Шәмші фотоальбомы
ҚР Ұлттық кітапханасындағы «Нәзира Дәулетова» атындағы залда «Шәмші Қалдаяқов» фотоальбом-кітабының тұсаукесері өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы, Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясы, «ARNA-B» баспасы ұйымдастырған тұсаукесер рәсімінде ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы Өмірзақ Айтбайұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Амалбек Тшанов, жазушы-публицист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәрсенбай, жоба авторы, композитор, «Құрмет» орденінің иегері Қалдыбек Құрманәлі, Ауылшаруашылық ғылымының докторы, профессор Арыслан Асанов, «Arna-b» баспасының директоры Бақыт Ойса қатысып, Шәмші жайлы тағылымды әңгімелер айтса, Сәкен Жақсылықұлы, Тахмина Әшімбекова, Елжас Оспан сынды әншілер Шәмші әндерін нәшіне келтіре шырқады.
«ARNA-B» баспасынан шыққан, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шәмші Қалдаяқов» атты жеті бөлімнен құралған, тұңғыш фотоальбом-кітапта Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Әнұраны авторларының бірі, композитор Шәмші Қалдаяқов жайында жан-жақты мәлімет беріледі.
Ауқымды жинақтың «Менің Қазақстаным» атты алғашқы бөлімі композитордың отансүйгіштікті, туған өлкені жырлайтын әндерінен тұрады.
Фотоальбом-кітаптың екінші бөлімі «Өмір-өзен» деп аталады. Бұл бөлім – Ш.Қалдаяқов өмірінің әр кезеңдерін қамтыған тұтас фотошежіре.
«Сол бір кез есімде…» деп аталған үшінші бөлімде композитордың замандастары, кезінде онымен дос-жаран, сырлас болған адамдар Шәмші туралы өз естеліктерімен бөліседі.
Шәмшінің барша жұртқа әйгілі әндері «Шәмшінің әні» атты төртінші бөлімде әншілердің суретімен бірге мейлінше кеңінен қамтылған.
«Сарғайған суреттер сыры» атты бесінші бөлімде кезінде Шәмшімен естелікке суретке түсіп қалған немесе өз қолымен фототаспаға тартқан адамдар сол бір сәулелі сәт туралы сыр шертеді.
«Аманат» атты алтыншы бөлім уақытында композитордың тұтынған заттары мен киімдерін – пианиносын, мандолинін, мүштегін, бөркін, шапанын, тағы басқа бұйымдарын сақтап қалған жандардың жүрек жылытар естеліктерін қамтиды.
«Шәмші-мұра» атты соңғы бөлім композитор мұрасын насихаттап, зерттеп жүрген жанашыр азаматтар, олардың ой-пікір, ұсыныстары, атқарып жатқан іс-шаралары жайында баяндайды.
Фотоальбом-кітапты құрастырған – Шәмшінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуші, композитор Қалдыбек Құрманәлі.
Бұл ауқымды топтама бүкіл жоғары, арнайы орта және жалпы білім беретін оқу орындарының студенттері мен оқушыларына, сондай-ақ хас өнерге іңкәр жалпы қауымға арналған.