Мініп жырдың пырағын…
21.08.2015
1650
0

акку

Бекшүкір Дүйсенсахы

 Музаны аңсау

Жүрегімнің қақпасын аш,

Қақпасын аш, Тәңірім!

Жырдан ләззат тапқаны рас

Ақындардың бәрінің.

 

Тұйықтама сезімімді,

Құлыптама кеудемді.

Жырларымды – өз үнімді

Танытайын мен де енді.

 

Бетке ап қазақ даласын кең,

Мініп жырдың пырағын.

Ай, жұлдыздың арасымен

Ақсын жүйіткіп бір ағын.

 

Қос қанатты арғымақтың,

Жармасып ақ жалына.

Өтсем керек қарғып-ақ тым

Жыр-раушан бағына.

 

Ерік берші, тұсап қоймай,

Қиялыма, ойыма.

Ақ нұрларды жұтып, қанбай

Сіңірейін бойыма.

 

Сазды әуеннің дыбыстарын,

Құйып алып зердеме.

Сайрап, шырқар жыр құстарын

Қондырайын кеудеме!

 

Шамырқанып, шабыттансын,

Ақын жанын тыңдап көр.

Шырқау көкте шарықтасын,

Ұшырайын жер-кептер.

 

Тасып ақсын жырға кеуде,

Пердесін аш, жаппашы!

Ашық тұрсын сырлы әлемге

Жүрегімнің қақпасы!

Қайыңмен сырласу

Ақ қайың, мен де өзіңмен сырласайын,

Сыбдырына жапырағыңның үн қосайын.

Сен де мендей тіршілік иесісің,

Жүрегімнің дүрсілін тыңдашы, айым!

 

Тірлікте от боп лаулап, маздаған бар,

Табаны тайып, құлай жаздаған бар,

Адалдық, ақ сезімін сақтай алмай,

Адасып жүрген, сірә, аз ба адамдар?

 

Көктей өтсем деген тау, ормандарды,

Менің де кеудемді асқақ арман бар-ды.

Беу, жастықтың буымен жеттім неге,

Білмеймін, озған озды, қалған қалды…

 

Ақ қайың, сен махаббат арымысың,

Алмасқан, әлде ақынның жанымысың?.

Қарайын мен де соның жанарымен,

Сырлы сезім, жаныңды тану үшін!

 

Ұқсатпайын десем де сені ешкімге,

Кетпейді-ау кешегі бір елес мүлде.

«Өмірдің жылап қайтқан базарынан»,

Айтшы, сен сол бір ақын емессің бе?!

 

Келдің бе бекзат болмыс, сұлу мүсін,

Дүниеге қайта өмір сүру үшін,

Сөлің шырын болғанмен, жаның мұңлы,

Әлде, өткен ғашықтардың бірімісің?

 

Махаббаттың саясы, әз қарағым,

Қай ақынның шабытын қозғамадың?

Куә болып тұрасың жан сырына,

Балауса бойжеткен мен бозбаланың!

 

Ақындар жүрегі алау, аптаптайын,

Табиғаттан ұқсастық таппақ дәйім.

Бойыңнан мен де сенің көрем ылғи,

Өмірге бір іңкәрлік, аппақ қайың!

Қазақ күйі

(Профессор Бөрі Исаға)

Дауылдатқан, ұйытқып, нөсерлеткен,

Шанағы домбыраның шешен неткен?!

Қазақтың ол мұңы мен сырын шертер,

Бұл күйлер шықпаған ғой бос ермектен.

 

Өнері қазағымды сүйікті еткен,

Өсіріп, мерейін де биіктеткен.

Дерсің сен, домбыраның шанағына,

Халқымның бар тарихы сиып кеткен.

 

Қазақтың шертілер жоғы, мұңы,

Күйде бар сергек сезім, мол ұғымы.

Сан ғасырға кетесің бойлап еніп,

Қобыздың естілгенде қоңыр үні.

 

Күйлерін қазақ бекер шалқытпаған,

Есітіп ерекше үнін ел құптаған.

Елім деп, күйін шертіп, күңіренген

Құрманғазы, Дина әже, Қорқыт бабам!..

 

Ешбір күй жанымызға бөтен емес,

Тыңдасаң, көз алдыңнан өтер елес!

Шынында, нағыз қазақ – домбыра деп,

Қадыр ақын айтқаны бекер емес!

 

Күмбірлеп кеуделерге тарайды үні,

Сезімнің шалқып-тасып ақ айдыны.

«Желдірме», «Ерке сылқым», «Көңіл ашар»,

«Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай» күйі…

 

Ырғағын күйдің қалай мен ұқпаймын,

Бірде шалқып, ал бірде солықтайды үн…

Шаттық, мұң қатар өрген күйлерінде

Дәулеткерей, Қазанғап, Молықбайдың.

 

Үдеріп көшкен жылдар ақтабанын,

Шерткен қазақта күй көп, қарағым!..

Жігер бар, әсемдік бар күйлерінде

Сүгір, Секен, Төлеген, Ақбаланың!

 

Сиқырлы саздан бір сыр таныр ма едің?

Аққудың сұлулығын, сәнін көрдім.

Күйінде мың сан бояу өрнек тапқан,

Нұрғиса мен Бөрі Иса, Шәмілдердің!

 

Бұл күйлер – озық өнер, салты дерсің,

Тәуелсіздік жемісін халқым көрсін!

Шарықтап, ел шаттығын жария етіп

Қазағымның күйлері шалқи берсін!

Өзбек биі

Ортаға шығып, қалайда,

Сөйлемесе де көп, мейлі.

Өзбектің тойы, алайда,

Білерсіз, бисіз өтпейді.

 

Бұралып қыздар билейді,

Көз салмаған жоқ кісі.

Атлас көйлек кигені,

Басында барқыт доппысы!..

 

Білегіне ілген сылдырмақ,

Назы ма, әлде еркелік?!

Алдыңа келіп қылмыңдап,

Қарайды көзін төңкеріп.

 

Жамырап кәрі, жасы да,

Көрсетер тосын іс-қылық.

Қолына, тақиясына,

Жатады ақша қыстырып.

 

Кетеді тағат, тыншыңыз,

Жайбарақат тұрмайды.

Қылығымен биші қыз,

Құдай-ау, нені ымдайды?..

 

Қоймайды, сірә, ырқыңды ап,

Жанып бір тұрған от деші.

Кетеді ойнап, бұлтыңдап,

Мықыны мен бөксесі.

 

Отырасың, бауырым,

Қызықтап құлын мүшені.

Сызығына омырауының

Еріксіз көзің түседі.

 

Көңіліңде деме тыным бар,

Жүрегің кетер ұрғылап!..

Майда өрген тарам бұрымдар,

Аш беліне тұр құлап!..

 

Бір жалын шарпып жаныңды,

Еріп кете жаздайсың.

Қалтаңдағы барыңды,

Беріп кете жаздайсың.

 

Қайтейін, өзге сезбесе,

Болады екен би тілі.

Алады баурап өзгеше,

Өзбек биінің сиқыры!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір