Шығармашылық ұлағаты
Тәуелсіз Қазақстан Республикасы жаңа тарихының жоғары білім беру жүйесіндегі көрнекті ғалым-ұстаздардың уақыт талабына сай сапалы еңбек нәтижелері халықтың ыстық ықыласына ие болып отыр. Сондай ғалым-ұстаздардың қатарындағы Л.Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Мағжан Жұмабаев атындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі Рахымжан Сағымбекұлы Тұрысбектің ғылыми-педагогикалық шығармашылық еңбек жемістерін де өнеге ретінде айтамыз.
Аққұм кеңшарында (Жамбыл облысы, Талас ауданы) туып-өскен Р.С.Тұрысбек балалық жастық шағынан бастап оқу-ғылымның қажеттілігін, оны өмір мұратына айналдыруды ерте түсінді. Оның отбасындағы әке-шешенің әсер-ықпалы, мектептегі ұстаздарының қолдап-қамқорлық көрсеткені, замандастарының – баршасының рухани қолдауы арқасында ауыл-аймаққа қадірлі болып ержетті. Балалық, жасөспірімдік кезінен-ақ ол болашаққа зор сеніммен, үмітпен қарады. Жас кезінен-ақ оқу-білімге, өмірге құштарлығымен ерекшеленді. Әсіресе, елдік мүддеге, халық мұрасына, руханият ісіне сергек қарайтындығымен ұстаздарына, ауылдастарына айрықша танылды.
Рахымжан орта мектепті ойдағыдай бітіріп, сол жылы – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсті, оны филолог – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірді. Одан кейінгі еңбек өтілі жылдарында ҚР Баспа комитетінде, кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік мекемеде редакторлық, ҚР Білім және ғылым министрлігі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтының «Әдебиет пен тіл» кафедрасының меңгерушісі қызметтері бойынша абыройлы еңбек етті. «С.Мұқанұлының 20-жылдарындағы прозасы» (кандидаттық), «Ж. Аймауытұлы және 20-жылдардағы қазақ прозасы» (докторлық) атты тақырыптарда диссертация қорғады. Осы іргелі еңбектерінен кейін ол ұстаздық пен ғылыми-зерттеу тұтастығымен жемісті шығармашылық еңбек нәтижелерін жүзеге асырды.
1993-2005 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде, 2005-тің қыркүйегінен – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде доцент, профессор болып еңбек етіп келеді. Ұстаздық-ғалымдық еңбек нәтижелері арқылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері болды.
Р.Тұрысбек – жоғары білім беру жүйесіне арналған іргелі зерттеу еңбектерімен танымал ұстаз, ғалым. Оның «Қазақ әдебиетінің тарихы (ХҮ-ХҮІІІ ғ.ғ.)», «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1920-40 ж.ж.) пәндері мен «Ақын-жыраулар поэзиясының көркемдік әлемі», «Жыраулар поэзиясындағы фольклорлық дәстүр», «Ғылыми зерттеуді ұйымдастыру», «Ж.Аймауытұлы», «С.Мұқанов», «Қазіргі әдеби процесс» атты арнаулы курстар бойынша оқитын дәрістері әдеби-ғылыми сипаттарымен бірге бай мазмұн, мол дерек көздеріне негізделгендігімен шәкірттер көңілін баурауымен мәлім. Ғалым-ұстаздың нақты тақырыптар төңірегіндегі ізденістері, аналитикалық талдау-зерделеуі әлеуметтік қырларымен, көркемдік-рухани сипаттарымен ерекшеленеді, теориялық тұжырымдар мен мәтіндік талдаулар тұтастығындағы эстетикалық таным тағылымын танытады.
Р.Тұрысбек оқу жүйесін, оқыту ісін жетік меңгерумен бірге қоғамдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарына да белсене араласып, халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференцияларға жиі қатысып, әрі оның өз деңгейінде өтуіне үлес қосып келеді. Рахымжан Сағымбекұлы – жан-жақты шығармашылық еңбек етіп келе жатқан танымал қаламгер. Ол көптеген жинақ, кітаптар құрастырды, оқулық пен оқу құралдарын жазды. Оқу бағдарламаларын дайындап, әдеби-ғылыми кітаптар жазды.
Рахымжан Тұрысбектің аудандық («Ленин жолы»), облыстық («Еңбек туы») газеттер бетіндегі мақала, очерк, фельетондарынан бастап, бүгінгі уақыттың тыныс-тіршілігін терең танытатын проблемалық мақала, зерттеулеріне дейінгі аралықтағы өсу, есею баспалдақтары қазіргі жас толқын ұрпаққа өнеге. Әсіресе, оның туған ел-жер жөніндегі көзқарас-ықыласы, өзі туып-өскен Әулие Ата өңірі мен Талас өлкесінің аңыз-әңгімелерін, жер-су аттарын, әдеби-мәдени ескерткіштерін, сондай-ақ ұлттың рухани байлық мұрасына айналған әрі әулие, әрі батыр Қарахан, Сыпатай батыр, Бөлтірік шешен, Байзақ би, Ұлбике ақын, т.б. өмірі мен қызметіне арналған оның мол шоғырлы тарихи-танымдық еңбектері профессор Р. Тұрысбектің өткен ата-бабалар тарихын –туған жерді, байтақ Қазақ Елін – биік тұғыр санаған айырықша көзқарасын, берік сенім-сезімін де танытады, оқырмандарын азаматтық-отаншылдық ұстаныммен рухтандырады.
Ғалым-қаламгердің сұлулықтан сыр тартқан, өмір-өнерге құштар жас жүректерге тағылымды тарту – «Достық мектебі» атты кітабының (Б.Мекішевпен бірге) айтары да, рухани-эстетикалық әсері де мол. Шағын-шағын үш бөлімнен тұратын кітаптың алғашқы тарауында осыдан жарты ғасырдан астам бұрын іргесі қаланып, өнерсүйер қауымға кеңінен танымал болған Қазақ Ұлттық университетіндегі – «Жеті муза» қоғамының тағылымды істерінің өткен тарихы мен бүгінгі бет-бағыты баяндалады. Сонымен бірге кітаптың екінші бөлімінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтындағы «Қыз Жібек» атты эстетикалық клубтың игілікті істері тілге тиек етілген. Клуб мүшелері ұйымдастырған
«Рафаэль Санти», «Әйел бейнесі – өнерде», «Біз өнерді сүйеміз» тәрізді көрмелердің, «Өнердің қай түрін ұнатасың?», «Өмір мен өнер – егіз», «Сөйлеу мәдениеті мен модалар», «Би өнері» мен «Косметика, киім үлгілері және сыйластық» сияқты пікірталастар, эстетикалық көзқарастар туралы лекция-кештер, Ғ.Мүсірепов, Ш.Айтматов, сияқты көркемсөз алыптарымен, Ә.Байжанбаев, З.Қойшыбаева, В.Қармысова, Е.Хасанғалиев, Н.Нүсіпжанов сияқты өнер тарландарымен, алыс-жақыннан келген мәдениет, әдебиет пен ғылым салаларының белгілі өкілдерімен өткен кездесулер осы тағылымы мол, нәтижелі жұмыстың дәлелі бола алады.
Қаламгердің «Дүниетаным және шығармашылық» атты зерттеуінде – халық сүйген қаламгер Сәбит Мұқановтың алғашқы шығармашылық мұрасы (прозасы) жаңа қырынан – бүгінгі күн талап, тілегі тұрғысынан қарастырылған. Зерттеуші қалың көпке таныс жайларды негізгі назарда ұстаумен бірге архивтік-құжаттық деректерге, ХХ ғасырдың 20-жылдары шындығына, дәуір дидарына, уақыт сырларына жіті үңіледі, тиянақты ғылыми-теориялық тиянақты тұжырымдар жасаған. Әдебиетші-ғалым Р.Тұрысбектің кезекті кітабы – «Сөз сарасы» бірыңғай әдеби-ғылыми мақалалар топтамасынан тұрады. Қоғам, уақыт сөзі айқын. Талап пен талғам жоғары. Көзқарасы мәнді. Талдауы терең. Кітапта ХV-XVIII ғасырлардағы ақын-жыраулар мұрасына байыпты көзқарас білдіріледі, ондағы тақырыптық-көркемдік қырларға, тілдік-стильдік құбылыстарға қатысты ізденіс-жүйелер түйінді ойлармен тұжырымдалады. Қазақ әдебиеті тарихында әдеби және ғылыми шығармашылығы тұтастығымен еңбек еткен көрнекті ұстаз, қайраткер тұлғаларымыз Сәбит Мұқановтың, Қажым Жұмалиевтің көркем шығармалары мен іргелі ғылыми еңбектері зерттеушінің жаңаша бағалауымен айрықша маңызды.
Ғалым-қаламгердің әдеби-ғылыми мақалалар кітабындағы «Ақын арманы – азаттық», «Тәрбие тағылымдары» атты ізденістері халқымыз тарихындағы ақындық, шешендік өнерге үлес қосқан Ұлбике, Бөлтірік шешен секілді тұлғалардың өнердегі өмірін танып-талдауға арналса, «Ауыз әдебиеті ме, әлде халық әдебиеті ме?», «Белден басатын бес мәселе» сынды проблемаға құрылған танымдық туындылар – кеше мен бүгіннің тынысын әр тараптан ашуға арналған. Өмір шындығы мәнді. Уақыт бедері, көзқарас айқын.
Алаш ардағы – Ж.Аймауытұлы жайлы екі бөлімнен, алты тараудан тұратын «Жүсіпбек» атты монографиясы ХХ ғ. басындағы қазақ руханияты, дүниетанымы туралы сырларға толы. Монографияда
Ж.Аймауытұлының поэзиясы, прозасы, драматургиясы, психология, педагогика салаларындағы зерттеулері алғаш рет кешенді қамтылып қарастырылған.
Р.Тұрысбектің«Ар айнасы» (Екі томдық) атты әдеби-сын, зерттеу кітабында құрылым-түзілісі мен мазмұн, мұратында берік көзқарас, айқын мақсаттылық, жүйелілік секілді сипаттар кеңінен көрініс береді. Кітаптың төрт бөлімі («Ж.Аймауытұлы және 20-жылдардағы қазақ прозасы», «Көзқарас», «Жылдар жемісі», «Сұхбаттар») мазмұн-мұраты тұрғысынан бірін-бірі толықтырып, жүйелі дамып, кең өріс-арна алады. Кітап авторы қазақ тарихының даму бел-белестерін, мәдени-руханияттық мәселелерді өзіндік ерекшеліктеріне сай саралап, ортақ жайттарын, түйінді тұстарын бүгінгі күннің талап-тілектеріне, талғам таразысына салады. Бәрінен де шығармашылық ізденіс, өзіндік көзқарас, қалыптасқан қолтаңба бедері танылып тұрады. Уақыт шындығы мол. Қолтаңба мен көзқараста, ізденісте бірлік бар. Қазақ мемлекетінің құрылу тарихынан, көрші елдермен жасасқан қарым-қатынас мәселелерінен бастап Керей, Жәнібек хандардың халқымыздың ұлт ретінде танылып, одан кейінгі кезеңдердегі дамуына қосқан үлестерін, жалпы қазақ хандығы дәуіріндегі қоғамдық-әлеуметтік жағдаяттарды, ұлттық-тарихи, руханияттық мәселелері бүгінгі уақыттың талабы тұрғысынан қарастырған. Қазақ хандығы мен тарихына қатысты М.Х.Дулати, Қ.Халид, Ш.Құдайбердіұлы, М.Тынышбайұлы, С.Асфендияров, Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, т.б. қайраткер-ғалымдардың зерттеулері жүйелі, дәлелді бағаланған.
Профессор Р.Тұрысбектің «Ұлт мұраты және руханият», «Тарих. Таным. Тағылым», «Ақиқат айнасы», «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеті», «Авторлық ұстаным һәм көркемдік мұрат», «Қазіргі қазақ әдебиеті», «Көркемдік кеңістігі», «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеті», «Сырлы сөз», т.т. әдеби-ғылыми, оқулық пен оқу құралдары, көпшілік-танымдық еңбектері әр алуан бағыттардағы іргелі ізденістерімен, тақырыптық һәм жанрлық жүйесімен, көркемдік-эстетикалық құндылықтарымен, мәдени-рухани арналарымен назар аудартады. Көзқарас пен қолтаңба, жаңаша ойлау жүйесі, ізденіс арналары айқын.
Р.Тұрысбектің қоғамдық салада атқарған іс-жұмыстарының жан-жақты жарқырай көрінген тұсы М.О.Әуезов атындағы Әдеби бірлестікке, М.Жұмабаев атындағы Әдеби бірлестік пен «Алқа» студенттік клубына жетекшілік жасап, оның ішінде студент жастарға, жас қаламгерлерге, басқа да қоғамдық-рухани сипаттағы игілікті істерге жанашыр-ұйытқы болған жемісті жылдарынан анық аңғарылады. Студент жастарға, жас қаламгерлерге қамқорлық жасап келеді. Ел өміріндегі әдеби-ғылыми Һәм мәдени-рухани шаралар студент жастар арасында кеңінен көрініс тауып, тәлім-тәрбиелік мәніне көп көңіл бөлінеді. Адам Һәм маман ретінде қалыптасуына зор маңыз беріледі.
Қорыта айтқанда, мыңжылдықтар бойы қалыптасқан қазақ халқының әдеби-мәдени қазынасын қазіргі рухани жаңғырудағы Тәуелсіз Қазақстанның мәңгілік игілігіне айналдыру – бәріміздің абыройлы борышымыз. Әдеби және ғылыми шығармашылық тұтастығымен еңбек етіп, оны жас ұрпақты адамгершілік-имандылық қасиеттермен қалыптасуына арналған тәлімгерлік-тәрбиешілік қызметімен ұштастырған Рахымжан Сағымбекұлы – өнегелі тұлғалар дәстүрін жалғастырған азамат. Қазақ сөз өнерінің жаңа буын ұрпақтарын қалыптастыру жолындағы оның шығармашылық еңбек ұлағаты жаңа тарихымыздың болашақ асуларына жалғаса береді.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымының докторы, профессор, Жамбыл атындағы Халықаралық
сыйлықтың лауреаты.