Портреттік әңгіме
30.03.2018
2552
0

Айгүл Кемелбаева


Мира Шүйіншәлиева бұл әңгімесін Ақұштап ақынға арнапты. Орал қаласында тұратын әйгілі ақынмен сыйластығын, бауырмалдығын Мира әдемі бере білген. Кейіпкері Ақас апайдың прототипі – Ақұштап Бақтыгереева, Несібелі – Мира, Нұрай – Мираның қызы – Айнұр. Алаштың ару ақыны Ақұштап әпкенің жұбайы – Ғабдулрахым аға бар. «Жайық өзенінің дәл маңында тұрған қос қабатты» үйдегі сүйкімді күшік Ешконың бүлдіргіш қылығы бас кейіпкер айналасындағы юморы басым сүйкімді панорама сияқты. Әңгіме атауы – «Ақынның ерке күшігі». Эпиграф орнына автор «Ақұштап Бақтыгерееваға» деп көрсеткен.

Қазақ қонақжай халық қой, мы­на қонаққа барудың астарында ұлт­тың қалам ұстаған екі қызының бір-біріне деген ізеті, мейірбан көңі­лі, «…өткір қайшымен үзіп жіберсең де, жыртылмайтын жібек жіп жалғап жатқандай» апаның сіңліге, сіңлісі апа­ға деген риясыз көңілі тұнып тұр­ған әңгіменің расында әдебиет әле­мін ұлықтайтын ізгі энерге­ти­ка­сы, аппақ аурасы зейінімді бірден тар­тып алғаны рас.
Жанры проза болып шыққаны көңі­ліме жақты. Мұндай кәдімгі өмір көрінісін арқау етіп алып, дара тұл­ғаны қадір тұту сарынымен жа­зыл­ған көркем әңгіме біздің әде­биет­те саусақпен санарлық, жоқтың қа­сы. Жолашар үлгінің бірі – Жү­сіп­бек Аймауытовтың «Әнші» атты клас­сикалық әңгімесінде Әмір­қан­ның прототипі – Әміре Қашаубаев бо­латын. Кейін үлкен прозада бол­маса, кіші прозада руханият адамын құр­меттеу идеясын арқау ету тоқтап қалған сияқты.
Бұл тосын стиль, игілікті көре бі­лу деп санаймын. Қазақ әдебиеті үшін таңсық тәсілді Мира сәтімен таң­дап алыпты. Қаламдас адам­дар­дың бір-біріне сыйластығы, мейір-шапағаты риясыз берілген соң сүйсі­не оқып шықтым. Қазіргі прозада кө­бінесе кесірге толы персонажда­рын түлен түрткендей құтыртып, қар­ғыс қара бояуды баттап, жалған көз жасын, жын атқан ластық пен айдалада бейсауат лағып жүрген иррационалды қайғы-қасіретті қа­шағанша қуып әкеп, әлгі жандардың ба­сына қаптап; теріс дүниені өң­меңдетіп, жиі жаза беретіндіктен жа­­ным түршігіп, осынша бықсық зұлым­дықты, мардымсыз көр-жерді өлердей суреттеуге, екілене дәріп­теу­ге, жан беріп, қуаттандыруға сай­тани құмарлық не үшін қажет деп қабылдамай, менсінбей, ары қарай оқымай қоя салатын басым, мынау тас бұлақтай таза әңгімеге риза бол­дым.
Мира Шүйіншәлиева дарын-не­сібесімен, ел анасына лайық оң имидж-беделімен, тұма жырларымен қайт­сем қазақ жастарын, ұл-қыз­дарын дұрыс тәрбиелеймін деп айна­ласына маңдайы жарқырап, сөз құ­діретімен жарық шашып жүрген арқалы апасын нысан етіп, өнегелі кейіпкер тұтқаны қисынды көрінді.
Ежелден қазақ ұлын қызынан ар­тық көрді. Бұл – өмір заңдылығы ту­дырған айқын құбылыс. Алып-қосары жоқ. Сөйте тұра қазақ қызын тағы ұлындай жақсы көрді, қызын ұлынан кем көрмеді. Қыз – ұлттың анасы болатын болған соң текті ата-баба ұрпағын қызғыштай қорғап бақты. Жер бетінде қызын адам санатына қоспайтын, ата-енесі, күйеуі күң қылып, жазаласа мұрнын, құ­лағын кесіп, өлердей сабап, жа­нын алатын; зорлық-зомбылыққа шімірікпейтін, обалды білмейтін небір дүниетанымы өзгеше халықтар бары тағы рас. Біздің халық – Құдайға қа­раған, азат рух сүйетін, обал-сауап­ты білетін еркін халық екенін со­ларға қарап білесің.
«Алтын басты әйелден бақыр бас­ты еркек артық». Бұл генетикалық және экономикалық ұғымдар – Отан қорғаушы ел сақшысы, әулетті асы­раушы, ұрпақ жалғайтын, тұ­қымы рулы елге айналатын күн­дидарлы ұлды дәріптеуден туған шындық. Өнер мен әдебиетте асып туған қыз­дың жөні бөлек, алтын тұғырлы. Ерек­ше талантты қыз­да­рын қазақ хал­қы: «Бір өзі он ұлға та­тиды», «Ұл­дан артық» деп сүйсінеді.
Мира жазушы болған соң қа­сында жүрген игі жақсыны көре біл­гені абыз замандасын ардақтай біл­гені – құтты білік. Әдебиетте табиғи да­рынды әйелзаты ер адам­дарға қара­ғанда сирек келеді. Олар Құдай бер­ген текті дарынымен ортасын жа­рып шықпаса, бәрібір мойындал­май­ды. Жылты­ра­ғанның бәрі алтын емес…
Титтей ала күшік Ешконың порт­ретін Мира оқырман көзімен кө­ріп тұрғандай етіп тірі суреттейді:
«Даусы шіңкілдеген ащы бол­ған­мен, сүп-сүй­кімді. Күнбағыс майын жағып қойғандай денесі жып-жылтыр. Ақ түсті терісі мен шол­ти­ған құйрығының әр же­рін­де жер кар­тасы пішіндес қоңыр таңбалар то­лып тұр. Ойнақы көздері еліктің ла­ғын­дай мөп-мөлдір. Бойы бір қа­рыс болғанмен іштегі қызуы сырты­на сыймай, қайраты тасып барады.
Ешконың еркелігі ерекше… Тым еркін, пысық. Ешқандай ескертуді «бан­тиктей» қалқиған құлағына ілер емес. Қайта үнін құбылтып өршеле­не түседі. Ара-арасында өтіріктен ырыл­дауды да ұмытпайды».
Бұл әңгімеде Ақұштап ақынның жас­тық шақ атты құдіретке қимасты­ғы әсерлі берілген. «Апырмай, бая­ғы­да мен де осы Нұрайдай албыраған қыз едім. Үлбіреген гүл едім. Жұпар иі­­сі аңқыған қайран жастық шағым-ай!». Ақұштаптың жас кезінде қазақтың сұлу ақын қызы болғаны көрініп тұрады. Ақ Жайықтың жазу­шы қызы Ақас ақын бейнесін әсер­­лі суреттейді:
«Таудан аққан бұлақтай тізесіне дейін төгілетін қолаң шашын аңсап, жоқтай береді арманшыл, қиялшыл ақын. Көк теңіздің түсіндей боп сәулесі шашыраған моншақтай мөлдір көздерінің бүгін нұры бөлек. Тұңғиықтан жылтыраған жанары көлеңкені шетке ысырған шуақтай. Алмадай албыраған Нұрайға қараған сайын жырақта адасып қалған жас дәуреннің сағымын іздеп, соңынан қуады кеп, қуады кеп…».
Фариза ақын жастық бейнесі Ақұштап құрбысымен қатар жүруі заңды.
«Шіркін, Фаризаш екеуміз егіз қо­зыдай қатар жүруші ек. Жандай дос едік. Қуықтай пәтерде де кең ты­ныстап, тату тұрдық. Қол ұстасып Ал­матының көшесімен келе жат­қан­да жұрттың көзі екеуміздің ша­шы­мызға түсуші еді. Фариза қою қара бұрымын желкесінің тұсынан төмен қарай түсіріп, қамшыдай ғып өріп қоятын. Мен көбіне төбеме түйемін. Ол кезде төбеге шаш түю сән болды. Қазіргілер ғой шаштарын шырша құсатып жайып жүретін. Кейде ша­шымды бос жіберсем асау толқындай бұрқырап бағынбайтын. Ондайда Фариза қайратты қолдарымен уыс­тап жинап, орап-орап төбеме қон­жи­татын. Содан кермек қасымызды сау­сақтың ұшымен ғана сәндеп ки­ноға кететінбіз. Опа-далапсыз-ақ, ажар­лы едік, нәрлі едік. «Сұлу қызы­ма» қараған сайын көңілім көншіп, көктем кездерім есіме түсіп отыр».
Бұл – әңгімедегі басты сарын әде­биетті маңдайға біткен жазмышы бұйыртқан әйел затының отбасы мен творчество арасында қақ бөлін­ген табиғатын тану. Жан қалауы екеуіне ортақ болғанымен, жазу фе­номенінің ымыраға көнбейтін заңдылығы бар. Мұны жазылмаған заң, ереже етіп баяғыда бекітіп қой­ған: «Өнер – құрбандық тілейді». Қа­пы кетпес қағида. Жеке басының бақытын творчество жұтып қойған хас таланттар әр халықта, әр елде аз емес. Сол дарын иелері жалғыздыққа үкім еткен тағдырына наразы деп ай­та аламыз ба?! Оны ешкім анық­тап, сезіп біле алмайды.
Ақындығы кесек, жыр қазынасы ешкімге ұқсамайтын Ақұштап Бақ­тыгереева таразының басын тең алып жүруімен қазақтың кейінгі тол­қын талантты қыздарына үлгі болуға лайықты.
Жазушы сіңлісі Мира беріле тың­дап отырған ақынның жан сы­ры:
«Жазөгім, Ғазөгім, Тәкөшім. Бі­рін-бірі қарлығаштай қуып жетті. Әкелері күй тартса, үшеуі торғайдай ты­пырлап билейтін. Үшеуінің қа­лам­пыр аңқыған иістері танауымды те­се­тін. Бала деген жарықтық, ата-ана­ның бақыты ғой. Алпыс екі та­мы­рыңды иітіп, дүниенің қызығына қы­лықтарымен қандырады. Әкелері түн көрпесі түрілгеннен балық ау­лайды. Күні бойы үшеуін бағып-қа­ғып жүріп тілімнің ұшына тірелген шумақтарды блокнотқа асығыс-үсі­гіс жаза саламын. Қалам мен қа­ғаз­ды қазанның қасына әкеліп қоямын. Бір күні Ғазөк пен Тәкөш үстелдің ас­тына тығылып қуыршаққа қағаз­дан көйлек жасады. Көздеріне қай­шыны сұғып алар деп қастарына бар­сам, пытырлатып өлең дәптерім­ді қиып тастапты. Жыр дәптерім бір қуыршақтың үстінде жапырақтай желбіреп тұр. Енді қайттім?! Содан инеге жіп өткізгендей қайшыдан аман қалған әріптерді құрастырып, тү­німен отырдым. Шала ұйқы күйім­де жыр құрастырдым, құрақ көр­педей ғып. Ішімді өлеңнің азап-дер­ті өртеп барады. Үш балапан өс­кенше мынау сүмбіл шаш та си­реді. Фаризадан да алыстадым. Со­лай, Нұрайжан, жастық шақ деген көзді ашып жұмғанша жалаудай жел­біреп өте шығады. Өзіңдей көр­кем қыз, мінекей – ана, әйел, әже болып алдыңда отыр. Бұл да – өмір. Осы күнге жеткізген Тәңірге мың шүкір».
Мираның жаны неліктен тебіре­ніп отырғаны айтпаса да түсінікті. Шы­ғармашылық тірлік – оның өзінің де таңдауы.
Жанды сөз – «Ішімді өлеңнің азап-дерті өртеп барады».
XX ғ. көрнекті француз жазу­шы­сы Франсуаза Саган құнарлы әде­биеттің қасиеті шынайы өмірмен тең екенін нақты айғақтайды: «Ил­люзия искусства: оно заставляет по­верить, что великая литература вы­рас­тает из жизни. Но все обстоит наоборот: жизнь аморфна, литера­тура дает ей форму».
Өз тірлігін ұлы құндылықтарға, ру­ханиятқа сарп ете білген дарын­ды­лар өткінші өмірді басқа бір форма – сөз құдіреті арқылы сақтап қа­латын болғаны ғой. Антикалық ақын әйел Сапфодан бергіде Хуана Инес де ла Крус, Мэри Шелли, Эми­ли Дикинсон, Леся Украинка, Ұл­бике, Сара, Анна Ахматова, Марина Цве­таева, Мәриям Хакімжанова, Сильва Капутикян, Фазу Алиева, Белла Ахмадуллина, Фариза Оңғар­сынова, Гулрухсор Сафиева, Қадрия Темирбулатова, Зульфия Атои сияқты даңқты есімдер Құдай жарылқап, ақындық кие қонбаса байлаусыз көше беретін дүние керуенде есте қалар ма еді?!
Бұдан соңғы оқиға анекдот сияқ­ты қызық детальға құрылған. Ми­ра мен оның студент қызы аяқ киі­мін таппай қалады.
«Айналаны мұқият тексерген қы­рағы Махош кенет: «Әже, таптым, міні жатыр!» – деп қуанғаннан ай­қайлап жіберді. Сосын белуардан кел­ген көк майсаның ортасында кі­ді­ріңкіреп тұрып қалды.
– Тапсаң, бері әкелсеңші. Неғып тұрсың Махоштай?
– Жоқ, әкелме. Өзіміз барып кие­­міз,– деп ақкөңіл Несібелі жа­лаңаяқ тұра шапты. Көкорай шөптің үсті­мен Нұрай да жүгірді.
– Біреу пәршә-пәршәсін шыға­рыпт­ы! Кім екен, мұны істеген?
Ойында түк жоқ Несібелі сау-там­тығы қалмай жыртылған аяқ киім­деріне қарап көңілі бұзыла жаз­дады.
– Кім болсын, анау ит шығар, – деп жандарына Ақас апай да жетті, жанұшырып. – Масқара-ай, дымын қал­дырмай шайнап тастапты ғой! Бауларын үзіп, жеп қойған!».
«Жә, ұрыспашы, енді. Онсызда ді­ріл­деп, сенен қорқып тұр. Бұған өкпелеп, қан қысымың жоғарылап ке­тер, – деп мінезі жайсаң қожайын көздері жасаурап, балағын жалаған кү­шігін жерден көтеріп, қойнына қыс­ты.
– Болар іс болды, осымен. Ішке кіріп Тәкөш пен Жазөктің туфлиін кө­ріңдерші. Жазғы түрі де бар. Үй­лес­кенін киіп алыңдар, – деп Ақас апай кіреберісте қабырғаға жабыс­қан дәу шкафтың суырмасын ашты».
Мамыражай, бейбіт өмірдің қай­таланбас сәті. Автор сүйкімді кү­шіктің ұрыншақ бала тәрізді қаскү­нем мінезін қызық­тағанымен, әң­­гі­менің негізгі арқауы Алаштың бір­туар ақыны – Ақұштап Бақты­герееваның кісілік қадір-қасиетін таныту екеніне даусыз.
Екі ғасыр бұрынырақ немістің ұлы ақыны Иоганн фон Гетенің хат­шысы Эккерман қасында жүріп, да­наның әр сөзін, толғауын, әр ісін қа­ғазға түсіре бергені өркениеттің озық үлгісі болатын. Неміс халқы со­ның арқасында тарихи хроникада ба­сынан қандай қиындық кешпесін ұлы халық деген лайықты тұғырынан түскен емес. Еуропа елдері – хроноло­гиялық жылнаманы шебер пайда­лана білуімен даңқты. Мұны қазаққа үйрену керек. Жақсының қадірін дер кезінде білу ұлтты рухани биіктетіп, бағын өсіре береді.
Мираның әңгімесі – озық үлгі. Мұ­ның жалғасы бұйырса, әлі бола­ды. Әлі талай жас ақын-жазушы пір тұтқан ақын-жазушы, өнер адамын, ғалымдар мен суретшілерді әр қы­ры­нан асыра сілтемей, шынайы су­рет­теп жатса, мұнан артық не керек?! Жақсыға еліктеп жастар өседі. Адам­зат табиғаты өзгермейді: айтса бі­леді, айтпаса білмейді. Дер кезінде айт­қанға, танытқанға ештеңе жет­пейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір