбек халық­та­рының спектакльдері сыртқы пі­шіні­мен қатар, ішкі мазмұнның эмо­цио­налды актерлік ойын, көңіл-күй арқылы жеткізілуіне көп ден қояды.
Жас режиссерлер өздері алаңда­ған мәселеге классикалық шығар­малар­ды жаңаша интер­пре­тация­лауымен, замануи драматургиямен, атап айтқанда, «жаңа драма», «вер­батим» арқылы үн қосады.

Аңыз желісін жаңғырту әрқашан режиссерлерді тығырықтан шығара­тын, өткен тарих пен бүгінгі өмір ара­сында берік байланыс барын бай­қата­тын жол. Фестиваль қонағы Рига театрының «Медея» (Еврипид) тра­ге­дия­сының сыртқы пішіні мінсіз, актерлік ойын стилистикасы таза. Қа­саң сценографиялық декорация (екі орындық пен сахна көкжиегіне тартылған экран ғана) актерлік ойынды жіті бақылауға итермелейді.
Қазіргі театрлық үдерісте мифті қайта өңдеу, заманауи тілге жақын­датып қайта аудару басым. Мәтінді заманға сай икемдеу жаңалық болма­ғанымен, қайсыбір өнер жауһарла­рына екінші тыныс беруде таптырмас құрал. Еуропа театрларындағы дра­матургия бөлімі осы жолда көп жұ­мыс істеп жүр.

Мифке деген жаңа көзқарас Бе­лорус­сиядан келген Беларусь за­ма­науи драматургиясының театры қойған «Медея синдромы» спек­-
­та­клінен де көрінді. Бұл жоғарыда айтқан мифті қайта өңдеуге деген талпыныстың жарқын мысалы. Ре­жис­сер Е.Аверкова мифтік оқиғаның сюжеті мен «Медея» синдромының көбейіп бара жатқандығына назар аударуға шақырады. Қоғамда етек алып кеткен бұл трагедияның бір ұшы әлеуметтік жағдайға қатысты екенін режиссер жан-жақты ашып көрсетеді.

Қырғыз театрының «вербатим» тәсілін қолданған «Аңыздан соң…» қойылымы аңызға жаңаша көзқарас­пен келген. Бұл жерде аңыз сылтау, желеу ғана. Қоюшы-режиссер
Ш.Диханбаев Кеңес үкіметі ыдыра­ған­нан кейінгі қырғыздардың қоғам­дық жағдайы мен әл-ауқатының сүреңсіз жақтарын таяу тарихпен (репрессия кезі) ұштастыра жеткізеді. Уақыт пен адам тағдырының байла­нысын қи­сынды өрнектеуі, жаңа театрлық тілді тасушы ретінде «вер­батим» әдісін, еуропадан келген жанр­ды жатырқа­май өз шығармашы­лығына пайдалана білуі сүйсіндіреді.

Қазақ елінің атынан қатысқан М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының «Король Лир» қойы­лымы армяндықтар мен талғам­паз еуропалықтардың да көңілінен шықты. Классикалық шығармада көтерілген әке мен бала, отбасылық қарым-қатынастың құлдырауы тақырыбы көптеген халыққа ортақ. Қазақ актерлерінің ойынындағы қызу темперамент пен сыршылдық­ты, кейіпкердің ішкі жан дүниесін аша білудегі шеберлікті шетел сын­шы­лары да мойындады. Режиссер
Е.Нұрсұлтанның өмір шындығын еш бүкпесіз көрсетудегі батылдығы мен ізденіс аясының кеңдігін баса айтты. Форумға жиналған қауым қазақ сахна өнерінің заманауи театрлық тен­ден­циялардан оқшау жатпағанын
«Коро­ль Лир» арқылы анық байқады.
Өзбекстан ұлттық академиялық драма театрының «Момо ер» («Ана – жер-ана») қойылымы моноспек­так­льге жақын. Екі актер қатысқан спектакль дәстүрлі театрдың әдіс-тәсіл­дерімен-ақ шығарманың фило­со­фиялық тереңдігін жеткізді. Тарих деп аталатын диірменнен өткен уа­қыт­ты – шеңбер ішінде шашылып жатқан сабан шөптер арқылы жет­кізеді. Қарапайым сабан мен ұлттық салт-дәстүр айшықтарын қолдану арқылы режиссер Г.Марданов көрер­мен назарын аударады. Өз елінде он­нан астам қойылым сахналап үл­гер­ген ол өз суреткерлік жолын шың­дау жолына табан тіреген.

Грузиндік К.Марджанишвили атындағы академиялық театрының «site-specific» жанрында ойналған «Катарина Блюмнің тапталған ары» атты қойылымы көрерменнің оқиғаға қатысушы ретінде әсер алуын көзде­ген. Режиссер сахналық кеңістік ұғы­мын тас талқан етіп, актерлерді берілген ойын алаңының кез келген жерінен кіргізіп-шығарып, киім ауыстыртып, жылатып-құлатып, т.б. әрекеттерді көрерменнің көз алдында өткізуге ерекше мән берген. Режиссер «Адам қоғамдық-саяси өмірдің, тіпті ойынның бір бұрандасы ғана» деген идея мен теледиадар, бейнекамера, телефон, әлеуметтік желі, т.б. бәрі де адамның өзіне қарсы шығып жатыр деген ойды жеткізеді. Актерге тек сахнада ғана емес, зал мен сахна ара­сын­да тіршілік еткізіп, көрерменді жай ғана бақылаушы деңгейінде ұс­тамай, оқиғаның куәгеріне айнал­дыра білуі режиссерлік ізденістің нәтижесі. Алдын ала арнайы ойлас­ты­рылған режиссерлік хаос біртіндеп үлкен палитралы картинаға айна­лады. Бірақ жасыратыны жоқ, көрермендердің басым көпшілігі «ойын ережесін» бұзып, кетіп жатты. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған спектакльді тікесінен тік тұрып тама­шалаушылар қатары сиреп қалды. Еуропада өз көрерменін қалыптас­тырып үлгерген бұл жанрды қолдау­шылар болашақта көбейері сөзсіз.
Украиндық «Золотые ворота» те­атры ұсынған «Наташаның арманы» атты спектаклі актерлік өнердің үздік үлгісін көрсетті. Балалар үйінде тәр­бие­ленген Наташаның алғашқы махаб­баты туралы, оның өмірмен адамдарды тануы жайын баяндайтын пьесаның өзектілігі талас тудырмай­ды. Режиссер, Украинаның еңбек сіңірген қайраткері С.Жирков пьеса-монологтың әлеуметтік астарын ашу мақсатында күрделі метафоралық шешімдерге бармай-ақ, қарапайым аяқ киімдерді кейіпкерлердің мінез-құлқын түсіндірудің, жеткізудің құралы ретінде оңтайлы пайдалана­ды. Негізгі салмақ басты рольді ой­найтын екі актрисаға түскен. Бұл шешім спектакльдің жіті дамуына негіз болған. Жеткіншектердің жаңы­­лыс баспай, оң-солын бағдар­лауға шақыратын жастар тақырыбын арқау еткен автор идеясын режиссер актерлік ойыннның көмегімен әдемі жеткізеді. Актермен жұмыс барысын­да, оның роль табиғатына енуіне дәнекерші бола білетін режиссер бұл жолы да актерлердің сахналық көңіл күйге түсуіне күш салған.
Актерлік ойындағы дуэттік үйле­сім армениялық режиссер Т.Мел­конянның «Мен мұндамын» (авторы Т.Дорст) спектаклінде байқалды. Психологиялық ауруға шалдыққан актердің өмірбаянынан сыр шертетін қойылым Татевтің дебюті. Басты рольді орындаған актер А.Караханян кейіпкердің жан-дүниесіндегі тебі­реніс қылын нәзік шертіп, актерлік шеберліктің шыңына көтерілді. Құ­дай берген ғаламат актерлік қабілет пен естен шатасу арасында күй кеш­кен артистің аянышты халына ортақ­таспаған көрермен қалмады. Режис­сер театрлық шектеулерден (сахна рампасы, жарық беру, түсіру, сцено­графия, т.б.) аттап, өзгеше пішін та­бу­ға құлшынғанымен айтар ойын жеткізуде тиянақ жетпей қалды.
Мәскеулік А.Пушкин атындағы театрдың «Гардения» вербатимінің көркемдік деңгейі биік. Етек-жеңі жинақы, пішіні мен мазмұны үйлес­кен қойылымдағы режиссер С.Сер­зин­нің еңбегі ерен. Заманауи бей­нелеу құралдарын, атап айтсақ, бейнекамера, микрофон, жайма экран, т.б. қолдану арқылы өткен күндердегі оқиғаға бүгіннің үнін береді. Қойылымға қатысқан актри­салар квартеті (А.Урсуляк, А.Ле­бе­дева, Э.Мирэль, Н.Рева-Рядинская) шетінен шебер. Төрт әйелдің шы­найы тарихына құрылған өмірбаян­дық естелікті түсінікті етіп әңгімелеп берді. Актрисалар ойынындағы әр кейіпкердің шынайылығы Шәкәрім­ше айтсақ, «Артық алу, не кем салу­ды» байқатқан жоқ.
Ал молдовандықтардың «Қара жәшік» қойылымы («Geneza art» тәуелсіз театры) бала күнінен бірге өскен төрт достың бір-біріне деген қарым-қатынасы арқылы қазіргі қо­ғам­дағы замандастарымыздың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік мә­се­ле­лерін көрсеткен. Режиссер Д.Бур­ла­ка сахналық кеңістікті пайдалану­дың жолын ұтымды тапқанымен, тұрмыстық уақ-түйекке баса мән бе­ріп кеткендіктен сахналық оқиға қабыспай қалған. Қойылымда бірер қызықты актерлік сәттіліктер кез­дескенімен жалпы спектакльде тұтас­тық жоқ, айқын режиссерлік интер­претация оқылмайды.
Жалпы, форум-фестиваль зама­науи театрдағы жаңа тенденциялар­дың алуандығын паш етті. Бүгінгі жас режиссерлердің әлеуметтік тақы­рыптарды белсенді көтеріп отырғаны байқалады. Бірақ әркім өз идеясын әр түрлі жолдармен бірі – ешқашанда ескірмейтін классикамен, мифтермен жеткізсе, бірі сиясы кеуіп үлгермеген жаңа драматургиялық шығармаларға сүйенгенін байқадық. Жанр тазалығы сақтала бермейтін спектакльдерде пішін мен актерлік ойын стилисти­касының нақтылығы басым.
Бұл фестиваль келесі жолы Таш­кентте болмақ. Бәйгенің аты бәйге, жеңгені де, жеңілгені де бар. Ең бас­тысы ТМД елдерінің өнер ұжымдары бір-бірінің жұмыстарын көрді, танысты, білісті, болашақта бірлесіп жоба (спектакль) жасауға келісіп тарқасқандар да табылды.

Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті,
өнертану кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір