Жоғалып табылған дос
21.08.2015
1548
0

DSC08243Қазақ елінің қақпасы ашылып, табалдырығын аттай бергенімде, шайтанқұлағым шылдырлай жөнелді. Сөйтсек, отанымыздың еркін кеңістігіне өткен екенбіз. Апта жүріп қыстығып қалған көңілдің қысасы сыртқа ұмтылды.Отаныңды сағыну оңай ма, оның үстіне бұл аптада қаншама орынды-орынсыз сөз айтылмай қалды. Дереу еш қаперсіз, сондай бір бейқам тағатсыздықпен шайтанқұлақтың түймесін асыға бастым. «Ақылдым» деген таныс та етене сөздің астары езуіме жиылды. Бірақ ар жақтан ешкім жауап бермеді. Ұзақ-ұзақ шыңылдап тұрып алды. Әлгіден де тағатсызданып, енді қайта-қайта түймені баса бердім. Адам бір сондай шыдамсыздықпен хабарласып тұрса, бұл дегенің неғып мардымсып, маңғазданып тұр. Сыбағаңды жақсылап тұрып берейін. Енді алмашы, шайтанқұлағыңды, бәлем! Екіленіп қайта тердім. Дауысым да шығып кетсе керек.

DSC08254Қолтығымнан демеп жүрген, кеденнен шығар-шықпастан шайтанқұлаққа ұмтыл­ғаныма алаңдай қараған, өзім «Кемпір­қо­сақ» деп ат қойған әрі қызым, әрі шәкіртім Шұ­ғыла, сөзімнің «Мұны да ақылды дей­міз-ау» дегенінен сезе қойды ма, кім білсін, әйтеуір:

– Әке, сіз Дидахмет ағаның телефонына хабарласып тұрған жоқсыз ба? – дегені.
«Соқса не болады ол…»,– дей берген сөзімнің дымы шықпай, тамағыма тығы­лып, көмейіме өксік боп түйіле қалды.

Шындығын айтсам, шекарадан өте салған сол бір алма-ауыс шақта мен Ди­дах­­меттің бақилық болғанын қаперім­нен шығарып алыппын да… Сол баяғыша… Иә, енді қайталанбайтын баяғыша… екпіндете желе жөнелтіп, әлдебір маңызды-маңыз­сыз бір шымшым сөзбен оны шымшып ал­ғым келіп тұр екем ғой.

Жүрегім де дір ете түсті. Тұла бойымды бел­гісіз булығу мен шарасыздық билеп алды. Көзіме ащы бір дымқыл үйірілді. Сағынып келген дүниенің беті сол сәтте солып, аңысым азынап кетті! О,жалған дүние-ай, мен енді Дидахметі жоқ отаныма оралып тұр екенмін ғой! Сондай бір ащы құмығумен томпия мұңайып қалған Кемпірқосақты да жұбатқым келіп:
– Иә… Дидахметтің «ақылды-ақыл­сы­зым­ның» осынша ақылды болып шыққа­нын қарашы, өзі өлсе де менің санамнан атын өшірмей кетіпті,– дедім өкінішті өксі­гіме ырықсыз әзәзіл әзіл аралас­тыр­ғансып.
Мүмкін оған айтылмай қалған соңғы сөзім осы шығар. Қайдам. Ал бұл сөзді айтып үлгеруге менің мүмкіндігім болып еді. Тек жүз метр мен бір баспалдақ жетпей қалған…

Шайтанқұлақ жауапсыз ұзақ шыңыл­дап жатты. Өшіруге енді дәтім жетпеді.
Бақи мен фәнидің арасындағы осы бір шақтан соң мен өзіме-өзім біраз уақыт келе алмадым. Дидахметті байқаусызда мен қалай жоғалтып алдым? Әлде, амалсыздау аттанған сол күндердің ми шыж­ғыр­ған ыстығы мен түнгі аптабы есімнен Ди­даштың дидарын ерітіп жіберетіндей тылсым күндер кештім бе?

***

DSC08298Жоқ. Оның қаба еріні мен шоң мұрыны, қиғаш жарылған шашы мен әжімге бер­гісіз әжімсіз маңдайы, үнемі тесілу мен сұрақ­тың арасында үкімсіз қадалатын көзі, күліп келе жатып жиыла қалатын езуі, ең аяғы ауызша түсіндіруден көрі жазып бере салуға ұмтыла түсетін еңсесі мен қалам ұстауға қолапаштау, бірақ сығым­дап ұстайтын саусағы, сол сәтте қасын көлегейлей қалатын маңдай шашы да менің өзіммен бірге сөнуге тиісті дидардың бірі. Өйткені, мен үнемі оның осы «дидарын» аңдып отырып, қас-қағым­ға жеткізбей өзгертіп, табан астында езуіне күлкі үйірілтіп, «шоң мұрынын» та­нау­ға айналдырып, «астыңғы ерінін жер тіреттіріп, үстіңгі ерінін көк тіреттіріп», шашын дудырата сипаттырып, көзін күлімдетіп, ауызын калимаға келтіре салатынмын.

Бұл тіпті, барған сайын менің, кәдімгі «кәсібіме» айналып кеткен әдетім еді десе де болатын. Оның өзі қасымда болмаса да, оңаша жүріп те оның бейнесін көз алдыма елестетіп отырып, қалаған шы­л­ауым­­ның кейпіне келтіре беретінмін. Кешіктірмей айтып бергенімде, соның кейбірін ғана ол өзі өмірінде де, өнерінде де сүйіп қолданатын «детальға» айналдырып, емеурінге жақындатып жауап қайыратын да бір желпініп қалатын.
Осыдан жиырма бес жылдай бұрын сондай шарпысулардың бірінде есін жиғызбай шаужайлай жөнелгенімде Қуанышбай Құрманғали ағамыздың: – Дидаш-ау,мына Тұрсын мойныңа мініп алыпты ғой өзі,– дегенінде: – Е, Тұрсын мінсе – мінсін, мұның тақымы жұмсақ,– деп күні бойы «тақымдап» тұрған тақымым­ды жазып жібергені бар.

Ол адамды жықпайтын, ал жықса – «неғылайынсыз» жығатын. Бір рет Орағам­ның да – Оралханның да бетін «не­ғы­лайынсыз» қайырғаны бар.
Сол бір әзіл-шыны аралас ғұмыр қиқым­дарын, яғни өзі жиі айтып, шығар­ма­ла­рының өзегін жалғайтын «деталь­дар­ды» түрлі-түсті әйнек қиқымдары сияқты өз өмірі туралы маған айтқан­дарын (тағы да өзінің байыздап отыра алмайтын ғадетіне басып асығыс) атүсті құрастыр­ғанда мынадай мозайка шығар еді.

Ол әдебиетке «Тасмонша» арқылы келді. Ол өзінің сол тасмоншасын Қалихан­­ның «Бұқтырмасы» мен Оралхан­ның «Мұтауының» арасына мінезі кісікиік шалдың көмегімен салды және қайта бұзылмайтындай етіп салды. Оның бұл «Тасмоншасында» қаламды жаңа ұстаған балаңдық жоқ, онда кәдімгі кәнігі тас­қалаушының тастаңбасы аңғарылатын. Таудың текшесіндегі тас монша. Жұпыны, бірақ сырты тап-тұйнақтай, қиюы қашпа­ған шымыр тастар. Кірсең ішінің түсі суық. Ал пештің көмейін көсесең қырыс-тыры­сың­ды жазып, алпыс екі тамырыңды иітетін ыстық. Жаның да, тәнің де жадырап шыға келеді. Тура осындағы кісікиіктеу шалдың көңіл-күйі Дидахметтің де өмірлік құлақ күйіне айналды. Жеке мінезі де, жазғаны да сол бір шалдың шапанынның қаусыр­ма­сы­нан шығып жататын. Оның қалған мақсат тіршілігі «сары самауырынын» тұ­татып, «сарыатан­ға сағым кештіріп», «асу асырып», ағайындарын аралай өтіп, «бөріше ұлып», «Ақшоқыға» ұмтылумен өтті және өзінің Ақшоқысына шықты. Менің ойымша, ол өзінің ант мезгілінде де, таң сызылып ағарып келе жатқан зауал таңын­да да Талғардың шыңын жанарына іліндіріп барып көзін жұмғанына иманым кәміл. Адамдықтың да, қаламгерліктің де Ақшоқысына жанкештілікпен ұмтылумен өткен мұндай мақсат иесі дегеніне жетпей демін тартып, жүрегінің соғуын тоқтатпас еді.
Шындығы, сол аңсарлы Ақшоқысына шыққан кезде сол қуанышты бойына сіңіре алмай жүрек қабының жарылып кеткені. Өзінің кейінгі бір жылдағы ба­ғамдауынша, енді сол Ақшоқының басында тұрып мәңгіліктің сарыны есіп тұратын екі-үш қана шағын туынды жазғысы келетін. Және ол туындысының біреуі ту­ған күніне жеткенше тәмамдалуы тиіс еді. Туындысы емес, өзінің өмірінің тәмам­дал­ғаны мәтқапылық өкініш. Неге соңғы демін ерте үзді. Неге: «Менің тәніммен қоштас­қан­да «Қоңырдың» айтуындағы «Сәулем-ай» әні айтылып тұрсын!» – деп аманаттады. Неге кешкі тоғызда уәделескен сөзден таңғы бесте айнып кетті? Неге «маңдайы жарылып тұрған» соңғы жинағының қол­жаз­басын маған беріп, алғысөзін жаздырып алмады? Неге… Білмеймін. Менің ойымды дәл қазір жауабы жоқ сұрақтар ға­на буып тұр. Әлде,Шерхан дегдар айт­қандай: «Бір кем дүние» деген сол ма?
Біздің таныстығымыз басталғаннан қырық бес жылдан бергі айым-қайымда бұл сұрақтардың байыбына барып қалған тұстарымыз да болған шығар. Ойды қусам түпсіз шыңырауға түсіп кетермін. Тек соңғы бес-он жылдың көлеміндегі әңгіме тәсіліне көшіп, мың тәмсілдің екі-үш тәм­сі­ліне қайырған жауабын атүсті (тағы да сапардамын, сапарда болғанда да кезекті бір ретінде Дидахмет жоғалып табылған Семейдемін. Семейде болғанда да тағы да Жидебайға асығып барып, тағы да асы­ғып келіп Дидахметті, бұл жолы оның ди­дарын тауып алып отырымын. Төрт сағаттан кейін тура сондағыдай тағы да жолға жалғыз шығамын) баяндайын.

Ол кейінгі жылдары қандай маңызды сөзіміз болса да жарты сағаттың ішінде жылдам қайырып, асығып тұрмын, уағдаласып қойып ем деп ұшып-қонатынды шығарды. Араға үш-төрт сағат салып, кездесейікші деп безектейтін. Кездескен соң, оңаша бір жер тауып, орналаса бергенде тағы да қопаңдай бастайтын. Жатып кеп бұлданып, қайда асығатынын, бізді енді мәңгіліктен басқа ешкім күтіп тұрмағанын айтып, тұқыртып жіберетінмін. Сонда ұшатын құстай қомданып барып отыра қалатын. Ішіме үйірілген сөзімді барынша бастырмалатып айтып тастаймын. Ол сол ұмтылған күйі жауабын қысқа, нақ беріп, артын күлкіге айналдырып, көтеріле беретін. Кейін бұл біздің сөйлесу мәнерімізге айналды. Бір жолы:
– Ей, осы сен қырық бес минут тыныш отырып сабақ тыңдап көрмеген қудың нақ өзісің ғой,ә, – дедім.

– Оны қайдан біліп қойдың, ей? Мен таудың басындағы иен лашықта көзін ашқан жабайы бала болдым. Партаға отырғанымда екі көзім тау мен таудың басындағы бұлтта болатын. Солармен аңғар-аңғарды кезіп кететінмін. Бірде қарсы алдыма қарасам бір әйел аузын ашып-жұмып сөйлеп тұр. Тағы да тау-тасты кезіп кетіп, қайта қарасам – әлгі әйел ауызын әлі ашып-жұмып тұр. Қызық көрініп кетті де мен де соған ілесіп ауы­зым­ды ашып-жұма бердім. Бейне бір орамал таққан маймыл сияқты көрініп кеткен кезде екі санымды шапалақтап, айқайлай атып тұрдым… Бір шуыл құла­ғымды шуылдатып жіберді. Жан-жағыма қарасам ішек-сілесі қатып күлген балалар. Әлгі әйелдің де түсі бұзылып, шаңқыл­дап маған төніп келе жатыр. «Апа! Албас­ты!» деп бажылдап жіберіп, сыныптан атып шығып, бетім ауған жаққа қаша жө­нел­дім. Әйтеуір Анна апай деген апайымыз тауып алып, маңдайымнан сипап, үйіне алып барғаны бар. Осындай бір са­бақтан кейін тауға қашып кетіп, бір айдай мектепке, мектепке емес, төмендегі ауылға түспей қойғаным бар…
– Е, ештеңе етпейді, өстіп-өстіп адам­ға үйір боп кетесің. Түбінде сенен жақсы адам шығады, – деймін.

Келесі жолы тағы бір қомдана бергенде:

– Ей, партаға дұрыс отырып үйренбе­ген осы сен, етпеттеп отырып жазуды қайдан үйреніп жүрсің, осы – дедім.

– Оны да байқап қойдың ба, ей. Айтайын. Мен іздеген адам адасып табатын шыңның қолатында қой баққан шалдың баласымын. Алты ай жаз бойы ауылдағы кітапханадан алып келген қоржын-қоржын кітапты қонжық құсап қомпаңдай қолтықтап өріске барамын да таңның атысынан кештің батысына дейін кітап оқимын. Әр беті біткенде міндетті түрде отарды көзбен шолып шығамын. Қалса, екі құлағым үйге келе қалған кемпір-шалдың сөзінде, көзім солардың ашып-жұмған ауызында болатын. Ауызым ашылып, мұрыным пысылдап отырып тыңдайтынмын. Арасында мал үрке қалса жүгіріп шығып, әлгілерді тездетіп жөнге келтіріп, қайта әңгіме тыңдай­тынмын. Кейде менің сөзімнің бас-аяғы болмайтыны, солардан ести алмаған жерлерім болса керек.
– Е, көзіңнің тесілу мен сұрақтың ара­сында үкімсіз қадалатыны содан қалған екен ғой. Дұрыс, дұрыс, «шоңмұ­рының, ашылып-жабылмай қалатын ерінің, ұшып-қона алмайтының бәрі-бәрі сондай текті тәрбиені танытады.
– Табиғи тәрбиені деп түзеп айт. Сендер сияқты клеткада өскеміз жоқ, құдайға шүкір – дейтін масаттанып.

Тағы бірде:

– Ей, алақанға – саусақ, саусаққа – қалам жарасып тұруы керек. Сенің мына алақаның не өзі аюдың да алақанына ұқсамайды. Күрекшінің алақаны сияқты,– дедім.

– Ей, бұл оқып туғанға дауа болсашы. Оны да біліп қойдың ба? Дұрыс айтасың. Менің әскерге барғанға дейінгі де, әскер­ден қайтқаннан кейінгі де мамандығым – күрекші болды. Ауданда жұмыс жоқ. Сондықтан да «Алтайдорстройға» күрекші болып орналастым. Толық томпақша мастеріміз болды. Құм тиеген көліктің кабинасына үш адам отырамыз. Кепкісін көзіне түсірген мастеріміз мызғуға кө­шеді. Сол кезде самосвал шошаң ете қалады. «Бір!» дейді. Жүгіріп түсіп, әлгі шұң­қырға бір күрек құм саламын. Екеу салу­ға болмайды. Жүгіріп кабинаға міне­мін. Тағы да дік ете қалғанда «Үш!» дейді. Асып-төгілсе де үш күрек саламын. Кезекті қоқаң-шоқаңда «Екі!» дейді. Бес күрек салу керек болса да екі күрек құм жаямын. Қойшы, сонымен түс ауа көңкедегі құм бітеді де, ауылға қайтамыз. Ертеңінде тағы да сол. Солай жыл бойы қолыңмен өкпеңді ұстауға мұршаң жоқ боп, күніне бір көлікке мың мініп, мың түсіп, қолыңнан күрек түспесе көрер ем. Қазір де жазу жазған кезде сөзді артық шығындамайын деп, өзіме-өзім «Үш!», «Бір!», «Екі!» деп шым-шымдап отырамын. Сондықтан да менің жазғанымда бір мысқал артық-кем болмайды,– деп аяқтайды.

– Е, бәсе, құм санағандай етіп санап, көлемнен қысатының сол есепшілігіңде жатыр екен-ғой. Шіркін, саған бір артығы­мен санайтын есепші ұстаздың бітпегенін қарашы. Әлгі Темірбек Қожакеевтің тілін тауып жүргеніңде осындай бір ұстаздық үлгі көргеніңде жатыр екен ғой,– деймін.
– Дұрыс айтасың, сөзді артық қолдан­сам, артық құм төккендей сезінемін. Сендер сияқты үйіп-төгіп тастап, адамдар­дың аяғын былғағым келмейді. Айтқанды тез және дәл істеймін. Сендер сияқты керіліп-созылып тұрмаймын, – дейді.

Қайырылып бір жолыққанда:

– Ей, бірін қойшы, мынаны айтшы. Мектептің «басбілгісіз сотқары», күрекші боп жүріп осы сен еміле мен тыныс белгі­сін қоюды қайдан үйрендің? Сендей таза әрі консерватор деңгейіндегі стилист пен көзіқарақты редактор да, корректор да аз. Соған қалай сауатың жетті? Біз ғой…– дей беріп ем, жұлып алғандай сөз алып, қатты қуана сөйледі.

– Ей, талай рет оқығаныңды көрсетіп ең, мынауың соның ішінде өзімнің ешкім­ге айтуға реті келмей жүрген бір шынды­ғым­ның үстінен түскен сұрау болды. Мен осы күнге, осы деңгейге жет­ке­німе бар­лық адамға қарыздар шығармын. Бірақ сауатымды ашып, қазақ тілін бақайшағына дейін шағып шыққаным үшін бір адамға қарыздармын. Маған қаламды ұстауға үйреткен – күрек!– деп айтып едім ғой. Күрек ұстаған саусақ қуатты болды. Сөзің нық, сенімді жазылады. Күректі дұрыс ұстамасаң – қолың ойылады. Мені сол күрек жетелеп әкеп Алматы құрылыс комбинатына әкелді. Мектептегі грам-ма­тикаға, орфоэпияға, морфоло­гияға, ережеге кім қарапты. Тек жазуға деген ұлы құштарлық қана болды. Содан оқуға түсуге келгенде тіл-аузым байланып қалды. Іскерде тағы мүмкіндік болмады. Қойшы, емтиханнан өтпедім. АДК-ға құрылысқа орналастым. Құдай менің бақытымды ашайын деген бе, сауатымды ашайын деген бе, ҚазПИ-ді бітіріп, үй-күйі үшін осында бригадир боп орналасқан Бейсекеңнің, сенің емес, менің Бейсе­кем­нің қол астына тап келтіргені. Талабымызды білген соң шарт қойды. Шартын серт ретінде қабылдадық. Содан жұмыс­тан шаршап-шалдығып кеп, себезгіленіп аламыз да, Бейсекеңе барамыз. Аяз ба, ыстық па, сенбі ме, жексенбі ме, есеп жоқ, біз Бейсекеңнен дәріс аламыз. Әншейінде жұмсақ мінезді Бейсекең ондайда қатқан қарағайға айналады. Миымыз бір айда ашылды, екі айда гарамматиканы көркем шығарма сияқты қызығып оқитын болдық, үш айда терең түсіндік. Төрт айда мәнерлеп жазуды меңгердік. Мен университеттің өзінде де қайтып грамматиканың бетіне қараған адам емеспін. Қазір де ережелерді жатқа айтамын. Шіркін, сол Бейсекеңнің бойында ұлы ұстаздық талант өліп қалды. Ал сен ол кісінінің кәдімгі көшірмеші архивистен архивист-ғалым атануына сеп­тігің­ді тигіздің. Маған оны үнемі айтып отырушы еді. Демек, сендердің өз Бейсекелерің (Бейсенбай Кенжебаев), менің өз Бейсекем (Бейсембай Бай­ға-лиев) бар. Демек, біз екеуміздің де барып түйісетін жеріміз – Бейсекеңдер,– дейтін масаттанып.
Тағы бірде… және тағы бірде… Қойшы, осы мамыр айының бас кезіндегі бір әредікте ол маған:

– Сенің ақылдың былай дейді. Егерде мен барып Жазушылар одағындағы дәліздің төріне жата қалсам, басқа еш­қан­дай күйдің қажеті жоқ, «Қоңыр» тобы­ның айтуындағы мына «Сәулем-ай» әнін қойыңдар. Тыңдашы мамырлап кеп: «Сәулем-ай! Өтер бір күн дәурен-ай!» деп тұрған жоқ па. Жоқтау емес. Сендердің өкініштеріңді айтып алуларға мүмкіндікте­рің бар. Ал менде ондай мүмкіндік болмайды ғой! Мен қалай үнсіз жатамын. Сонда менің былай деп айтқан дауысым да, ойымда естеріңде тұрады. Рахат емес пе. Сендер жылап тұрасыңдар, ал мен ән тыңдап жата беремін! – деп әндете жөнелгені.
Арулап аттандыру рәсімінде бұл аманаты орындалды. Тіпті, соны естіген «Қоңыр­дың» ұл-қыздары да: «Не істейміз, аға?» – деп келді айналайындар. Рәсім аяқталып қалған еді. Бірақ ол ән тыңдап жатқан. Соңғы әнін үзуге дәтім жетпеді. Содан кейін шайтанқұлақпен хабарлас­қанымда:
– Иә, «Ақылдың» тыңдап тұр. Әй осы сенің не ойлағаның бар. Мен шып-шыттай жаңа жинақ құрастырып жатырмын. Одан кейін жазбасам да болады. Қазақ­тың бар арыз-арманын осы әңгімелерімде айтыппын. Енді бүгінгі ұрпақ туралы ой миымды шаншып жүр еді. Оның да қиюын таптым. Ақылдың: ақылды ма, ақылсыз ба, содан кейін көресің. Бірақ саған бәрі-бір ғой. Мен өлсем де сен менімен қал­жың­­дасуыңды қоймайсың. Баяғыда емес, осы таяу жылдарда.., – деп бір хикаяны бастай жөнелдің.

Содан араға екі апта өтпей жатып Алматыға кешкі сағат тоғызда келдім. Сені көруге жүз адам жер мен бір баспал­дақ жер жетпей қалды. Енді ол қашықтық мәңгі алынбайтын қашықтық, сені мен мені бөліп тұрған мәңгілік пен бақилықтың шекарасы болып қалды. Талас дүниеден қайтқанда Ораз ақын ағам сондай жарасымды тапқырлықпен «Ақылдың» деп ат қойып берген «Ақылдымды» тағы да жоғал­тып алдым.

Ол өмірде өзін де, өзгені де көп рет жоғалтқанымен, үнемі өзін-өзі, не оны – біз тауып алып, үйіріне қайтып жүрді. Табылып жүрді. Бірақ та Дидахмет мақ­сатын еш жоғалтқан емес. Мақсаты да оның өзінен яғни иесінен адасқан емес. Өйткені, қаламгерлік діл оның тағдыры әрі жазмышы болатын. Сол жазмыш пен тағдыр оның өмірлік шешімін шығарып, мақсатының ақыретіне орап, алыс-алыс ақ шыңдардың салқын төсіне алып ұшып кеткен болатын. Ал мен болсам, оның бұл жолы «келместің кемесіне» отырып, ғайыпқа айналғанын ұмытым кетіппін, оның өзін ұмытқамын жоқ, онсыз өмір сүріп жатқанымды ұмытып кетіппін.

***

Міне, шайтанқұлақ әлі дыңылдап тұр. Алмайды. Апта бұрын ғана арулап Алтайына бақилыққа аттандырып салған едім ғой. Сонда мен қиырлап шыққан аптаның ішінде санам мен көңілімнен Дидахметтің атын өшірмей, өзіммен бірге тірі алып жүрген болдым ғой.
Соңғы рет жоғалтып тапқан досымды досымды енді жоғалтпайтыным анық. Өйткені, ол менің шайтанқұлағымдағы ғана емес, санамдағы «Ақылдым» деген атын өшіруді ұмытып кетіпті. Менімен бірге жарық дүниеде тағы да бір мерзімі белгісіз уақыт өмір сүргісі келген болар. Жетісімен қарайлас келген туған күнінде ұлы Дәулетке әкесінің шайтанқұлағын­дағы менің және оның «шымшыма» атын өшірмеуді өтіндім. Енді мен сол баяғы ғадетімше, кешкі он мен таңғы жетіге дейінгі бейуақтан басқа кездің бәрінде де маңызды-маңызсыз мәселелер туралы «Ақылдыммен» сөйлесіп тұратын боламын. Дидахметтің өзі өмір сүруін ұзартқысы келіп өшіруді әдейі «ұмытып кеткен» атын енді ешкім де өшіре алмайды. Мүмкін дауысын естіп қалармын…
Содан бері де оның дүниеден қайтқа­нына қырық күн толғанша екі-үш рет хабарласып жібердім. Әзірше үнсіз. Ол жақтың қарбаласынан қолы тимей жатқан шығар. Бірақ бір күні дауысын еститініме сенемін. Ол сөзсіз маған:
– Иә, «Ақылдың тыңдап тұр!,– жауап береді, иә, жауап беретін сияқты.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір