ТҮРМЕ АДАМДЫ ТҮЗЕЙ МЕ?
02.03.2018
1904
1

Нұрсұлтан ОҚПАНҰЛЫ


Абақтыда отырған албасты қамаудан қашып кетіпті.
Оны зорға дегенде қолға түсі­ріп, ішке желкелеп алып келеді.
Темекісін бұрқырата тартқан түр­ме бастығы:
– Қайда бездің? – деп сұрай­ды.
– Үйленейін деп едім.
– М-м-м… – дейді бәсекесі, – Сенің бостандық туралы ұғымың қы­зық екен.
Не керек, ақырында түрме бас­шылығы тұтқын Тауықтөстің бір басын екеу етіп, кішігірім бас құ­рау банкетін жасап береді. Бұ­рыннан құлай сүйген қос ғашық не­кесін амалының жоғынан қа­паста қидырған. Аяғына тұсау түс­кен екеуі бойдақтықпен қош­та­сатын осындай айрықша күнді алты жыл бойы амалсыз күткен. Айы оңынан туып, ойда-жоқта тойға ұласып, қу бастары домалай кеткен. Әйтпесе, түрмешіктер үшін екі туып, бір қалғаны емес. Қия­ға қонған қалыңдыққа жігі­ті­мен бірге түтін түтету үшін енді оны тағы бес жыл тосуға тура ке­л­еді. Өйткені, оның қылмыскер де­ген дардай аты бар ғой. Бастысы, тойға арналған сый ретінде екеуінің кездесулеріне келісім бер­ген түрме әкімшілігіне алғыс­тары шексіз.
Түрмедегі той-тобыр төтенше, ерек­ше өтеді екен. Тентек суға тыйым салынған. У-шу жасап, том­­паң-томпаң жүгірген бала-ша­ға жоқ. Зал іші құлаққа ұрған та­на­дай. Ортада тоғылтқан «Мен­­де­льсон маршы», той көйле­гін ки­­ген Тауықбике қалыңдық. Сау­сақтарына тағатын сақи­на­ла­рына көз салған көпшілік саф алтын десті. Шынында солай екен. Өздерінің жүздерімен қоса жарқырап тұр. Тек бейшара күйеу жі­гіт жолақ түсті зебрадай біртүр­лі сықиып киініп алыпты. Сөйт­сек, тұтқын киімі екен. Ал, осы отау тойы рәсімінің куәгерлері – түрмешіктер. Олар таңсық дү­ние­ге таңданған күйі дән риза. Қо­нақтар саусақпен санарлық­тай.
Жігіттің етегінен осыдан жеті жыл бұрын ұстағысы келген бұ­рым­ды тек танысып, жастарша бі­раз жүрген екен. Тауықтөс тір­лік жасап, есірткі тасымалдағаны үшін соқа басы сопиып, он жыл арқалап кете барған. Сол кезден бері екеуі бір-бірімен кездесе ал­май, кебірсіп қалғанға ұқсайды. Тәр­тібі тәлтіректеген тентектерді түзеу мекемесі тек туыстарымен ғана жуысуға рұқсат берген.
«Ғашығым, ғашығым, сен есіме түскенде, түсіп кетеді қо­лым­дағы қасығым», – деп Тауық­төс талай қасықты ыдысымен қоса құла­тып алғаннан ба, әлде сан мәр­те заттардың быт-шыты шыға бер­геннен кейін бе, сондағы бас­тықтар да ойланған болуы керек: «Осы екі жастың бағын байла­майық әрі мына сотанақтың сауа­­бын алайық», – деп. Ол да жөн шығар. Темір тордың ар жа­ғын­дағы адамдардың да шаңырақ құруға деген ниетін абақты әкім­ші­лігі жақсылыққа жорып отыр. Өйткені, күйеулері бой-басына қа­рап, тазалық сақтап, тәртіптері де тәлтіректемей, тез түзелетін сыңай­­лы.
Бұл – бастапқы кезде айыбын Ақтауда өтеп, туберкулез ауруына шалдыққан соң, кейін Шым­кент­тегі арнайы түзеу мекемесіне ауыс­тырылған Константиннің ба­сынан кешкен оқиғасы. Алеся есім­ді аруға қосылған.
Тек Шымқалада ғана емес, Та­­­раздағы түрмеде де бас құра­ған­дар жетерлік екен.158/4 түзеу ме­кемесіндегі айыпталушы Орал­бек Аханов пен Ботагөз Ай­бе­кова есімді жас жұбайлар – екеуі де бір ауылдың тумалары. Бұрыннан бір-біріне ынтық бол­ған екеу азаматтық некеде тұрып­ты. Махаббаттары маздап, нәти­же­сінде жалғыз қыздары дүние есі­гін ашқан. Бұйыртса, енді бір­ге от жағып, түтін түтетеміз деп жүр­генде Оралбек есіріп, бұл да есірт­кі саудасымен ұсталған. «Бакс­қа» бата қалам деп ойлаған шығар. Әй дейтін әже, қой дейтін бұ­рынғы қожалар жоқ. Ақыры құ­рықталған. Алайда жеті жыл бойы байланыстарын үзбеген жұп қамауда заңды түрде зыңдай етіп, некелерін қидырған. Түрме бас­шылығы да құр алақан келмей, ерлі-зайыптыларға тобық­тай сый тарту етіпті. Яғни, жас жұ­байларға бал айын өткізуге жол­дама әзірлемесе де, арнайы бөл­ме дайындап, абақтыда екі күн, екі түн бірге болуға мүмкін­дік жасаған. Үміт үзбеді. Бір-бірі­не жетті. Міне, махаббат! «Жоқ, жоқ» дейсіздер, нағыз махаббат түрмеде!
Абақтының түр-түрі бар. Оның ішінде жер бетіндегі ең қа­талдары – Бангкванг, Рикерс, Сан-Квентин, Алькатрас, Сабанета. Мәселен, осы түрмелер адам­ды түзей ме? Керісінше, күзейді ғой. Сол жақтан әр нәрсе үйреніп, тер­миндер жаттап, кәнігі қыл­мыс­кер боп шығады. Әйтпесе, ата-бабаларымыз айтатын еді ғой: «Жақсы түрме жаман еркекті түзетеді» деп. Қамаудың жақсы, жа­маны болмайды. Ондай мәнсіз мәтел жоқ. Атам қазақ «Жақсы әйел жаман еркекті түзетеді» дей­ді. Міне, көрдіңіз бе!
Айтқандай, сүйінші, махаббаты маздаған ханымдар мен мыр­залар! Бұдан былай, ғашық­тық әлегіне түспейсіздер, махаббат машақаты жеңілдейді. То­лы­ғырақ түсіндірсем, қазір еліміз қыл­мыстық заңнаманы ізгілен­ді­ріп, жұмсартып, абақтыларды азайтуды қолға алған. Қуантар­лы­ғы, осының арқасында сот­талу­шылардың саны азая түскен. Мәселен, 2011 жылы 57 мың бас бос­тандығынан айырылған адам болса, бүгінде олардың қатары 35 мың 500 адам.
Бұдан 15 жыл бұрын Қазақ­стан сотталғандардың саны жа­ғынан әлемдік рейтингте АҚШ пен Ресейден кейін үшінші орын­ға жоғарылап кеткен еді. Қазір сотқарлар азайып, 68-ші орынға та­бан тіреген. Тәуба!
Түрме тұрғындарының аза­юына байланысты Ішкі істер ми­нистр­лігінің басшылығы комму­нал­дық-тұрмыстық жағ­дайы төмен кейбір қыл­мыстық-атқару ме­кемелерін жабу туралы шешім қа­былдаған еді. Осыған орай соң­ғы 1,5 жылда елімізде 7 колония жабылған. Шләпі­леріңізді ас­панға лақтырып, сүйіншімді ма­ған ата берсеңіздер, құба-құп. Ен­ді абақтыда емес, кең алқапта дүр­кіреткен қуа­нышты жиында жолығайық! Түрмедегі той саны тиы­лып, ірге­дегі думандар еселене берсін!
Құрметті қылмыскерлер! Жал­пы абақты: жатын абақты жә­не қатын абақты деп екіге бө­лін­се, сондағы еркектерді түзей­тін қатын түрмесіне аяқтарыңыз шырмала берсін!

ПІКІРЛЕР1
Есболат 26.03.2018 | 14:11

Түрмедегі оңбағандар еш түзелмейді, сондықтан қытайлық жақсы тәсіл бар , қытайда түрмеден шыққан адам ешқашан бір жыл жасамайды, осы тәсілді бізде қолдансақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір