Фарабиді әлемге таныту – міндетіміз
30.03.2018
1843
0
Философ, фарабитанушы, профессор Жақыпбек Алтаев бізді қуана қарсы алды. Білімпаз ғалымның жұмыс үстелінде баспаға дайындап жатқан қолжазбалары жатыр. Жеке кабинетіндегі кітап сөресінде жылдар бойғы маңдай терінің куәсі болып қалың-қалың кітаптары самсап тұр. Алғашқылардың бірі болып қазақ ойшылдарының еңбектеріне жан-жақты талдау жасаған, оқырманын сусындатқан үлкен ғалымның көкірегі тұнған қазына екен. Қазақ философиясы саласында айрықша беделге ие философ, әлемнің үздік университеттерінде дәріс оқып жүрген кең ауқымды халықаралық аудиториялардың иесі жарты сағаттық сұхбатта жанымызға жарты ғұмырға жетерліктей рухани азық берді. Жылдар бойы жинаған ілім-білімі сарқыраған ағын судай бірінен соң бірі түйдектеліп келіп, адамды еріксіз ұйытады. Көптеген ғылыми еңбектердің авторы,
белгілі ғалым алдына сөз сұрап барған едік.


Жақыпбек Алтаев,
философия ғылымының докторы, профессор


Ассистенттен профессорлыққа дейін

1966 жылы Оңтүстік Қазақстан об­лысы, Қазығұрт жерінде орта мек­тепті бітірдім, – деп бастады Жа­қыпбек Алтайұлы әңгімесін. – Оқу бітірген соң Өзбекстанда Орта Азия мемлекеттік универси­те­тінің (қазіргі Ташкент мем­ле­кеттік университеті) философия және экономика факультетіне оқу­ға түстім. Сол заманда фи­ло­со­фия факультеті университеттегі ең беткеұстар факультет болды. Ем­тихандардың барлығын үздікке тапсырған санаулы адамды ғана об­лыстық комитеттің жолда­ма­сы­мен оқуға қабылдайтын. 1967 жы­лы Орта Азия мемлекеттік универ­си­тетіне бес жылдық оқуымды фи­лософия бөлімінде бастадым. Оқу бітірген соң мені Шымкент пе­дагогикалық институтына жұ­мыс­қа жіберді. Бірақ сол заманның заңына сәйкес, институтта фило­со­фия кафедрасының оқытушысы болу үшін, коммунистік партия­ның мүшесі болуды талап ететін. Сол себепті де туған жеріме ора­лып, аудандық газеттің тілшісі ре­­­тінде бір жыл жұмыс істедім. Бір жыл­дан кейін партия қатарына өтіп, Шымкент педагогикалық инс­титутының философия кафед­расына ассистент болып жұмысқа тұр­дым. Осы жерде үш жыл қыз­мет атқардым. Содан кейін мені Ал­матыға ҚР Ғылым академия­сы­ның философия және құқық инс­титутына мақсатты аспирантураға жіберді. Осы жерде тағдырыма ық­пал еткен Қасымжанов Арғын Хай­роллаұлымен таныстым. Бір жыл­дан кейін ол кісі әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың философия жә­не экономика факультетіне де­кан болып ауысты. Қасымжа­нов­тың еңбектерінің бәрі тек Мәс­кеу­ден шығатын. Аспиранттардың ара­сында «Қасымжановтың дәрі­сін тыңдаған адам бақытты адам» деп санап, мақтаныш тұтатын. Ақжан Машани, Арғын Қасымжа­нов­тар әл-Фарабиді алғаш рет қа­зақ жеріне алып келген ғалым­дар болды. Үш жыл аспирантурада оқып, 1980 жылы кандидаттық дис­сертация қорғадым. ҚР-ның бі­лім және ғылым министрлігі жол­дамамен Алматы теміржол инс­титутына жұмысқа жіберді. Сол жерде бес жыл қызмет атқа­рып, 1985 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін әл-Фараби атында­ғы Қазақ Ұлттық университетінде доцент, профессор, кафедра мең­герушісі қызметтерін атқардым. 1997 жылы «Қазақ философия­сы­ның тарихы» бойынша докторлық диссертация қорғап, қазақ фило­со­фиясы және фарабитану са­ла­ларында ғылыми ізденістерімді жал­ғастырып келемін. 2008 жыл­дан бері әл-Фараби ғылыми-зерт­теу орталығының директоры қыз­метін атқарудамын.

Фарабитанушы ғалым

Ағын Қасымжановтай дарын­ды ғалымнан өнеге алғанымды мақ­таныш тұтамын. Ол кісі екінің бірін мойындай бермейтін Мәс­кеу­лік ғалымдарды өз білімімен мойындата білген талантты ғалым бо­латын. А.Қасымжановтың жан­кешті еңбегінің арқасында 1970 жылдан бастап әл-Фарабидің фи­лософиялық мұралары қазақ да­ласына кеңінен таныла бастады. Сондай-ақ, Дінмұхаммед Қонаев, Қаныш Сәтбаевтардан үлкен қолдау көрген Ақжан Машанидің де еңбегі ұшан-теңіз. Шахмардан Есенов, Мұрат Әуезов, Әнуар Әлім­жановтардың атын атамай өту мүмкін емес. 1975 жылы қазақ фарабитанушы ғалымдарының ұйым­дастыруымен Алматы – Мәс­кеу – Бағдат қалаларында әл-Фарабиге арналған халық­ара­лық ғылыми конференция өтті. Міне, содан бастап Алматы Фара­битанудың орталығына айналды. Кезінде әл-Фарабиді парсы, өзбек ғалымдары да өз ұлтына жатқызуға тырысты. Алайда, ғылымда жай сөздің бағасы жоқ, ғылымда нақты дәлел керек. Ол заманда ұлт тү­сінігі қалыптасып болмаған­дықтан, әл-Фарабиді күллі түркі әлеміне ортақ тұлға ретінде қарас­тыруымыз керек. Сондықтан әл-Фарабиді бір ұлтқа телудің қажеті жоқ. Оның кіндік қаны там­ған мекен қазақ даласындағы әйгілі Отырар қаласы.
(Осы жерде профессор әл-Фа­ра­­би туралы ел аузында тараған аңыз әңгімені қоса айтып, бір күлдіріп алды).
Дамаскіде ғалымдар жинала­тын жер болған. Сол жерге алғаш келген әл-Фараби жиналған жұрт­шылықтан «Қай жерге отырайын?» деп сұрайды. «Өзіңіз қай жерге сәй­кес келемін десеңіз, сол жерге оты­­рыңыз» деседі ел. Сөйтсе әл-Фа­раби Дамаск қаласының би­леу­шісі Сейд-ад-Дуаль Хамда­ни­дің қасына барып отырыпты. Жұрт аң-таң, билеуші өз тілінде: «Осы жиын біткен соң, сұрақ қоямын, жауап бере алмаса, жазасын берің­дер» дейді. Сонда Фараби: «Тақ­сыр, әліптің артын бағайық» депті сол тілде. Әлгі кісі: «Бұл тілді қай­дан білесіз?» деп таңырқапты. Әл-Фараби: «Мен 70 тіл білемін» деп­ті. Сонда барып орталарында тұр­ған адамның кім екенін таны­ған жұрт «Әә, сіз Фараби екенсіз ғой», – деп ғалымға құрмет көрсе­тіп­ті.
Әл-Фарабиді лауазымды тұл­ға­лар, қала басшылары қатты құр­меттеген, лауазымды қызмет­тер ұсынған. Бірақ әл-Фараби өзін өмір бойы ғылым жолына арнады. Фараби 950 жылы Дамаск қала­сында қайтыс болғанда Сириядағы атақты 15 қаланың басшысы қаты­сып, Сейд-ад-Дуаль Хамданидің өзі жаназасын шығарған.
Кейбір ғалымдар әл-Фарабиді Платон мен Аристотель еңбектерін аударғанына қарап «түсіндірмелер» ғана жазды деп есептейді. Бұл жаң­сақ пікір. Фараби өз атынан 200-ге жуық трактат жазған. Бірақ оның көбісі бізге дейін жетпеген. Мәселен, поэзия, медицина жай­лы мұралары сақталмаған. Әл-Фараби Шығыс пен Батысты бай­ланыстырған алтын көпірге ай­налды. Кей ғалымдар логика саласында әл-Фарабиді Арис­то­тельден де жоғары қояды. Әл-Фа­рабиден сұрайды екен: «Арис­то­тельдің заманында өмір сүрсеңіз кім болар едіңіз?» деп, сөйтсе әл-Фараби: «Мен, Аристотельдің ең сүйікті шәкірті болар едім», – деп жауап беріпті. Бұл шәкірттің ұстазға деген айрықша құрметін көрсететін ізгі мысал. Филосо­фия­да ұстаз бен шәкірт – ең аяулы ұғымдар.

Қызметтегі қайраткерлігі

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың тікелей қолдауымен Иорданияда, Стам­булда Фараби орталығы ашылды. Биыл алдымызда Голландияда Фараби орталығын ашу міндеті тұр. Қазақстан, Түркия, Голландия ғалымдары бірігіп нидерланды тілінде «әл-Фараби – екінші ұс­таз» фильмін түсірген болатынбыз. Қазір фильм қазақ тіліне дубляж­далып, жақында ұлттық арналар­дан көрсетілетін болады.
2014 жылы университеттің 80 жылдығына орай әл-Фарабидің кітаптары қайта басылып шықты. Биыл 70 жылдық мерейтойыма орай өзімнің 7 томдық еңбегімді жа­рыққа шығардым. Фараби ту­ралы Огайо, Ыстамбул универ­си­тет­терінде дәріс оқыдым. Әсіресе америкалықтардың әл-Фараби тұлғасына қызығушылығы өте жоғары. 2014 жылдан бері әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ-да жыл сайын әл-Фарабиге арналған симпозиум өткізу дәстүрге ай­налды.
2020 жылы ЮНЕСКО дең­гейін­де әл-Фарабидің 1150 жыл­дығын ел болып атап өткелі отыр. Ұлы ғұламаның есімі берілген университетіміз әл-Фарабиді кеңірек насихаттау мақсатында «Әл-Фараби – 2020» атты ақпарат­тық-насихаттық жұмыстарын бастады. Бұл жобаның ауқымы кең және ол үш жылды қамтиды. Яғни осы уақыт аралығында түрлі шараларды елімізде және шет елдерде кезең-кезеңімен ұйымдас­тырып, өткізу жоспарланып отыр. Біздің міндетіміз – әл-Фарабиді бренд ретінде күллі әлемге таныту.

Болашақ қазақ философтарын дайындаушы

Өмірімді қайтып бастасам, философия жолын қайта таңдар едім. Қасымжанов елімізде фи­ло­со­фия­лық мектебін қалыптастыр­ған қазақтың біртуар азаматы еді, себебі ұстаз шәкірт тәрбиелеу мәселесіне жауапкершілікпен қа­рай­­тын. Ол кісі философиядағы ұрпақтар сабақтастығына үлкен мән беретін. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді, қандай ұстаз болса да, ар­тында ізбасары қалғанын қалайды.
Менің ұғымымда ғалымның ең бірінші мақсаты – жиған-терген білімін шәкіртінің бойына сіңіру, мирас етіп қалдыру. 30 ғылым кан­дидатын, 9 ғылым докторын, соның ішінде 5 PhD докторын дайындап шығардым. Әсет Құран­бек, Шаттық Әлиев, Самат Қай­рат­ұлы сынды шәкірттерімнен үлкен үміт күтем.

Шаңырағының тірегі болған асыл азамат

Жұбайыммен аспирантурада оқып жүргенде таныстық. Бір ұл, бір қыздан өрбіген бес немерем бар. Ұлым да, қызым да ғылым жо­лында. Отбасымды қатты сый­лаймын.
Өмірлік ұстанымым – адал­дық, тазалық. Ұстаздарыма, шә­кірт­­теріме деген құрметті көп нәрседен жоғары қоямын. Шамам келгенше кейінгі ұрпаққа еңбе­гімді қалдырсам деймін. Шынайы достықты ұнатам, сатқындыққа жаным қас. Бірақ мені тек жақсы адамдар қоршап келеді.

Философия – ақиқаттың жолы

Философ болғысы келетін екі жігіт бір данышпанның кеңесіне жүгініпті. «Кедейшілікке, қиын­дық­қа шыдайтын болсаңдар, мар­хабат», – депті ғалым. Философия – ойдың, таза еңбектің ғылымы. Ғылым, білімді игеріп, бойына сіңір­ген адам өзін қашанда бақыт­ты сезінеді. Адам бақытты болу үшін нағыз бақыттың не екенін білуі қажет. Әлі де ізденіп, оқудан шаршамаймын. Ұстаздардың адал жолымен жүректердің көзін ашып, саналарға сәуле төксем, ұрпақты білім нәрімен сусындатсам – менің өмірлік миссиям осы деп ойлаймын.

Мейіргүл Оңғарова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
журналистика факультетінің І курс магистранты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір