КӨНЕ ЖҰРТТАН КӨШКЕН ЖЫР
02.03.2018
2103
2

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ


ҚҰЛАҚ КҮЙІ
Асқарға арман, қиырға қиял сүйрелеп,
Жыр келген шақта, ақындар кешер күй бөлек.
Буырқанып шықпас, бұрауы сәл-пәл мүлт кетсе,
Өлең де күй ғой, оған да құлақ күй керек.

Өлең де күй ғой, күйігін тарттым неше жыл,
Қайран да бауыр, қадіріне оның жете жүр.
Жырымды оқы, тірліктен тозса табаның,
Азырақ сосын ақынның күйін кеше біл.

Өлеңнің дәмі – сағыныш дәмі, қайғының,
Осында жастық, ғашықтық деген айдының.
Бойынан оның патша да сатып ала алмас,
Кешеді ақын сезімнің шексіз байлығын.

Зарығу тіптен жылқыдай екен үйірлі,
Дүркірей жосып көкірегіме құйылды.
Кеудемде тұнып, домбыраға әлі түспеген,
Тыңдап көр менің «Туған жер» деген күйімді.

ЖАЗҒЫ ТҮН
Сол жайлау шіркін…
жатқан бір шөбі жайқалып,
Өрістен мама сиырлар қайтар найқалып.
Шар саулықтарың жайлаудың салқын түнінде,
Мекіреніп қойып, жататын күйіс қайтарып.

Құлағын тігіп, шөп басы сыбдыр еткенге,
Жылқылар анау тұрады мүлгіп тепсеңде.
Тек жетім құлын бауырына ығып байталдың,
Алыстан талып байғыздың үні жеткенге.

Үкінің көзін ұялтқан сүттей жарық түн,
Жылқы жусатқан тыныштығыңа зарықпын.
Қара қосымның жыртығын жамап жұлдыздар…
Жасаған Ие-ай, нығметіңе қарықпын.

Жалбыздысайдың саумалы түні-ай, жалғанда,
Өзегім аңқып, өзгеге шөлім қанған ба?!
Сұп-суық бұлақ жарқырап ағып жатады,
Сап-салқын айдың сәулесі тұнған аңғарда.

Ақ шағи бұлттар…
Алтайдың асқар тауында,
Мөп-мөлдір өмір мөрленіп қалған жадымда.
Кең дүнияның керіле жұтқан жұпарын,
Жайлаудың сол бір баянсыз рахат шағында.

ТӨРКІН
Аудандық өнер үйінде жыр оқып зерлі,
Сыпырып тастап отырғам маңдайдан терді.
«Қарындасың ем, аға», – деп жырылып топтан,
Жарқылдап жап-жас келіншек жаныма келді.

Жақынын тауып алғандай жайраң күй кешіп,
«Жүріңіз үйге!», – деп қоймай алдымды тосып.
Ағалап тұрған келіншек, алдыңғы жылы,
Арқаға келіп қоныпты Алтайдан көшіп.

«Ата-анам сонау Алтайдың қырында қалды,
Биебау қалды, желіде құлын да қалды…».
Сағыныпты әбден төркінін,
көзінің жасын
Көрпесін сала жүріп-ақ сығымдап алды.

Күйеуі тойған қозыдай момақан жігіт,
Ісі көп, сөзі аз ер сынды, мінезі сынық.
Ауылымыз жайлы айтылған әңгімелерді,
Біресе тынып тыңдайды, біресе күліп.

Сағыныш шіркін болмаса түбіне жеткен,
Қояды мақтап «шүкір» деп бүгінін еппен.
Ағасы келмей қойыпты қызметін қимай,
Ата-ана – ауру, іні – жоқ, сіңілі – кеткен.

«Ем-домға тиын ептеген табылып мүмкін»,
Армандап қояд көркейіп барсам деп бір күн.
«Шиден ары» деп шығарып салғанымызбен,
Төркіннің қамын жеп өтер қыз деген шіркін!..

Қолынан піскен таба нан, құрт пенен майын,
Алдыға жайып, баппенен қайырды шайын.
Сақталған сүрі, қатығы, кәделі жілік,
Анамдай ұстайды екен-ау дастархан жайын.

Білмеймін, неге?
Жанымның сұрауы ма екен,
Сағынып мен де жүрген соң ұнады ма екен?
Қолы да – дәмді, ісі – епті, уайымы – адал,
Білікті болса бір қыз да бір ауыл екен.

Аңсаса ауылын,
(түсінем заңдылық жайды)
Мәжнүн де емес кешетін мәңгіріп қайғы.
Қазақстан ба?
Сүйеді Қазақстанды,
Орысшасынан басқаға шаң жуытпайды.

Көкшетау деген қаланың маңындағы ауыл,
Алыста қалған ауылын сағынған ауыл.
Жайланып тірлік кешірер жер екен шіркін,
Жаныңда ағаң болса егер, жаныңда бауыр.

Толқындай нәзік сезімге ағыстар көмген,
Бой ұрып кейде басылар арыстан кеудең.
Сағынып жүрген төркінін қарындас көрсем,
Ағасы болғым кеп тұрад алыстан келген.

КЕРТӨБЕЛ
Бала күнде сан топқа құйғып кірген,
Шабандоздың бірі едім жүйрік мінген.
Кертөбел ат тигенде тақымыма,
Бас бәйгені алмадым сый ғып кімнен?

Ойхой, шіркін, мінгенде кермеден кеп,
Кекіл қағып, ойнақшып, көлденеңдеп…
Қабағынан үркектеп, сылаң қағып,
Қайшыланған қос құлақ елге елеңдеп.

Балық арқа, қақпан бел, ерке, керім,
Пай-пай, қандай алшаңы көркем оның.
Жасырады деуші еді жүйрік бойын,
Барын жайып салатын Кертөбелім.

Жал-құйрығы өрілсе үкіленіп,
Сырты – көрік жылқының іші – желік.
Тұяқ түбі дүбірлеп шыдатпайтын,
Сүзе басып ауыздық күшіне еніп.

Тік көтеріп аспанға жердің шаңын,
Суырылып шығушы ек өңшең сағым.
Қалып қойды жадымда қалқып мәңгі,
Қанатым бар секілді сол бір шағым.

Кең даланы ақ шаңға берсе көміп,
Сонда ғана басылар ерке желік.
Ауыздыққа сүйеніп шабушы еді,
Тартқан сайын тізгінді өршеленіп.

Міні ме екен жүйріктің, сыны бәлкім,
Айту керек жасырмай мұны да ақын.
Айқай, ұран шықпаса айналадан,
Құм жұтқандай тұяғын құмығатын.

Дүйім жұрттың қиқулы дауыстары,
Көтерілсе қозатын намыс, қаны.
Бір жымырып құлақты содан кейін,
Оқ болса да озатын жарысқаны.

Желтұяғын томардан қылсын аман,
Турап келем жазықты тусыраған.
Қамшы ұшына байланған шытымменен,
Жануардың көзін бір сүртіп алам.

Айғай үдеп, Кертөбел ағылғанда,
Айхай, жұртым, шығарға жаның бар ма?
Бүгілгенде артқы аяқ сағақ соғып,
Төсі жерді сызардай жазылғанда…

Бүктеп қосып бұл белді ана белге,
Омырауын ошақтай салады өрге.
Құмдай сусып, құйылып бауырына,
Жоқ болады жұтылып дала демде.

Анда-санда ат шығып андыз белден,
Талай-талай бәйгені жанбыз көрген.
Десін қиқу көтерген кер саңлақ
Жүз жүйріктен суырылып жалғыз келген!

Бәйгелі ұлдың зор еді бағы неткен,
Ойхой, шіркін, ол да бір дәуір өткен.
Қақ маңдайда төбелін жұлдыздай ғып,
Қалың нөпір тұсынан ағып өткем!

Шабандоз ем шаңына елді еліткен,
Кертөбелге тартпайын мен неліктен?
Арқыраған ақын боп айналамнан,
Ол аңсаған қиқуды мен де күткем.

Жалғыз ортақ жамылғы аспан ғана,
Мен кеткелі он алты ақпан жаңа.
Қалды қайда сондағы қиқулы жұрт,
Қалды қайда Кертөбел шапқан дала?

Қайыстырып Моншықтың кәрі белін,
Бәйгетөбе, шулаған қалың елім.
«Шап» дейтіндей шаң көрсем сол шалдарым,
Бір дүбір бар бойымда әлі менің.

Айналам кіл ақындар аласұрып,
Жыр жазады қаламын таң асырып.
Ол да бәйге, ендеше, кертөбел – жыр,
Кету керек еді ғой дара шығып.

Келем шауып күдірін, тауын бастым,
Қанша белдің өзімше шаңын қақтым.
Кертөбелдей тұсыңнан өтер едім,
Бір қиқуы жетпей жүр ауылдастың.

КӨНЕЖҰРТ
Арпалысып алапат ғасырға еріп,
Жүргенімде бардай-ақ басымда ерік…
Менің ақын жүрегім туған жерде,
Күзгі жолдың жағасын жатыр көміп.
Күзгі жолда күп-күрең күн батады,
Күн батады, жанымды сыздатады.
Түн жамыла ауылдың әр шоқысы,
Тірі адамдай түрегеп тіл қатады.

Шоқыларда қойшы боп қой да бақтым,
Аласұрып ақын боп ойға баттым.
Сай-сүйегі сырқырап ен жайлаудың,
Іздейді деп иесін ойламаппын.

Бұл фәниге келгенде пенде жылай,
Болмаған-ау кіндігін көмгені жәй.
Шаранадан шайқаған өз тумасын,
Сағынады екен-ау жер де бұлай?!.

Көне жұртым кеудесі тастан да ескі,
Күңіренді жамылып батқан кешті.
Аңсайды екен, шұбырып, улап-шулап,
Кезеңінен Көндейдің асқан көшті.

Бала жүрек күрсінсе жеке қалған,
Махаббатты мөп-мөлдір етеді арман.
Қарақаттай жанары жалт-жұлт етіп,
Сол көшпенен ол да үнсіз кете барған.

Мүлгиді аңғар, тау сұлап, сай да сұлық,
Қайда думан, қайда той, қайда қызық?
Қарлығаштай кес-кестеп аталардың
Алды-артынан шабушы ек тайға мініп…

Маңдайға алып тамыздың құба таңын,
Өн-бойымды өлеңмен жылатамын.
Құлазыған Көндейдің қос кезеңін,
Сыйпап қойып басынан жұбатамын.

Сол жұбату менен де таусылды ақыр,
Таусылды ақыр, сабыр мен сарқылды ақыл.
Әкем келе жататын көк атымен,
Қапталдағы қара жол қаңсып жатыр.

Бейнет, бақтың бәрін де кеше жүріп,
Мен де бір күн соңынан жетем қуып.
Шыққан жолдың бір ұшы біздің үйден,
Көкжиекке кетті ақыр көтеріліп.

Баулып әкем азамат санаған жол,
Содан алуан сапарға тараған жол.
Анам байқұс кеудесін сүт аңқытып,
Қаншама рет қамыға қараған жол.

О, туған жер, сезбеппін ел қауымдап,
Мен де сендей барамын енді ауырлап.
Қайта құлын байланбас бие баудың,
Желісінде жатырмын жер бауырлап.

Бағыт тауып жан әкем құбылаңнан,
Шөкті дөңге атандай жүгін алған.
Шаңқылдайды бүркіті шың басынан,
Кісінейді көк аты шыңыраудан…

Жеті түнде ту шатқал, дала, белді,
Кісінейді шайқалтып тамам елді.
Шауып келе жатады қара түнде,
Қапталдағы қақ жарып қара жолды…

Меңіреу түз ол енді елім қонбас,
Бұл не аңсау, шөл қанбас, көңіл қалмас?
Көздің суы секілді тастан шыққан,
Қайнап ағып жатады көзімнен жас.

Ойдан кетпей тұрсам да, жатсамдағы,
Құсты аңсаймын көз жетпес аспандағы.
Көне жұртқа қайырылып қарап тұрам,
Қарт секілді қалтылдап тоқсандағы.

Жердей қурап аспаны, құздай налып,
Күй кешеді екен-ау мұндай ғарып.
Өре де жоқ, құрт та жоқ иен жұртта,
Жалғыз жағал кезқұйрық жүрді айналып.

Қақ айырып кеудеңді шер байланған,
Не қайыр бар, білмеймін, енді ойлаудан?
Ел көшкенде құлазу, құлазу ма?
Дәурен көшіп кетіпті-ау кең жайлаудан…

***
Қош, Туған жер!
Сөгілген қабырғамдай,
Қабір қалды-ай, қалқайып бауыр қалды-ай.
Еліңде жоқ шеттегі жеріңді аңсау –
Фәниде жоқ әкеңді сағынғандай…

ПІКІРЛЕР2
Serik 09.03.2018 | 21:55

Bayagi bagit, bayagi ekpin. Degenmen, bir jetpey turgan narse barday. Kishkene shyratu kerek pe edi. Shimirlik jetpey kalgan-au shamali.

Аноним 10.01.2024 | 23:15

Айтайын десем тілім жетпейді ау , қарадай мылқау болып қалдым . Қандай керемет ұлеке , қаламың қартаймасын , шабытың шыңға өрлесін ! Тағыда жаза түс , жаз ! Жаз ! Жаз !!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір