Жарасқанның жыр тойы
06.04.2018
1576
0
Наурыздың 31 жұлдызында Алматыдағы Республика са­райында Қазақ­стан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі мен Қызылорда облысының әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының қолдауымен көрнекті ақын, сыншы, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері, Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлықтың лауреаты Жарасқан Әбдірашұлының туғанына 70 жыл толу мерейтойына арналған «Дала, сенің ұлыңмын!» атты еске алу кеші өтті.
Шіркін-ай, сен қайдасың,
мен қайдамын,
Шыңғырсаң, даусың
жетпес шалғайдамын.
Ешкімге екі кезек бермейтұғын,
Жалғанның жалғандығын
енді ойладым, –
деп ағынан ақтарылып кеткен ақын кешін Алматы қалалық мәслихаты­ның хатшысы Қалдыбай Қазанбаев ашты.
Мерейтойға орай шығарыл­ған таңдамалы өлеңдерінің «Құлпытас» атты жыр кітабы­ның, «Сен ізде мені» атты ес­те­лік­­тер, эссе, арнау өлеңдер жи­на­ғының және профессор Ал­пыс­бай Мұсаевтың Австрия­ның Вена қаласынан шыққан, Еуро­паның 21 тіліне аударылған «Word about the poet Zharaskan Abdrashev» атты зерттеу еңбе­гінің тұсаукесер рәсіміне Қазақс­тан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет пен кітап авторы, филология ғылымы­ның докторы профессор Алпыс­бай Мұсаев шақырылды. Ұлықбек Есдәулет Ж.Әбдірашұлы­ның шығармашы­лығы туралы айта келіп, ақын­ның жары Нәзігүл Мер­ген­баева­ның иығына қаламгерлер атынан камзол жауып, гүл шоқтарын та­быс­тады. Ақын туралы заман­дас­­тары, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлы­ғы­ның лауреаты Нұрлан Оразалин, сондай-ақ Ақұштап Бақты­ге­реева, Шөмішбай Сариев лебіз­дерін білдіріп, арнау өлеңдерін оқыды.
Ақын шығармашылығы «Да­ла, сенің ұлыңмын», «Соғыстан соң туған­дар», «Сана соқпағы», «Құлпы­тас» кітаптарындағы өлең­дерінен түзілген композиция арқылы ашыл­ды. «Тамаша» тар­ландары Асыл­бек Боранбаев пен Гүлжан Қалыбаева ақынның эпиграммаларын оқып, интерме­дия­ларын орындады. Ж.Әбдір­аш­­ұлының немересі Әбілқайыр Жарасқан өзі шығарған «Аңыз» күйін шертіп берді. Қазақс­тан­ның Халық әртісі Роза Рымбаева бастаған ән­шілер ақын сөзіне жазылған әндерді көрермен қауымға тарту етті.
Қазақ поэзиясындағы «Со­ғыс­тан соң туғандар» толқыны­ның басында тұрған біртуар ақын Жарасқан Әб­ді­раш­ұлының өлең­дерін жаңа буын, жас ұрпақпен қайта қауыштырған кеш ақын­ның туған өлкесінде жал­ғасын таппақшы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір