Рухы асқақтық ұрпаққа өнеге
25.05.2018
1397
0

18 мамыр – Адамзаттың ақыны дәрежесіне көтеріліп, Қазақ Елін дүниежүзіне танытқан мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, «Әлем Азаматы» көрнекті ақын, Халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің туған күні.

Ақынның шынайы да шымыр шығармалары әлемдік әдебиетте үлкен құбылыс ретінде жоғары бағаланып, рухы биік өлең-жырлары бірнеше буынды тәрбиелеп келеді. Олжас Омарұлы­ның гуманист ақын ретінде «Невада-Семей» халықаралық ан­тиядролық қозғалысына басшылық жасаған қызметі де жұрт­шылыққа жақсы мәлім. Ақынның әркездегі қоғамдағы тұрақ­тылық пен ұлтаралық татулықты, бейбітшілік пен достықты қадір­леуге үн­дейтін ой-пікірлері баршамыз үшін өте құнды.
Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында 2004 жылдан бері «Олжас Сүлей­менов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» жұмыс істейді. Қайраткер тұлға осында оқитын ауыл­дан шыққан студенттермен жиі кездесіп, әртүрлі мәдени-көпшілік, спорттық шараларға қатысып тұрады.
Студенттермен кездесулерде көрнекті ақын әдебиет пен мә­дениет, ұлттық патриотизм мен бейбітшілік мәселесі, еліміздің эко­логиялық проблемалары және жоғары оқу орындарының ха­лық­аралық білім кеңістігіне кіруі туралы пайымдауларымен пікір ал­масып отырады.
Шара аясында Олжас Омарұлы туған күні қарсаңында өзінің атымен ата­латын институтқа келіп, университеттегі әр ұлттың жастарынан құрал­ған студенттік «Достық» ассамблеясы мүшелерімен кездесіп, руха­ният тақырыбында әңгіме өрбітіп, пікір алмасты. Өнерлі жас­тар Олжекеңнің өлеңдерін әр ұлттың тілінде оқып, шығармаларынан композициялық көріністер ұсынып, көрнекті ақынның батасын алды.
Шығармашылық кездесуден кейін университеттің Спорт ке­шенінде дәстүрлі «Олжас Сүлейменов жүлдесі» үшін волейболдан ар­дагер командалар арасында ХII Халықаралық турнир тартысты өтті. Турнирді ұйымдастырушы – университет ректоры, академик Тілектес Есполов.
Олжекеңнің қол добы – волейбол ойынына құмарлығын дүйім жұрт жақсы біледі. Ақын студенттер арасында салауатты өмір сал­тының үлгісі де болуда. Оның бастауымен университетте арда­гер­лердің командасы құрылып, басқа оқу орындары мен мекеме­лердің командаларымен кездесулер өткізу дәстүрге айналған.
Биылғы турнирге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдері коман­даларымен қатар, Қазақстанның Тараз, Талдықорған, Шымкент, Қарағанды, Семей, Қызылорда қалаларының және Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің 2 ардагер волейболшылар командалары қатысуда. Қалыптасқан дәстүрді бұзбай, ақсақалдық жасына қарамастан бұл жарыстарға Олжекеңнің өзі де қатысып, шебер ойын көрсетті.
Үш күнге жоспарланған турнирдің қорытындысы бойынша Олжас Омарұлы ойнайтын Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің командасы бірінші орынды, Жамбыл облысынан келген «Ардагер» екінші, талдықорғандық «Жетісу» үшінші, Ресейлік «Ангара» төр­тінші орынды иеленді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір