Ғаламдық менеджмент мектебі Қазақстанда
18.05.2018
1423
0
Назгүл ҚОЖАБЕК,
Ұлттық аударма бюросының редакторы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қолға алынған бастамалардың өзекті де маңыздысы – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жыл басында алғашқы жемісін берді. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарында қабылданып, жыл сайын жаңа басылыммен жарық көріп келе жатқан 18 оқулық қазақ тіліне аударылып басылды. Жоба аясында әлеуметтану, психология, философия және басқа да гуманитарлық білім салаларымен қатар, қазақ тіліне экономика және менеджмент салаларының оқулықтары да аударылды.

Ірі бизнес өзегін құрайтын, да­мудың ұшар басында тұрған басқару өнері – менеджменттің тарихы мың­даған жылды қамтиды. Жыл­на­ма­ларда жазылғандай, Мысыр пер­ғауын­дары мен абыздарының өзі пи­рамида салуда менеджменттің жос­парлау, ұйымдастыру және ба­қы­лау қызметтерін тиімді қолданған екен. Александр Македонский әске­ри жорықтарында іскерлік шара­лар­ды ұйымдастыратын арнайы адам жал­дапты. Рим империясы ком­му­ни­кация мен бақылауды барынша жеңілдету үшін жақсы құрас­тырыл­ған ұйымдық құрылымды қолданған. Біздің дәуірімізге дейінгі 400-жыл­дары өмір сүрген Сократ менедж­мент тәжірибесі мен тұжырымдарын саралап, еңбегіне енгізген.
Осы айтылған мысалдардан кө­ретініміз: менеджмент – адамзат қауы­мдасып тіршілік ете бастағанда-ақ қалыптасып, үздіксіз дамып келе жат­қан өміршең құбылыс. Екі адам­ды, тіпті, отбасын басқарудың өзіне де ілкімділік керек. Ұйымды басқару, оның мақсаттары мен мүддесін ой­лай отырып, қарамағындағы қыз­мет­керлердің сапалы да өнімді жұ­мыс атқаруына мүмкіндік жасайтын, сол арқылы бүкіл ел дамуына үлес қо­сатын басшы мамандар дайындау – қай кезде де өзекті болған, бола бе­реді де. «Тиімді басқару – ғылым мен өнердің үйлесімі», – дейді «Ме­неджмент» оқулығының авторы Рик­ки Гриффин.
Рикки У. Гриффин 1978 жылы Хьюс­тон университетінде ғылым док­торы дәрежесін алғалы бері АҚШ түрлі жоғары оқу орындарында менеджмент, халықаралық менед­ж­мент, ұйымдық мінез-құлық, адам ре­сурстарын басқару пәндерін оқы­тып, осы салаларда зерттеу жұмыс­та­рын жүргізіп, оқулықтар жазып ке­леді. «Менеджмент» – ғалымның ір­гелі де күрделі еңбектерінің бірі. 1984 жылы алғаш жарық көрген оқу­лық содан бері 12 рет халықаралық деңгейде қайта басылып, үздіксіз өңделіп жетілдірілу үстінде.
Қазақ тіліне аударылған 12-ба­сы­лым мәтіні 6 бөлім,
20 тарау­дан тұра­ды. Бұл бөлімдерде менеджмент­тегі түрлі көзқарастар, ұстанымдар мен басқару тәсілдеріне шолу жа­са­лады, сол арқылы оқырман бизнес әле­міндегі қарым-қатынас сырына бой­лайды, менеджерлердің алдынан шы­ғатын қиындықтармен танысып, оларды еңсеру жолдарын меңгереді.
Қазіргі әлемдік және жергілікті ком­паниялардың басында тұрған ме­нед­жерлер қызмет барысында кез кел­ген түйінді мәселелер сала-сала­сына, қиындық деңгейіне қарай жік­­теліп сипатталады. Оларды шешу жол­­дары, онымен байланысты туын­­дайтын өзгерістер, түрлену мен даму, жетілу жолдары кей мысал­да­рымен өрнектеліп, дәйекті сөз бо­лады.
Оқулықтың басты ерекшелігі, ар­тықшылығы – соңғы жылдардағы жаһандану тенденциясын ескере отырып, соған бағыттала жазыл­ған­дығында. Компания басшыларының алдында тұрған міндеттің бірі – әлемдік экономикаға еркін араласу болса, сол жолда атқарылатын жұ­мыс­тар, мақсат қою мен жоспар­лау­дың барлық түрлері кеңінен түсін­ді­ріліп, кезең-кезеңімен сипат­та­лады.
Рикки Гриффиннің «Менедж­мент» оқулығын аудару жұмысын Нар­хоз университетінің Экономика және менеджмент жоғары мектебі, ме­неджмент кафедрасының оқыту­шы-профессорлар құрамы жүзеге асырды. Қазақстанда алғаш ашылған эко­номика институтының құрамын­да 1975 жылы құрылған «Басқару» ка­федрасының мұрагері, қазіргі ме­неджмент кафедрасы – Қазақстан­дағы басқару өнері мен ғылымын те­реңдете зерттеп, оқытып, практи­ка­лық жетекшілік жасап келе жат­қан басты ұжым.
Аударма барысында кафедра оқытушылары өз жұмысында қолда­нып келе жатқан Ресей, Қазақстан ғалымдарының оқулықтарын, Нар­хоз университетінің Экономика жә­не бизнес мектебінде әзірленген оқу-әдістемелік құралдар мен сөз­дік­тердің көмегіне сүйеніп, қол­да­ныстағы терминология мен ұғым-тү­сініктер аясын кеңейте түсті.
«Менеджмент» оқулығын ауда­рып, баспаға әзірлеу барысында жи­­нақталған терминология алда ау­да­рылатын «Стратегиялық ме­нед­жмент», «Ұйымдық мінез-құлық» және «Адам ресурстары менеджменті» оқулық­та­рын аудару барысында қолданы­лары анық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір