Жалғайтұғын жан болса үмітімді
30.03.2018
1512
0

Тұрлан БОТАБАЕВ


Тұрлан БОТАБАЕВ – Алматы облысының, Шелек өңірінде, Сарыбұлақ ауылында туып-өскен. Ол қаламы төселген, өзіндік айтарын көкірегін күмбірлеткен жырларымен төгілтіп салатын ақын. Жас деп айтуға келмейді, күндіз тіршілік тауқыметінің шылбырын шыжымдап, түнде жыр пырағымен ғарыш көгін ерсілі-қарсылы дүбірлетіп жүргенде қырықтың қырқасына қалай шыққанын өзі де байқамай қалыпты. Ауыл мен ғаршының арасын шаңдатып жүрген шайырдың өзіндік мәнері мен өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Бұған дейін «Ақын – жүрек», «Өн бойым –өлең, жыр – кеудем» атты жыр жинақтары жарық көрген. Тұрланның өлеңдерін оқыған сайын ерекше әсерге бөленемін. Жақсы жырлардан «Қазақ әдебиетінің» оқырмандары да сусындасын деп төменде Тұрлан ақынның бір топ өлеңдерінжыр сүйер қауымның назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Марат ТОҚАШБАЕВ, жазушы.


Періштелер
Падишасы – Аналар!
Тұла-бойы,
Тұнып тұрған мейірім,
Ана шуақ,
Шашқан ыстық пейілін.
Аналарға құрмет жаса қызым-ау,
Аналарға басыңды іи, ей, ұлым.

Жер бетінің,
Жиған жақұт, жылуын,
Ана өмір,
Ана сенің ғұмырың.
Ел сыйлаған,
Ең бірінші анасын,
Мен сыйлаймын,
Сен де сыйла құлыным.

Қаз-қаз басқан,
Қадамыңа гүл егер,
Аналармен көрікті ғой мына әлем.
Қан мен келген қасиетті Бабамның,
Сүт пен келген Анамыздан бұл – өнер.

Перзентіне,
Бар жақсыны тілеген,
Пейіліне періштелер түнеген.
Періштелер Падишасы – Аналар!
Аналарым аман-есен жүре бер!

Байлаулыға байланған
қайран өнер
Жіпсіз байлап,
Онсыз да қысқа қолды,
Тылсым дүние,
Тым шебер – ұста болды.
Қайырмалап қанатты тұлпарымды,
Бас салғалы дайын тұр, ұшса болды.

Қалт жібермей,
Бақылап қимылымды,
Тұқыртып ап, жібермей жынды ғылды.
Ұшты-күйлі жоқ болып кетсем бе екен,
Ұста шалға ұстатпай құйрығымды.

Жібермейді-ау,
Мықтылап матап алған,
Ақыл-айла дегеннен қапы қалғам.
Бір көршім кеп қол ұшын созып жатыр,
Қолы қысқа оның да, маталынған.

Көңіл ояу,
Қайран жоқ қолдан келер,
Шиеленіп қалған ба, қайдан білем,
Өлең келіп араша түсіп жатыр,
Байлаулыға байланған қайран өнер.

Қиын сұрақ?
Осы маған,
Не боп жүр соңғы кезде,
Қолыңды қой,
Қоғамнан қол үз дейме,
Қитықтатып қыс-жазы қойға мінген,
Жарамай тұр жауыр ат жоқ іздеуге.

Басын бастап алам да соңын жұтып,
Іс таппадым ақылға қонымды түк.
Жұмысымды бір жола жиып қойып,
Жүрейін бе жоғымның жолын күтіп.

“Қотыр атқа – соқыр ат үйір” деген.
Қайдан ғана миыма құйылды өлең?
Жауыр атқа жабы сап жалынғанша,
Жақсы еді ғой жүргенім сыйымменен.

Қайтем бекер,
Біреудің күйін сынап,
Әзер ойдан жүргенде миым шыдап.
Үйіріліп басымнан шықпай қойды-ау,
Үйірінен адасқан үйірсымақ.

Жалғайтұғын жан болса үмітімді
Жаңа дәуір,
Жаңа адам – жаңаланған,
Жаңалық жоқ,
Әй, бір-ақ, маған ауған.
Соқыр үміт мұндалап қол бұлғайды,
Қу дүние қамымен қудаланған.

Бәрі жаңа,
Жаңарған қала, дала,
Жаңалық көп жаһанда жаңа – жаңа
Жалғыз менің үмітім жол таппай тұр,
Жолың болғыр біреуі қарамады, ә.

Бас ауыртып,
Басымды шайқауменен,
Уайымсыз,
Мен қашан бейқам жүрем.
Жүрегі жібімеді-ау, біреуінің,
«Үзілген үмітімді қайтар» деп ем .

Жаңаланып,
Жаңғыртып жатқан да әлем,
Күдік – ойдан қашанғы қорқа берем.
Әлде бойым үйренбей жатыр ма екен
Үйренісіп кете алмай ортаменен.

Жаңа заман,
Жаңа орта, жаңа мекен,
Арасында мен ғана ала-бөтен.
Жалғайтұғын жан болса үмітімді,
Таусылғанша дәм-тұзым, қонақ етем.

Махаббат дей ме…
Махаббат дей ме,
Махаббат деген қайдам-ау,
Махаббат түпкі,
Нұсқасын мүлдем жойған-ау.
Махаббат деген –
Махаббаттардың иесі.
Махаббат – ақша,
Махаббат – доллар, айнам-ау.

Махаббат дей ме,
Махаббат бүгін тойған-ау,
Безбүйрек – ана,
Баланың соры қайнады-ау.
Баласын сатып,
Байыған дей ме, қайдам-ау.
Махаббат деген –
Семіріп алған, айнам-ау.

Махаббат дей ме,
Махаббат көзді байлады-ау,
Жын-ойнақ орта,
Жыныма тиіп қоймады-ау,
Сезімі сетер,
Сөзімді бекер лайлады-ау.

Махаббат сонда,
Махаббат қайда, айнам-ау,
Махаббат деген,
Махаббат жайлы ойламау.
Махаббат деген –
Ойыншық емес қолдағы,
Махаббатпен, айнам,
Ойнам-ау керек ойнамау.

Құйыршық ой
Ми-ми қылып,
Миымның қатпаршағын,
Қайран басым,
Қайдағы жоқты аңсадың.
Құйыршық ой,
Шиыршық атып жатыр,
Мақсатына жеттің деп – мақтаншағым.

Босат енді,
Жетеді желпінгенің,
Жетесіз ой,
Сен тиме мен тимеймін.
Жеңе алмайсың,
Мың жерден жеңіп жүр мейлің,
Келе алмайсың маңыма, келтірмеймін.

“Басқа салса –баспақшыл” деген бекер –
Дегеніңе көнбейтін өлең бе екен.
Жаман ойдан сақтасын, жақсы болсаң,
Қуануға бармын-ау, сенен бетер.

Байқаусыз да,
Басыма шығып алып,
Батып кетті бұл ойдың қылығы анық,
Шамасына қарамай шабыт дейтін –
Шулап жатыр ішімде ұлы халық.

Мен ғана ме екем
Бедерсіз екем,
Беті мен судың көлкіген,
Жел тисе болды,
Теріме сыймай желпінем.
Мен ғана ме екем,
Жалғанда жалғыз, Құдай-ау,
Муза мен мұңды,
Меншіктеп алған еркіммен.
Мылтықсыз майдан,
Мүлтіксіз қайран дүние-ай,
Мүлт кетсең болды,
Өлтірем дейді, өлтірем.

Сабырсыз екем
Сабырлық саған нетіп ем?
Жыныма тисең,
Мазаңды иттей кетірем.
Айналып өтіп,
Дауыл мен желдің өтінен,
Қиындықтан неше,
Қиналмай өтіп кетіп ем.
Мен ғана ме екем,
Жия алмай жатқан ес-түсін,
Өлеңнің салған дертінен.

Ойларым быт-шыт,
Бытырап жатыр бетімен,
Отымен кіріп,
Күлімен шығып шетінен.
Өзімді қойшы,
Өлеңді қайтып шығарам,
Етімнен өтіп
Сүйекке барып бекіген.
Мен ғана ме екем,
Меселі қайтқан, Құдай-ау,
Сабырлық берші,
Сәттілік берші өтінем!

Өлең оқып берейінші мен саған
Дүниені кең дейді ғой, кең дейді,
Сонда олар кімді, нені меңзейді?
Екі көзің бақырайып тұрғанмен,
Көкірегі – көңнің исін сезбейді.
Өлең оқып берейінші одан да,
Осы бір сәт екі айналып келмейді.

Сенесің бе?
Сенбейсің бе, сен мейлі,
Бірақ менің оған сенгім келмейді.
Екі аяғың жерді басып тұрғанмен,
Екі көзің көктегіні көздейді.
Өлең оқып берейінші одан да
Өлең сені өлтірмейді, өңдейді.

Дүниені кең дейді ғой, кең шығар,
Бірдемені біледі ме, ей, солар.
Өнер деген – құдырет қой, құдырет,
Мен сендікпін,
Өнеріме сенші адам.
Өміріңе жететұғын одан да,
Өлең оқып берейінші мен саған.

Ақынмын десең
Табарсың бәлкім мың айла,
Ақынмын десең шын ойла.
Дүние дейтін дөңгелек,
Шеңберден шығу оңай ма?
Біз емес Мұқағали да,
Шыға алмай қалған сыңайлы, ә?..

Айналаң жылтыр шар айна,
Бүлдіріп алма абайла.
Біз емес Ұлы Абай да,
Ұға алмай кеткен сыңайлы, ә.

Ақынға өлең оңай ма?
Оңай емес-ау, алайда!
«Атадан асып ұл тумас»,
Келешегің болмайды,
Келе алмасаң маңайға.
Баталы жұрттың алдында,
Аталы сөзді айтпасаң,
Атамнан аулақ, әрі ойна!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір