Тірілерге қарап ап, тәуба-тауға өрледім
23.03.2018
1829
0

Нағашыбай Мұқатов


Қоян немесе қорқақтық
туралы өлең

Қамыс, ағашты жерге бай,
Құлпырмайды ел қалай.
Қалқанқұлақ қоянның
Қашқанын көргем мен талай.

Бір пана ғып бұтаны,
Бір айламен ұтады.
Жел ырғаса шөп басын,
Желдей есіп зытады.

Қайралған жоқ қайраққа,
Қайсарлығы және сай боп па.
Қаңбақ көрсе қозғалған,
Қаңғып жөнелмес қай жаққа.

Бақ бұйырмай бармақтай,
Бай далада зар қақты-ай.
Сатырласа найзағай,
Сасады кірер жер таппай.

Жұқарып, жүдеп кіл өңі,
Жүгіруден шаршап жүреді.
Қара қарға қарқ етсе,
Қақ жарылардай жүрегі.

Арманда бәрін, арманда,
Алайда табанда алданба.
Қорқып өмір сүргеннің
Қызығы бар ма жалғанда.

Қайтемін…

Қаражатсыз қалтарыста қалдым ба,
Қайырылып қарайладым әр мұңға.
Ақ халатты дәрігерге жолықсам,
Ақша төле деп тұрады алдымда.

Нарықты айтып налытады неге жай,
Нар толқыннан кері қайтқан кеме қай.
Апарып ем оқу орнына баламды,
Ақша төле, ақша төле дегені-ай.

Теріс қарай айналғандай табақша,
Топыр халық томпаңдайды таң атса.
Қызықтырған қызметің қажет пе,
Сыртында үйдің сытырлайды тағы ақша.

Жастайымнан жақын емен ласқа мен,
Жаны сұлуға жүгіре құшақ ашқан ем.
Жүрек әмірін жүре тыңдап махаббат,
Шешіледі шынында кейде ақшамен.

Тар сияқты сезінемін кең жерді,
Тарықсам да ең алдымен ел көрді.
Әне бір тұрған әжетханаға барсам да,
Әкел дейді алақанға теңгеңді.

Жалған дүниеде жоқ ештеңе жай тегін,
Жаралы жанды сауықтыру айт емін.
Кейде суық, кейде жылы жамағат,
Сәлеміне сұраса ақша қайтемін.

Бар мен жоқ

Долларларды дорбалап бермес күн ұдай,
Дала-көңілге аға разы, іні бай.
Қоржынымда бүгін бар ақша, ертең жоқ,
Қопиып жүріп, сопиып қалған түрім-ай.

Заулайды жыл зар-мұңыма қарамай,
Зиялы адам ақыл-парасатпен данадай.
Әңгімешіл бүгін бар әкем, ертең жоқ,
Бауыр етінен бөліп әкеткен заман-ай.

Көргіш бәрін, сезгіш бәрін көз қалай,
Көкірегімді өртейді ме өзге жай.
Күлімдеген бүгін бар анам, ертең жоқ,
Күннің көзін бұлттар жапқан кездер-ай.

Мәңгі маған бұйырмаған жаз, арай,
Моншақтатпас мөлдір жасты аза қай.
Бірге оқыған бүгін бар достар, ертең жоқ,
Бірте-бірте алыстатқан ажал-ай.

Иықтан түскен бе әсте жолдың жүгі,
Иіліп ізет көрсетсең тоң жібіді.
Лауазымды бүгін бар орындық, ертең жоқ,
Қызмет шынында да қолдың кірі!

Уақытша тірлік-тәттіге алданам,
Уайымға жетелеме зар заман.
Байқап барласам бар мен жоқтан құралған,
Бұл дүние қай бабамнан қалмаған.

Адасқан бір адаммын

Бәріне куәгер боп көк қарады,
Бойымды көп толқытты көпке алаңы.
Балаң да сенің ақылшы баурыңдағы,
Беті шімірікпей бірдеңе деп қалады.

Шақырып шыңдарына кіл жиын-тау,
Болса ғой қырым – ағаш, ылдиым – бау.
Әйел лекциясы ұп-ұзын күнделікті,
Орындау түгіл, тыңдау да тым қиындау.

Тірілер тіршіліктің тек қонағы,
Кейітсең көкірегіне кек толады.
Бастық та саған ақылшы ала таңнан
Миыңды минут сайын жеп болады.

Кісіні кіл мазасыз күйде көрем,
Мәселе көп маңайда үймелеген.
Досың да саған ақылшы жолыққанда,
Дорба-дорба пікірін сүйрелеген.

Қараңғылық қаптамай күн батпайды,
Қайыстырма қабырға мың қап қайғы,
Көршің де саған ақылшы көре сала
Кездескеннен ауызын бір жаппайды.

Жұртшылықтан бөлектеу жоқ тұрағы,
Зиялының жүзінде от тұр әлі.
Кіші де саған ақылшы кезіккенде,
Көп оқыған сияқты боп тұрады.

Көрсем-ау, көрнектіні әр қатардан,
Пенделер болса шіркін барға қорған.
Көріпкел де саған ақылшы көзі өткір,
Арбап ап арбасымен алға апарған.

Тас-тағдырға соғылып жылап алдым,
Таудан кейде құлдилап құлағанмын.
Ақылшы көбейген сайын көз алдымда,
Ақылынан адасқан бір адаммын.

Төрелермен төрге озатын домбыра

(Қазақтың бір отбасына барғанымда
шектері тарқатылып, сынған
домбыра есік түбінде жатты.
Мен баба мұрасымен іштей сырластым).
Автор.

Құс ұша ма қанаттары талғасын,
Киеліні қадірлемеу қанға сын.
Төрелермен төрге озатын домбыра,
Босап тұрмын босағада қалғасын.

Сырың бар ма, сазың бар ма жасырын,
Шанағыңнан шықса дыбыс тасыдым.
Орталарың ортайған соң осынау,
Ойыншыққа айналдың ба, асылым.

Бір туатын таланттарың тау әлі,
Ғұмыр бойы жағаласқан жаулары.
Диналардың дамыл тауып күйлері,
Қинайтындай Құрманғазы әруағы.

Баба-байлық баяғы осы мол мұра,
Жақын жүрсем жаным менің тоңды ма.
Сыйынбай ма құдіретіңе көп қазақ.
Күйің қайда, күйің қайда, домбыра?

Саздың гүлі салқын тиіп солды ма,
Қия шалмай, қыран жерге қонды ма.
Үлкен үйде үнсіз ғана тыңдайтын
Үнің қайда, үнің қайда, домбыра?

Құс ұша ма қанаттары талғасын,
Киеліні қадірлемеу қанға сын.
Төрелермен төрге озатын домбыра,
Босап тұрмын босағада қалғасын.

Тірілерге қарап ап…

Кептер-көңіл кей кезде көтерілсе көк тілген,
Тәп-тәтті бір шақтар-ай тіршілікте тек күлген.
Үлкендерге қарап ап бала болғым кеп тұрар,
Кішілерге қарап ап, кіл есейіп кеттім мен.

Мазалаған сезімім мұхиттағы мың тасқын,
Мені ұғар кісіге көкірегімді күнде аштым.
Албырт кезіме қарап ап, аңқаулығымды аңғардым
Алпысыма қарап ап, ақсақалдармен сырластым.

Табиғат салған сурет айшықтарын құрай ма,
Таң ғажайып көрініс таң атқаннан ұнайды ә.
Шыққан күнге қарап ап, шуақ-жанға айналдым,
Батқан күнге қарап ап, баттым және бір ойға.

Ойға бәрін оралтып отауымда көз ілдім,
Олжа сірә көтеру ауыр салмағын төзімнің.
Кешегіме қарап ап, кемсеңдегім келгені-ай,
Бүгініме қарап ап, бір биікті сезіндім.

Тәңіріме тағы да табынамын күні, түн,
Тәнім, жаным сау болса, тағдырыма ұлы күн.
Былтырыма қарап ап, бидай шығымына өкіндім,
Биылыма қарап ап, ұзарғандай үмітім.

Кейінгіге із қалса керуен де, көш те оңды,
Кім жек көрсін жалғанда бұтағынан өскенді.
Тірілерге қарап ап, тәуба-тауға өрледім,
Қабыр жаққа қарап ап, жая берем қос қолды.

Өмір өтіп барады

Жүрегім жүз тебіреніп,аласұра,
Жүзімді бұрдым кең қазақ даласына.
Тәттісін талайларға үлестіріп,
Ащысын араластырып арасына
Өмір өтіп барады,өмір өтіп.

Адамсыз айналаның өңі кетті,
Аңсайды жерді емес,көбі көкті,
Шуағын шашу етіп шартарапқа,
Тұманы тұншықтырып төңіректі
Өмір өтіп барады,өмір өтіп.

Жарық дүние сәулесі жанға бақыт,
Құдай сақта қалмағаннан қамбада түк,
Шаттығын шапқылатып тай,құлындай
Қайғысын қара қапшықпен арқалатып,
Өмір өтіп барады,өмір өтіп.

Тіршілік тұрмас ылғи ту ұстатып,
Табанда өзгермей ме дұрыс бағыт,
Бақыттың балын беріп бөшке-бөшке
Уын да алақанға уыстатып,
Өмір өтіп барады,өмір өтіп.

Көңілім көк жайлауда көгенделіп,
Кішірейіп кеткен бе көлем,көрік,
Таныс, достың арасы алтын көпір,
Туыстар туыстарды бөтен көріп ,
Өмір өтіп барады,өмір өтіп.

Төменге құлағандай тау-ізгілік,
Сый сирек,сырқаттанды, ауырды жұрт,
Ғаламды «ғаламатпен» қоршап тастап,
Адамды адамдарға жауыз қылып,
Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

Шынайы,шырын-сөзді ем көремін,
Шалқыған ғажап ішінде кең кеменің.
Үмітті үзіп алмай үкілетіп,
Күдіктің де күдірейтіп желкелерін,
Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

Қабақ түйіп қыста әрі жазда бұлт,
Қолдаса тәңір ара-тұра маздадық.
Құрдастарым қырда қымтап көрпесін,
Сырластарым араласар аз қалып
Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

Пенде ем парасатты алаң көрген,
Ауа-азыққа тойған ба әмән кеудем.
Адам,ақша, дүние барлығы да,
Тек уақытша екенін дәлелдеумен
Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір